Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Иран Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы үкіметтері арасындағы халықаралық көлік және транзит дәлізін құру туралы келісімге (Ашхабад келісімі) қосылсын.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ашхабад келісіміне Қазақстан Республикасы Үкіметінің қосылатыны туралы депозитарий мемлекетті хабардар етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Иран Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы үкіметтері арасындағы халықаралық көлік және транзит дәлізін құру туралы келісім (Ашхабад келісімі)
Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Иран Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы үкіметтері,
өздерінің арасындағы ынтымақтастықты қолдау мен нығайтуға және экономикалық байланысты дамытуға ниет білдіре отырып,
өңірлік және жаһандық деңгейлерде өз халықтарының арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайтудың және кеңейтудің қолданыстағы процесін ескере отырып,
теміржол және автомобиль жолдары, порттар инфрақұрылымдары арқылы жүктерді транзиттік тасымалдау жөніндегі халықаралық келісімдердің болу маңыздылығын, сондай-ақ өз елдерінің орнықты экономикалық дамуын жеделдету қажеттігін тани отырып,
жүктер мен жолаушыларды басқа мемлекеттерден/мемлекеттерге жылдам, кедергісіз және тиімді тасымалдау және транзиттеу үшін қажетті құралдарды қамтамасыз ету бойынша өз уағдаластықтарына ерекше мән бере отырып, сондай-ақ олардың географиялық орналасуынан пайда табу мақсатында,
қолданыстағы ұлттық нормаларды негізге ала отырып және тасымалдаудың халықаралық конвенциялары мен стандарттарына сәйкес жүктер мен жолаушыларды тасымалдауды және транзиттеуді ілгерілету бойынша өз мүмкіндіктерін дамытуға және жетілдіруге ұмтылыс білдіре отырып,
олардың аумақтары арқылы жүктер мен жолаушыларды тасымалдау және транзиттеу үшін қолданыстағы көлік инфрақұрылымын пайдалануға барлық ықтимал күш-жігерін салуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылған терминдер мен анықтамалардың мынадай мағыналары бар:
а. Тасымалдаушы: Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында тіркелген және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалын орындауға жіберілген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
б. Құрылтайшы Тараптар: Иран Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы үкіметтері бірлесе отырып;
в. Жүктер: Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы көлік келісімшарты негізінде тасымалдаушы тасымалдауға қабылдайтын тауарлар мен заттардың барлық түрі (Үйлестірілген жүйенің кодтарын көрсете отырып);
г. Қауіпті жүктер: тасу, тиеу-түсіру жұмыстары процесінде өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты жарылыстың, өрттің немесе тасымалданатын жүктерді, көлік инфрақұрылымын бүлдірудің, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірудің себебі болуы мүмкін кез келген материал, тауар, қалдық;
д. Халықаралық көлік және транзит дәлізі: жерүсті немесе су көлігі түрімен жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауға арналған, Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерін байланыстыратын негізгі көлік жүйелерінің желісі;
е. Халықаралық тасымал: Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы жүктер мен жолаушыларды әртүрлі көлік түрімен ( жерүсті немесе су көлігі) өткізу;
ж. Инвестициялар: Халықаралық көлік және транзит дәлізі бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кез келген ұйым, қаржы институты немесе донор бөлетін кез келген инвестиция;
з. Мультимодальды тасымал: ең болмағанда әртүрлі екі көлік түрімен жүктерді тасу;
и. Жолаушы: Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы бір орыннан екіншісіне жерүсті не су көлігі арқылы тасымалдау шығыстарын төлейтін кез келген адам;
к. Жолаушылар тасымалы: Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы жерүсті немесе су көлігі түрімен жолаушыларды өткізу бойынша көрсетілетін көлік қызметтері;
л. Тез бүлінетін жүктер: Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы шекараны кесіп өту кезінде (жерүсті немесе су) қорғау шараларын және жеделдетілген транзиттік рәсімдерді талап ететін жүктің кез келген түрі;
м. Порт: кемелер докқа қойылған және халықаралық теңіз навигациясы үшін ашық және жүктерді тиеу-түсіру мен жолаушыларды отырғызу/түсіру үшін пайдаланылатын орын;
н. Транзит: Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағы бойынша жүктер мен жолаушыларды тасымалдау, бұл ретте жөнелту және межелі пункттер осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағынан тыс жерде болады;
о: Жүктер тасымалы: Жүктерді ақылы түрде бір орыннан екіншісіне тасу.
2-бап Осы Келісімнің негізгі саласы
1. Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары бойынша, осы Келісімнің 9-бабына сәйкес құрылатын Үйлестіру кеңесі бекітетін маршруттар бойынша кез келген көлік түрімен (жерүсті және су) жүзеге асырылатын жүктер мен жолаушылардың халықаралық тасымалын және транзитін реттейді.
2. Осы Келісімді іске асыру бойынша Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары:
- Иран Ислам Республикасы Жол және көлік министрлігі;
- Оман Сұлтандығы Көлік және коммуникациялар министрлігі;
- Түрікменстан Теміржол көлігі министрлігі, Автомобиль көлігі министрлігі, Теңіз және өзен көлігі мемлекеттік қызметі;
- Өзбекстан Республикасы Сыртқы экономикалық байланыс, инвестициялар және сауда министрлігі, Өзбек автомобиль және өзен көлігі агенттігі және "Узбекистон темир йуллари" мемлекеттік-акционерлік теміржол компаниясы болып табылады.
3. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар арасында жасалғандарды қоса алғанда, Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын, басқа да халықаралық келісімдер мен шарттардан туындайтын кез келген Уағдаласушы Тараптың құқықтары мен міндеттемелеріне қайшы келмейді.
3-бап Осы Келісімнің мақсаттары
Уағдаласушы Тараптар:
1. Орта Азия елдері және Парсы шығанағы мен Оман теңізі арасында тауарлар мен жолаушыларды үздіксіз тасымалдау және транзиттеу, Халықаралық көлік және транзит дәлізі бойынша экспорттық-импорттық тауарларды тасымалдау үшін сенімді көлік дәлізін құратын болады.
2. Көлік шығындарын оңтайландыру мақсатында жүктер мен жолаушыларды тасымалдау жылдамдығын ұлғайтатын болады.
3. Уағдаласушы Тараптардың көліктік және транзиттік әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыратын болады.
4. Халықаралық көлік және транзит дәлізіне басқа да мемлекеттердің транзиттік жүктерін тартатын болады.
5. Уағдаласушы Тараптардың аумақтары арқылы жүктер мен жолаушылардың тасымалын және транзитін реттеу үшін көліктік байланыстың тиімділігін арттыратын болады.
6. Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы тасудың жерүстіндегі және судағы түрлерін пайдалана отырып, халықаралық нарыққа қол жеткізуге жәрдемдесетін болады.
7. Жол жүру қауіпсіздігін, жүктер мен жолаушылардың тасымалына және транзитіне қатысты халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануды, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін болады.
8. Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында көліктік қызметті көрсетудің барлық түрін берушілер үшін тең және кемсітпейтін жағдайла жасайтын болады.
9. Қолданыстағы халықаралық стандарттарға және шарттарға сәйкес жүктер мен жолаушылардың халықаралық тасымалын реттейтін ресми құжаттар мен рәсімдерді оңайлататын және үндестіретін болады.
4-бап Халықаралық көлік және транзит дәлізі
1. Осы Келісімнің мақсатында Уағдаласушы Тараптар "Халықаралық көлік және транзит дәлізі" деп аталатын, Орта Азия мемлекеттерін Парсы шығанағы және Оман теңізі порттарымен байланыстыратын Халықаралық көлік және транзит дәлізін құрады.
2. Уағдаласушы Тараптар Халықаралық көлік және транзит дәлізінің маршруттарын айқындайды және жүктер мен жолаушыларды тасымалдауда пайдалануға тиіс болатын инфрақұрылымды және тасу түрлерін белгілейді.
3. Уағдаласушы Тараптар Халықаралық көлік және транзит дәлізі бойынша көліктік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобаларды инвестициялау арқылы бір-біріне жәрдем көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
5-бап Жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауға және транзиттеуге қолданылатын шарттар
1. Осы Келісімді іске асыру кезінде Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз аумақтары арқылы жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауға және транзиттеуге қатысты тиімді шарттарды қамтамасыз етеді.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауға және транзиттеуге қатысушы басқа Уағдаласушы Тарап азаматтарына визалар беруге жәрдемдесетін болады.
6-бап Қауіпті, тыйым салынған жүктер мен қосарланған мақсаттағы тауарларды тасуды реттейтін қағидалар
Осы Келісімге сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптың алдын ала келісімінсіз қауіпті, тыйым салынған жүктер мен қосарланған мақсаттағы тауарларды сол Уағдаласушы Тараптың аумағы бойынша тасымалдауға және транзиттеуге тыйым салынады. Уағдаласушы Тараптар осы жүктерді айқындайды, осы Келісімнің 10-бабына сәйкес құрылған Жұмыс комитеті оларды қосымша хаттамада жинақтайтын болады және Үйлестіру кеңесі таратады.
7-бап Тез бүлінетін тауарларды тасуды реттейтін қағидалар
Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттік шекараларын кесіп өту кезінде Уағдаласушы Тараптар тез бүлінетін тауарлардың транзитіне жәрдем көрсетеді және жеделдетеді және ақталмайтын кідірістер қолданудан тартынатын болады.
8-бап Салықтар және алымдар
1. Уағдаласушы Тараптар жүктерді транзиттеу кезінде қызметтерді ұсынуға байланысты алымдарды қоса алғанда, атауы мен мақсатына қарамастан, салықтарды, баждарды және басқа да төлемдерді оңтайландыру үшін бар күш-жігерін салатын болады.
2. Қызметтерді берушілердің ұсынуына байланысты алымдар транзиттік жүктерге қатысты қолданылуы мүмкін.
3. Үйлестіру кеңесі осы алымдардың, салықтардың және баждардың деңгейін оңтайландыру тетігін келіседі.
9-бап Үйлестіру кеңесі
1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Уағдаласушы Тараптар Үйлестіру кеңесін құрады, оған мынадай:
а. осы Келісімнің ережелерін іске асыруға және қолдануға байланысты мәселелерді реттеу;
б. Халықаралық көлік және транзит дәлізін құрудың экономикалық, ұйымдық, техникалық және құқықтық мәселелерін шешу;
в. транзиттік жүктер көлемдерін ұлғайту бойынша ұсыныстар әзірлеу, Халықаралық көлік және транзит дәлізінің тартымдылығын арттыру;
г. Халықаралық көлік және транзит дәлізінің маршруттарын бекіту;
д. мультимодальды тасымалдарды кеңінен пайдалана отырып, Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы жүктер мен жолаушыларды тасымалдау кезінде көліктік және транзиттік шығындарды оңтайландыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу өкілеттіктері беріледі.
2. Үйлестіру кеңесі өзінің бірінші отырысын осы Келісімнің қолданысы басталғаннан кейін алты айдың ішінде өткізеді, оның барысында өз жұмысының қағидалары мен рәсімдерін белгілейді, сондай-ақ Жұмыс комитетінің жұмыс істеу тетігін айқындайды.
3. Үйлестіру кеңесі өз отырыстарын ағылшын әліпбиі тәртібіне сәйкес Уағдаласушы Тараптар аумақтарында кезекпен жылына бір реттен сиретпей не кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша өткізеді.
10-бап Жұмыс комитеті
1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін екі ай ішінде құрамында өз өкілдері болатын Жұмыс комитетін қалыптастырады. Комитет қалыптасқаннан кейін үш ай мерзімде өз жұмысын ұйымдастыру үшін өзінің бірінші отырысын өткізеді.
2. Жұмыс комитетінің міндеттері:
а. Халықаралық көлік және транзит дәлізінің маршруттарын айқындау;
б. әрбір Уағдаласушы Тараптың порттарында және өткізу пункттерінде қазіргі уақытта алынатын салықтарға, алымдарға және тарифтерге байланысты зерттеулерді дайындау және Халықаралық көлік және транзит дәлізінің тартымдылығын арттыру мақсатында ұсыныстар дайындау;
в. ветеринариялық және ауылшаруашылық карантинін ескере отырып, Уағдаласушы Тараптардың аумақтары арқылы жүктерді сондай-ақ тыйым және шектелген тауарларды тасуға жәрдемдесуге байланысты зерттеулер жүргізу;
г. кез келген Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтіндей етіп, осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін ұсыныстар дайындау;
д. осы Келісімнен туындайтын бағдарламалар және хаттамалар жобаларын дайындау;
е. Халықаралық көлік және транзит дәлізін және қажетті инфрақұрылымдарды, құрылыстарды және терминалдарды (порттар мен өткізу пункттері) дамыту мақсатында көліктік және транзиттік саясатты үндестіру және үйлестіру үшін ұсыныстар беру;
ж. Халықаралық көлік және транзит дәлізі арқылы жүктердің транзиттік ағынын ұлғайту мақсатында ұсыныстар беру;
з. осы Келісімді іске асыру туралы кезеңдік және жан-жақты баяндамаларды дайындау болып табылады;
3. Жұмыс комитеті, қажет болған кезде, транзиттік тасымалдарға қатысты түзетулері бар Кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру жөніндегі халықаралық конвенцияның (1973 жылғы 18 мамырдағы Киото конвенциясы) ережелерін зерттейді және ұсыныстар енгізе алады.
11-бап Дауларды шешу
1. Кез келген Уағдаласушы Тараптар арасында осы Келісімнің ережелерін қолдануға не түсіндіруге байланысты туындайтын кез келген дау мүдделі Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешілетін болады.
2. Егер дауға тартылған Тараптар келіссөздер басталғаннан тоғыз (9) ай ішінде оны келіссөздер арқылы реттей алмаса, онда дауды шешу мәселесі Үйлестіру кеңесінде қаралатын болады.
3. Егер Үйлестіру кеңесі дауды қараған сәттен бастап бір жыл ішінде реттей алмаса, онда осы дау төрелік арқылы шешілетін болады. Дау Тараптары төрелік әдісін келісетін болады.
12-бап Келісімге қосылу
1. Осы Келісім кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
2. Осы Келісімге қосылуға ниет білдірген кез келген мемлекет Депозитарий Мемлекетке өз ниеті туралы жазбаша ақпарат береді. Депозитарий Мемлекет осы ақпаратты Құрылтайшы Тараптарға қарау үшін жолдайды.
3. Осы Келісім Депозитарий Мемлекет Құрылтайшы Тараптың соңғы жазбаша растауын алғаннан кейін отыз күн өткен соң қосылатын Тарап үшін күшіне енеді.
13-бап Депозитарий Мемлекет
Түрікменстан осы Келісімнің Депозитарий Мемлекеті болады. Депозитарий Мемлекет осы Келісімнің куәландырылған көшірмелерін Уағдаласушы Тараптарға жолдайды. Депозитарий Мемлекет Уағдаласушы Тараптарға басқа мемлекеттердің осы Келісімге қосылуы туралы және кез келген Уағдаласушы Тарапқа қатысты осы Келісім қолданысының тоқтатылғаны туралы ақпарат береді.
14-бап Түзетулер
Осы Келісімге барлық Уағдаласушы Тараптың келісуімен өзгерістер енгізілуі мүмкін. Барлық Уағдаласушы Тараптар қол қойған барлық өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
15-бап Күшіне енуі
Осы Келісім Құрылтайшы Тараптар Депозитарий Мемлекетке оның күшіне енуі үшін барлық қажетті заңдық рәсімдерді немесе ратификациялау рәсімдерін аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арпалар арқылы тапсырған күннен кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді. Депозитарий Мемлекет басқа Уағдаласушы Тараптарды осындай хабарламалар туралы хабардар етеді.
16-бап Қолданылу мерзімі
1. Осы Келісім күшіне енген сәттен бастап он (10) жыл бойы қолданылатын болады.
2. Кез келген Уағдаласушы Тарап, Депозитарий Мемлекетке өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы шыққан кезге дейін 6 ай бұрын хабар беру шартымен осы Келісімнен шыға алады.
3. Осы Келісім барлық Құрылтайшы Тараптардың келісуі бойынша осыған ұқсас кезеңдерге ұзартылуы мүмкін.
2011 жылғы 25 сәуірде Ашхабад қаласында араб, парсы, түрікмен, өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде бір түпнұсқалық данада қол қойылды, бұл парсы жыл санауынша 1390 жылғы 5 Ордибехештке және Хижраның 1432 жылғы 22 Джумада ал-аввалына сәйкес келеді, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар. Түсіндіруде алшақтық орын алған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші бар.
Осыны куәландыру үшін Мемлекеттер Басшыларынан тиісті түрде өкілеттік алған Уағдаласушы Тараптардың өкілдері осы Келісімге қол қойды.
Иран Ислам Республикасы |
Үкіметі үшін |
Оман Сұлтандығы |
Үкіметі үшін |
Түрікменстан |
Үкіметі үшін |
Өзбекстан Республикасы |
Үкіметі үшін |