Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 мамырдағы № 351 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 21 қарашада Сингапурда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

      Ескерту. Нормативтік құқықтық актіге қоса тіркелген халықаралық Келісімнің мәтіні ресми болып табылмайды. ҚР халықаралық Келісімінің жасасқан тілдердегі ресми куәландырылған көшірмесін ҚР халықаралық Келісімдерін тіркеуге, есептеуге және сақтауға жауапты ҚР Сыртқы істер министрлігінен алуға болады

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 30 мамырдағы
№ 351 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" және жеке-жеке "Тарап" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі

      екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге ниет білдіре отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттар иелерінің сапарларын жеңілдетуге ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Бір Тарап мемлекетінің жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттары бар азаматтары келуді жұмысқа орналасу, оқу немесе басқа да ақы төленетін қызметті жүзеге асыру мақсатында пайдаланбау шартымен, екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге визасыз кіре алады, одан шыға алады және онда бола алады.

2-бап

      Екінші Тарап мемлекетінің аумағына күнтізбелік 30 (отыз) күннен артық мерзімге немесе жұмысқа орналасу, оқу немесе басқа да ақы төленетін қызметті жүзеге асыру мақсатында кіруге және онда болуға ниеттенген жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары, басқа Тарап мемлекетінің аумағына келгенге дейін кіру визасын немесе тиісті рұқсат алады.

3-бап

      1. Бір Тараптың жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттары бар, өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдіктерінде және/немесе консулдық мекемелерінде аккредиттелген немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардың жанында аккредиттелген азаматтары қабылдаушы мемлекеттің аумағына бүкіл аккредиттеу мерзімі ішінде визасыз кіре алады және онда бола алады. Жіберуші мемлекеттің Үкіметі осы бапта көрсетілген азаматтар туралы деректерді қабылдаушы мемлекеттің Үкіметіне олар келгеннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде ұсынады. Олардың отбасы мүшелерінің жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттарды иеленуші болып табылуы және осы тұлғалармен бірге тұруы шартымен, олардың отбасы мүшелеріне де осыған ұқсас рәсімдер қолданылады. "Отбасы мүшесі" термині осындай тұлғаның күйеуін/жұбайын және олардың үйленбеген/тұрмыс құрмаған 21 (жиырма бір) жасқа дейінгі балаларын білдіреді.

      2. Жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта өз паспорттарын жоғалтқан жағдайда, қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдарын дереу хабардар етеді. Мұндай органдар жоғалту туралы хабарламаны растайтын анықтаманы немесе құжатты тегін береді. Осындай анықтама немесе құжат негізінде тиісті мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі жаңа жол жүру құжатын береді.

4-бап

      Жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына екінші Тарап мемлекетінің биліктері кіруге және одан шығуға арналған пункттер ретінде тиісті түрде анықтаған белгіленген бақылау-өткізу пункттері, әуежайлар немесе теңіз порттары арқылы кіреді және шығады.

5-бап

      1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңде сол Тарап мемлекетінің заңнамасын құрметтеуге тиіс.

6-бап

      Егер жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттары бар екінші Тарап мемлекетінің кез келген азаматы қолайсыз деп танылса, Тараптардың әрқайсысы себебін көрсетпей, өз мемлекетінің аумағына мұндай тұлғаның келуінен бас тарту немесе болу мерзімін тоқтату өз құқығын өзіне қалдырады.

7-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұра алады. Оның тоқтатып қойылғаны және алып тасталғаны туралы екінші Тарап дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде дереу хабардар етіледі. Мұндай тоқтата тұру екінші Тарап осындай хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін бірден күшіне енеді.

      2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру кезінде визадан босатылған азаматтарының құқықтық жағдайына әсер етпейді.

8-бап

      Тараптар осы Келісім күшіне енетін күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жарамды дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттардың үлгілерімен, сондай-ақ осы құжаттардың сипаттамаларымен алмасады. Егер Тараптардың бірі осы Келісім күшіне енген күнінен кейін дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспорттарға өзгерістер енгізетін болса, осы Тарап аталған құжаттардың үлгілерін олар қолданысқа енгізілетін кезге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жолдайды.

9-бап

      1. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      2. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады, олар қосымша хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер мен даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

11-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге дейін күшінде қалады. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің Келісімнің қолданысын тоқтату шешімі туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткеннен кейін тоқтатылады.

      2018 жылғы 21 қарашада Сингапурда әрқайсысы қазақ және ағылшын тілдерінде 2 (екі) данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Үсен Сүлеймен
Қазақстан Республикасының
Сингапур Республикасындағы
Төтенше және Өкілетті Елшісі

Сингапур Республикасының
Үкіметі үшін
Зулкифли Бахарудин
Сингапур Республикасының
Қазақстан Республикасындағы Елшісі (резидент емес)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады