Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді баяндаманы бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 630 қаулысы

      Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 маусымда ратификациялаған Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның 9-бабына және Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің 84-сессиясының ұсынымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді баяндама бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді баяндаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетіне белгіленген тәртіппен жіберсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№ 630 қаулысымен
бекітілген

Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді баяндама

      Осы баяндама Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) 9-бабының 1-тармағына және қатысушы мемлекеттер ұсынуға тиіс баяндамалардың нысаны мен мазмұнына қатысты жалпы басшылыққа алынатын қағидаттарға (CERD/C/2007/1) сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушілікті жою комитетіне (бұдан әрі – БҰҰ Комитеті) ұсынылады. Осы баяндамада Конвенция баптарын іске асыруды қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді есептері қамтылады.

      Баяндама жобасын Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы жұмыс тобы дайындады.

      Жұмыс тобының құрамына министрліктердің, ведомстволардың, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптама кеңесінің, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері кірді.

      Қазақстан Республикасының жалпы базалық құжаты адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарға қатысушы мемлекеттер ұсынатын баяндамалардың нысаны мен мазмұнына қатысты жалпы басшылыққа алынатын қағидаттарға сәйкес әзірленді және БҰҰ Комитетінің қарауына 2012 жылғы мамырда жіберілді. Осы сегізінші-оныншы жиынтық баяндамада нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою саласында 2014 – 2017 жылдар кезеңінде қол жеткізілген негізгі өзгерістер мен прогресс жөніндегі ақпарат қамтылады.

      Осы баяндама жалпы сипаттағы мәліметтерді және Конвенцияның 1-7-баптарын іске асыру туралы ақпарат қамтылған екі негізгі бөліктен тұрады, сондай-ақ алдыңғы баяндаманы қарау нәтижесінде айтылған БҰҰ Нәсілдік кемсітушілікті жою комитетінің сұрақтары мен ұсынымдарына жауаптар береді.

1. Жалпы сипаттағы мәліметтер. Тұрғындар

      Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы 2014 жылы нәсілдік кемсітушілікті жою туралы соңғы алтыншы және жетінші жиынтық мерзімді баяндама ұсынылғаннан кейін біршама өзгерістерге ұшырады.

      2014 жылы Алматы облысы Қарасай ауданының бірнеше ауылдық округі біріктіріліп, Алматы қаласының Наурызбай ауданы құрылды, соның салдарынан Алматы қаласы мен Алматы облысы халқының саны өзгерді.

      Елімізде өңірлік деңгейде 2014 жылы Шымкент қаласына Оңтүстік Қазақстан облысының – Ордабасы, Сайрам және Төлеби үш ауданының аумағы қосылып, Шымкент қаласының жаңа Қаратау ауданы құрылды және бұл Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тұрғындарының санына әсер етті.

      "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 708 Жарлығымен Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді, ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталды.

      Халықтың жалпы саны 2014 жылмен салыстырғанда 17 160,9 мың адамнан 17 918,2 мың адамға дейін көбейді. 2017 жылдың басындағы жағдай бойынша халықтың пайыздық қатынастағы өсуі халықтың жалпы санының 4,4 %-ын құрады. Бұл жағдай туу санының өсуі мен өлім санының біршама азаюынан туындап отыр. Сонымен қатар көрсетілген кезеңде елге келушілер санының айтарлықтай төмендеуімен қатар, Қазақстан Республикасының аумағынан шетелге тұрғылықты тұруға көшіп кетушілер санының өсуі байқалады. Егер 2014 жылы көші-қон сальдосы – 12 162 адамды құраса, 2017 жылы – 21 623 адамды құрады.

      Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын қоспағанда, елдің 17 өңірінің 13-інде есепті кезеңде тұрғындар санының өсімі байқалды. Тұрғындардың жалпы санының барынша өсімі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және Түркістан облысына тиесілі.

      Балалар мен жастардың, атап айтқанда 24 жасқа толмағандардың гендерлік құрамы 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салыстырмалы түрде де, саны жағынан да ер азаматтардың, ал 24 жастан асқан және одан жоғары жастағы адамдар арасында әйелдердің басым екенін көрсетті. Жасы 65 және одан жоғары әйелдер саны шамамен алғанда ерлерден екі есе көп. Жалпы, өмір сүру ұзақтығы артып, 70 жастағы және одан асқан тұрғындардың саны көбейген.

      Қазақстанда 2017 жылдың басында тұрғындардың жартысынан көбі (57,2 %) қалалық жердің тұрғындары, 42,8 %-ы ауылдық жердің тұрғындары болып табылады. Қалалық жердің тұрғындары 2014 жылмен салыстырғанда 54,9%-дан 57,2% дейін көбейген. Өңірлік деңгейде қалалық жердің тұрғындары үлесінің айтарлықтай өсуі Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарында байқалады.

      Санақ деректері бойынша Қазақстанның этностық құрамына 120-дан астам этнос кіреді. 2017 жылдың басында қазақтар саны 12 млн. адамнан (66,9 %) асты, орыстар – 3,6 млн. адам (20,2 %), өзбектер – 563,1 мың адам (3,1 %), украиндықтар – 283,7 мың адам (1,5 %), ұйғырлар – 261,1 мың адам (1,5 %), татарлар – 202,5 мың адам (1,1 %), немістер – 180,7 мың адам (1,0 %) болды.

Нормативтік құқықтық база

      Адамның және ел азаматтарының нәсілдік және этностық тегіне қарамастан, құқықтары мен бостандықтарын көздейтін Конституция, Қазақстан Республикасының негізгі заңдары алтыншы және жетінші жиынтық мерзімді баяндама ұсынылғаннан кейін өзгерген жоқ.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабының 2-тармағына сәйкес ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады. Конституцияның 4-бабында Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттар мен республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады деп көрсетілген. Республика ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдарынан басым болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады.

      Процестік заңнаманың нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар тиісті кодекстердің алдында басымдыққа ие және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайлардан басқасында тікелей қолданылады (Қылмыстық-процестік кодекстің 2-бабы, Азаматтық процестік кодекстің
2-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 1-бабы).

      "Босқындар туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес пана іздеген адамдарды және босқындарды осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес пана алу құқығымен қамтамасыз ету; босқын мәртебесін беру жөніндегі рәсімдерді жүргізу кезінде әлеуметтік тегіне, нәсіліне, ұлтына, азаматтығына, діни сеніміне және саяси нанымына байланысты кемсітушілікке жол бермеу; пана іздеген адамдар мен босқындардың жеке өмірі туралы ақпараттың құпиялылығын сақтау; пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу; Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында жүрген босқын балалардың құқықтарын қорғау; босқындарды елден шығарып жіберуге жол бермеу босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары болып табылады.

      2014 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі қабылданды, онда мынадай баптар көзделген: "Адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар" деген 3-тараудың 145-бабында "Адамның және азаматтың тең құқықтылығын бұзу": адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық немесе мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiліне, ұлтына, тiліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына байланысты себептермен немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша тiкелей немесе жанама шектеу үшін және "Бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар" деген 4-тараудың "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деген 174-бабында жауапкершілік көзделген.

      Көрсетілген қылмыс құрамдары күшін жойған 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен жаңа 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне ауысты.

      Сонымен бірге ескі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі сияқты жаңа Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде ұлттық, нәсілдік және дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың құқыққа сыйымды әрекеттері үшін кек алу, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларға жатады және жазаны белгілеу кезінде саралаушы белгі болып табылады (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 54-бабының 6) тармақшасы).

      Бұдан басқа, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік діни өшпенділік пен араздық уәжі бойынша қылмыстық жауаптылықты ауырлататын саралаушы белгілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында, 106-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасында, 107-бабының екінші бөлігінің 6) тармақшасында, 110-бабының екінші бөлігінің 6) тармақшасында, 202-бабының екінші бөлігінің 4) тармақшасында, 203-бабының екінші бөлігінің 3) тармақшасында, 314-бабының екінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделгенін атап өтеміз.

2. Конвенцияның 1-7-баптарын іске асыру туралы ақпарат

      Осы баяндаманың екінші бөлігінде азаматтардың азаматтық және саяси құқықтарының кең ауқымын қамтыған Конвенцияның 1-7-баптарын іске асыруға бағытталған практикалық шаралар жөнінде ақпарат беріледі. Осыған байланысты, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне 2014 жылы ұсынылған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы ұлттық есептің мәліметтері пайдаланылды.

      Нәсілдік кемсітушіліктің ішкі құқықта бекітілген анықтамасының Конвенцияның 1-бабының 1-тармағындағы анықтамаға сәйкес келуі туралы.

      Елдің ұлттық заңнамасында "азаматтардың тең құқықтылығын бұзу" деген термин "кемсітушілік" деген терминнің баламасы болып табылады (2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 145-бабы), бұл шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық немесе мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне, сеніміне, тұрғылықты орнына, қоғамдық бірлестіктерге қатысуына немесе басқа да кез келген мән-жайларға қарап, адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тікелей немесе жанама шектеуді білдіреді.

      Конвенцияның 2-бабын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың заңнамалық, институционалдық және басқа да шараларды қабылдауы туралы.

      Конвенцияның 2-бабы 1-тармағының a), b), c), d) тармақшаларына қатысты

      Қазақстан Республикасы нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандары мен түрлерін айыптайды, барлығының заң алдында теңдігі Конституцияда бекітілген. Адам, оның өмірі, құқықтары және бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 2-тармағына сәйкес "тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды".

      Қазақстан Республикасы Конституциясы 20-бабының 3-тармағына сәйкес "Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді".

      Қазақстан Республикасы Конституциясы 5-бабының 3-тармағына сәйкес "мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады".

      Бұл ережелер елдің басқа да нормативтік құқықтық актілерінде көрсетілген.

      Атап айтқанда, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты насихаттау бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң таратылуын тоқтата тұруға негiз болып табылады.

      "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру "ұлттық экстремизм" болып табылады және Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына сәйкес қудаланады.

      Мәселен, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сенiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты 2 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеумен жазаланады.

      2014 жылғы шілдеде Қазақстанда 174-бабы бойынша жазаны айтарлықтай күшейтетін Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі қолданысқа енгізілгенін атап өткен жөн (бұрын 164-бап).

      2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде ұлтаралық келісім саласындағы заңнаманы онша ауыр емес бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін 57, 434-1, 453-баптар бар.

      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабының 2-тармағына сәйкес ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

      Конвенцияның 2-бабы 1-тармағының е) тармақшасына қатысты.

      Қазақстан Республикасы біріктіруші көпнәсілді ұйымдар мен қозғалыстардың құрылуын ынталандырады және қолдайды. "Қазақстан халықтарының Ассамблеясын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен елдегі этносаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган құрылды, мемлекеттің және этномәдени бірлестіктер түріндегі азаматтық қоғам институттары әріптестігінің қағидаты оның негізін құрайды. Оның қызметін нормативтік құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ететін "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 2008 жылғы қазанда қабылданды. 2015 жылы Заңға өзгерістер енгізілді, Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттерін және функцияларын кеңейтуге мүмкіндік беретін нормалар қосылды. Заңға қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының өзара іс-қимылдарының тиімділігін жоғарылату ұғымдарын кеңейтетін нақтыланған тұжырымдама ұсынылды, елде этносаралық келісімді қамтамасыз етуді көздейтін нормалар қосылды.

      Қазақстан Республикасының Президенті алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің 2017 жылғы 4 қыркүйекте өткен үшінші сессиясының ашылуында "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізуді тапсырды, осыған байланысты Заңға 2018 жылғы 27 сәуірде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

      Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау, қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымы жанында медиация кабинеттері жұмыс істейді. Еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде елді мекендерде қоғамдық келісім кеңестері құрылған, оның негізгі мақсаты әлеуметтік проблемаларды шешу және қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің алдын алу болып табылады.

      Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласында қайырымдылықты, медиацияны дамытуға жәрдемдесу Заңда Ассамблея қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде бекітіледі.

      Ассамблея қызметінде этномәдени бірлестіктердің рөлі артқанын ескере отырып, Заңда оларды Ассамблея құрылымына енгізу көзделеді.

      Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің рөлін және оның қоғамдық келісімді нығайту бойынша мемлекеттік саясаттағы тиімділігін күшейту мақсатында Кеңес өкілеттіктерін кеңейту қажеттігі туындады.

      Осыған байланысты Заң Ассамблея кеңесін республикалық этномәдени бірлестіктері басшыларынан қалыптастыруды, сондай-ақ Кеңеске қоғамдық наградалар тағайындау құқығын беруді көздейді.

      Мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі қазіргі уақытта 100-ден аса этнос өкілдері тұрып жатқан елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады. Аталған бағыттағы жұмыстарды барлық мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдар, мекемелер жүргізуде.

      Президент Жарлығымен 2014 жылы 17 маусымда құрылған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Қоғамдық келісім" РММ) Ассамблеяның атқарушы органы ретінде әрекет етеді, ол Ассамблеяның атқарушы органының Ассамблея қызметін қамтамасыз етуге бағытталған функцияларын орындайды.

      Өңірлік деңгейде достық үйлері базасында облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдері аппараттарының жанынан "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылды.

      Осыған байланысты, Ассамблеяның атқарушы органы мәртебесі "Қоғамдық келісім" РММ-ға, сондай-ақ "Қоғамдық келісім" жергілікті мемлекеттік мекемелеріне заң жүзінде бекітіліп, оның қызметінің тәртібі регламенттелді.

      Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласындағы қызметін мемлекеттік қолдауға қатысты жаңа ережелер енгізілді.

      Этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеуден өткізуді көздейтін, этномәдени бірлестіктер институтын одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ оларды Ассамблеяның белсенді жұмысына кең ауқымда тартуға бағытталған нормалар енгізілді.

      Мемлекеттік қолдау мәселелерінің маңыздылығын ескере отырып, Заң "Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласындағы қызметін мемлекеттік қолдау" жаңа бабымен толықтырылды. Онда мемлекеттік қолдау, сондай-ақ Ассамблеяға мемлекеттік органдар құзыреті шегінде жәрдемдесу тетігі көзделген.

      Конвенцияның 2-бабының 2-тармағына қатысты

      Қазақстан Республикасы барлық азаматтарының нәсілдік, ұлттық, діни, тіл, әлеуметтік және басқа да жағдайына қарамастан, заң алдындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік береді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы түрлі этнос өкілдері арасында жасанды теңсіздік жасаудан бас тартады және түрлі этностық топтар үшін тең емес немесе ерекше құқықтарды енгізбейді.

      Конвенцияның 3-бабын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың заңнамалық, институционалдық және басқа да шараларды қабылдауы туралы.

      Қазақстан Республикасы өз аумағында сегрегация мен апартеидті үзілді-кесілді қабылдамайды және ел азаматтарының Қазақстан аумағында жүріп-тұруына, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Ел Конституциясының 21-бабының 1-тармағына сәйкес "Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар". Бұған қоса, 21-баптың 2-тармағына сәйкес "әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар, азаматтардың Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар".

      "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы аумағында еркін жүріп-тұра алуына кепілдік береді. Осы Заңның 16-бабына сәйкес мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен адамгершілігін сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік уәкілетті органдарының актілерімен шектеулер қойылуы мүмкін.

      Конвенцияның 4-бабын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың заңнамалық, институционалдық және басқа да шараларды қабылдауы туралы.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде нәсілдік және ұлттық төзбеушілік уәжі бойынша қылмыстар мен құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық жауаптылық көзделген (54, 107, 168, 174, 183, 404-баптар).

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 54-бабына сәйкес ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың құқыққа сыйымды әрекеттері үшiн кек алу, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 145-бабы адамның және азаматтың тең құқықтылығы бұзылғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Азаматтардың тең құқықтылығын бұзу ретінде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық немесе мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне, сеніміне, тұрғылықты орнына, қоғамдық бірлестіктерге қатысуына немесе басқа да кез келген мән-жайларға қарап, адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тікелей немесе жанама шектеу түсініледі.

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігінде әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты тудыру сияқты сараланатын әрекеттер тізімделген, олар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Олардың ішінде, егер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 168-бабы геноцид үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді, геноцид, яғни ұлттық, этностық, нәсiлдiк немесе дiни топты, осы топтың мүшелерiн өлтiру, олардың денсаулығына ауыр зиян келтiру, бала тууға күшпен бөгет жасау, балаларды мәжбүрлеп беріп жіберу, күштеп көшiру не осы топтың мүшелерiн қырып-жою мақсатында өзге де тiршiлiк жағдайларын туғызу арқылы толық немесе iшiнара жоюға бағытталған қасақана іс-әрекеттер ретінде анықталады.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 404-бабының 2-бөлігі нәсiлдiк, ұлттық, рулық, әлеуметтiк, тектік-топтық немесе дiни төзбеушiлiктi немесе артықшылықты уағыздайтын немесе оны iс жүзiнде іске асыратын, конституциялық құрылысты күштеп құлатуға, мемлекеттiң қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге немесе Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға шақыратын қоғамдық бiрлестiк құру, сол сияқты осындай бiрлестiкке басшылық ету үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.

      2014 – 2016 жылдары Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыс жасағандары үшін 277 қылмыстық іс қозғалған (2014 ж. – 44; 2015 ж.– 82; 2016 ж. – 151), олар бойынша сот үкімдерінің негізінде 80 адам сотталды (2014 ж.– 25; 2015 ж. – 35; 2016 ж. – 20). 2017 жылдың 7 айы бойынша 22 адам сотталды, олардың ішінен 10 – бас бостандығынан айырылды, 12 – бас бостандығы шектелді.

      Діни алауыздықты қоздырғаны үшін 20 адам және ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін 2 адам сотталды.

      Мысалы, Ақмола облысының тумасы азамат Е. "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі "Я Русский" ашық тобының (шамамен 200 жазылушы) әкімшісі бола отырып, өзінің "Семен Котовский" аккаунтынан 2015 жылғы шілдеде ұлттық алауыздықты қоздыру белгілерін қамтитын жарияланымды таратқан.

      Сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына сәйкес аталған мәтінде ұлттық алауыздықты қоздыру белгілері, сондай-ақ қазақ этносының ұлттық ожданын және абыройы мен оның тарихын қорлайтын белгілер болды. Азамат Е. өз кінәсін толығымен мойындады және жасаған теріс қылықтары үшін өкініш білдірді. Астана қаласының № 2 Сарыарқа аудандық сотының 2015 жылғы 18 қарашадағы үкімімен азамат Е. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп танылды.

      Сондай-ақ, 2017 жылы Батыс Қазақстан облысының тумасы азамат М. "ВКонтакте" мобильдік қосымшасын пайдалана отырып, "Аслан Аслан" логинімен тіркелген және 90000 жазылушыны қамтитын "Типичный Уральск" қауымдастығының жазылушысы бола отырып, "БҚО-да газ бағасы көтеріледі" деген тақырыппен жаңалық ақпаратты оқып шығып, аталған мақалаға пікір қалдыратындардың арасында Ресей Федерациясының да азаматтары бар екендігін байқап, ұлттық алауыздықты қоздыру мақсатында, ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, ұлтаралық алауыздықты қоздыру белгілері бар пікірлер қалдыра бастады.

      Сот азамат М. 2014 жылғы 3шілдедегі Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

      2017 жылғы 7 айда осы Конвенцияны қолданып, 66 азаматтық іс, 9 қылмыстық іс және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 68 іс қаралды.

      Конвенцияның 5-бабының "Сот және барлық сот төрелігін жүргізуші басқа органдар алдында тең құқықтығы" деген а) тармағына қатысты

      Қазақстан Конституциясының 14-бабына сәйкес "Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды".

      Конституцияның 76-бабына сәйкес сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес нәсіліне, жынысына, тіліне, әлеуметтік, ұлттық, тектік, рулық және басқа шығу тегіне қарамастан, әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледі. Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.

      Судьялардың деңгейін жоғарылату мақсатында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негізгі ережелерін зерделеу және қолдану бойынша әртүрлі шаралар өткізіледі.

      2015 жылы Жоғарғы Сот Орталық Азия үшін Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссар басқармасының өңірлік бөлімшесімен (бұдан әрі – АҚЖКБ) бірлесе отырып, БҰҰ Даму бағдарламасының (бұдан әрі – БҰҰДБ) бірлескен жобасы шеңберінде өзара іс-қимыл жасау мақсатында Астана қаласында (10-11 қыркүйек), Ақтау қаласында (17-18 қыркүйек), Өскемен қаласында (6-7 қазан), Алматы қаласында (8-9 қазан) судьялар, прокурорлар мен басқа мемлекеттік органдар үшін БҰҰ адам құқығы бойынша шарттық органдарының шешімдерін имплементациялау мәселелері жөнінде практикалық семинарлар ұйымдастырды.

      Жоғарғы Сот өкілдері 2015 жылғы 29-30 қазанда Бурабай кентінде өткен адам құқығы бойынша БҰҰ ұсыныстарын орындауда кешенді әдістерді қолдау бойынша АҚЖКБ ұйымдастырған семинарға қатысты.

      Сондай-ақ Жоғарғы Сот өкілдері 2015 жылғы 9-10 желтоқсанда Бішкекте (Қырғыз Республикасы) АҚЖКБ ұйымдастырған Адам құқықтары бойынша баяндамалар ұсыну және одан әрі БҰҰ тетіктерінің пайымдарын іске асырудың тетіктерін әзірлеуде тәжірибе алмасу жөніндегі өңірлік конференцияға қатысты.

      2016 жылы Жоғарғы Сот АҚЖКБ мен БҰҰДБ-мен бірлесіп Алматыда (23-24-маусым), Оралда (5-6 желтоқсан) және Шымкентте (8-9 желтоқсан) судьялар, прокурорлар мен басқа мемлекеттік органдар үшін БҰҰ-ның "Адам құқықтары бойынша шарттық органдарына жеке хабарламалар: қарау процедурасы мен шешімдерді орындау" тақырыбына семинарлар ұйымдастырды.

      Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы және облыстық соттардың судьяларға арналған оқу орталықтары тұрақты негізде "Халықаралық стандарттар мен сот ісін әділ қарау", "Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды қолдану" тақырыптарына оқыту іс-шараларын жүргізуде.

      Жоғарғы Соттың веб-сайтында "Халықаралық құқық мәселелері бойынша сот төрешісіне көмек" бөлімінде халықаралық шарттардың мәтіндерімен қоса, адам құқықтары саласындағы халықаралық-құқықтық құжаттар жарияланған.

      Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде халықаралық шарттарды, оның ішінде Нәсілдік кемсітушілікті жою туралы халықаралық конвенцияны қолданумен соттардың қараған істері санының жыл сайын өсуі байқалады.

      2016 жылы Конвенцияны қолдану арқылы 17 азаматтық іс, 7 қылмыстық іс және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 15 іс қаралды. 2017 жылғы 5 айда Конвенция 47 азаматтық істі, 3 қылмыстық істі және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 50 істі қарау кезінде қолданылды.

      еке басының қауіпсіздік құқығы және мемлекеттік лауазымды қызметкерлері, сонымен бірге қандай да бір жеке адамдар тарапынан болған зорлық немесе дене зақымдануынан мемлекет тарапынан қорғалу құқығы туралы" деген b) тармағына қатысты

      Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы мемлекет тарапынан азаматтардың жеке қауіпсіздігін құқықтық қорғаудың және зорлық немесе дене жарақатынан қорғау құралдарымен қамтамасыз ету үшін заңнамалық база жеткілікті. Азаматтар өз қалауы бойынша кез келген мемлекеттік органға, соттарға, үкіметтік емес ұйымдарға шағымдануға құқылы.

      Қазақстан Конституциясының 17-бабына сәйкес "ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды".

      Қазақстанда азаматтар құқықтарының сақталуына мониторинг жасауды жүзеге асыратын Омбудсмен, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия сияқты құқық қорғау институттары мен құрылымдары бар.

      Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдардың әрекетіне шағымдар беру, қарау және шешу тәртібі "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221 Қазақстан Республикасының Заңында көзделген.

      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде қылмыстың алдын алу және жолын кесу, оның ішінде адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қандай да бір нәсілшілдік кемсітушіліктен қорғау бойынша функцияларды жүзеге асырады. Ішкі істер органдары өз қызметінде нәсілдік кемсітушілік негізіндегі зомбылықтың алдын алу және анықтау фактілері бойынша кідіріссіз шараларды қабылдайды.

      Сонымен қатар Қазақстанда есепті кезеңде этносаралық негізде зорлық-зомбылықтар мен жанжал фактілері тіркелмегенін атап өткен жөн.

      Саяси құқықтар туралы с) тармағына қатысты

      Қазақстан Конституциясының 3-бабына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 4-бабына сәйкес республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқығы бар.

      Қазақстан Конституциясының 33-бабының 4-тармағына сәйкес елдің барлық азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 5-тармағына сәйкес мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.

      Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі жоғары заң шығарушы органда ел Парламентінде кепілді өкіл ретінде этникалық топтардың мүдделеріне өкілдік ету болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайланатын 9 депутат еліміздің барлық этностарының мүдделерін білдіреді.

      Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшелері заң жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс топтары құрамында белсенді жұмыс атқарады. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы сайланған депутаттар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оралмандар мәселесін шешу, білім саласындағы, оның ішінде этностық топтардың шағын орналасып тұратын жерінде заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Үкімет пен жекелеген мемлекеттік органдарға сұрау салады.

      "Басқа да азаматтық құқық туралы, атап айтқанда еркін қозғалу, азаматтық алу құқығы туралы, мүлікті иелену, некеге отыру, бейбіт жиналыс және т.б. туралы құқық" деген d) тармағына қатысты

      Еркін жүріп-тұру және мекенжайда тұру құқығы туралы

      Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еркін жүріп-тұру құқығының заңнамалық және іс жүзінде қолданылуы туралы ақпарат Конвенцияның 3-бабына қатысты бөлімде көрсетілген.

      Өз елін қоса алғанда, кез келген елден кету және өз еліне оралу құқығы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Сонымен қатар ел азаматтарының республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

      2016 жылдың басынан бері көші-қон полициясының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының азаматтарына елден тыс жерде тұрақты тұру үшін 29,7 мың құжат ресімдеді (2015 жылдың ұқсас кезеңі бойынша – 34, 5 мың).

      Шығу үшін ең көп құжат Ресей Федерациясына – 26,4 мың (29,7 мың), Германияға – 2 мың (2 мың), Беларуське – 305 (535), Канадаға – 156 (116) және АҚШ-қа – 213 (262) ресімделді.

      2017 жылғы алты айда көші-қон полициясының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының азаматтарына елден тыс жерде тұрақты тұрғылықты тұру үшін шығуға 15 мың құжат ресімдеді (2016 жылы – 29,7 мың).

      Шығу үшін ең көп құжат Ресей Федерациясына – 13,2 мың (26,4 мың), Германияға – 1,2 мың (2 мың), Беларуське – 75 (305), Канадаға – 28 (156) және АҚШ-қа – 72 (213) ресімделді.

      Бұл ретте, 2014 жылдан бастап 2017 жылғы 1 тамызды қоса – 11 686 адам Қазақстанға тұрақты тұрғылықты тұру үшін кері қайтып келді.

      2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасында босқын мәртебесіне ие болғандар саны 596 адамды (135 отбасы, оның ішінде жеке тұратындар мен балалар) құрады. Босқындардың негізгі бөлігі Алматы қаласында – 370 адам (91 отбасы), Оңтүстік Қазақстан облысында – 176 адам (34 отбасы), Алматы облысында – 48 адам (9 отбасы), сондай-ақ Жамбыл облысында – 2 адам тіркелген. Босқындардың ішінде 280 әйел, 316 ер адам. Олардың ішінде 568 адам – Ауғанстан, 10 – Өзбекстан азаматы, 10 – Сирия азаматы, 3 – Қытай Халық Республикасының азаматы және т.б. елдерден – 5 адам.

      Босқындардың этностық құрамына 314 тәжік, 86 пуштун, 139 хазар, 21 өзбек, 11 араб, 8 түрік және 17 басқа этнос өкілдері кіреді. Олардың ішінде 56 адам жоғары білімді, 18 арнайы орта білімді, 264 орта білімді. 67 адамның білімі жоқ. Босқындар арасында 131 адам – мектеп жасындағы балалар және 60-ы – 5 жасқа дейінгі балалар.

      2017 жылы көші-қон полициясы басқармаларына босқын мәртебесін алу үшін 154 адам жүгінген. Олардың екеуіне босқын мәртебесі берілді, 41 өтініш қаралуда. Босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату рәсімін жүзеге асыру жөніндегі комиссия "Босқындар туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген негіздемелер бойынша 87 адамға босқын мәртебесін беруден бас тартты.

      Босқындар мәселесімен айналысатын мемлекеттік органдардың қызметі 1951 жылғы "Босқындар мәртебесі туралы" конвенцияның, "Босқындар туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының, "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының және басқа да нормативтік құқықтық актілердің баптарына негізделген. Босқындар туралы заң 2010 жылы қолданысқа енгізілді. Ол босқын мәртебесін берудің өлшемшарттары мен рәсімдерін айқындайды, пана іздеген адамдардың және босқындардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді, сондай-ақ олардың Қазақстан аумағындағы негізгі құқықтары мен міндеттемелерін бекітеді. Заңнамалық тұрғыдан босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттарды тапсыру мен тіркеу тәртібі анықталған, босқын мәртебесін беру туралы уәкілетті органның шешім қабылдау мерзімі тіркелген күннен бастап үш айға дейін ұзартылған.

      "Босқындар туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы еңбек бостандығы немесе кәсіпкерлікпен айналысу құқығына, денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікке, Конституцияда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған заңдар мен халықаралық шарттарда көзделген басқа да құқықтар мен бостандықтарға кепілдік береді.

      Халықаралық құқық нормаларына және БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссар басқармасы өкілдігінің ұсынымдарына сәйкес босқындардың балаларына қатысты арнайы ережелер енгізіліп, босқындарға жол жүру құжаттарын беру жүзеге асырылуда. Босқындар туралы конвенцияда көрсетілген жол жүру құжаттары босқындардың Қазақстан аумағының ішінде және аумағынан тыс жерлерде де жүруін қамтамасыз етеді.

      Азаматтыққа құқық туралы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабына сәйкес Қазақстан азаматтығы "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. Қазақстан азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге қудалауға болмайды. Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды.

      Қазақстанда 2016 жылы еліміздің бірқатар бөлігінде орын алған террористік сипаттағы оқиғаларға, сондай-ақ Қазақстан азаматының Таяу Шығыс елдерінде террористік ұйымдар құрамында ұрыс қимылдарына қатысу фактілерінен кейін "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" ҚР Заңына толықтырулар енгізілді.

      Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңына азаматтықтан айыру және азаматтықты жоғалту бөлігінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2016 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңымен толықтырулар енгізілді.

      Тиісінше, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" ҚР Заңының 20-1 және 21-баптары толықтырылды:

      20-1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру

      Террористік қылмыстарды, сондай-ақ салдарынан Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтірген, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін соттың шешімімен ғана Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруға жол беріледі.

      21-бап. Азаматтықты жоғалту

      Қазақстан Республикасының азаматтығын:

      8) адамның шетелдік қарулы қақтығыстарға, шет мемлекет аумағындағы экстремистік және (немесе) террористік әрекетке қатысуы салдарынан жоғалтады.

      "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, нәсiлi мен ұлтына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiни көзқарасына, саяси және өзге де сенiмдерiне, кәсiбiнiң түрi мен сипатына, тұрғылықты жерiне және басқа мән-жайларға қарамастан заң алдында тең.

      "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, әрекетке қабiлетсіз және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан не Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн тiзбе бойынша кәсiптерге ие және талаптарға сай келетiн адамдардан және олардың отбасы мүшелерiнен жоғарыда көзделген шарттардың болуы талап етiлмейдi; Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi – баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

      Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргіндер, күштеп ұжымдастыру кезеңдерінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар салдарынан республика аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағында тұратын қазақтар үшін өз аумағына қайтып оралуына жағдай жасайды.

      Некеге тұру және өзіне өмірлік жар таңдау құқығы туралы.

      Отбасы-неке қатынастары 2011 жылғы 26 желтоқсандағы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексімен реттеледі.

      Қазақстанның неке-отбасы заңнамасы ерлі-зайыптылардың некелік (ерлі-зайыптылық) одағының еріктілігі қағидаттарына негізделеді. Кодекстің 2-бабының 4-тармағына сәйкес некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) кезінде және отбасылық қатынастарда шығу тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, нәсiлі, ұлты, тiлі немесе діни көзқарасы немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады.

      Кодекстің 9,10,13-баптарына сәйкес неке қию (ерлі-зайыпты болу) үшін некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) еркек пен әйелдің ерікті әрі толық келісімі және олардың неке (ерлі-зайыптылық) жасына толуы қажет.

      Неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленеді. Жүкті болған немесе ортақ бала туған кезде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органдар неке (ерлі-зайыптылық) жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетеді.

      Неке (ерлі-зайыптылық) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын (ерлі-зайыпты болуын) мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде не некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адам азаматы болып табылатын шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде, консулдық мекемесiнде жүргізіледі.

      Мүлікке иелену құқығы туралы.

      Қазақстанның азаматтары нәсілдік қатыстылығына қарамастан, мүлікті иеленуге құқылы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Сол баптың 2-тармағына сәйкес соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін. Меншікке мемлекет кепілдік береді. Заңнамада мүліктік қатынастар саласында бір этностық топтардың өкілдеріне басқасына зиян келтіре отырып басымдық немесе басқа да ерекше құқықтар беретін ережелер жоқ.

      Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы қолданыстағы заңнама қандай да бір негіздермен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу кезінде қандай да бір шектеулерді және беделін түсіретін нормаларды қамтымайды.

      Бұл ретте жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша шетелдіктердің құқықтық ережесі белгілі бір ерекшелікке ие.

      1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 3-бабына сәйкес егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға құқылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi.

      "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" Заңның 9-бабында Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтары болады және мiндеттерге жауапты болады деп айқындалған.

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер жеке меншiк құқығында тұрғын үйге (уақытша жүрген шетелдiктердi қоспағанда) және басқа мүлiкке, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларының, ашылған жаңалықтың, өнертабыстың, рационализаторлық ұсыныстың, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторлық құқығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге де мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарға ие бола алады.

      Жоғарыда жазылғанды ескере отырып, Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетел азаматтарының өз меншіктерінде пәтерге немесе тұрғын үйге ие болу құқықтары жоқ. Бұл ретте, бұл шектеу Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге қолданылмайды.

      Сонымен бірге 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 252-бабының 1-тармағында анықталғандай, егер заң құжаттарымен жол берiлетiн негiздер бойынша заң құжаттарына сәйкес адамның өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк оның меншiгiнде болып шықса, бұл мүлiктi меншiк иесi, егер заң құжаттарында өзге мерзiмдер белгiленбесе, осы мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап бiр жыл iшiнде иелiктен айыруға тиiс. Егер меншiк иесi мүлiктi көрсетiлген мерзiмде иелiктен айырмаса, ол сот шешiмiмен иелiктен ықтиярсыз айырылуға тиiс, бұл орайда меншiк иесiне мүлiктi иелiктен айыру жөнiндегi шығындары шегерiлiп, оның құны өтеледi.

      Осыған орай, әділет органдары еншіленетін жылжымайтын мүлікке шетел азаматтарының құқықтарын тіркейді. Сонымен бірге, егер шетел азаматы осы мүлікті заңнамалық актілердің себебінен сатып ала алмаса, онда меншік құқығы туындаған сәттен бастап бір жыл ішінде бұл мүлік иеліктен айырылуы тиіс.

      Мұраға ие болу құқығы туралы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 2-тармағының ережесіне сәйкес мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 14-бабы азаматтың Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болатынына кепілдік береді.

      Шет мемлекеттер азаматтарының қатысуымен мұрагер болу кезінде құқықтық көмек көрсету Халықаралық құқыққа, 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға (5-б. 1-т.) (бұдан әрі – Кишинев конвенциясы) және 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға (бұдан әрі – Минск конвенциясы) сәйкес жүзеге асырылады.

      Құқықтық көмек көрсету кезiнде Уағдаласушы Тараптардың құзыреті әдiлет мекемелерi, егер осы Конвенцияларда қатынастардың өзге тәртiбi белгiленбесе, бiр-бiрiмен өздерiнiң орталық, аумақтық және басқа да органдары арқылы қатынас жасайды.

      Кишинев Конвенциясының 16-бабының 2-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың әдiлет мекемелерi сұрау салған Уағдаласушы Тараптардың әдiлет мекемелерiнде азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша мүлiктiк талап қойылған, олардың аумақтарында тұратын адамдардың жұмыс орны (қызмет түрi) мен кiрiсiн, соның iшiнде банктердегi шоттарда бар қаражатын анықтауда өзара көмек көрсетедi.

      Сонымен қатар, азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен ратификациялаған халықаралық шарттарының негізінде жүзеге асырылады.

      2016 жыл бойынша статистикалық деректерге сәйкес – 171 612, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында – 78 902 мұрагерлік құқық туралы куәлік берілді.

      Ар-ождан және діни сенім бостандығы, ой еркіндігі құқығы туралы.

      Ар-ождан бостандығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында кепілдік берілген. "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы "діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең" екенін белгілейді. Осы Заңның 3-бабының 5-тармағына сәйкес "заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді".

      Бүгінгі таңда Қазақстанда дінді ұстанушылардың саны бойынша ислам және христиан негізгі діндер болып табылады. Исламды Қазақстанда негізінен түркі және кавказ халықтары, сондай-ақ тәжіктер ұстанады. Халықтың шамамен үштен бір бөлігі христиандықты ұстанады.

      Елде 2018 жылғы ІІІ тоқсандағы жағдай бойынша 18 конфессия атынан 3720 діни субъекті тіркелген: 2592 – ислам, 339 – православ, 86 – католик, 591 – протестант, 60 – Иегова куәгерлері, 26 – Новоапостольск шіркеуі, 8 – Кришна Санасы Қоғамы, 7 – иудей, 6 – Бахаи, 2 – Буддизм, 2 – Иса Мәсіхтің соңғы замандағы әулиелері шіркеуі (мормондар), 1 – Муниттер.

      Елімізде барлығы 3502 діни ғимарат жұмыс істейді, оның ішінде 2592 – мешіт, 301 – провослав храмы және 110 – католик шіркеуі, 407– протестанттық дұға оқу үйі, 54 – Иегова куәгерлерінің дұға оқу үйі, 26 – Новоапостоль дұға оқу үйі, 6 – синагог, 3 – Бахаи дұға оқу үйі,
2 – "Кришнаны тану қоғамы" ӨҚ дұға оқу үйі, 1 – будда храмы.

      554 миссионер ресми тіркелген, олардың ішінде 435-і – шетел азаматы, қалған 119-ы – Қазақстан азаматы.

      Елдің мемлекеттік органдары діни бірлестіктерді және миссионерлерді тіркеу рәсімдерін түсіндіру бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Осы мақсатта уәкілетті органдар жүйелі негізде Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасының, Православиелік және Рим-католик шіркеуінің, еврейлер қауымдастығының, протестанттық және басқа бірлестіктердің басшыларымен кездесулер өткізеді.

      Елде азаматтық қоғам институттарын қолдауда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жоспарлы негізде жұмыстар жүргізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында діни экстремизмге қарсы тұру және қоғамда конфессияаралық диалогты және келісімді танымал ету мәселелері бойынша материалдар жарияланады.

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанында Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес жұмыс істейді және оған барлық діни бірлестіктердің көшбасшылары кіреді. Диалог алаңдары түріндегі осындай кеңестер облыс әкімдіктерінің (әкімшіліктерінің) жанында жұмыс істейді.

      Діндер мен мәдениеттер арасында жаһандық диалогты ілгерілету, гуманитарлық салада халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, жанжалдар мен әскери іс-қимылдарда эскалациялау үшін адамдардың діни сезімдерін пайдалануға жол бермеу мақсатында Қазақстан астанасында, 2003 жылдан бастап үш жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге бастамашылық жасады. Форум шеңберінде Діни көшбасшылар кеңесі құрылды. Кеңестің қызметі әртүрлі дін өкілдерінің арасында өзара түсінушілікті және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Съездің диалог алаңының тұжырымдамалық негіздерін жетілдіруге бағытталған. 2003 жылдан бері үш Съезд өтті.

      Астанада өткен Съезд жұмысына ислам, христиан, индуизм, иудаизм, буддизм және басқа діндердің көрнекті өкілдері мен басшылары қатысты. Съездің диалог алаңында дін қауымдастықтарын рухани жақындастыру бойынша маңызды және мазмұнды әңгімелесулер өтеді, сондай-ақ азаматтарға, халыққа және үкіметтерге бағытталған бірлескен үндеулер қабылданады.

      Астана форумы БҰҰ арнайы мекемелерімен, "Өркениеттер альянсы", "Баку халықаралық діни форумы" және басқа халықаралық диалог алаңдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

      Сенім-наным бостандығы және оны еркін білдіру құқығы туралы.

      Сөз және шығармашылық бостандығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының ережелерімен кепілдік беріледі. Әркімнің Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Шектеулер мемлекеттік құпияларды құрайтын ақпаратқа қойылады. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің тізбесі "Мемлекеттік құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған.

      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабына сәйкес "республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді".

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.

      Еркін бұқаралық ақпарат құралдарының болуы құқықтық демократиялық мемлекет дамуының басты шарттарының және индикаторларының бірі болып табылады. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай бойынша елде 2995 БАҚ жұмыс істейді (2017ж. 2897), олардың шамамен 30% мемлекеттік БАҚ. БАҚ жалпы санының 2591 мерзімді баспа құралдары, 112 телеарна, 65 радио және 227 ақпараттық агенттік пен желілік басылымдар.

      Қазақстанда 11 этнос тілінде 52 ұлттық баспа басылымы бар. Ең ірі этностық республикалық газеттер мемлекеттің қолдауымен жұмыс жасайды ("Украинскиновини", "Дойчеальгемайнецайтунг", "Коре ильбо", "Уйгур авази", "Ватан", "Ак барс", "Ahiska-Ахыска" газеттері).

      Бейбіт жиналыс және қауымдастықтар бостандығы құқығы туралы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға құқылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін.

      Қазақстанда бейбіт жиналыстар еркіндігін құқықтық реттеу "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын қолдану арқылы жасалады.

      Бұл заң көшелерде, алаңдарда және басқа қоғамдық жерлерде аталған шараларды өткізу кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарын және еркіндіктерін жүзеге асыру үшін жағдайлар жасауға, қоғамдық қауіпсіздікті және тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Наразылық акцияларын өткізу кезінде заңдылықты және құқықтық тәртіпті сақтауға, оларды құқықтық шешу жолдарын және тетіктерін іздестірумен осындай акциялардың туындау себептерін және шығу көздерін жедел оқшаулауға ерекше көңіл бөлінеді. Рұқсатсыз акцияларды өткізу кезінде прокуратура органдары қолданыстағы заңнаманың нормаларын түсіндіру және кінәлі адамдарды заңмен белгіленген жауапкершілікке, оның ішінде 2014 жылғы 5 шілдедегі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 488-бабында көзделген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шараларды дереу қабылдайды.

      "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі (488-бап) және 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (400-бап) бейбіт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттерді, демонстрацияларды не өзге де көпшiлiк iс-шараны ұйымдастыру немесе өткiзу тәртiбi туралы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұлдардан бастап 10 тәулікке бас бостандығынан айыруға дейінгі әкімшілік қамауға алуға дейін санкцияларды қамтиды.

      Бейбіт жиналыстар еркіндігіне құқық нәсілдік, ұлттық, тілдік, әлеуметтік, тектік-топтық, рулық және басқа қатыстылыққа қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтары үшін әмбебап болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлестіктер (қауымдастықтар) бостандығына құқығы бар. Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей. Нәсілдік, ұлттық, тілдік, әлеуметтік, тектік-топтық, рулық және басқа қатыстылыққа қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтары үшін бірлестіктер еркіндігі құқығына кепілдік беріледі.

      "Қоғамдық бірлестіктер туралы" 1996 жылғы 31 мамырдағы және "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан азаматтарының бірлесу еркіндігіне құқықтарын жүзеге асырумен байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

      2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 18 517 коммерциялық емес ұйым тіркелді, олардың ішінде 11% – жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау саласында, 9% – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау саласында, 7% – білім беру, ақпарат, спорт және мәдениет, 7% – азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, 7% – азаматтардың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, 4% – гендерлік саясат, 3% – мәдениет және өнер, 3% – қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту, 3% – жетім балаларға, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету, 2% – тарихи-мәдени мұраны қорғау, 1% – демография мәселелерін шешу, 1% – қоршаған ортаны қорғау.

      Елде шамамен 1000 этномәдени бірлестік жұмыс істейді (олардың ішінде 29 – республикалық) этномәдени бірлестіктердің жанында 135 жексенбілік мектеп бар, онда 30-дан астам этнос өкілдерінің туған тілдерін меңгеру үшін жағдайлар жасалған.

      Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның бірыңғай институты бола отырып, этномәдени бірлестіктерді біріктіреді. Ассамблеяның құрылымын институционалды нығайту мақсатында ғылыми-сараптамалық кеңес құрылды, оған ғалымдар, сарапшылар, жетекші ғылыми-зерттеу құрылымдардың басшылары кірді.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми депозитарийі ашылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының веб-порталы жұмыс жасайды.

      "Қоғамдық келісім" РММ қызметі Ассамблеяның қызметін ғылыми-сарапшылық, ақпараттық, талдамалық сүйемелдеуді ұйымдастыруға, этномәдени бірлестіктерді қолдауға, Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған бұқаралық қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық, ғылыми іс-шараларды өткізуге, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды бақылауға және т.б. бағытталған. Осыған ұқсас мекемелер достық үйлерінің базасында өңірлер деңгейінде облыс әкімдерінің жанында жұмыс істейді.

      Өңірлердегі Достық үйлері жаңа форматты этносаралық қатынастар саласындағы барлық көпқырлы жұмысты біріктіріп, олардың көпфункциялы ресурстық орталықтарына айналды. Достық үйлері жұмысындағы басым бағыт ел халқының мәдени, тілдік, діни және этностық алуан түрлілігін сақтау болып табылады.

      2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы (2025 жылға дейін) және тиісті іс-шаралар жоспары, сондай-ақ бірлікті және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бірқатар басқа да нормативтік құқықтық актілер, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының достық үйлерінің даму тұжырымдамасы қабылданды.

      2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алғыс айту күні мерекесі енгізілді, ол 1 наурызда атап өтіледі. Оның негізгі мақсаты қазақстандық халықтың бірлігін нығайту, этносаралық және қоғамдық келісімді сақтау болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу күніне орайластырылған.

      "Экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы құқықтар, атап айтқанда еңбек ету құқығы, кәсіптік одақтар құру құқығы, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім алу, мәдени өмірге тең қатысу құқығы және т.б. құқық туралы" деген е) тармағына қатысты

      Қазақстан жұмыскерлерге кәсіптік одақтарды ерікті негізде құруға және оларға мүше болуға кепілдік береді. Бұл ереже Қазақстан Республикасы Конституциясымен, "Кәсіптік одақтар туралы" 1993 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңымен, Халықаралық еңбек ұйымының № 87 "Ассоциация бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау туралы" және № 98 "Ұжымдық келіссөздерді ұйымдастыру және жүргізу құқығы принциптерін қолдану туралы" конвенцияларымен регламенттеледі.

      Нәсілдік, ұлттық, тілдік, әлеуметтік, тектік-топтық, рулық және басқа қатыстылыққа қарамастан кәсіптік одақтарды құру және оған мүшелікке кіру, сол сияқты жеке және ұжымдық шарттар жасау құқығына Қазақстан Республикасының барлық азаматтары ие.

      Еңбекшілердің құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік құрылымдардың коммерциялық емес ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасауы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының басшылығымен Әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi республикалық үшжақты комиссия құрылды.

      Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 18 кәсіподақты, 16 аумақтық кәсіподақты біріктіреді. Кәсіподақтар мүшесінің саны 2 млн. адамнан астам. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының құрамына 12 салалық кәсіподақ, 3 аумақтық кәсіподақ бірлестігі кіреді, барлығы 650 мың адам. Бұдан басқа, 2017 жылғы мамырда "Аманат" Қазақстан кәсіподақтар достастығы тіркелді, еліміздің 9 өңірінде оның 9 филиалы бар.

      Кәсіподақтар өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтарына және мүдделеріне құқықтық кепілдік беру және қорғау, шоғырландыру мақсаттарында құрылған.

      Адамның құқықтарын құрметтеу, қанағаттанарлық тұрмыс жағдайларын және еңбектің қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін жақсарту, экономикалық тұрақтылықты жоғарылату – осының барлығы әлеуметтік әділдіктің негізгі элементтері болып табылады, оны кәсіподақтар барлық еңбекшілер үшін қамтамасыз етуге тырысады. Өз мақсаттарына қол жеткізу үшін кәсіподақтар қызметтерінің мынадай басым бағыттарын жүзеге асырады: қандай да бір кемсітушіліксіз еңбектері үшін сыйлықақы алуға азаматтардың конституциялық құқығы; халықтың қайыршылығын және кедейлігін жеңу; шетел кәсіпорындарында Қазақстанның ұлттық заңнамасының бұзылуына, отандық жұмысшыларды және мамандарды кемсітуге жол бермеу; азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету; биліктің әйелдер мәселелеріне назарын күшейту, әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының және комиссияларының қызметіне жан-жақты қолдау көрсету; заңнамалық нормалардың негізінде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында әділ қатынастар орнату; әділ зейнеткерлік қамсыздандыру үшін күрес.

      Кәсіподақтардың ең маңызды функцияларының бірі олардың әлеуметтік әріптестікке, Әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi республикалық үшжақты комиссияның (үкімет, жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің өкілдері) жұмысына қатысуы болып табылады. Ұжымдық келіссөздер негізінде кәсіподақтар уәкілетті мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілердің одақтарымен салалық (тарифтік) келісімдер жасайды. Кәсіподақтардың барлық облыстық бірлестіктері жергілікті атқарушы органдармен және жұмыс берушілердің одақтарымен өңірлік келісімдер жасасады.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі. Бұл құқық нәсілдік, ұлттық немесе этностық шығу тектеріне қарамастан, барлық азаматтар үшін әмбебап болып табылады.

      Мәселен, Қазақстан Республикасында 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 509,2 мың адамды құрады, асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар – 170 мың адам, жасы бойынша жәрдемақы – 1 мың адам.

      Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейіне, мүгедектік тобына және себептеріне немесе асырауындағы адамдарының санына және асыраушының қайтыс болу себептеріне байланысты.

      Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы жыл сайын жоғарылайтынына байланысты жәрдемақылардың көлемі де ұлғаяды.

      Мәселен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарау нәтижесінде 2017 жылмен салыстырғанда оның шамасы 16% дейін ұлғайып, тиісінше мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерінің өсуіне әкелді.

      Бұдан басқа, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының шеңберінде әлеуметтік тәуекелдер орын алған жағдайда азаматтар әлеуметтік төлемдер алуға құқылы, олар: жұмысқа жарамдылықты жоғалту, отбасы асыраушысынан айырылу, жұмысты жоғалту, жүктілік пен бала туумен байланысты табысты жоғалту, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу және бала бір жасқа толғанға дейін оны күтумен байланысты табысты жоғалту. 2018 жылғы І тоқсанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың саны 4,9 млн. адамды құрады. 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін айналымға енгізуден бастап әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 949,0 млрд. теңгені құрады, бұл ретте 2018 жылғы наурыз айы бойынша 14 786,0 млн. теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жасалды, алушылар саны 347 мың 124 адамды құрады.

      Еңбек ету құқығы туралы.

      Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстандағы ұлттық заңнамаға сәйкес еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітудің кез келген нысандарына және түрлеріне тыйым салынған, әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6-бабында еңбек саласында кемсітушілікке тыйым салынған. Осы нормаға сәйкес әркімнің еңбек саласында өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда тең мүмкіндіктері бар. Ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру кезінде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Еңбек қызметінің тиісті түрлері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленетін не әлеуметтік және құқықтық басымдықпен қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы.

      Бұл норма Қазақстан Республикасының Конституциясына толығымен сәйкес келеді (14-бап 2-т. – тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды).

      Сонымен бірге, Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстарды пысықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 102 бұйрығымен еңбек заңнамасының құқық қолдану тәжірибесін талдау бойынша сараптама тобының (бұдан әрі – Сараптама тобы) құрамы бекітілді.

      Сараптама тобы шеңберінде терісі, түсі бойынша кемсітуге тыйым салу негізін қосу мәселесін мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің республикалық бірлестіктерінің өкілдерімен талқыланады.

      Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанның азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақымен қамсыздандырылуға, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандырылуға да, оның ішінде әлеуметтік сақтандыруға да тең құқықтарға ие.

      "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі Заңына сәйкес "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған адамдарды қоспағанда, жұмыскерлер, дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында кіріс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.

      Осылайша, Қазақстан аумағында уақытша еңбек ететін мигранттар мен олардың отбасы мүшелері, егер ол халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, міндетті әлеуметтік сақтандырылуға жатпайды.

      Тұрғын үйге құқығы туралы.

      Қазақстан Республикасында тұрғын үй қатынастары "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында, Азаматтық кодекстің нормаларында және оған сәйкес шығарылатын өзге де заңнамада реттеледі. Қазақстанда азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқықтарына кепілдік берілген. Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген нормаларға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтар санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі (25-б. 2-т.).

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 71-бабының 1-тармағына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды тұрғылықты жерi бойынша ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады. Заңның 74-бабына сәйкес мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмдерде белгiленген кезектілік тəртібімен берiледi.

      Көрсетілген тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, сондай-ақ жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоспағанда, егер жоғарыда көрсетілген Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, ешкімнің де басым құқығы болмайды.

      Денсаулық сақтау, медициналық көмек, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік қызмет ету құқықтары туралы.

      Нәсілдік, ұлттық немесе этностық қатыстылығына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматтары ел заңнамасында белгіленген тәртіппен әлеуметтік қамсыздандырылуға және әлеуметтік қызметке құқылы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабында азаматтардың заңмен белгіленген медициналық көмектің тегін кепілдік берілген көлемін алуға және мемлекеттік және жеке меншік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу құқықтарына кепілдік берілген.

      2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 87-бабына сәйкес мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына денсаулық сақтау құқығына, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің көрсетілуіне, медициналық көмекке бірдей қол жеткізуіне, медициналық көмектің сапасына, дәрілік заттардың қолжетімділігіне, сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне, аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуіне кепілдік береді.

      Қатысушы мемлекеттер нәсілдік кемсітушілікке әкелетін келеңсіз жағдайлармен күресу, ұлттардың және нәсілдік немесе этностық топтардың арасында өзара түсінушілікті, төзімділікті және достықты көтермелеу, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының, Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы декларациясының, Еуропада Қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша ұйымының аз ұлттар істері бойынша жоғарғы комиссарының (ЕҚЫҰ АҰЖК) білім беру бағдарламасының және осы Конвенциялардың мақсаттарын және қағидаттарын көпшілікке тарату мақсатымен тәрбие, мәдениет және ақпарат саласында тиімді шараларды қабылдауға міндеттеледі.

      Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында бекітілетін іс-шаралардың жыл сайынғы жоспарларымен қатар, Стратегияның ережелерін жүзеге асыру "Қазақстан халқының бірігуінің факторы ретінде төзімді тіл ортасын құру" және "Халықтың мемлекеттілігін, бірлігін одан әрі нығайту және ұлттың тұрақты дамуы үшін қоғамның бірігуін қамтамасыз ету" стратегиялық бағыттарының шеңберінде көзделген.

      Мемлекеттік органдармен, этномәдени бірлестіктермен, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау негізінде этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісін жетілдіру жалғастырылған. Мемлекеттік бюджет есебінен шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына (қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы оқулықтарымен қамтамасыз ету, "Балдәурен" РОСО-да сауықтыру және демалу), ұлттық театрларға, жексенбілік мектептерге және этнолингвистикалық орталықтарға қолдау көрсетіледі, этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік саясат, тақырыптық әдебиетті басып шығару қаржыландырылады, этностық және конфессиялық жағдайды бақылау, сондай-ақ өзекті мәселелерді зерттеу жүргізіледі.

      Тіл саясаты саласында 2016 жылғы ақпанда Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен "Қазақстанда көптілді білім беруді дамытудың 2010–2015 жылдарға арналған жол картасын іске асыру қорытындылары туралы" есептік семинар өткізілді.

      2016 жылғы 10-16 шілдеде Чолпоната қаласында (Қырғызстан) ЕҚЫҰ АҰЖК Орталық Азия білім беру бағдарламасының шеңберінде "Интеграция мақсатында көптілді және полисаяси білім беру" өңірлік мектебі өткізілді, оған Қазақстанның делегациясы қатысты. Осы семинар жұмысында Орталық Азияда аз ұлттардың интегрциялануы және білім алуы бойынша мемлекетаралық диалог болып өтті.

      Мектептің негізгі міндеттері: аз ұлттар және интеграциялану үшін білім беруді жетілдіру мақсатында өңір елдері арасында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту; көптілді білім беруді бағалау және бақылау мәселелері бойынша қатысушы елдердің сараптамалық әлеуетін жоғарылату, тәжірибе алмасу және көптілді білім берудің әртүрлі аспектілері бойынша консультация: көптілді бағдарламаларды жоспарлау, пилоттау; екінші тілді оқыту әдістемесі және пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту мәселелері; мұғалімдерді даярлау, біліктіліктерін арттыру және кәсіби дамыту; оқу материалдарын дайындау мәселелері болып табылады.

      ЕҚЫҰ АҰЖК-ның 2016 жылғы 20-21 сәуір аралығында аз ұлттардың білім алуға құқықтары туралы ЕҚЫҰ АҰЖК-ның Гаага ұсынымдарының 20 жылдығына арналған іс-шараны, оның ішінде ЕҚЫҰ АҰЖК Орталық Азия білім беру бағдарламасының ұлттық үйлестірушілерінің кеңесін өткізді, кеңеске Қазақстанның ұлттық (ұйғыр, өзбек, тәжік) мектептерінің басшылары, "Өрлеу" АҚ, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА қызметкерлері қатысты.

      2017 жылғы мамырда білім беру бағдарламасының екінші кезеңін іске асыру мерзімі аяқталды. Осыған орай, қазіргі уақытта аз ұлттар істері жөніндегі жоғары комиссар мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі арасында Қазақстан Республикасында полимәдени және политілдік білімді дамыту мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы дайындалды. Меморандум шеңберінде Орталық Азия білім беру бағдарламасының үшінші кезеңі шеңберінде бірлескен жұмысты жалғастыру болжанады.

      Білім алу және кәсіби дайындық құқығы туралы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабына сәйкес азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті болып табылады. Бұдан басқа, азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Ақылы білім алу заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

      Конституцияға, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет Қазақстанның полиэтностық халқының барлық тілдерін меңгерту және дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Елде тұратын әрбір этностық топ этностық топтардың тілінің, мәдениетінің, дәстүрінің жаңғыруына және дамуына ықпал ететін өздерінің этномәдени орталықтарын, жексенбілік мектептерін құруға құқылы.

      Республикада қолданыстағы заңнамаға сәйкес мигранттар, оралмандар балаларының білім алуына Бала құқықтары туралы конвенцияның 28-бабының орындалуы қамтамасыз етіледі.

      Мәдени өмірге тең қатысу құқығы туралы.

      Қазақстан Республикасының азаматтары нәсілдік, ұлттық, этникалық, тілдік, тектік, рулық, әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, елдің мәдени өміріне тең қатысуға құқылы.

      Қазақстан Республикасында этностық театрлар табысты жұмыс істеуде. Алматы қаласында ТМД аумағындағы жалғыз Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры мен К. Кожамьяров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия драма театры, сондай-ақ Мемлекеттік республикалық неміс драма театры (Алматы қ.), Өзбек драма театры (Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам қ.) жұмыс істейді. Жалпы, бүгінгі күні Қазақстанда 54 мемлекеттік театр жұмыс істейді.

      2017 жылғы 1 қаңтарда мемлекеттік мәдени ұйымдардың саны 7,6 мыңнан астам объектіні құрады, оның ішінде 38 – республикалық мекеме (9 театр, 7 концерттік ұйым, 3 кітапхана, 6 музей, 9 тарихи-мәдени музей-қорық, 1 кинокомпания, 3 өзге ұйым).

      Қазақстан Республикасында 87 этнолингвистикалық орталық жұмыс істейді, онда өңірлерде тұрып жатқан шағын 25 этностың дәстүрлері, салттары мен тілдері оқытылады. Олар өз халқының мәдениетімен, дәстүрлерімен танысуға және мерекелерге, этностардың мәдениет күндеріне қатысуға, әдебиетті, тарихты, музыканы, бейнелеу өнерін зерттеуге мүмкіндік беретін оқу-әдістемелік, тарихи әдебиетпен және лингафондық жабдықпен қамтамасыз етілген.

      2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мәдени саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Мәдени саясат тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық доминантасы Мемлекет басшысы ұсынған "Мәңгілік Ел" ұлттық идеясы болып табылады, бұл идея мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуеті бай Қазақстан халқын шоғырландыруға бағытталған.

      5-баптың "Көлік, қонақ үйі, мейрамхана, кафе, театр және саябақтар сияқты қоғамдық пайдалануға арналған кез келген жерге және кез келген қызмет түріне құқығы туралы" деген f) тармағына қатысты

      Қазақстан Республикасы қоғамдық пайдалану үшін арналған кез келген орынға немесе қызмет көрсету құқығына кепілдік береді. Қазақстан Республикасының Конституциясында ел азаматтарының ел аумағында еркін жүріп-тұруына және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқықтарына кепілдік берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адамға оның аумағында еркін жүріп-тұруға құқығы бар.

      Бұдан басқа, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде ұлтаралық алауыздықты қоздыру, сондай-ақ нәсіл, жыныс, тіл, әлеуметтік, ұлттық, тектік, рулық және басқа шығу тегіне байланысты кемсіту үшін қылмыстық жауаптылық көзделеді.

      Конвенцияның 6-бабын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың заңнамалық, институционалдық және басқа да шараларды қабылдауы туралы.

      Ақпарат этностық алауыздықты қоздыру үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа қатысты 2-бөлімде баяндалған.

      Конвенцияның 7-бабын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың заңнамалық, институционалдық және басқа да шараларды қабылдауы туралы.

      Мемлекет дінаралық, этносаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, ұлттық заңнаманы жетілдіру, этностық топтардың құқықтарын қорғау үшін жағдайлар мен тетіктерді құру, сондай-ақ Конвенцияның негізгі баптарын іске асыру бойынша жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді.

      Мемлекеттік этносаясатты ғылыми-талдамалық қамтамасыз ету мақсатында этносаралық және конфессияаралық қатынастарды және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі конфессияаралық қатынастарды зерделеу бойынша орталық жұмыс жасайды.

      Этносаралық қатынастардың теріс үрдістерінің профилактикасы мақсатында этносаралық және конфессияаралық жағдайға тұрақты мониторинг жүзеге асырылады.

      Есептік кезеңде республикалық деңгейде және өңірлерде бұқаралық ақпарат құралдарында заңнаманы, әдеп нормаларын және қағидаларын сақтай отырып, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды түсіндіру қамтамасыз етілген. Этносаралық қатынастарды жариялау мәдениетін қалыптастыру мәселелері Ассамблея журналистері клубының отырыстарында талқыланады, оның шеңберінде этникалық бұқаралық ақпарат құралдары үшін газеттердің интернет нұсқаларын жасау және қолдану, блоктарды тиімді жүргізу бойынша шеберлік кластары өткізілді.

      Мемлекеттік органдар қоғамдық келісімді, қазақстандық бірегейлікті және бірлікті нығайту бойынша азаматтық қоғам институттарының және барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар жұмысының үйлестірушісі ретінде ҚХА рөлін нығайту бойынша жұмыстар жүргізді.

      Бұл жұмыс "100 нақты қадам: кәсіби мемлекеттік аппарат құру" Ұлт жоспарының "Біртектілік және бірлік" 4-ші бағытын іске асыру бағытында жасалған. Осы бағыт бойынша 2015 жылы "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заңға түзетулер енгізілді. Заңда Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша ҚХА міндеті бекітілді.

      Қоғамдық-құқықтық практикаға жаңа ұғым – қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат ұғымы енгізілді.

      ҚХА институтын нығайту шеңберінде Ассамблея жұмысының жаңа институттары мен тетіктері құрылды, сондай-ақ оның барлық құрылымдары жұмысының форматы жаңартылды.

      "Қоғамдық келісім" РММ, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары, облыстар әкімдіктерінің жанында "Қоғамдық келісім" РММ атынан ҚХА ұйымдық құрылымын және қызметін қамтамасыз ету тетіктерін құру аяқталды.

      Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Парламенті Мәжілісінде, сондай-ақ облыстық мәслихаттарда ҚХА депутаттық топтарымен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылғы 20 мамырда ҚХА жанында жаңа консультативтік-кеңесші орган – ҚХА Депутаттық корпусының алқасы құрылды.

      Оған қазіргі мәжілісмендер мен Парламент Мәжілісінің өткен шақырылымдағы депутаттары, сондай-ақ азаматтық қоғамның беделді өкілдері кіреді.

      Жалпы елде этносаралық процестерді басқарудың жаңа вертикалі мен горизонталі қалыптасты және жұмыс жасап жатыр.

      Тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесінде қайырымдылық, медиация, қоғамдық бақылау (қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі) саласында ҚХА қызметінің жаңа бағыттары дами бастады.

      Қайырымдылық алғаш рет құрылымдалған қоғамдық функцияға айналды. "Қайырымдылық туралы" 2015 жылы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, оған сәйкес ҚХА елдегі қайырымдылық қызметінің үйлестірушісіне айналды.

      ҚХА хатшылығы мүдделі мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен бірлесіп ЭЫДҰ стандарттары бойынша қайырымдылық жүйесін қалыптастыру және ынталандыру тетіктерін жетілдіру бойынша іс-шараларды пысықтауда.

      Республикада ҚХА жалпы республикалық инклюзивті желісі құрылды және жұмыс жасап жатыр. Оның құрамына ҚХА қоғамдық келісім кеңестері, ҚХА аналар кеңестері, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі, ҚХА 16 өңірлік ғылыми-сараптамалық тобы, достық үйлеріндегі ҚХА медиация кабинеттері кіреді.

      2016 жылғы 30 маусымда медиация институтын дамыту саласында Жоғарғы Сот пен ҚХА арасында Ынтымақтастық жөнінде меморандумға, сондай-ақ Меморандумды іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

      Құжат өңірлік деңгейде, оның ішінде шалғай орналасқан елді мекендерде (аудандарда және ауылдарда) әлеуметтік және құқықтық жанжалдардың алдын алу, шешу тетіктері ретінде ҚХА медиация институтын дамытуды; медиация институтын танымал етуді көздейді.

      Мемлекеттің тіл саясаты Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңның негізінде іске асырылады. 2017 жылы мемлекеттік бағдарламаның 3-ші кезеңі басталды. Мемлекет басшысының "100 нақты қадам" Ұлт жоспарына сәйкес Мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және үш тілді оқыту үлгісін дамыту міндеттерімен толықтырылды.

      "Үштілділікті ілгерілету шеңберінде мемлекеттік қызметшілерді оқытуды ұйымдастыру" жобасын іске асыру мақсатында 2016 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Өзара сенім туралы меморандумға қол қойды.

      Жоба шеңберінде орталық атқарушы органдар мемлекеттік қызметшілерінің қатарынан 300 адам мемлекеттік тілді оқыту курстарымен қамтамасыз етілді. 2017 жылы қазақ және ағылшын тілдерінің курстарына екі есе көп мемлекеттік қызметші тартылды.

      Республикада 87 мемлекеттік тілді оқыту өңірлік орталығы жұмыс істейді. Тіл саясатын іске асыру өңірлік тіл басқармалары мен орталықтарының бірлескен жұмысына байланысты.

      Мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың негізгі тетіктері мемлекеттік тілді дамытуға ғана емес, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерін оқытуға да бағытталған.

      Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2014 –2016 жылдары 88 оқу-әдістемелік құрал, салалық сөздіктер, әлем әдебиеті классиктері туындыларының аудармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық кітаптар, балалар әдебиеті және т.б., оның ішінде басқа тілдерде – 24 басылым жобасы шығарылды.

      Сондай-ақ 2016 жылы мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдістемесінің негізінде "Қазақ сөзі" оқу құралы жарияланып, жаппай оқыту үшін таратылды.

      Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын сақтау мақсатында этностардың ана тілдерін меңгеру, оларды әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 25 этносқа ана тілін оқыту бойынша курстар ұйымдастырылып, оқыту басталды.

      Мемлекеттік және этномәдени бірлестіктердің ана тілдерін оқыту курстарымен қамтылған этностардың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. 2016 жылы бұл көрсеткіш 72,7 %-ды құрады.

      Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамыту үшін 2014 жылы шамамен 20 этносқа, 2015 жылы – 22 этносқа, 2016 жылы – 24 этносқа ана тілдерін оқыту бойынша қолдау көрсетілді.

      Үш тіл білетін тұрғындардың үлесі 2014 жылы 15%-ға дейін өсті, 2015 жылы – 16%-ды, 2016 жылы ересек адамдармен және оқушылармен бірге көрсеткіш 20,5%-ды құрады. Бұл үш тілді меңгерген тұрғындар үлесінің оң қарқынын көрсетеді.

      Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2017 – 2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде оқыту әдістемесін жетілдіру және стандарттау, тілдерді оқыту инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік тілге оқыту процесін ынталандыру, тіл мәдениетін жетілдіру, Қазақстанда тілдің алуан түрлілігін сақтау, сондай-ақ ағылшын және басқа шетел тілдерін меңгеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

      Сонымен бірге, 2017 жылғы сәуірден бастап "Үштілді ілгерілету шеңберінде мемлекеттік қызметшілерді оқытуды ұйымдастыру" жобасын іске асыру бойынша 600-ден астам мемлекеттік қызметші тілдерді оқыту курстарына қатысып жүр.

  Нәсілдік кемсітушіліктің
барлық нысандарын жою туралы
халықаралық конвенцияны
Қазақстан Республикасының
орындауы туралы сегізінші-оныншы
жиынтық мерзімді баяндамаға
қосымша

      Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитеттің түсіндірмелері мен ұсынымдары бойынша ақпарат.

      Комитет қатысушы мемлекетті нәсілдік кемсіту құрбандарына әділ сот органдарына және тиісті құқықтық қорғау құралдарына шынайы қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көзделгендей тікелей және жанама кемсітуді айқындауды қоса алғанда, тұтастай қамтитын кемсітушілікке қарсы заңнаманы қабылдау үшін күш салуды жалғастыруға шақырады. Комитет қатысушы мемлекеттен халық арасында, әсіресе аз топтар арасында, кемсітушіліктің не екені туралы және нәсілдік кемсітушілікке тап болған адамдар үшін бұрыннан бар құқықтық қорғау құралдары туралы тиісті ақпаратты таратуын сұрайды.

      Адам құқықтары саласындағы негіз қалаушы халықаралық нормалар мен қағидаттарға Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерімен кепілдік берілген.

      Қазақстан Республикасының заңнамасы адамның нәсілдік, этникалық, әлеуметтік, тектік немесе басқа да шығу тегіне қарамастан, оның құқықтарын қорғауға бағытталған. Басты құндылық адам, оның өмірі, құқықтары және бостандығы болып табылады. Ұлттық заңнама адамды және азаматты, оның нәсілдік және этникалық шығу тегіне қарамастан, тәуелсіз қорғауға бағытталған. Қолданыстағы заңнамада Қазақстан Республикасының аумағында тұратын этникалық топтардың құқықтарын қорғау тетіктері бар.

      Халықаралық шарттардың нормаларын қолдану практикасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының қаулыларында жинақталады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабын орындау үшін республика ратификациялаған халықаралық шарттар ұлттық заңнама алдында басымдыққа ие және оны соттар тікелей қолданады. Соттардың халықаралық шарттардың нормаларын дұрыс және біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында 2008 жылғы 10 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының нормаларын қолдану туралы" нормативтік қаулы қабылдады.

      Қазақстанда қоғамның барлық салаларында ел азаматтарының этникалық тең құқықтығы заңнамалық бекітілген және практикада іске асырылған, барлық діндер мен ұлттардың толерантты тіршілік етуіне құқықтық негіздер бар. Қазақстан ратификациялаған халықаралық құқықтық актілерде және ұлттық заңнамада бір адамның құқықтары және бостандықтары басқалардың құқықтары мен бостандықтарына шек қоя алмайды деп белгіленген.

      Адамдарды ұлты, нәсілі, тілі, дінге қатынасы және т.б. бойынша кемсіту бойынша кез келген құқыққа қарсы әрекет қылмыстық және қылмыстық жаза қолданылатын әрекет болып табылады. Қазақстан халқының бірлігін әдейі бұзуға және ұлтаралық қатынастардың жай-күйін нашарлатуға ықпал ететін әрекеттер "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы"
2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұлттық қауіпсіздік қатерлерінің біріне жатқызылған және оларға тыйым салынған. Осы жалпыға міндетті ережелер, сондай-ақ жоғары заңды күші бар және мемлекеттің барлық аумағында тікелей қолданылатын Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Мәселен, Конституцияның 39-бабында: "Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады" деп белгіленеді. Осында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тек қана заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілігін қорғау мақсаттарында қажет болатын шамада ғана шектеу мүмкіндігі көзделген.

      Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық араздықты тұтатуға бағытталған мәліметтерді қамтитын бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерін дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және таратуға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында осындай материалдарды жариялауға рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Сонымен қатар адамның және азаматтың тең құқығын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, ол шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша уәждермен адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тікелей немесе жанама шектеуге жол бермеу және тең құқылығы жөніндегі жоғарыда көрсетілген Конституцияның ережелерін одан әрі өрбітеді.

      Қазақстан Республикасының азаматтық-процестік, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнамасымен реттелген азаматтардың өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін өтініштерін берудің тиімді тетігі әзірленген.

      Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында азаматтарды өздерінің бұзылған құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қорғау құралдарымен қамтамасыз етудің заңнамалық базасы жеткілікті. Азаматтар өздерінің таңдауы бойынша кез келген мемлекеттік органға, соттарға, ҮЕҰ-ға шағымдарымен жүгінуге құқылы.

      Қазақстанда Омбудсмен, Мемлекет басшысы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия сияқты азаматтардың құқықтарын сақтауды мониторингілеуді іске асыратын құқық қорғау институттары мен құрылымдары бар.

      Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдардың әрекетіне шағымдарын беру, қарау және шешу тәртібі "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген.

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық азаматтарды қабылдау және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың Конституцияда және халықаралық шарттарда кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамдар мен ұйымдардың әрекеттері мен шешімдеріне арналған өтініштердің қаралуын қамтамасыз етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өтініштерді беру талаптары және тәртібі туралы ақпарат www.ombudsman.kz сайтында жазылған.

      Ұлттық төркіні бар немесе қоғамға осындай ретінде ұсынылуы мүмкін заңдылықты бұзуды (тұрмыстық себептермен жасалған қылмыс, бұқаралық ақпарат құралдарындағы деструктивті жариялау) прокуратура органдары ерекше бақылауға алады.

      Тиісті статистикалық деректер. 7. Комитет Қазақстандағы Конвенция бойынша тең құқықтарды әлдеқайда тиімді пайдалануға бағытталған саясаттың саналы эмпирикалық негізін қалауы үшін, аз ұлт топтары өкілдері біршама көп тұратын аудандар бойынша бөліп, жеке этникалық топтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы шынайы статистикалық деректерін жинау және жариялау туралы кеңес береді. Комитет, сондай-ақ қатысушы мемлекетке түрме контингентінің этникалық құрамы туралы және мемлекеттік қызметтегі аз топтардың үлесі туралы деректерді жинау жөнінде кеңес береді. Комитет қатысушы мемлекеттен келесі мерзімді баяндамада осындай ақпаратты ұсынуды сұрады.

      "Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан жеке тұлғалар, сондай-ақ одан тысқары жерлерде уақытша тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары туралы ақпаратты қамтитын халықтың статистикалық тіркелімін жүргізуді көздейді.

      Ресми статистикалық ақпарат ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес статистикалық жұмыс жоспарында көзделген көлемде таратылуға жатады. Мемлекеттік статистика органдары сапалы ресми статистикалық ақпаратты және статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарының интернет-ресурстарына орналастыру арқылы пайдаланушылардың оларға бір мезгілде қол жеткізуіне тең құқықтарын қамтамасыз етеді.

      Жоғарыда көрсетілген заңның 5-бабында мемлекеттік статистиканың негізгі принциптері көзделген: мемлекеттік статистиканың жалпыға ортақ қабылданған халықаралық стандарттармен келісімділігі және салыстырмалылығы; кәсіптік тәуелсіздігі және статистикалық қызметті іске асыру кезіндегі дербестілігі; пайдаланушыларға ресми статистикалық ақпараттарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету; сапаны, уақтылықты, респонденттерге жұмсалатын шығындар мен жүктемелерді ескерумен ақпарат көздерінің барлық түрлерін пайдалану; ресми статистикалық ақпараттың анықтығы, ғылыми негізділігі, ұсынылу уақтылығы және жалпыға қолжетімділігі.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті әрбір өңір бөлінісінде ел бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің даму динамикасының статистикалық есебін жүргізеді. Комитеттің ресми сайтында республика халқы санының статистикалық деректері, негізгі демографиялық көрсеткіштері, этностар, оның ішінде облыстар, қалалар, аудандар және ауылдар бойынша бөлінген саны жарияланады. Деректер халықтың өмір сүру деңгейінің, жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіштерін, нарық және еңбекақы төлеу, халық табысының деңгейін және өңірлерді дамытуда басқа да әлеуметтік-экономикалық деректердің мониторингін қамтиды.

      Ел Конституциясында мемлекеттік қызметке тең қолжетімділікке кепілдік берілген. Мемлекеттік қызметші лауазымы кандидатына қойылатын біліктілік талаптары тек қана лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты және заңмен белгіленеді. Бұдан басқа Конституцияда ешкімнің ұлты, тілі немесе басқа да себептері бойынша қандайда бір кемсітуге ұшырамайтыны да белгіленген. Аталған норма елдің барлық азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының теңдігін және мемлекеттің осы құқықтардың тең қорғауын білдіреді.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы азаматтардың ашық конкурс жолымен ұлтына қарамастан мемлекеттік қызметке жалпыға бірдей қолжетімділігінің конституциялық құқығын іске асыруды көздейді.

      Ұлттық заңнаманың сақталуына арналған тиісті сараптаманы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне (Парламенттің төменгі палатасы) сайланатын 9 депутат іске асырады.

      Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттық топ мүшелері заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарының құрамында белсенді жұмыс істейді. Бұдан басқа, Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар этникалық топтардың құқықтары мәселелері бойынша сұраулар дайындап, Үкіметке және жеке мемлекеттік органдарға жібереді.

      Комитет қатысушы мемлекетке тең мүмкіндіктерді ынталандыру және Конвенцияның 1-бабының 4-тармағы және 2-бабының 2-тармағына сәйкес теңсіздікпен және кемсітушілікпен күресу стратегиясын бекіту мақсатында ерекше шараларды қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде кеңес береді.

      Қазақстан Республикасында ел азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары нақты сақталады. Қолданыстағы Конституцияға сәйкес елдің барлық азаматтары тең, олар мемлекет істерін басқаруға қатыса алады. Қазақстан этностарының өкілдері құқықтар мен бостандықтардың пассивті "тұтынушылары" емес, этникалық қазақтармен қатар елдегі ұлттық-мемлекеттік құрылыстың белсенді қатысушылары болып табылады.

      Қазақстан Республикасында барлық этникалық топтар жоғары азаматтық-құқықтық және қоғамдық мәртебеге ие. Олардың өкілдері аз ұлттар ретінде емес, керісінше Қазақстанның бірыңғай халқы азаматының барлық толық құқықтарының иегері ретінде қаралады. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының ережелеріне сәйкес азаматтар өздерінің этникалық қатыстылығын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы.

      Елдің барлық азаматтары этникалық қатыстылығына қарамастан, өкілдік органдары арқылы не тікелей өздері елдің саяси өміріне қатысуға құқылы.

      Қазақстан халқы Ассамблеясы адам құқықтарын қорғау саласындағы ерекше жетістік болып табылады және Қазақстанда тұратын этностарды біріктіреді. Ассамблея мәртебесі, оның ішінде өзінің 9 өкілін Парламент Мәжілісіне жіберу құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. 9 депутатты тағайындау этносаралық бәсекелестікті болдырмау үшін алмастыру қағидасы бойынша жүргізіледі.

      Қазақстанда тұратын этнос өкілдері әртүрлі этномәдени бірлестіктердің жұмысына қатысады. Қазіргі уақытта республикада 1000-нан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Бұл ретте, өңірлік ұйымдар облыстық ассамблея шеңберінде біріктірілген.

      Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін сайлау "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" 2008 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңында регламенттеледі. Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне кандидатуралар этномәдени бірлестіктердің ұсыныстары негізінде облыстар ассамблеясы сессиясының шешімі бойынша, сондай-ақ олардың жоғары тұрған органдардың шешімі бойынша ұсынылады.

      Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін сайлауды этнос өкілдерінің өздері тікелей жүргізеді.

      Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен жыл сайын елде тұратын барлық этностарға қатысты кең ауқымды мәселелер қаралатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары өткізіледі. Сессия нәтижелері бойынша барлық этностардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін одан әрі енгізу мақсатында ел Үкіметіне тапсырмалар беріледі.

      Президент Әкімшілігі құрылымындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы дербес бөлім ретінде жұмыс органы болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымына: ҚХА ғылыми-сараптама кеңесі; ҚХА журналистер клубы; "ҚХА қоры" қоғамдық қоры; "Тілдарын" тілдерді оқытудың инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы; ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы кіреді.

      Барлық өңірлерде достық үйлері жұмыс істейді. Астана қаласында – Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиялары, әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы, Елбасының тапсырмасы бойынша салынған маңызды іс-шаралар өтетін Бейбітшілік және келісім сарайы. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанынан "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды.

      Қазақстанда Қазақстан этностарының 11 тілінде 52 ұлттық баспасөз басылымы жұмыс істейді.

      Анағұрлым ірі этностық республикалық газеттер мемлекеттің қолдауымен жұмыс істейді ("Украинскиновини", "Дойчеальгемайнецайтунг", "Коре ильбо", "Уйгур авази", "Ватан", "Ак барс", "Ahiska-Ахыска" газеттері).

      Ел аумағындағы барлық білім беру мекемелері меншік нысанына қарамастан білім берудің әрбір деңгейіне арналған жалпыға міндетті мемлекеттік стандартқа сәйкес қазақ, орыс және бір шет тілін оқыту үшін жағдайларды қамтамасыз етеді. Ел мектептерінде балалар ұлттық және адамзатқа ортақ құндылықтар, халықтар арасындағы достық және өзара түсіністік мадақталатын қазақ, орыс, ана тіліндегі және әлемдік классикалық және заманауи әдебиеттің көрнекі туындыларын оқиды. Бұл елде тұратын әртүрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністікке, қазақстандық ұлтжандылық, азаматтық, толеранттық және адамгершілік сезімдерін тәрбиелеуге көмектеседі.

      Этностық топтардың шағын жинақталып тұратын орындарында мектептердің негізгі түрімен қатар мемлекеттік және ана тілін үйрену, Қазақстан этностарының мәдениетін, дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қосымша зерттеу үшін этномәдени орталықтарының жанынан жексенбілік мектептер немесе лингвистикалық курстар құрылған. Аталған мектептерде оқушылар өңірлерде тұратын халықтардың дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын және тілдерін, оның ішінде неміс, корей, татар, поляк, украин, армян, грек, әзербайжан, шешен, ингуш, белорус, чуваш, болгар, башқұрт, тәжік, чех тілдерін оқып үйренеді.

      Бүгінгі күні, әсіресе, этностар тұратын облыстарда этностардың тілдерін пайдалануды қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалған.

      "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына сәйкес бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.

      Визуалдық ақпараттың барлық мәтіндері мынадай тәртіппен орналасады: сол жақта немесе жоғарыда – мемлекеттік, оң жақта немесе төменде – орыс тілдерінде, өлшемі бойынша бірдей әріптермен жазылады. Қажетіне қарай визуалдық ақпарат мәтіндері қосымша және басқа тілдерде жазылуы мүмкін. Бұл ретте, қаріп өлшемдері нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс.

      Осыған байланысты, заңнамада этностар тілдерін пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шаралар көзделгенін атап өтеміз. Сонымен қатар, мемлекет азаматтардың этнотілдік сұрауларын қанағаттандыру үшін жағдайлар жасауда және барлық мүмкіндіктерді пайдалануда. Этникалық қауымдастықтардың көптеген өкілдері қазақ тілін белсенді оқып үйренуді қолдайды, өйткені мұны қазақстандық қоғамға интеграциялау перспективасы және жастардың кәсіптік болашағы талап етеді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді тегін оқып үйрену үшін барлық жағдайлар жасалған.      

      Саяси өмірдегі және азаматтық қызметтегі аз топтардың үлесі. 9. Өзінің алдыңғы ұсынымдарына сілтеме жасай отырып, Комитет қатысушы мемлекетті:

      а) арнайы шараларды қабылдау арқылы аз топтардың саяси өмірге және барлық деңгейлердегі директивалық органдарға әділ және саналы қатысуын қамтамасыз етуге;

      b) аз топтар қоғамдастықтарының әділ қатынасуын қамтамасыз ету және олармен бірге олардың құқықтарын қозғайтын мәселелер бойынша тиісті консультацияларды өткізуді қамтамасыз ету үшін кандидатураларды Халық ассамблеясы ұсынатын Халық ассамблеясының мүшелерін және Мәжіліс депутаттарын сайлау тетіктерін жасауға; с) азаматтық қызметке, оның ішінде мемлекеттік сектор қызметшілері үшін кәсіптік талаптарды қайта қарау және қазақ тілін білу талаптарын тек қажетті лауазымдар шегінде шектеу жолымен қазақ емес этникалық топтардың қызметке келуін арттыру және ынталандыру үшін тиімді шаралар қабылдау; d) оның келесі мерзімдік баяндамасына аз топтардың саяси органдарға және басшылық лауазымдарына, сондай-ақ азаматтық қызметке қатынасуы туралы этникалық топтар бойынша бөлінген деректерді қосуға шақырады.

      Қазақстан барлық адамдарға, нәсілі, терісінің түсі, жынысы, тілі, діні, саяси немесе басқа да нанымдары, ұлты немесе әлеуметтік шығу тегі немесе басқа жағдайларға қатысты қандай да бір кемсітусіз мемлекеттік істерді басқаруға қатысу құқығына кепілдік береді.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес азаматтардың тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығы бар. Республика азаматтары мемлекеттік органдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлануға, сонымен қатар республикалық референдумға қатысуға құқылы.

      Ел Конституциясында мемлекеттік қызметке тең қолжетімділікке кепілдік берілген. Мемлекеттік қызметші лауазымы кандидатына қойылатын біліктілік талаптары тек қана лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты және заңмен белгіленеді. Бұдан басқа, Конституцияда ешкімнің ұлты, тілі немесе басқа да себептері бойынша қандайда бір кемсітуге ұшырамайтыны да белгіленген. Аталған норма елдің барлық азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының теңдігін және мемлекеттің осы құқықтардың тең қорғауын білдіреді.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейтінін көздейді.

      Заңнамада азаматтардың ұлттық шығу тегіне қарамастан, ашық конкурс жолымен мемлекеттік қызметке жалпыға бірдей қолжетімділіктің конституциялық құқығын іске асыру көзделеді. Жалпы алғанда мемлекеттік қызметте 50-ден астам этностардың өкілдері жұмыс істейді.

      Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына республикалық және өңірлік деңгейлерде этникалық топтардан бөлек, биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының басшылары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, олардың аумақтық құрылымдарының өкілдері кіреді, бұл шешімдерді қабылдау барысында этностардың қатысуын және мүдделерін білдіруді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өту қажет.

      Комитет қатысушы мемлекетке: а) адам құқықтарын тиімді ынталандыру және нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлеріне қарсы күресу үшін заңнамаға өзгерістер енгізуге және Уәкілдің мандатын кеңейтуді; b) Уәкілге Бас Ассамблеяның 1993 жылғы 20 желтоқсандағы 48/134 қарарының қосымшасында қамтылған адам құқықтарын ынталандыру және қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесіне қатысты Қағидаттарға сәйкес (Париж қағидаттары) тиісті қаржылық және адами ресурстарын бөлуді; с) Уәкілдің қоғамның сенімін және толық тәуелсіздігін пайдалануы үшін шаралар қабылдауды;
d) тұрақты негізде нәсілдік кемсітушілікпен күресу аясында Уәкілдің жұмысы туралы есептерді жариялауды ұсынады.

      а) Қазақстан Республикасының Президенті "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға 2017 жылғы 10 наурызда қол қойды, оған сәйкес Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (бұдан әрі – Уәкіл) мәртебесі елдің негізгі Заңында бекітілді. Атап айтқанда, Конституцияда тұлғаны Уәкіл лауазымына сайлаудың жаңа тәртібі айқындалды. Бұдан бұрын тұлға Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталары комитеттерінің консультациясынан кейін Президент өкілеттік берген уәкіл лауазымына тағайындалған болатын. Бұдан былай, тұлғаны Уәкіл лауазымына сайлау құқығы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ерекше қарауына жатқызылады.

      Омбудсмен институтын Париж қағидаттарына сәйкес келтіруге бағытталған аталған жаңашылдық ұлттық құқық қорғау мекемесінің маңызын, елдің демократиялық түрленуге бейімділігі және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындауды растайды.

      Уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің саяси-құқықтық құрылымында Омбудсмен рөлін едәуір нығайтуға мүмкіндік береді.

      b) Қазіргі уақытта Құқықтық саясат жөніндегі кеңес шеңберіндегі жұмыс жүргізілуде, онда Уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру туралы мәселелер қаралады, ұлттық құқық қорғау мекемелерінің өкілеттіктерін, сондай-ақ оның қаржылық және адами ресурстарын кеңейту бойынша мәселелер талқыланады.

      Қазақстан халықаралық шарттар шеңберінде қабылданған міндеттемелеріне жауаптылықпен қарайтынын және БҰҰ Комитеттерінің ұсынымдарын одан әрі орындау бойынша шараларды мүмкіндігінше қабылдай отырып, оларға үлкен назар аударатынын атап өту маңызды.

      с) Заңнамаға сәйкес Қазақстанның заманауи мемлекеттік жүйесіндегі Уәкілдің рөлі – адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылау және өзінің құзыреттері шеңберінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру.

      Омбудсмен институтының мақсаты ерекше, ол мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы қатынастарда медиатор ретінде әрекет етеді.

      Жыл сайын Уәкіл мекемесінің қызметкерлері адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына арналған шамамен бір жарым мың өтініш пен шағым қарайды. Соңғы жылдардың статистикасы көрсетіп отырғандай, іс жүргізуге қабылданған өтініштердің жалпы санынан шамамен 18%-ы бұзылған құқықтарды қалпына келтіре отырып, өтініш берушілердің пайдасына оң шешім қабылдаумен аяқталды. Бүгінгі күні Омбудсмен институты белгілі бір дәрежеде тек ұлттық құқық қорғау мекемесіне ғана емес, сол сияқты басқа мемлекеттік органдардың қоғамдық сенімін арттырғанын, үкіметтік емес сектормен тығыз байланыстар орнатқанын және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылдың позитивті тәжірибесі есебінен елдің сыртқы саяси имиджін нығайтқаны туралы сенімді айтуға болады.

      Сондай-ақ Уәкіл өзінің қызметін іске асыруы кезінде тәуелсіз болып табылады және заң шығару, сот және атқарушы биліктің қандай да бір органына бағынбайтынын, олардың құрамына кірмейтінін және олардың құрылымдарына жатқызылмайтынын атап өту маңызды.

      d) Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 қыркүйектегі № 947 Жарлығымен бекітілген Уәкіл туралы ереженің 23-бабына сәйкес Уәкіл жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына өзінің қызметі туралы есебін ұсынады.

      Аталған құжатта есептік кезең үшін ұлттық құқық қорғау мекемесінің қызметі туралы, оның ішінде оның өз өкілеттіліктерін іске асыруы, адам құқықтарының бұзылуына байланысты түскен өтініштердің сипаттамасы және Омбудсмен жұмысының негізгі бағыттары туралы барлық ақпарат жүйелі және егжей-тегжейлі баяндалады. Мекеменің талдамалық құжаттары, оның ішінде өтініштер мен ұсынымдардың мәтіндері және басқа да материалдар орналастырылады.

      Бұдан әрі есеп жұртшылыққа, оның ішінде ғылыми орта өкілдеріне, халықаралық ұйымдарға, азаматтық қоғамға және бұқаралық ақпарат құралдарына таныстырылады.

      Жек көру риторикасы. 11. Комитет қатысушы мемлекетке жек көруден туындаған риториканы жан-жақты тергеуді және қажет болған жағдайда жауапкершілікке тартып, жазалауға және құқық бұзушылардың дәрежесіне қарамастан бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте жек көру негізінде болған риторикамен күрес бойынша тиісті шаралар қабылдауды ұсынады. Бұдан басқа, Комитет қатысушы мемлекетке осындай қарым-қатынастағы журналистер мен мемлекеттік лауазымды адамдардың рөліне ерекше назар аударып, төзімділікті, мәдениетаралық диалогты және әртүрлілікті сыйлауды ынталандыру үшін қосымша шаралар қабылдауды ұсынады.

      Бұқаралық ақпарат құралдарын мониторингтеуді жүргізу қағидаларына сәйкес Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тәулік бойғы режимде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау бойынша ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізеді.

      Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын материалдар анықталған кезде интернет-ресурстың меншік иесіне оларды жою қажеттілігі туралы ескерту хаты жолданады.

      Бүгінгі таңда уәкілетті орган құқыққа қарсы контентпен күресу жолында жетекші ресейлік және батыс әлеуметтік желілермен: "MailRu", "ВКонтакте", "Одноклассники", "Livejournal", "Facebook", "Twitter", "Instagram", сондай-ақ "YouTube" бейнепорталымен және басқаларымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

      2014 жылдан бастап осы уақытқа дейін уәкілетті органның заңнама нормаларының бұзушылықтарын жою туралы хабарламасы бойынша интернет-ресурстардың меншік иелері және әкімшіліктері ұлтаралық алауыздықты қоздыратын үгіт-насихатты қамтитын 407-ден астам ақпараттық материалды жою бойынша шаралар қабылдады.

      Интернет-ресурстың меншік иесі бұзушылықтарды жоймаған не мүдделі мемлекеттік орган уәкілетті органның мекенжайына телекоммуникация желісі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған және (немесе) Мемлекеттік органдардың телекоммуникация желілеріндегі өзара іс-қимылы қағидаларына сәйкес сот шешімдерімен заңды күшіне енген таратылуы туралы тиісті хабарламаны жолдаған жағдайда, Министрлік байланыс операторларына "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабында көзделген тәртіппен қолжетімділікті шектеу туралы нұсқама шығарады.

      Жоғарыда көрсетілген Заңда уәкілетті орган пайдаланушылар үшін Қазақстан Республикасының аумағынан ұлтаралық алауыздықты қамтитын құқыққа қайшы келетін 170 ақпараттық материалға қолжетімдікті шектеді.

      Қатысушы мемлекеттің ұсынымы бойынша төзімділік, мәдениетаралық диалог және әртүрлілікті сыйлау жөнінде қосымша шаралар қабылдау, осыған байланысты журналистер мен мемлекеттік қызметшілердің рөліне айрықша көңіл бөлуге қатысты.

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – БАҚ туралы Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 28 желтоқсанда қабылданды.

      Журналистердің қызметін реттеу және бұқаралық ақпарат құралдарының жұртшылықты жоғары сапалы ақпаратпен қамтамасыз етудегі рөлін арттыру мақсатында БАҚ туралы Заңға сәйкес мынадай нормалар көзделген:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған ақпарат туралы қоғамдық жағымды пікірді көтеруге ықпал ететін іс-әрекеттерді тануға негіздеме болатын "бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау" ұғымы енгізілді. Бұл ретте біз Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімді бұза алатын кез келген әрекеттер, соның ішінде насихаттау конституциялық емес деп танылатынын атап өтеміз;

      2) бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі қағидаттары көзделген;

      3) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, ведомстволарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда (Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда) уәкiлеттi тұлғаны мiндеттi түрде тағайындау не бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасау жөнiнде уәкiлеттi бөлімше құру белгіленген. Көрсетілген бөлімшелерді құру бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа дұрыс ақпарат беруге бағытталған.

      4) алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеру жөніндегі шараларды қабылдауға қатысты журналистердің міндеті енгізілді.

      Жоғарыда көрсетілген жаңалықтар журналистердің дұрыс және тексерілген ақпаратты ұсынуларына ықпал етеді, бұдан басқа баспасөз қызметінің жұмысы мемлекеттік орган мен журналистік қоғамдастықтың тығыз және үздіксіз ынтымақтастығына жол ашады.

      Зорлық-зомбылыққа азғыру және экстремистік ұйымдармен күресу туралы заңнама. 12. Комитет қатысушы мемлекетке оның заңнамасын қайта қарауға және: а) нәсілі, тері түсіне немесе этникалық шығу тегі белгісі бойынша тұлғалардың кез келген тобына қарсы бағытталған зорлық қолдануға азғыруға тыйым салу; b) нәсілдік өшпенділікті көтермелейтін және оған азғыратын кез келген ұйымды үгіт-насихат қызметін және ұйымдардың барлық түрлерін заңнан тыс деп жариялау және тыйым салу; с) Конвецияның 4-бабы а) және b) тармақтарына сәйкес осындай ұйымдарға немесе қызметке қатысуға тыйым салу және жазалауға кеңес береді.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында ел азаматтарының тең құқықтары заңнамалық түрде бекітілген – "... тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды".

      Бұл ретте негізгі заң ел аумағында мақсаттары немесе іс-әрекеттері ұлттық және нәсілдік араздықты қоздыруға (5-бап), сондай-ақ әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты кез келген түрінде насихаттауға (20-бап) бағытталған қоғамдық бірлестіктерді құруға және қызметіне тыйым салады.

      Аталған ережелер елдің басқа нормативтік-құқықтық актілерінде бар.

      Атап айтқанда, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты насихаттау бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруды не басқалардың қатарында оның өнімдерін таратуды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады.

      "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа үндеумен байланысқан нәсілдік, ұлттық және рулық алауыздықты қоздыру "ұлттық экстремизм" болып табылады және Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына сәйкес қудаланады.

      Мәселен, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттауға бағытталған әрекеттер жасалған құқық бұзушылық ауырлығына байланысты 2-жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      2014 жылғы шілдеде Қазақстанда қолданысқа 174-бап бойынша (бұдан бұрын 164 бап) жазаны едәуір күшейтетін жаңа Қылмыстық кодекс енгізілгенін атап өткен жөн. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде де ұлтаралық келісім саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген.

      "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-тармағына сәйкес прокурорлар жеке және заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл саласындағы заңнамасын бұзу фактілерін тапқан кезде немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәлiметтер болған кезде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерiне зиян келтiруі мүмкін экстремистiк материалдар таратылған жағдайда, экстремизмнiң кез келген көрiнiстерiн, оны жүзеге асыруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы, бұзылған құқықтарды қалпына келтiру туралы прокурорлық қадағалау актілерін енгізеді, ұйымдар экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда олардың қызметiне тыйым салу туралы сотқа өтініш бередi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және шектерде қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

      Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасында сот тәртібімен 6 ұйым экстремистік деп танылды (28.03.2005 жылы "Хизбут-Тахрир-әл-Ислами", 07.06.2012 жылы "Сенім. Білім. Өмір", 26.02.2013 жылы "Таблиги-Джамагат", 07.12.2012 жылы "Халық майданы" – "Народный фронт" қоғамдық қозғалысы", 21.12.2012 жылы "Алға Халық партиясы", 18.08.2014 жылы "Ат-такфируаль-хиджра").

      2014-2016 жылдары және 2017 жылдың 5 айы ішінде Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін 389 қылмыстық іс қозғалды (2014 ж. – 44; 2015 ж. – 82; 2016 ж. – 151, 2017 ж. 5 айы – 112), олар бойынша сот үкімдері негізінде 95 адам сотталды (2014 ж. – 25; 2015 ж. – 35; 2016 ж. – 20 және 5 2017 ж. 5 айы – 15). Мәселен, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша 2015 жылы 35 адамға қатысты айыптау үкімдері шықты (олардың ішінде бостандығынан айыруға – 26 адам, бостандығын шектеуге – 8 адам және айыппұлға 1 адам сотталды), 1 адамға қатысты сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданды.

      Көрсетілген 35 сотталғанның арасынан 28 адам діни алауыздықты қоздырғаны үшін сотталды.

      Қылмыстық заңнама және пікірді еркін білдіру. 13. Комитет қатысушы мемлекетке қылмыстық әрекеттерге пікір білдіру еркіндігін, оның ішінде аз топтар қоғамдастықтары мүшелерін, негізсіз немесе сәйкессіз шектеуге әкеп соқпауы үшін, атап айтқанда Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодексінің 164-бабында (жаңа ҚК бойынша 174-бап) қылмыстық әрекеттерді нақты айқын анықтауды ұсынады.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғаны үшін жауаптылық туралы 174-бап (2015 жылғы 1 қаңтарға дейін 164 бап) бар.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясында 164-баптың ескі редакциясымен салыстырғанда 174-баптың санкциясы бойынша зорлық-зомбылық экстремизм және терроризм жақтаушылары тарапынан өсіп келе жатқан қатерге байланысты жауаптылық күшейтілген.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының күші Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық келісімнің, басқа да халықаралық нормалардың талаптарына, сондай-ақ осы проблема бойынша халықаралық ұйымдардың позициясына қарсы келмейтінін және осыдан туындайтынын атап өтеміз.

      Атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер өшпенділік салдарынан болатын қылмыстардың қауіптілігін мойындады және мұндай қылмыстарды жасауды қоздырғаны үшін жауаптылықты белгілеу және күшейту бойынша шаралар қабылдауға міндеттенді.

      Осылайша, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің болуы ұлттық мүдделерге де, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне де сәйкес келеді.

      Сонымен қатар, әлемнің басқа көптеген елдері сияқты біз үшін де жауапкершілікті белгілеу үшін ұсынылатын құралдар тек азаматтардың құқықтары мен бостандығын, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болғаны маңызды.

      Комитет қатысушы мемлекетке Конвенцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес терісінің түсі бойынша кемсітушілікке айқын тыйым салу мақсатында Еңбек кодексін өзгерту туралы мәселені қарауды ұсынады.

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6-бабына сәйкес әркімнің еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар.

      Ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру кезінде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды.

      Бұл норма Қазақстан Республикасының Конституциясына толығымен сәйкес келеді (14-бап 2-тармақ – тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды).

      "Нәсіл" ұғымы терінің түсімен тығыз байланысты деп түсіну қабылданған.

      Сонымен қатар, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бойынша ұсыныстарды пысықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 102 бұйрығымен еңбек заңнамасының құқық қолдану практикасын талдау жөніндегі сараптама тобының (бұдан әрі – Сараптама тобы) құрамы бекітілді.

      Сараптама тобы шеңберінде терісінің түсі бойынша кемсітушілікке тыйым салу негіздемесін қосу туралы мәселе мемлекеттік органдардың өкілдерімен, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің республикалық бірлестіктерімен талқыланатын болады.

      Комитет қатысушы мемлекетке мыналарды ұсынады: a) жұмысқа рұқсат берудің және шетелдік жұмыскерлерді жұмысқа қабылдаған кезде әділ бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып, квоталар жүйесінің икемді рәсімі арқылы шетелдік жұмыскерлерді заңдастыруды жеңілдету және кез келген нысанда оларды кемсітудің алдын алу үшін шаралар қабылдау; b) дара кәсіпкерлерге қойылатын талаптар Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында анықталған және қатысушы мемлекеттің заңнамасымен тыйым салынған белгілер бойынша аса шектеуші және кемсітушілік сипатта болмауы үшін 2011 жылғы "Халықтың көші-қоны туралы" Заңға және тиісті қағидаларға түзетулер енгізу мүмкіндігін қарау.

      Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың зейнетақымен қамтамасыз етілуге, мiндеттi әлеуметтiк қамсыздандыруға, оның ішінде әлеуметтік сақтандыруға құқықтары бірдей. "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған адамдарды қоспағанда, жұмыскерлер, дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында кіріс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.

      Осылайша, Қазақстан аумағында уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын еңбекші-мигранттар және олардың отбасы мүшелері міндетті әлеуметтік сақтандырылуға жатады. "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" 2005 жылғы 7 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлерінен басқа барлық жұмыскерлер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға жатады.

      Бұдан басқа "Еңбектегi мiндетiн атқару кезiндегi қызметкердiң жарақаттануына, кәсiптiк ауруға ұшырауына немесе денсаулығының өзге де бұзылуына байланысты келтiрiлген залалды өтеуге деген құқығын өзара тану туралы" 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттер қол қойған келісімде (Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 25 мамырдағы № 2303 Жарлығымен ратификацияланған) залал келтіруге жауапты жұмыс беруші оны өтеуді өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асыратыны анықталған. Бұл ретте жұмыскердің еңбек жарақатын алудың және кәсіби аурудың ауырлық деңгейін қайта қарау ол тұрып жатқан аумақ Тарапының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес жұмыс беруші меншікті қаражаты есебінен жұмыскерлерге оның уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндетті. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекші-мигранттардың уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты әлеуметтік жәрдемақыға, сондай-ақ жұмыскердің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кездегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға құқығы бар.

      Қазақстан өркениетті көші-қонды ұйымдастыруды – заңсыз көші-қон себептерін жоюды және мигранттарды әлеуметтік қорғау үшін жағдай жасауды қолдайды. Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты Қазақстанның мемлекеттік саясатының стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда елде көші-қон мәселелерін реттейтін халықаралық-шарттық негіз құрылған.

      Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық құқықтың нормаларына, көпжақты және екіжақты келісімдердің ережелеріне сәйкес заңсыз көші-қонның, мәртебесі әртүрлі мигранттарға қатысты күштеудің, адам саудасының жолын кесу жөніндегі шаралар қабылдануда.

      "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында халықтың еңбек көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері бекітілген, олардың қатарында ішкі еңбек нарығын шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау жолымен қорғау, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту жолымен ішкі еңбек нарығын қорғау.

      Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесін реттейтін заңнама еңбек көші-қоны режимін ырықтандыру бағытында түбегейлі өзгерістерге ұшырады және 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматта жұмыс істейді.

      Жұмысқа рұқсат беру жүйесі қайта қаралды.

      Бұрын рұқсат беру рәсімімен қатар жүретін көптеген шарттар болды, оның ішінде:

      - ерекше шарттар (Қазақстан азаматтары үшін кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және жұмыс орындарын құру талаптары);

      - экономикалық тиімділігіне тест өткізу (ішкі еңбек нарығындағы жергілікті жұмысшылардан баламалы кандидаттарды іздестіру);

      - екінші деңгейдегі банктерге кепілдік жарналарды орналастыру (Қазақстан Республикасындағы шетелдіктің еңбек қызметін тоқтатқаннан кейін, шыққан еліне билет сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ақша қаражаты).

      2017 жылдан бастап осы талаптардың барлығы жойылды және жаңа ақылы рұқсат беру жүйесі енгізілді, оған сәйкес жұмыс беруші біліктілігіне байланысты 137-ден 250 АЕК дейінгі аралықта (310-570 мың теңге) белгіленетін салық төлемін төлейді.

      Жалпы рұқсаттар қысқа мерзімде беріледі. Егер бұрын рұқсат алудың бүкіл тәртібі бір айға созылса, 2017 жылдан бастап рұқсаттарды беру туралы шешім құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде қабылданады.

      Оған қоса, ішкі корпоративтік ауысуды (бұдан әрі – ІКА) жүзеге асыру тәртібі жетілдірілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасы Дүниежүзілік сауда ұйымының (бұдан әрі – ДСҰ) стандарттарына сәйкес келтірілді. ІКА Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономика салаларында жүзеге асырылады, бұл ретте аталған рәсімнен басшылар, менеджерлер және мамандар өтеді.

      Бұдан басқа, 2017 жылдан бастап біліктілік деңгейіне сәйкес келуі туралы анықтама бойынша тәуелсіз шетелдік ізденушілерді тарту жүйесі енгізілді. Бұрын жұмыс берушілер шақырмай, Қазақстанға келген жеке жұмысшылар рұқсат алуға міндетті болатын. Өткен жылдан бастап мұндай рұқсаттарды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Еңбекмині) біліктілікке сәйкес келуі туралы анықтамаға алмастырды, ал жеке шетелдік жұмысшылар квотамен шектелмейді.

      Кадрлардағы жергілікті қамту бойынша қойылатын талаптардың барынша азайтылғанына ерекше назар аудару қажет.

      Мәселен, ІКА шеңберінде кадрлардағы жергілікті қамту талаптары менеджерлер мен мамандар үшін 50/50 коэффициенті бойынша оңайлатылған схемаға ауыстырылды және басшылар үшін толық алып тасталды.

      Басым жобалар бойынша жергілікті кадрлардың құрамын шетелдік компаниялардың және мемлекеттік органдардың (тиісті министрлік, жергілікті атқарушы орган және Еңбекмині) келісімімен белгілеуге болады.

      Жалпы тәртіппен кадрлардағы жергілікті қамтуды сақтауға қойылатын талаптардан мыналар босатылады:

      - шағын бизнес субъектілері;

      - мемлекеттік мекемелер және кәсіпорындар;

      - біліктілік деңгейіне сәйкестік туралы анықтама бойынша Қазақстан Республикасына өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген шетелдік жұмысшылар;

      - Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау және еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық келісімдер болған жағдайда, шыққан елдері үшін квота шеңберінде берілген рұқсаттар;

      - штатта жұмыс істейтін адамдар саны 30-дан аспайтын шетелдік заңды тұлғалардың өкілдіктері мен филиалдары.

      Жұмысқа рұқсат беру жүйесі шеңберінде Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жұмыс рұқсатынсыз іске асыра алатын шетелдік жұмысшылардың санаттары анықталды, соның ішінде:

      - "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары мен органдары тартатын адамдар;

      - ғарыштық зымыран кешенін құру және ғарыштық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес тартылатын жер үсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану жөніндегі мамандар;

      - шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшылары; сондай-ақ жарғылық капиталында шетелдік қатысудың жүз пайыздық үлесі бар қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшылары және олардың орынбасарлары;

      - күнтізбелік бір жыл ішінде толығымен қосқанда күнтізбелік бір жүз жиырма күннен аспайтын мерзім ішінде кәсіпкерлік мақсаттар үшін іссапарға жіберілген адамдар;

      - Қазақстан Республикасы Үкіметімен 50 млн. АҚШ долларынан астам ақша қаражатына инвестиция көлеміне келісімшарттар жасаған ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен келісімшартқа қол қойған және инвестициялық қызметпен айналысатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының бірінші басшылары;

      - 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары;

      - ұлттық басқарушы холдингте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттармен жоғары білімі бар құрылымдық бөлімшелердің басшыларынан кем емес лауазымдарда жұмыс істейтіндер;

      - ұлттық басқарушы холдингтің директорлар кеңесінің мүшелері ретінде жұмысқа тартылатындар.

      Сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін келген бизнес- иммигранттарға рұқсат алу талап етілмейді.

      2018 жылғы 1 сәуірге жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілердің саны 3258 бірлікті құраған. Бұл ретте аталған ұйымдарда 473 мың қазақстандық азамат және 24,3 мың немесе 4,9 % шетелдік азамат жұмыс істейді. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын елге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2018 жылы жұмыс күшіне 0,46 % немесе 41 мың бірлік белгіленген. Қазіргі таңда еңбек нарығы мынадай параметрлермен сипатталады: 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша ресми статистикалық деректерге сәйкес жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 5,1%-дан 4,9%-ға төмендеді.

      Өз кезегінде, жұмыспен қамтылғандар санының 0,4%-ға өскені байқалады, соның ішінде жалдамалы жұмыскерлер саны 2,3 %-ға өсті.

      Комитет қатысушы мемлекетке мыналарды ұсынады: a) еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік сақтандырумен қоса, білім беруге, медициналық көмекке және басқа негізгі қоғамдық қызметтерге бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы шараларды қабылдау; b) еңбекші-мигранттардың барлық санаттары туралы және олардың құқықтарын жүзеге асыру туралы дезагрегатталған деректер жинау; c) еңбекші-мигранттарға қатысты зорлық-зомбылық көрсету, күшпен алу және заңсыз айналым жағдайларын ескерту жөніндегі шараларды күшейту, сондай-ақ осындай әрекетті жасауға кінәлі адамдарды аңдуды жүзеге асыру және жазалау; d) Халықаралық еңбек ұйымы қабылдаған Көші-қон саласындағы теріс пайдаланулар туралы және еңбекші-мигранттарға тең қарау мен тең мүмкіндіктер қамтамасыз ету туралы № 143 конвенцияға (1975 жылғы) қосылу туралы мәселені қарау.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабына сәйкес барлық азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім міндетті болып табылады. Бұдан басқа азаматтардың конкурстық негізде мемлекеттік жоғары оқу орнында тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Ақылы білім алу заңнамада белгіленген негіздерде және тәртіппен жүзеге асырылады.

      Конституцияға, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет Қазақстан халқының барлық полиэтностық тілдерін оқыту және дамыту үшін қолайлы жағдайды жасайды. Елде тұрып жатқан әрбір этникалық топтың этникалық топтар тілдерінің, мәдениетінің, салт-дәстүрлерінің өркендеуіне және дамуына ықпал ететін өзінің этномәдени орталықтарын, жексенбілік мектептерін құруға құқығы бар.

      Республикада қолданыстағы заңнамаға сәйкес мигранттар, оралмандар балаларының білім алуына Баланың құқықтары туралы конвенцияның 28-бабын орындау қамтамасыз етіледі.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 34-бабының 1-тармағына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі (бұдан әрі – ТМККК) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға бюджеттік қаражат есебінен берілетіні айқындалған.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" ҚР Кодексінің 88-бабына сәйкес егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналадағыларға қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

      Сонымен қатар, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" ҚР Кодексінің 88-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде алуға құқығы бар.

      Бұған қоса, Кодекстің 88-бабының 5-1-тармағына сәйкес босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және көлемде, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетілетінін айта кету керек.

      Өз кезегінде, босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға көрсетілетін профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтердің тәртібі мен көлемі "Босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсету қағидаларын мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы №368 бұйрығында айқындалған.

      Қазіргі таңда ТМККК шеңберінде шетелдік азаматтарға тегін медициналық көмек айналадағыларға қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде "Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы болатын айналадағылар үшін қауіп төндіретін қатты аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 194 бұйрығымен бекітілген аурулар тізбесіне сәйкес көрсетіледі.

      Сонымен қатар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттердің азаматтары үшін жедел және шұғыл медициналық көмек Қазақстан Республикасы 1997 жылы 27 наурызда ратификациялаған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң азаматтарына медициналық көмек көрсету туралы келiсiмге сәйкес тегін негізде көрсетіледі.

      Осы Келісімге сәйкес жедел және шұғыл медициналық көмек науқастың өмiрiне немесе айналадағылардың денсаулығына қауiп төндiретiн кенеттен болған қатты жай-күй мен ауру кезiнде, қайғылы оқиғалар, улану, жарақат алу, босану мен жүктiлiк кезiндегi шұғыл жай-күй кезiнде уақытша келген мемлекет аумағында ұйымдастырушылық-құқықтық түрiне, ведомстволық тиесілігі мен меншiк түрiне қарамастан емдеу алдын алу мекемелерi тарапынан азаматтарға үздіксіз тегiн және толық көлемде көрсетiледi.

      "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы" 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету мәселелерін реттейтін "Мүше мемлекеттердің еңбек етіп жатқан азаматтарына және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету туралы хаттамасы" әзірленген.

      Осы Хаттамаға сәйкес жұмысқа тұрған мемлекет мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсетуді жұмысқа тұрған мемлекеттің заңнамасында және халықаралық шарттарында анықталған тәртіппен және шарттармен қамтамасыз етеді. Мүше мемлекеттер өзінің аумағында мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне тегін жедел медициналық көмек алу құқығын (шұғыл және жедел нысандарда) жұмысқа тұрған мемлекет азаматтарына көрсетілетін тәртіппен және шарттармен ұсынады.

      Емделушінің өмiрiне немесе маңайындағылардың денсаулығына қауiп төндiретiн қауiп жойылған сәттен бастап жоспарлы медициналық көмек көрсету ақылы негізде, ерікті медициналық сақтандыру немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Бұдан басқа, Кодекстің 88-бабының 5-1-тармағына сәйкес босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және көлемде дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетілетінін айта кету керек.

      Өз кезегінде, босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға көрсетілетін профилактикалық, диагностикалық және медициналық сауықтыру қызметінің тәртібі мен көлемі "Босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсету қағидаларын мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы №368 бұйрығымен анықталған.

      Білім беру. 17. Комитет қатысушы мемлекетке мыналарды ұсынады: a) этникалық аз топтар қатарындағы балалардың ана тілінде білім алуына және оқуға қолжетімділігін кеңейту үшін, соның ішінде жаңа мектептерді ашу және оларды аз топтар тіліндегі оқулықтармен және тиісті кәсіби персоналмен қамтамасыз ету арқылы қосымша шаралар қабылдау; b) қандай да болмасын кемсітушіліксіз барлық этникалық топтардан шыққан студенттер үшін жоғары білімге анағұрлым кеңінен қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша арнайы шаралар қабылдау.

      Комитеттің этникалық аз топтар қатарындағы балалардың ана тілінде білім алуына және оны оқуға қолжетімділігін кеңейту үшін, оның ішінде жексенбілік мектептерді және орталықтарды ашудың көмегімен қосымша шараларды қабылдау жөніндегі 17-ші ұсынымына қатысты.

      Республикада 1394 192 оқушы білім алатын 3797 (51,4%) қазақ мектебі; 1381 228 оқушы білім алатын 2260 (30 %) аралас тілдегі мектептер; 395 562 оқушы білім алатын 1312 (17,7%) орыс тіліндегі мектеп; 8608 оқушы білім алатын 12 (0,16%) өзбек тіліндегі мектеп; 6110 оқушы білім алатын 11 (0,15%) ұйғыр тіліндегі мектеп; 534 оқушы білім алатын 1 (0,01 %) тәжік тіліндегі мектеп жұмыс істейді.

      Бұдан басқа, жалпы білім беретін 26 мектепте елдегі этникалық топтардың ана тілдерінде (шешен, әзербайжан, дүнген, поляк, курд, түрік және т.б.) білім беретін сыныптар бар.

      Барлық білім беру ұйымдары меншік түріне қарамастан, Орта білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын іске асырады.

      Сондай-ақ республиканың жалпы білім беретін мекемелерінде 2018-2019 оқу жылдары оралмандардың 1899 баласы оқыған, оның ішінде 6 – бастауыш, 66 – негізгі, 1827 – жалпы орта деңгейлерінде оқиды.

      Олардың көпшілігі мына облыстарда тұрады: Алматы облысы – 570, Шығыс Қазақстан – 280, Қарағанды – 223.

      Шетелдіктердің балаларын оқуға қабылдау "Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі № 468 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      2012 жылы бұл бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Осылайша, білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасында тұрақты түрде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша тұратындардың (босқындар, пана іздеген адамдар, консулдық лауазымды тұлғалар, дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері, Қазақстан Республикасында көші-қон заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін еңбек мигранттары) балалары Қазақстан азаматтары сияқты құқықтарды қабылдайды және пайдаланады.

      Оқу бағдарламасын игерудегі қиыншылықтарды ескере отырып, білім беру ұйымдары тек білім беру сипатындағы мәселелерді ғана шешіп қоймай, сондай-ақ балаларды қосымша білім беру сабақтарына тартып және психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастырып, оларды жан-жақты қолдау үшін жағдай жасайды. Сонымен қатар, олардың ата-анасымен де жұмыс жүргізіледі.

      Ана тілін жақсы меңгеруді жақсарту үшін мектептерде қосымша "Тіл дамыту", "Тіл мәдениеті", "Сөз өнері" деген арнайы курстар енгізіледі. Қызығушылықтарына байланысты үйірмелер, қазақ және орыс тілдерінен факультативтік сабақтар ұйымдастырылуда.

      Оралмандардың балалары мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласады, көркемөнерпаздар жарысына, байқауларға-конкурстарға және пәндер бойынша олимпиадаларға қатысады, спорт секцияларында спортпен айналысады. Тұрмысы төмен оралмандардың балаларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес киіммен, аяқ киіммен және мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады.

      Бұл мәселені қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары бақылауға алған, өткен оқу жылының ішінде барлық ведомстволық бағынысты мектептердегі шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың балаларының жеке істері тексеріліп, талаптарға сәйкес келтіріледі. Қолда бар дерекқор бойынша республика аумағында жүрген шетелдік азаматтардың тізімдерін уақтылы нақтылау бойынша көші-қон органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс ретке келтірілген.

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Стратегиялық жоспарында "Балалардың өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы хабардарлығының деңгейі" индикаторы айқындалған. Осы индикаторға қол жеткізу үшін Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп жыл сайын әлеуметтік зерттеу, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының білім беру ұйымдарымен – "Балалық шақ әлемі –Конвенциямен" декадасын және балалар арасында сауалнама жүргізеді.

      Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында.

      2018 жылы ТжКБ оқу орындарына 831 адам қабылданып, 720 адам бітіріп шықты; оқып жатқан адамдардың саны – 2177.

      Шетелдіктердің балаларын оқуға қабылдау "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Ол бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының тұлғалары үшін ТжКБ кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау квотасының мөлшері бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының 4 пайызын құрайды.

      Комитеттің ұсынымдарына сәйкес жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру ұйымдарында қандай да болмасын кемсітушіліксіз барлық этникалық топтардан шыққан студенттер үшін жоғары білімге кең қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдануда.

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы бар. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ азаматтарға тегін жоғары және жоғары оқудан кейінгі мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде, егер олар осы әр деңгейдің білімін алғаш рет алып тұрса, тегін жоғары білім алу құқығы беріледі.

      Жоғары, жоғары оқудан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымында оқуға қабылдау азаматтардың өтініші бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      Конкурс шарттары білім алу құқығын сақтауға кепілдік беріп және тиісті деңгейдің білім беру бағдарламасын игеруге ең қабілетті және дайын азаматтарды қабылдауды қамтамасыз етуі тиіс.

      2017 – 2018 оқу жылында жоғары оқу орындарында 84 этностың өкілі оқыды, олардың саны 20 632 адамды құрады.

      Этникалық топтардың өкілдері Қазақстанның ЖОО-да өздері таңдаған мамандықтар мен оқу тілі бойынша білім алады. "5B021000-Шетел филологиясы" мамандығы бойынша мемлекеттік білім тапсырысы көзделеді.

      2018 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 38 этникалық аз топтың өкілдері болып табылатын 13256 адам қатысып, олардың ішінен 3553 адам мемлекеттік білім грантының иегері атанды.

      Талапкерлерді кешенді тестілеуге 39 этникалық аз топтың өкілдері болып табылатын 5639 адам қатысып, олардың ішінен 713 адам мемлекеттік білім грантының иегері атанды.

      Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының тұлғалары үшін мемлекеттік тапсырыстың бекітілген көлемінен 4% мөлшерінде квота көзделеді.

      Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының тұлғаларының жоғары оқу орындарына оқуға бөлінетін 4% квотадан бөлек, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқитын мүмкіндіктер бар. Осы мақсатта 2018 – 2019 оқу жылында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының тұлғалары үшін ЖОО-ның дайындық бөлімдерінде оқыту үшін 1200 орын, сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне шетелдік азаматтар үшін 100 орын және Түрік Республикасы мен басқа да түркі тілдес республикалардың тыңдаушылары үшін 200 орын бөлінді.

      Кешенді тестілеу қорытындылары бойынша 2018-2019 оқу жылында 19 жоғары оқу орнына Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының 992 өкілі түсті.

      Қазақ диаспорасы өкiлдерiн іріктеу және оқыту Қазақ диаспорасы өкiлдерiн Қазақстан Республикасының оқу орындарында оқуға iрiктеу және жiберу тәртiбi, шарттары туралы ережеге сәйкес жүргізіледі. Конкурсқа жыл сайын 10-нан астам елден қазақ диаспорасы өкiлдерi қатысады.

      2017 жылғы 24 маусымда Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақтардың дүниежүзілік V құрылтайы шеңберінде "Қазақстанға білім алу мақсатында көшіп келу: Білім және ғылым министрлігінің кезекті міндеттері" тақырыбында дөңгелек үстел болды.

      Дөңгелек үстел жұмысында әлемнің 40 елінен этникалық қазақтар қатарынан 85 делегат қатысқан. Дөңгелек үстел барысында жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім алу, білім туралы құжаттарды нострификациялау, қазақ тіліндегі оқулықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.

      Жыл сайын жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Жергілікті бюджет есебінен олар пән кабинеттерімен және жаңа компьютерлермен, интерактивті тақталармен жабдықталып жатыр. Барлық мектептер телефонмен қамтамасыз етілген және интернет желісіне қосылған.

      Этникалық топтардың аз тұратын жерлерінде мектептің негізгі түрлерімен қатар Қазақстан этностарының мемлекеттік және ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қосымша оқыту үшін этномәдени орталықтары жанынан жексенбілік мектептер және лингвистикалық курстар құрылған. Елде 1001 бала және жасөспірімдер контингентімен 26 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Бұл мектептерде оқушылар факультативті немесе үйірмелерде аудандарда шағын тұратын халықтардың салт-дәстүрлерін және тілдерін, оның ішінде неміс, корей, татар, украин және басқа тілдерді оқиды.

      Босқындар мен пана сұраушылар. 18. Комитет қатысушы мемлекетке пана берудің стандартты рәсімдерін қолдануды қамтамасыз етуді және босқындарды Көші-қон полициясы бөлімшелерінің барлық кеден бекеттерінде, оның ішінде халықаралық әуежайларда және транзитті аймақтарда мәжбүрлі түрде қайтаруға жол бермеу қағидатына сәйкес жіберу тәртібін анықтауды ұсынады.

      "Босқындар туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты беру және тіркеу (10-бап), оның ішінде әртүрлі жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту тәртібі айқындалған.

      Атап айтқанда, көрсетілген баптың 3-тармағына сәйкес "адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде – көші-қон бақылауы пунктіне, ал мұндай пункт болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң бөлімшесіне жазбаша өтінішхат береді…".

      Босқындармен жұмысты үйлестіру үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінде облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, сондай-ақ БҰҰ-ның БҰҰ босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы өкілдерінің қатысуымен босқын мәртебесін беруден, ұзартудан, айырудан және тоқтатудан бас тарту туралы шешімдеріне түскен арыздарды қарау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылған. Босқындардың негізгі бөлігі сауда, құрылыс, қызмет көрсету саласында жұмыс істейді не өзін-өзі жұмыспен қамтыған. БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы және Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамы босқындардың әлеуметтік осал топтарына тұрақты түрде көмек көрсетеді.

      Азаматтығы жоқ адамдар. 19. Комитет қатысушы мемлекетке мыналарды ұсынады: a) азаматсыздық мәселесін шешу үшін шаралар қабылдау; b) оның келесі мерзімді баяндамасына Қазақстанның азаматтығын алу туралы және тұлғаны куәландыратын жарамды құжаттары жоқ адамдардың саны туралы деректерді қосу, сондай-ақ азаматсыздық қаупі төніп тұрған адамдардың нақты санын және олардың этникалық тегін хабарлау; c) Қазақстандық азаматтықты алу тәртібі туралы қатысушы мемлекеттің заңдары азаматтығы жоқ адамдар санын көбейтпеуді қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау; d) бірінші кезектегі тәртіппен 1961 жылғы Азаматсыздықты қысқарту туралы конвенцияға қосылу туралы мәселені қарастыру.

      "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығы тууы бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау нәтижесінде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша және осы Заңда көзделген өзге де негіздер бойынша алынады.

      Комитет қатысушы мемлекетке хабарлағандай романың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жеңілдету үшін арнайы шараларды қабылдауды, олардың қандай да бір нанымдар мен стереотипсіз экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды пайдалануын қамтамасыз етуді және кемсітушілік құрбандары болған ромаға құқықтық қорғау құралдарына нақты қолжетімділікті беруді ұсынады. Сондай-ақ Комитет қатысушы мемлекетке оның келесі мерзімді баяндамасына романың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарының жүзеге асырылуы туралы жаңартылған ақпаратты қосуды ұсынады.

      Романың денсаулық сақтау, мәдениет, білім сияқты әлеуметтік саланың қызметтеріне қолжетімділік құқығы басқа азаматтармен тең дәрежеде қамтамасыз етіледі. Білім беру органдары тегін мектеп білімін алуға қандай да болмасын этносқа, аз топтарға, соның ішінде ром халқына (сыған) жататынына қарамастан азамат балалардың құқықтарын мүлтіксіз сақтауға бағытталған шаралар кешенін қабылдады. Елдің оқу мекемелерінде білім беру қызметі белгілі нәсілге және ұлтқа жатқызу белгілері бойынша шектеусіз, әрбір азаматтың зияткерлік дамуын, психологиялық-физиологиялық және жеке ерекшеліктерін ескерумен халық үшін барлық деңгейлі білімнің қолжетімділігі қағидатын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      Өзінің құқықтарын пайдаланған кезде заң алдында әрбір адамның тең құқықтығына кепілдік берілген. Барлық деңгейдегі оқу орындарының білім беру бағдарламаларымен ұлтаралық және нәсіларалық тәрбиелеу мәдениетін нығайтуға бағытталған әртүрлі іс-шараларды жүргізу көзделген және орындалуда. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, сондай-ақ мемлекеттік органдарға рома тарапынан нәсілдік және этникалық тиістілігі себебі бойынша қысым көрсетуге қатысты шағымдар мен арыздар тіркелмеген.

      Рома өкілдері өз халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін дамыту бойынша іс-шаралар жүргізетін "Сыған" қоғамдық бірлестігін тіркеген. Қазақстан халық Ассамблеясының көмегімен "Сыған" қоғамдық бірлестігі елдің қоғамдық өміріне тартылған. Сыған мәдени орталығы мемлекеттік және ұлттық мерекелер өткізген кезде белсенді қатысады.

      Комитет қатысушы мемлекетке мыналарды ұсынады:

      a) кемсітушілікпен күресу туралы заңнаманы тиісінше қолдану арқылы нәсілдік кемсітушіліктің кез келген актісіне қатысты әділ және дәлме-дәл өтеуді қоса, құқықтық қорғаудың тиімді құралдарын немесе құзыретті ұлттық соттар және басқа мемлекеттік институттар арқылы сатисфакцияны қамтамасыз ету; b) Комитетке өзінің келесі мерзімді баяндамасында сот және әкімшілік шешімдерді қабылдау шеңберінде Конвенцияны қолдану туралы деректерді ұсыну; c) Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кемсітушілік фактісін анықтау жағдайлары санының төмендігінің себебіне мұқият талдау жүргізу және Уәкілдің нәсілдік кемсітушілікке қатысты шағымдарды тиімді тергеп-тексеруін қамтамасыз ету; d) құқықтық көмекті ұсыну жүйесін нығайту бойынша шаралар қабылдау және кемсітушілік туралы істерді соттық тергеу шеңберінде жеке тұлғалар мен қауымдастықтарға көмектесу; e) мемлекеттік қызметшілерді, соның ішінде құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлерін және қорғаушыларын Комитет қабылдаған Адам құқықтары мәселелері бойынша құқық қорғау органдарының лауазымдық дайындау туралы жалпы ұсыныстарды XIII (1993 жылы) ескере отырып, нәсілдік кемсітушіліктің алдын алудың құқықтық қорғау және кепілдеме беру мәселелері бойынша дайындауды ұйымдастыру.

      Адам құқықтары бойынша уәкіл мекемесі елдегі адам құқықтарын және бостандығын сақтауды бақылау қызметтерін жүзеге асыра отырып, сот жүйесінің реформасын жүргізуге жан-жақты көмектесуге және адамның сот қорғауына және соттың әділ талқылауында құқықтарын нақты қамтамасыз етуге ұмтылады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 қыркүйектегі № 947 Жарлығымен бекітілген Уәкіл туралы ереженің 18-тармағына сәйкес Уәкіл Қазақстан Республикасы сотының әрекетіне және шешімдеріне шағымдарды қарамайды. Сонымен қатар, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және Жоғарғы Сот Өкілінің арасындағы ынтымақтастық туралы жасасқан меморандумды ескере отырып, азаматтардың сот төрелігі кезінде олардың құқықтарының бұзылғаны туралы түскен өтініштерге тұрақты талдау жүргізіледі, ол одан әрі жинақталған ақпарат тәртібінде елдің жоғарғы сот мекемесіне жолданады.

      Статистикаға сәйкес Омбудсмен институты қызметінің соңғы бес жылында мекеме мекенжайына нәсілдік кемсітушілік мәселесі бойынша барлығы 32 арыз түскен. Олардың тек 5 – уінде ғана нақты құқықтардың бұзылу және нәсілдік кемсітушілік фактісі анықталған.

      Өтініш берушілер өздерінің өтініштерінде "Қазақстан Республикасының тілдері туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзу және маңдайша жазуларды ресімдегенде тек қазақ тілін қолдану, футбол командаларын жасақтаған кезде, сондай-ақ БАҚ-та жарияланатын хабарландыруларда ұлттық белгісі бойынша кемсіту, аз ұлт өкілдері болып табылатын адамның өлімін тергеген кезде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетсіздігі мәселелерін қозғайды.

      Барлық жоғарыда көрсетілген жағдайларда Адам құқықтары бойынша уәкіл мекемесі бұзылған құқықтарды кейін қалпына келтіре отырып, тиісті тексерулер жүргізді.

      Келіп түскен шағымдар мен өтініштерді жыл сайын талдау Қазақстанда нәсілдік кемсітушілік жүйелік сипатта емес екенін, дәлірек айтқанда жекелеген адамдардың заңнан тыс әрекетінің нәтижесі болып табылатыны туралы айтуға мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар, сот практикасын ішінара талдау соттардың халықаралық шарттарды, оның ішінде Нәсілдік кемсітушілікті жою туралы халықаралық конвенцияны қолдана отырып қаралған істер санының өсуі байқалатынын көрсетті.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады