Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 221 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Куанышұлы Жұмағалиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Pecпубликасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 23 сәуірдегі
№ 221 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі,

      өздерінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын ұстанатынын растай отырып,

      Тараптар арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастарды назарға ала отырып,

      халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес екіжақты ынтымақтастықты қолдау бойынша бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар арасындағы тең құқықтылық қағидаты негізінде өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастық орнату және одан әрі дамыту болып табылады.

2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:

      қару-жарақты, әскери техниканы, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, зияткерлік қызмет нәтижелерін, оның ішінде оларға ерекше құқықтарды (зияткерлік меншікті) және әскери-техникалық саладағы ақпаратты, конструкторлық, нормативтік, техникалық, технологиялық және пайдалану құжаттамасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасымен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылатын кез келген басқа да өнімді қамтитын әскери мақсаттағы өнімді өзара жеткізуді жүзеге асыру;

      қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау;

      Тараптардың уәкілетті органдарының келісуі бойынша әскери мақсаттағы өнімді әзірлеу, шығару, жөндеу, жаңғырту және кәдеге жарату жөнінде бірлескен кәсіпорындар, бірлескен өндірістер құру;

      бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру мүддесінде жұмыстар жүргізу;

      Тараптар мемлекеттерінің қару-жарақ пен әскери техникасын стандарттау, метрологиялық қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл;

      әскери-техникалық кадрлар даярлау және оқыту;

      қару-жарақ пен әскери техника үлгілеріне бірлескен сынаулар жүргізу;

      Тараптар уағдаластығы бойынша басқа да бағыттар.

      Тараптар екінші Тараптан алынған немесе осы Келісім шеңберінде бірлесіп жасалған қару-жарақты, әскери техниканы немесе олардың өндірісі жөніндегі техникалық құжаттаманы екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз сатпауға немесе үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.

3-бап

      Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      әртүрлі деңгейдегі ресми делегациялар сапарларымен алмасу;

      сарапшылар мен мамандардың жұмыс кездесулері;

      әскери-техникалық бағдарламаларды әзірлеу;

      шарттар (келісімшарттар) жасасу;

      қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің таныстырылымын өткізу;

      қару-жарақ пен әскери техника көрмелеріне қатысу;

      теориялық және практикалық курстарға (тренингтерге), семинарларға, конференцияларға және өзара мүддені білдіретін тақырып бойынша кеңестерге қатысу;

      Тараптардың уағдаластығы бойынша басқа да нысандар.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Сербия тарапынан - Сербия Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

5-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын (бұдан әрі - жұмыс тобы) құрады.

      Жұмыс тобының отырыстары қажеттілігіне қарай Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен, әдетте, Тараптардың уәкілетті органдарының келісуі бойынша жылына бір рет өткізіледі.

      Жұмыс тобы әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бағдарламаларды әзірлейді, сондай-ақ осы Келісімді іске асыруға байланысты басқа да мәселелерді қарайды.

      Жұмыс тобы отырысының күн тәртібі Тараптардың алдын ала келісімі бойынша белгіленеді.

      Жұмыс тобының отырыстары барысында қабылданған шешімдер тиісті хаттамалармен ресімделеді.

6-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

7-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық нәтижесінде алынған ақпарат Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне нұқсан келтіру үшін пайдаланылмайды.

      Тараптардың мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді беру және қорғау әр Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған немесе ие болған әскери-техникалық ынтымақтастық туралы ақпаратты екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа, оның ішінде халықаралық ұйымдарға және шетелдік заңды немесе жеке тұлғаларға бермеуге міндеттенеді. Осы Келісім шеңберінде бірлескен жұмыстарды жүргізу кезінде Тараптар таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беруі мүмкін.

      Мұндай ақпарат тасығыштарға "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгі қойылады.

      Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты алған Тарап оны қорғауды және қолдануды ез мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.

      Тараптар арасындағы таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беру фактілері қүжаттық түрде тіркеледі.

      Тараптар арасында нақты келісімшарттар (шарттар) бойынша ынтымақтастық фактісін немесе ынтымақтастық туралы басқа да мәліметтерді қүпия сақтау қажеттілігі туралы ақпаратты бір Тарап екінші Тараптың назарына алдын ала жеткізеді және (немесе) осы Келісім шеңберінде Тараптар арасында жасалатын келісімшарттарда (шарттарда) айтылады.

      Бір Тарап өкілдерінің екінші Тарап мемлекетінің әскери объектілеріне және қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарына кіруіне рұқсат беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8-бап

      Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мақсатында Тараптар:

      1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы саясат және рәсімдер туралы өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ақпарат алмасады;

      2) өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес осы Келісім бойынша ынтымақтастық барысында берілген немесе әзірленген, зияткерлік меншікті қолдана отырып жасалған әскери мақсаттағы өнімді заңсыз өндірудің және (немесе) өз мемлекеттерінің аумақтарынан үшінші мемлекеттердің аумағына таратудың жолын кесу үшін шаралар қабылдайды.

9-бап

      Осы Келісім бойынша жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың сапасын тексеру және қабылдау қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қару-жарақ пен әскери техниканы әкелу/әкету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын импортты және экспортты бақылау саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы Келісім шеңберінде жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың болуы мен мақсатты пайдаланылуын бақылау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 13-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

13-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, егер Тараптардың бір де біреуі алғашқы бесжылдық не кейінгі бесжылдық кезеңдер аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы тиісінше екінші Тарапқа жазбаша хабарламаса, ол аяқталғаннан кейін автоматты түрде кейінгі бес жылдық кезеңдерге ұзартылады.

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      2019 жылғы "__" ________ қаласында әрқайсысы қазақ, серб және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Сербия РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады