Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 сәуірдегі № 197 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 12 сәуірдегі
№ 197 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      еңбек көші-қоны процесін құқықтық реттеу және екі мемлекет арасында жұмыс күшінің өтуі үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттілігін негізге ала отырып,

      еңбекші көшіп-қонушылардың әлеуметтік, экономикалық және өзге де құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      1994 жылғы 15 сәуірдегі Еңбек көші-қоны және еңбекші көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде қамтылған қағидаттарды негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасының азаматтары және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың еңбек қызметі және құқықтарын қорғау мәселелерін реттейді.

2-бап

      1. Осы Келісімнің күші барлық еңбекші көшіп-қонушыларға жынысына, нәсіліне, тіліне, діни сеніміне немесе нанымына, саяси немесе өзге де көзқарастарына, ұлттық, этностық немесе әлеуметтік шығу тегіне, жасына, экономикалық, мүліктік, отбасылық жағдайына немесе жұмыскердің іскерлік қасиеттеріне байланысты емес кез келген басқа да белгілеріне қарамастан қолданылады.

      2. Осы Келісімде ештеңе де еңбекші көшіп-қонушыларды қабылдаушы мемлекеттің заңнамасын, осы Келісімнің ережелерін сақтау, қабылдаушы мемлекет халқының мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеу міндетінен босатпайды.

3-бап

      Осы Келісімде мынадай терминдер пайдаланылады:

      "еңбекші көшіп-қонушы" — бір Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын, 18 жасқа толған, екінші Тарап мемлекетінің аумағында заңды негізде болатын және онда ақы төленетін еңбек қызметімен заңды негізде айналысатын адам;

      "еңбек қызметі" — еңбекші көшіп-қонушының қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында айқындалатын тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылатын, жасалған еңбек шартының негізіндегі жұмысы;

      "жұмыс беруші" — қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен еңбекші көшіп-қонушылармен жасалған еңбек шарттары негізінде олардың еңбегін пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;

      "қабылдаушы мемлекет" — еңбекші көшіп-қонушы аумағына еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келген Тарап мемлекеті.

4-бап

      1. Еңбекші көшіп-қонушылар қабылдаушы мемлекеттің аумағында оның қолданыстағы заңнамасына сәйкес мыналардың:

      а) қабылдаушы мемлекеттің жұмыс берушілерімен жасалған еңбек шарттары;

      б) қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген жұмысқа орналасуға рұқсат құжаттары негізінде еңбек қызметін жүзеге асырады.

      2. Тараптар қабылдаушы мемлекеттің жұмыс берушілерімен жасалған еңбек шарттарынан туындайтын міндеттемелер бойынша жауапты болмайды.

5-бап

      1. Мыналар:

      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

      Өзбекстан Республикасынан – Өзбекстан Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі және Өзбекстан Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі жанындағы Сыртқы еңбек көші-қоны мәселелері агенттігі Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыруға жауапты органдары (бұдан әрі – құзыретті органдар) болып табылады.

      2. Құзыретті органдарға байланысты өзгерістер болған жағдайда Тараптар осындай өзгерістер туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

      3. Құзыретті органдар Тараптар мемлекеттерінің еңбекші көшіп-қонушыларды тарту және пайдалану саласындағы заңнамаларындағы өзгерістер туралы бір-біріне алдын ала хабарлайды.


6-бап

      Осы Келісімнің күші мынадай адамдарға:

      а) халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлеріне және өкілдіктеріне, сондай-ақ бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы ресми өкілдіктеріне жұмысқа жіберілген немесе жұмысқа жалданған Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына;

      б) мәртебесі қабылдаушы мемлекетпен жасалған жеке халықаралық шартпен реттелетін және осы Келісімнің мақсаттары үшін еңбекші көшіп-қонушы болып табылмайтын, даму бағдарламаларын немесе басқа да ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысу үшін бір Тарап мемлекеті немесе оның атынан оның аумағынан тыс жұмысқа жіберілген немесе жұмысқа жалданған Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына;

      в) егер мұндай қолдану қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында немесе Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда көзделмесе, босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға;

      г) білім алушыларға қатысты қолданылмайды.

7-бап

      Еңбекші көшіп-қонушылардың қабылдаушы мемлекеттің аумағына келуі, сондай-ақ қабылдаушы мемлекеттің аумағынан/аумағында кетуі және болуы қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген көші-қон ағындарын реттеу және өз мемлекеттерінің аумақтарында заңсыз еңбек қызметін болғызбау жөніндегі шараларды жүзеге асырады.

9-бап

      1. Еңбекші көшіп-қонушылардың қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына және еңбек шартының талаптарына сәйкес тынығуға құқығы бар.

      2. Егер Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, еңбекші көшіп-қонушылардың айналадағы адамдарға қауіп төндіретін асқынған аурулары болған кезде қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында айқындалатын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне кірмейтін медициналық көрсетілетін қызметтер ақылы негізде немесе ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

      3. Еңбекші көшіп-қонушылардың қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдарынан қабылдаушы мемлекеттің аумағында өздерінің болу және еңбек қызметін жүзеге асыру шарттары мен тәртібіне, сондай-ақ қабылдаушы мемлекеттің заңнамасынан туындайтын құқықтар мен міндеттерге қатысты ақпарат алуға құқығы бар.

10-бап

      1. Еңбекші көшіп-қонушылардың еңбегіне ақы төлеу және олардың басқа да еңбек жағдайлары қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес еңбекші көшіп-қонушының қабылдаушы мемлекеттің жұмыс берушісімен жасасқан еңбек шартында реттеледі.

      2. Еңбекші көшіп-қонушылардың еңбегіне ақы төлеу қабылдаушы мемлекеттің дәл осындай лауазымы, мамандығы, біліктілігі бар және осыған ұқсас жұмысты орындайтын азаматтарына қарағанда төмен болмауға, ал еңбек жағдайларының қолайлылығы олардан кем болмауға тиіс.

11-бап

      Еңбекші көшіп-қонушы қабылдаушы мемлекеттің аумағынан түпкілікті кеткен кезде жұмыс беруші оған қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек қызметінің сипаты мен ұзақтығы, сондай-ақ оның қабылдаушы мемлекеттің аумағында болған кезеңдегі біліктілігі туралы мәліметтерді көрсететін құжатты береді.

12-бап

      1. Еңбекші көшіп-қонушылар тапқан қаражатын қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өз азаматтығы мемлекетінің аумағына аударуды жүзеге асыра алады.

      2. Еңбекші көшіп-қонушылардың табыстарына салық салу қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Еңбекші көшіп-қонушыларды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

13-бап

      1. Еңбек шарты бұзылған кезде еңбекші көшіп-қонушы қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген болу мерзімі өткенге дейін қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағынан кетуге міндетті.

      2. Қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген негіздер бойынша еңбекші көшіп-қонушымен жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда жұмыс беруші еңбекші көшіп-қонушыға еңбек шартында және қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген өтемақыларды береді.

14-бап

      1. Еңбекші көшіп-қонушы қайтыс болған не еңбек міндеттерін атқаруына байланысты мертіккен жағдайда жұмыс беруші қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген төлемдер мен өтемақыларды жүзеге асырады.

      2. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбекші көшіп-қонушы қайтыс болған жағдайда жұмыс беруші қайтыс болған адамның мәйітін (мүрдесін) тасымалдауды ұйымдастырады және осы тасымалдауға, оның мүлкін алып өтуге және жөнелтуге, сондай-ақ тапқан қаражатын аударуға байланысты шығыстарды төлейді.

      3. Егер Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, еңбекші көшіп-қонушыға оның еңбек міндеттерін атқаруына байланысты мертігуі, кәсіптік ауруға шалдығуы салдарынан келген зиянды не денсаулығына келтірілген өзге де зиянды өтеу тәртібі қабылдаушы мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.

15-бап

      Еңбекші көшіп-қонушылардың қабылдаушы мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруы мақсатында білім туралы құжаттар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімдерін өткізбестен танылады.

      Бұл ретте педагогикалық, медициналық немесе фармацевтикалық білім алған, педагогикалық, медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға құқығы бар еңбекші көшіп-қонушылар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімінен өтеді және тиісінше қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен педагогикалық, медициналық және фармацевтикалық қызметке жіберіледі.

      Азаматтық мемлекетінің уәкілетті органдары берген ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес танылады.

16-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін Тараптар арасындағы даулы мәселелер келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.

17-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 18-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламаларының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Осы Келісім айқындалмаған мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен оның қолданысын тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайда осы Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап 180 (бір жүз сексен) күн өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады.

      2019 жылғы "___" _________________ _______ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады