Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 25 қазандағы № 681 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. 2017 жылғы 1 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      (2019 жылғы 9 қаңтарда күшіне енген - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 1, 7-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі,

      Тараптар мемлекеттерінің арасындағы достық қатынастарды нығайтуға әзірлігін білдіре отырып,

      терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, халықаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі өзара мүдделілікке сүйене отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар қылмысты болдырмау, сәйкестендіру, жолын кесу және тергеу Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимыл жасасуды қажет ететін жағдайларда, қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес саласында ынтымақтасады.

      2. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес, ең алдымен мына:

      1) терроризмге қарсы күрес саласында;

      2) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында;

      3) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және олармен байланысты қылмысқа қарсы күрес саласында ынтымақтасады.

      Тараптардың келісімі бойынша ынтымақтастық Тараптар ашылуына өзара мүдделі болатын қылмыстың басқа да түрлеріне қолданылуы мүмкін.

2-бап

      Терроризмге қарсы күрес саласында Тараптар мынадай:

      1) террористік топтардың, ұйымдардың қызметі, олар жасаған қылмыстар, олардың байланыстары, жетекшілері, мүшелері, жасырын ұйымдастырушылық құрылымдары, түрлері, орналасқан жерлері, қаржы қаражат көздері және олар пайдаланатын қарудың келіп түсу арналары туралы ақпаратпен алмасу;

      2) әртүрлі әдістер мен тәсілдер, сондай-ақ терроризмге қарсы органдар қолданатын техника туралы ақпаратпен алмасу;

      3) террористік актілер мен ұйымдасқан қылмыстың оның барлық нысандарында алдын алу, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағын осындай қылмыстарды жоспарлау, ұйымдастыру және жасау үшін пайдалануға табанды және тиімді шаралар қабылдау, өздерінің мемлекеттеріне террористердің немесе криминалдық элементтердің топпен немесе жекелеп кіруін немесе болуын болдырмау, қаржылық көмек алу, дене шынықтыру немесе әскери дайындықтан өту;

      4) әрбір Тараптың мемлекеттерінде террористік және басқа да ұйымдасқан қылмыстық топтар немесе қауымдастықтар арасындағы байланыстар туралы жедел ақпаратпен алмасу нысандарында ынтымақтасады.

3-бап

      Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында Тараптар мынадай:

      1) ұйымдасқан қылмыстың барлық нысандары, олардың жетекшілері, мүшелері, құрылымдары, қызметі және байланыстары туралы ақпаратпен және деректермен алмасу;

      2) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске тартылған ведомстволардың әдістері мен техникасы туралы ақпаратпен және тәжірибемен алмасу;

      3) ақпаратпен және деректермен алмасу, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа, атап айтқанда:

      қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың барлық нысандарының контрабандасы;

      көлік құралдарын ұрлауға және олардың заңсыз айналымы;

      мәдени және тарихи құндылықтарды білдіретін бұйымдардың, асыл тастар мен металдардың контрабандасы;

      кез келген куәландыратын құжат түрлерін қолдан жасауға және жалған жасау;

      жалған банкноттарды, кредиттік карталар мен басқа да құндылықтарды қолдан жасау және дайындау;

      заңсыз көші-қон және адам саудасы;

      тыйым салынған әдебиет, аудио және бейне өнімді тасымалдау саласындағы қылмысқа қарсы күрес үшін бірлескен шаралар қабылдау нысандарында ынтымақтасады.

4-бап

      1972 жылғы 25 наурыздағы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулермен бірге, 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға, оған түзетулер енгізу туралы 1988 жылғы 20 желтоқсанда Венада жасалған БҰҰ-ның Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясына сәйкес Тараптар есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және олармен байланысты қылмыстарға қарсы күрес саласында:

      1) тәжірибемен, көмекпен және есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды дайындау, оларды халықаралық тасымалдау, жасыру және тарату үшін пайдаланылатын әдістер, сондай-ақ оларға қарсы күрес әдістері туралы ақпаратпен алмасады;

      2) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды заңсыз дайындауға және тасымалдауға тартылған адамдар; оларды жасыру орындары, тасымалдау тәсілдері және олардың жұмыс әдістері; есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар шығатын жерлер мен оларды тасымалдау пункттері, сондай-ақ осындай қылмыстардың кез келген басқа да детальдары туралы ақпаратпен және деректермен алмасады;

      3) "бақыланатын тасымалдар" өткізуді қоса алғанда, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды заңсыз өткізу арналарын жабу бойынша келісілген іс-шаралар (операциялар) жүргізеді;

      4) өзінің криминологиялық зерттеулерінің, сондай-ақ есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымын және оларды теріс пайдалануды зерттеу нәтижелері туралы ақпаратпен алмасады;

      5) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары және есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымын бақылау жөніндегі рәсімдер туралы ақпаратпен алмасады.

5-бап

      Осы Келісім шеңберінде қылмысқа қарсы күрес мақсатында Тараптардың ынтымақтастығы:

      1) криминалистік технологияларды, сондай-ақ қылмысты зерттеу әдістері мен құралдарын пайдалану тәжірибесімен алмасу;

      2) осы Келісім қамтитын салалардағы баспа басылымдарымен, брошюралармен, жарияланымдармен және ғылыми зерттеу нәтижелерімен алмасу;

      3) жұмыс әдістерімен алмасу, сондай-ақ құзыретті органдар қызметтерінің қызметкерлерін оқытуда бір-біріне көмек көрсету;

      4) полиция жабдығын өзара ғылыми, техникалық дамытуда және зерттеуде көмек көрсету;

      5) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында орын алған қылмыстарға қатысы бар заңнамалық актілермен алмасу;

      6) терроризм қаупі, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымы, ұйымдасқан қылмыс және экономикалық қылмыстар, сондай-ақ оларға қарсы күресу үшін қажетті техника мен әдістер туралы ақпарат жіберу және бірлесіп өңдеу арқылы жүзеге асырылады.

6-бап

      Бұл өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе басқа да маңызды мүддесіне қауіп төндіретін жағдайда немесе егер осындай сұрау салуды орындау өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық шарттар бойынша міндеттемелеріне қайшы келетін болса, Тараптар ынтымақтастықтан толық немесе ішінара бас тарта алады.

      Ынтымақтастықтан бас тарту туралы екінші Тарап жазбаша түрде шұғыл хабарландырылады.

7-бап

      1. Осы Келісімді орындауға жауапты уәкілетті органдар:

      1) Қазақстан Республикасынан:

      Ішкі істер министрлігі;

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті;

      Бас прокуратура;

      Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі;

      Мемлекеттік күзет қызметі;

      Қаржы министрлігі;

      2) Иордан Хашимит Корольдігінен:

      Ішкі істер министрлігі және басқа да уәкілетті органдар болып табылады.

      2. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде ынтымақтастыққа ықпал ету мақсатында тікелей екіжақты байланысты жүзеге асыру үшін жазбаша нысанда байланыс деректері мен құралдарын белгілейді.

      3. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары өздерінің ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

8-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделген қаражат шегінде осы Келісімді орындаумен байланысты шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      1. Тараптар берілетін құпия ақпарат пен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді.

      2. Осы Келісімге сәйкес берілген материалдар, ақпарат, озық техникалық құралдар және жабдықтар, оларды берген Тараптың жазбаша келісімі болған жағдайларды қоспағанда, үшінші тарапқа берілмейді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелерін орындауға әсер етпейді.

11-бап

      Осы Келісімді орындау үшін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары бір-бірімен байланысты тікелей немесе дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырады.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.

13-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптан өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2017 жылғы "1" қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі Үшін
Иордан Хашимит КорольдігініңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады