Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 қарашадағы № 878 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 26 қарашадағы
  № 878 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі

      көші-қон саласындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон процестерін реттеудің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарай отырып,

      көші-қон саласында Тараптардың екіжақты ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз құруға ұмтыла отырып,

      екі мемлекеттің ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында көші-қон саласындағы әріптестік ынтымақтастық арқылы қатынасты тереңдетуге ниет білдіре отырып,

      халықаралық құқық нормаларын және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап


      Осы Келісім шеңберінде Тараптар көші-қон, бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы азаматтарының құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде өз мемлекеттерінің заңнамаларына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттары шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің аумағында еңбек ресурстарын тарту саласындағы мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілер арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.


2-бап

      Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдары (бұдан әрі Құзыретті органдар деп аталады) мыналар болып табылады:

      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

      Қырғыз Республикасынан – Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік көші-қон қызметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіркеу қызметі, Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігі.

      Құзыретті органдардың атаулары өзгерген, бір мемлекеттік органдарды басқаларымен ауыстырған жағдайда тиісті Тарап екінші Тарапқа бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде хабарлайды.

3-бап

      1. Тараптар осы Келісім шеңберінде мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:

      1) статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасу;

      2) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы Тарап мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтер алмасу;

      3) ынтымақтастық процесінде туындайтын мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және практикалық көмек көрсету;

      4) Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтарын, оларға берілген тұруға арналған рұқсаттардың мерзімі ішінде қорғау;

      5) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында болу (тұру) үшін негіздер бар адамдардың құқықтық мәртебесі туралы ақпарат алмасу.

      2. Осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара қолайлы бағыттарын әзірлеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.

4-бап

      Тараптар қажет болған жағдайда және өзара уағдаластық бойынша мынадай:

      анықталған көші-қон заңнамасын бұзушылықтар және заңсыз көші-қон арналары туралы;

      заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында әрекет ететін заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке тұлғалар туралы;

      келу/кету визаларын алу тәсілдері туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің көші-қон заңнамасы, оның ішінде көші-қон процестерін реттеу, пана және азаматтық беру тәртібі, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру, сондай-ақ заңнаманың көрсетілген салаларындағы өзгерістер туралы;

      заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған практика мен шаралар туралы;

      сыртқы көші-қонды реттеу әдістері туралы ақпарат пен мәліметтер алмасуды жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасын және халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты, дербес мәліметтерді кездейсоқ немесе заңсыз жоюдан, өзгертуден немесе таратудан, сондай-ақ кез келген өзге де санкцияланбаған қол жеткізуден немесе пайдаланудан қорғауға бағытталған қажетті ұйымдастырушылық-техникалық шараларды жүзеге асырады. Дербес деректер субъектілерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, осы Келісім шеңберінде алынатын және берілетін дербес деректерді қорғау мен күзетудің жоғары (тиісінше) деңгейін қамтамасыз етеді.

6-бап

      1. Тараптар заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау және өз мемлекеттері азаматтарының құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мынадай санаттар бойынша ақпарат алмасады:

      1) Тараптар мемлекеттері азаматтарының болатын (тұрғылықты) жері бойынша есепке алу (тіркеу) туралы мәліметтер;

      2) уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсат, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағында жұмыс істеуге құқық алған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтер;

      3) бір Тарап мемлекетінің азаматтығына қабылданған немесе ол қайта қалпына келтірілген екінші Тарап мемлекетінің азаматтары, сондай-ақ Тараптардың бірінің азаматтығына тиесілігі туралы мәліметтер;

      4) Тараптар мемлекеттерінің азаматтары алған жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер.

      2. Тараптар олардың мемлекеттерінің аумағына келуге (не олардың аумағынан кетуге) шектеулер қойылған тұлғалар туралы мәліметтермен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағынан шығарып жіберілетін адамдар туралы мәліметтермен алмасады.

7-бап

      Осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген тұлғалардың жеке басын анықтау, белгілеу және құқықтық мәртебесін айқындау мақсатында Тараптар мынадай дербес деректермен алмаса алады:

      тегі, аты, әкесінің аты (орысша және латынша жазылуы);

      жынысы;

      туған күні;

      туған жері;

      азаматтығы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында тұру үшін шекарадан шығуға арналған құжаттың немесе жеке басты куәландыратын құжаттың сериясы, нөмірі, берілген күні, оны берген орган;

      Тараптар мемлекеттерінің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін адамдарды жауапқа тарту туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында болатын (тұрғылықты жері бойынша есепке алу (тіркеу) туралы;

      уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсаттың, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға құқығының болуы туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруге рұқсат етпеу не олардың мерзімдерін көрсете отырып, Тараптар мемлекеттерінің аумағынан кетуге шектеу қою фактісі туралы;

      фотосурет бейнелері;

      дактилоскопиялық карта (болған жағдайда).



8-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      1) көші-қон саласында семинарлар мен тағылымдамаларды ұйымдастыруды қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің көші-қон мәселелерімен айналысатын құзыретті органдарының қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру;

      2) ынтымақтастық процесінде туындайтын мәселелер жөніндегі жұмыс топтарын құру және сарапшылармен алмасу;

      3) ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар өткізу және бірлескен іс-қимылды талап ететін ынтымақтастықтың басқа да нысандарын пайдалану;

      4) Тараптардың құзыретті мемлекеттерінің аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінің жұмысымен танысу;

      5) халықаралық ұйымдардың қатысуымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру.


9-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мүдделі Тараптың жәрдем көрсету туралы сұрау салуларының (бұдан әрі – сұрау салу) негізінде жүзеге асырылады.

      Егер мұндай ақпарат екінші Тарап үшін қызығушылық тудырады деп ұйғаруға негіз болса, Тараптардың әрқайсысы көші-қон мәселелері жөніндегі өзінде бар ақпаратты екінші Тарапқа сұрау салусыз жолдай алады.

10-бап

      1. Сұрау салу және сұрау салуға жауап жазбаша нысанда, оның ішінде мәтінді берудің техникалық құралдары пайдаланыла отырып жолданады.

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар қорғалған электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасасуды ұйымдастыра алады.

      2. Сұрау салуда мыналар қамтылуға тиіс:

      сұрау салушы және сұрау салынатын органның атауы;

      сұрау салу мәнінің қысқаша мазмұны, оның мақсаты мен негіздемесі;

      сұрау салуды тиісінше орындау үшін пайдаланылуы мүмкін кез келген басқа да ақпарат.

      3. Сұрау салуға Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органының басшысы (оның орынбасары) немесе ол уәкілеттік берген, сұрау салуларды орындау бойынша үйлестіруші болып табылатын адам қол қояды. Тараптар сұрау салуларға қол қоюға уәкілеттік берілген адамдардың тізбелерімен алмасады.

      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген сұрау салуларға қол қоюға уәкілеттік берілген адамдардың тізбелері өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

      5. Сұрау салудың төлнұсқалығына немесе мазмұнына күдік туындаған кезде қосымша растау сұратылуы мүмкін.

11-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың жылдам және толық орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салынатын Тарап өзінің пікірі бойынша сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.

      Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оны орындауды едәуір кешіктіретін мән-жайлар туралы дереу хабардар етеді.

      2. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау қылмыстық қудалауға немесе оның мемлекетінің аумағында жүзеге асырылып жатқан өзге де іс жүргізуге кедергі болуы мүмкін деп ұйғарса, онда ол сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруға немесе оның орындалуын өзі айқындаған шарттардың сақталуымен байланыстыруға құқылы.

      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау нәтижелері туралы сұрау салушы Тарапқа мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде хабарлайды. Сұрау салуды орындау мерзімі ол келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспауға тиіс.

      4. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да елеулі мүдделеріне зиян келтіруі не заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін деп ұйғарса, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартады.

      Сұрау салушы Тарап бас тарту себептері көрсетіле отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша хабардар етіледі.

12-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың келіп түсу, оның мазмұны мен оған ілеспе құжаттардың келіп түсу, сондай-ақ жәрдем көрсету фактілерінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салуды құпиялылықты сақтап орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ол сұрау салуды осындай жағдайларда орындау-орындамау керектігін шешеді.

      2. Осы Келісімнің негізінде алынған сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған Тараптың келісімінсіз, сұрау салынғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдаланыла алмайды.

      3. Осы Келісімнің негізінде бір Тарап алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін мәліметтерді ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімі талап етіледі.

      4. Осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпарат берілген мақсаттары талап ететін уақыттан ұзақ сақталмайды. Ақпарат Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының құқықтық актілеріне сәйкес жойылуы тиіс.

13-бап

      Осы Келісімді орындауға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы барлық даулы мәселелер олардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

14-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелері олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады.

17-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың әрқайсысы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жібере отырып, оның қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы бір Тарап екінші Тараптан осындай хабарлама алған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.


      20___ жылғы "_____"________ ______________ қаласында қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады