"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы № 751 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" 1998 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 5-6, 48-құжат):

      1) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "15-бап. Уәкілетті мемлекеттiк органдардың радиациялық авария кезiндегi қызметi

      Радиациялық авария кезiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органдар осы Заңды басшылыққа алады және өз қызметiн Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына және ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарына сәйкес жүзеге асырады.".

      2. "Атом энергиясын пайдалану туралы" 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 1, 1-құжат; 2018 жыл, № 10, 32-құжат):

      1) 1-бапта:

      мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "14-1) қарыз алудың арнайы құқықтары (бұдан әрі – ҚААҚ) – Халықаралық валюта қоры айқындаған және ол операциялар мен мәмілелер үшін пайдаланатын есеп айырысу бірлігі;";

      33) тармақша мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте бір ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғының бірыңғай операторының өндірістік, әкімшілік, санитариялық-тұрмыстық және қосалқы ғимараттар мен құрылысжайлар орналастырылған қорғалатын және қоршалған бір аумақ шегінде сол бір жерде орналасқан бірнеше ядролық қондырғылары біртұтас ядролық қондырғы ретінде қарастырылады.";

      мынадай мазмұндағы 33-1) және 33-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "33-1) ядролық қондырғы операторы – заңды негізде өзіне тікелей немесе жанама түрде тиесілі ядролық қондырғыны пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;

      33-2) ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы – ядролық қондырғы операторы болып табылатын және бір мезгілде ядролық қондырғы операторының өндірістік, әкімшілік, санитариялық-тұрмыстық және қосалқы ғимараттары мен құрылыстары орналастырылған қорғалатын және қоршалған бір аумақ шегінде орналасқан ядролық қондырғылар операторлары болып табылатын Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызына тікелей немесе жанама түрде иелік ететін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;";

      2) 5-бап мынадай мазмұндағы 8-1) және 8-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "8-1) келтірілген ядролық залал осы ядролық қондырғы операторы үшін белгіленген осы Заңның 26-2-бабында белгіленген жауаптылық шегінен асатын бөлікте ядролық қондырғы операторы жауапты болатын ядролық залалды өтеу үшін келтірілген зиян толық өтелгенге дейінгі сомадағы қажетті ақшаны беру арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ақшаның төленуін қамтамасыз етеді;

      8-2) осы Заңда көзделген жағдайларда радиациялық қауіптілігі бірінші санаттағы ядролық қондырғы операторының жауаптылық шегін айқындайды;";

      3) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:

      "4-1-тарау. Ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының жауаптылығы және оны қаржылық қамтамасыз ету

      26-1-бап. Ядролық залал келтіргені үшін жауаптылық

      1. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы кінәсіне қарамастан ядролық залал келтіргені үшін жауапты болады.

      2. Ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық залал оператордың осындай ядролық қондырғысынан жеткізілген немесе онда өндірілген ядролық материалмен байланысты және басқа ядролық қондырғының өзге операторы шарттың белгілі бір талаптарына сәйкес жазбаша нысанда материал үшін жауаптылықты өзіне алған немесе жауаптылықты өзге тәсілмен мойындаған кезге дейін болған ядролық оқыс оқиғадан туындағаны туралы дәлелдемелер негізінде мұндай ядролық залал үшін жауапты болады.

      Егер оқыс оқиға Қазақстан Республикасы ратификациялаған ядролық залал үшін жауаптылық саласындағы халықаралық шарттың тарапы болып табылмайтын мемлекет аумағы шегіндегі тұлғаға жіберілетін ядролық материалмен байланысты болса, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық материал осы мемлекеттің аумағына келген көлік құралынан түсірілгенге дейін жауапты болуды жалғастырады.

      Ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық залал оператордың ядролық қондырғысына жіберілетін ядролық материалмен байланысты және ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы басқа ядролық қондырғының өзге операторынан шарттың белгілі бір талаптарына сәйкес жазбаша нысанда ядролық материал үшін жауаптылықты өзіне алғаннан кейін немесе жауаптылықты өзге тәсілмен қабылдағаннан кейін болған ядролық оқыс оқиғадан туындағаны туралы дәлелдемелер негізінде мұндай ядролық залал үшін жауапты болады.

      Егер оқыс оқиға Қазақстан Республикасы ратификациялаған ядролық залал үшін жауаптылық саласындағы халықаралық шарттың тарапы болып табылмайтын мемлекет аумағы шегіндегі тұлғаның атынан ядролық қондырғы операторының жазбаша келісуі бойынша жіберілетін ядролық материалмен байланысты болса, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық материал осы мемлекеттің аумағынан әкетілуге тиіс көлік құралына тиелген кезден бастап жауапты болады.

      3. Ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының жауаптылығы осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, кез келген жерде келтірілген ядролық залалға қолданылады.

      4. Егер ядролық материалды тасымалдаушы немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін тұлға осы Заңда көзделген жағдайларда ядролық қондырғы операторымен жасалған шарттың талаптарына сәйкес ядролық залал келтіргені үшін жауапты болып табылса, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы жауапты болмайды.

      5. Егер ядролық залалмен қатар ядролық залал арқылы келтірілген шығындардан негізді түрде ажырату мүмкін болмайтын өзге де шығындар келтірілсе, мұндай шығындарды осы Заңның негізінде ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы өтеуге тиіс.

      6. Ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының ядролық залал үшін жауаптылығы басталғаннан өзге де жағдайлар 1997 жылғы 12 қыркүйектегі Хаттамамен енгізілген түзетулермен бірге 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес айқындалады.

      26-2-бап. Ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының жауаптылық шегі (шектеу)

      1. Ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының бір ядролық оқыс оқиғаға жауаптылық шегі:

      1) радиациялық қауіптіліктің бірінші санатына жататын ядролық қондырғылар үшін 150 (бір жүз елу) миллион ҚААҚ;

      2) радиациялық қауіптіліктің екінші және үшінші санаттарына жататын ядролық қондырғылар үшін 5 (бес) миллион ҚААҚ құрайды.

      2. Ядролық қондырғылардың, ядролық материалдардың, радиоактивті қалдықтардың типін, құрамын, қуаты мен басқа да техникалық параметрлерін, сондай-ақ олардың санын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі радиациялық қауіптілігі бірінші санаттағы ядролық қондырғы операторына ядролық залал келтіргені үшін өзгеше, бірақ 5 (бес) миллион ҚААҚ-қа балама шектен төмен емес жауаптылық шегін белгілеуге құқылы.

      26-3-бап. Ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын қаржылық қамтамасыз ету

      1. Уәкілетті органның қарамағындағы ядролық қондырғыларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының осы Заңның 26-2-бабында белгіленген жауаптылық шегін қаржылық қамтамасыз етуі болуға тиіс.

      2. Ядролық залалды өтеген жағдайда ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының жауаптылығын қаржылық қамтамасыз ету жеке қаржылық қаражатының немесе ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру шартының болуынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қамтамасыз етуден тұрады.

      Бұл ретте қаржылық қамтамасыз ету тәсілдерін ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы айқындайды.

      3. Осы Заңның 26-2-бабында белгіленген жауаптылық шегінде ядролық қондырғы операторына немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторына қаржылық қамтамасыз етуді берген сақтандырушыны қоса алғанда, тұлғаның уәкілетті органды және ядролық қондырғы операторының өзін кемінде күнтізбелік 150 (бір жүз елу) күн бұрын бұл туралы жазбаша хабардар етпей, оны тоқтата тұруға немесе тоқтатуға құқығы жоқ.

      4. Ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының қаржылық қамтамасыз етілуін тексеру осы Заңның 7-1-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      26-4-бап. Ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын ядролық залал үшін жауаптылықты қаржылық қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі ретінде сақтандыру шарты

      1. Ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының жауаптылығын сақтандыру осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Өндірістік, әкімшілік, санитариялық-тұрмыстық және қосалқы ғимараттар мен құрылыстар орналастырылған қорғалатын және қоршалған бір аумақ шегінде сол бір жерде орналасқан бір немесе бірнеше ядролық қондырғыларға қатысты ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының жауаптылығын сақтандыруды сондай ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы жүзеге асыруы мүмкін.

      3. Ядролық қондырғылардың бірыңғай операторымен оның барлық немесе бірнеше ядролық қондырғыларына қатысты жасалған, ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы, сақтандыру сыйлықақысы бір ядролық қондырғы үшін ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының жауаптылығын сақтандыру жүзеге асырылатын ядролық қондырғылардың радиациялық қауіптілігінің неғұрлым жоғары санаты негізге алынып белгіленеді.

      4. Ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру шартында мынадай:

      1) осы Заңның 26-7-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушының ядролық оқыс оқиға болған жағдайдағы сақтандыру төлемін кез келген жағдайда жүргізу міндеті;

      2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті немесе оны жүзеге асырған сақтандырушыға сақтанушының шығындарды өтеу (суброгация) құқықтарының өтуінен бас тарту туралы талаптар қамтылуға тиіс;

      3) сақтанушының орнына сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарламаны сақтандырушыға кез келген мүдделі тұлға, оның ішінде пайда алушы, сақтандырылушы, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган жібере алады;

      4) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлама сақтандыру жағдайы басталған кезден бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      Егер ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы сақтандырушы өтеген залалдар үшін жауапты тұлғаға өзінің талап қою құқығынан бас тартса немесе ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының кінәсінен бұл құқықты жүзеге асыру мүмкін болмаса, сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылмайды.

      26-5-бап. Талап қоюдың ескіруі

      1. Адамдардың мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген ядролық залалды өтеуге байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ядролық оқыс оқиға болған күннен бастап 10 (он) жыл болып белгіленеді.

      2. Жеке тұлғалардың өміріне және денсаулығына қатысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ядролық оқыс оқиға болған күннен бастап 30 (отыз) жыл болып белгіленеді. Ядролық оқыс оқиға болған күннен бастап 30 (отыз) жыл өткен соң қойылған талаптар талап қоюдың алдындағы 3 (үш) жылдан аспайтын өткен уақыт үшін қанағаттандырылады.

      26-6-бап. Регрестік талаптар

      Ядролық залал келтіргені үшін жауапты болатын ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының немесе осы Заңда көзделген өзін қаржылық қамтамасыз ету тәртібімен ядролық залалды өтеген кез келген басқа тұлғаның:

      мұндай құқық жазбаша нысандағы азаматтық-құқықтық шартта көзделген болса;

      ядролық залалды келтіруге кінәлі жеке тұлғаға регресс құқығын қоспағанда, кімге болса да кері талап қою (регресс) құқығы жоқ.

      26-7-бап. Ядролық қондырғы операторын ядролық залал келтіргені үшін жауаптылықтан босату негіздері

      1. Егер қарулы қақтығыстың, әскери іс-қимылдардың, азаматтық соғыстың немесе көтерілістің салдарынан ядролық залал келтірілгенін дәлелдесе, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық залал үшін жауап бермейді.

      2. Егер ядролық залал ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы келтірілген адамның пиғылы немесе өрескел абайсыздығы салдарынан мұндай залал толық немесе ішінара туындағанын дәлелдесе, онда сот ядролық қондырғы операторын осы адамға ядролық залал өтемін төлеу міндетінен толық немесе ішінара босата алады.

      3. Зиянды өтеуден босату сот тәртібімен жүргізіледі.".

      2-бап.

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады