Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, арнайы және қызметтік паспорттар иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 418 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 11 маусымда Маскатта жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, арнайы және қызметтік паспорттар иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

      Ескерту. Нормативтік құқықтық актіге қоса тіркелген халықаралық Келісімнің мәтіні ресми болып табылмайды. ҚР халықаралық Келісімінің жасасқан тілдердегі ресми куәландырылған көшірмесін ҚР халықаралық Келісімдерін тіркеуге, есептеуге және сақтауға жауапты ҚР Сыртқы істер министрлігінен алуға болады

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 19 маусымдағы
№ 418 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, арнайы және қызметтік паспорттар иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі

      өз мемлекеттерінің достық қарым-қатынастарды нығайтуға деген ұмтылыстарын назарға ала отырып,

      Қазақстан Республикасының азаматтары мен Оман Сұлтандығы азаматтарының – дипломатиялық, арнайы және қызметтік паспорттар иелерінің екі Тарап мемлекеттері аумағындағы өзара сапарларына ықпал ету ниетін білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің ережелері:

      - Қазақстан Республикасының жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттарының иелері болып табылатын азаматтарына;

      - Оман Сұлтандығының жарамды дипломатиялық, арнайы және қызметтік паспорттарының иелері болып табылатын азаматтарына қатысты қолданылады.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген Тараптардың әрбір мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына онда болу мерзімін ұзарту мүмкіндігінсіз визасыз кіре алады, келген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн мерзімде транзитпен бола алады және одан шыға алады.

3-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген, дипломатиялық өкілдіктерге, консулдық мекемелерге немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген халықаралық ұйымдар өкілдіктеріне тағайындалған әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда, екінші Тараптың визалық талаптарынан босатылмайды және алғашқы кіруге дейін екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде тиісті кіру визаларын алулары тиіс.

4-бап

      Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің келуі қолайсыз деп саналған кез келген азаматын өз мемлекетінің аумағына кіргізуден бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын сақтап қалады.

5-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген паспорттардың жарамдылық мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру күнінен бастап алты (6) айдан кем болмауы тиіс.

6-бап

      1. Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап аумағында болуы кезеңінде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне залал келтірмей, сол Тараптың ұлттық заңнамасы мен қағидаларын сақтауға міндетті.

      2. Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген әрбір Тарап Мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында кәсіпкерлік қызметпен айналыспауы тиіс.

7-бап

      1. Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары басқа Тарап мемлекетінің аумағында өзінің дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспортын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда бұл туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарына, сондай-ақ өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне хабарлауы тиіс.

      2. Тиісті дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме өзінің азаматтарына жаңа дипломатиялық, қызметтік немесе арнайы паспорт не жол жүру құжатын береді және бұл тұралы болу мемлекетінің құзыретті органдарын хабардар етеді.

8-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсаттары үшін Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың үлгілерімен оны қолданысқа енгізу күнінен бұрын күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Жаңа паспорт енгізілген немесе осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген паспорттарға өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар жаңа немесе өзгертілген паспорттарды қолданысқа енгізу күнінен бұрын күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей осы паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      3. Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген паспорттарды беруге қатысты өз ұлттық заңнамаларындағы және қағидаларындағы өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етеді.

9-бап

      1. Әрбір Тарап ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара тоқтату құқығын өзінде сақтап қалады.

      2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруға ниетті Тарап екінші Тарапты қабылданған шешім туралы оның күшіне енуіне дейін күнтізбелік жеті (7) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар етуі, сондай-ақ екінші Тарапты осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды аяқталғаны туралы шешімнің күшіне ену күнінен кем дегенде күнтізбелік жеті (7) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлауы тиіс.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім күшіне енуі кезінде екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген әрбір тарап азаматтарының паспорттар иелерінің құқықтық мәртебелеріне осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру әсер етпейді.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 13-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

13-бап

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісім Тараптардың бірінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол 2008 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Оман Сұлтандығы Сыртқы істер министрлігі арасындағы дипломатиялық паспорттар иелерін визалық талаптардан босату туралы меморандумды алмастырады.

      2018 жылғы 11 маусымда Маскатта әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Оман Сұлтандығы Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады