Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Солтүстік Македония Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Македония комиссиясын құру туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 17 мамырдағы № 297 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Солтүстік Македония Республикасының Үкіметі арасындағы
сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Македония комиссиясын құру туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрi Руслан Ерболатұлы Дәленовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Солтүстік Македония Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Македония комиссиясын құру туралы меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикас
Үкіметінің 2019 жылғы 17 мамырдағы
№ 297 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Солтүстік Македония Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Македония комиссиясын құру туралы меморандум

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Солтүстік Македония Республикасының Үкіметі (бұдан әрі Тараптар деп аталады),

      2012 жылғы 2 шілдеде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің 4-бабына сүйене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Македония комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

      Комиссия тең құқықтық және өзара пайда қағидаттары негізінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдем көрсетуге және екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған.

2-бап

      Комиссияның негізгі міндеттері:

      екі мемлекеттің өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастығының нәтижелерін қарау және талдау;

      сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы мемлекетаралық және үкіметаралық ынтымақтастықты жасасуға және іске асыруға жәрдемдесу;

      екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған басқа да міндеттерді орындау болып табылады.

3-бап

      Комиссия екі Тараптың өкілдерінен тең негізде құрылады.

      Тараптардың әрқайсысы өзінің тең төрағасын айқындайды.

4-бап

      Комиссияның отырыстары мүмкіндігінше жылына бір реттен сиретпей, Қазақстан Республикасында және Солтүстік Македония Республикасында кезекпен өткізіледі.

      Қабылданған шешімдердің орындалу барысын қарау немесе кезекті отырысқа дайындалатын мәселелерді келісу үшін тең төрағалардың немесе Комиссияның уәкілетті сарапшыларының кездесулері өткізілуі мүмкін.

      Тараптардың кез келгені әрбір отырыстың күн тәртібіне сәйкес өзіне қажетті сарапшылар санын шақыруы мүмкін.

      Шақырудың нақты күні мен Комиссия отырысының күн тәртібін Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келіседі.

      Әрбір отырыстың алдын ала күн тәртібін және басқа да тиісті материалдарды қабылдаушы Тарап екінші Тараптың хатшысымен консультация жүргізгеннен кейін отырысқа дейін кемінде жиырма күн қалғанда дайындайды. Алдын ала күн тәртібінде көрсетілгеннен басқа кез келген тармақ Тараптардың өзара келісуі бойынша күн тәртібіне қосымша енгізілуі мүмкін.

5-бап

      Комиссия шешімдері екі Тараптың келісімі болған жағдайда отырыс қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін хаттамамен ресімделеді және оған Тараптардың тең төрағалары қол қояды.

      Комиссия отырысында қабылданған шешімдер, егер оларда басқа шарттар көзделмесе, хаттамаға қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың бірінің өтініші бойынша кейіннен өздерінің мемлекеттерінің үкіметтері бекітуге тиіс шешімдер бұған кірмейді.

6-бап

      Әрбір Тарап Комиссияның отырыстарын дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерге жауапты Комиссияның өз бөлігінің хатшысын тағайындайды.

7-бап

      Комиссияның жұмысын ұйымдастыруға байланысты шығыстарды қабылдаушы Тарап көтереді.

      Қабылдаушы Тараптың мемлекетіне дейін жол жүруге байланысты және Комиссия, кіші комиссиялар мен жұмыс топтары қатысушыларының оның аумағында болуына байланысты шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.

8-бап

      Осы Меморандумға Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Меморандумды түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген даулар Тараптар тағайындаған өкілдер арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

10-бап

      Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және
2012 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім күшінде болған кезге дейін қолданылады.

      201_ жылғы "____" __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, македон, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Меморандумды түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Солтүстік МакедонияРеспубликасының

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады