"Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтаждары үшін жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желілерін, біртұтас телекоммуникациялар желілерінің ресурстарын дайындау мен пайдаланудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 164 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 4 желтоқсандағы № 902 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтаждары үшін жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желілерін, біртұтас телекоммуникациялар желілерінің ресурстарын дайындау мен пайдаланудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 164 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 4-5, 53-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, біртұтас телекоммуникация желілерінің ресурстарын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттері үшін әзірлеу мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы;

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн, бiртұтас телекоммуникациялар желiлерiнiң ресурстарын дайындау мен пайдаланудың ережесi осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 902 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 31 қаңтардағы
№ 164 қаулысымен
бекітілген

Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, біртұтас телекоммуникация желілерінің ресурстарын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттері үшін әзірлеу мен пайдалану қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, біртұтас телекоммуникация желілерінің ресурстарын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттері үшін әзірлеу мен пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтажы үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аумақтық қорғаныстың телекоммуникациялар (байланыс) жүйесі –төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде аумақтық қорғаныс әскерлерін басқаруды қамтамасыз ету үшін әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде қолданылатын телекоммуникация желісінің ресурстарын пайдалануға бағытталған ұйымдық-техникалық іс-шаралар кешені;

      2) байланыс арналарын ауыстыру немесе зақымданған жағдайда оларды қалпына келтіру жөніндегі шұғыл шаралар – резервтегі байланыс арналарын, желілерін, құралдарын, қосалқы мүлік пен керек-жарақтарды пайдалануды, жұмыс уақытынан тыс жұмыстарды, түнгі уақыттағы жұмыстарды жүргізуді, жұмыскерлерді демалыстардан және іссапарлардан шақыртуды, басқа ұйымдарды және арнайы құралымдарды тартуды қамтитын байланыс қызметтерін көрсетуді жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар кешені;

      3) басым тәртіппен көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну – кезектен тыс және кезектілік тәртібінде немесе бұрын жасалған шарттардың талаптары бойынша көрсетілетін байланыс қызметтерін алуға құқығы бар барлық мүдделі жеке және заңды тұлғалармен келіспей, байланыс қызметтерін көрсету;

      4) бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстары – ортақ пайдаланылатын, арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілері, ведомстволық, бөлінген, корпоративтік ақпарат беру желілері, теледидарлық және радиохабар тарату желісі иелерінің көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсынуының техникалық және әкімшілік мүмкіндіктері;

      5) ерекше маңызды жұмыстар мен іс-шаралар – мемлекет және үкімет басшыларының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруіне байланысты жұмыстар мен іс-шаралар;

      6) Қазақстан Республикасының қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдары – Қорғаныс министрлігі, ұлттық қауіпсіздік органдары, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі, олардың аумақтық бөлімшелері, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер;

      7) телекоммуникация желілерін дайындау және пайдалану – телекоммуникация желілері арқылы байланыс қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға және пайдаланушылардың мұқтажын қанағаттандыру үшін оларды тікелей көрсетуге бағытталған шаралар кешені.

2-тарау. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының күнделікті мұқтажы үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын пайдалану тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдары телекоммуникация желілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілері, сондай-ақ тиісті лицензиялар негізінде басқа да телекоммуникация желілері пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарына көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну шарт негізінде төлем тәртібі мен мөлшерін, сондай-ақ ұсынылатын қызметтердің көлеміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылады.

      Ведомстволық телекоммуникациялық байланыс желілері мен арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін қосу ортақ тәртіппен техникалық шарттар бойынша және телекоммуникация желілерін қосу иесі беретін қосуға арналған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсынуға шарт техникалық ерекшелік негізінде жасалады, онда техникалық және сапалық сипаттамалардан басқа мыналар көзделеді:

      1) байланыс арналарын, желілері мен құралдарын резервке қоюды қамтамасыз ету;

      2) электр сигналдарын тарату ортасына қойылатын талаптар;

      3) ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;

      4) байланыс арналарын, желілерін, құралдарын уақытша жалға беру қызметтерін көрсету, олардың жұмыс параметрлері мен төлемін өзгерту;

      5) зақымдалған жағдайда байланыс арналарын ауыстыру немесе оларды қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдау;

      6) техникалық қызмет көрсетуді жүргізу үшін байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру.

      5. Уақтылы төлемнің болмауы, сондай-ақ шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарына көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсынуды тоқтата тұру немесе тоқтату үшін негіз болып табылмайды. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін көрсетілген байланыс қызметтерін төлеу нақты көрсетілген байланыс қызметі үшін қосымша келісім негізінде жаңа күнге қолданылатын тарифтер бойынша жүргізіледі.

      Шартты ұзарту, төлемді жүргізу немесе қабылдау объективті себептер бойынша мүмкін болмайтын жағдайлар туындаған кезде қиындықтар туындаған тарап басқа тарапқа тәуекелдер мен тарифтер ескерілген кепілдеме хатты жолдайды.

      6. Арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін құру, басқару, пайдалану, нөмірлеуді бөлу, олардың жұмыс істеуін, ақпарат қауіпсіздігін ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету, трафикті өткізу, өзара іс-қимыл жасау және пайдалануға қабылдау (пайдаланудан алу) шарттарының тәртібін осы желілер мұқтажын қамтамасыз етуге арналған Қазақстан Республикасы уәкілетті мемлекеттік органдарының, Мемлекеттік күзет қызметінің, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының басшылары айқындайды.

      7. Егер шарт талаптарында өзгеше ескерілмесе, арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін байланыс операторларының және (немесе) байланыс желісі иелерінің желілеріне қосу тапсырыс берушінің күштерімен және құралдарымен жүзеге асырылады.

      8. Байланыс арналарын алдын ала шарттар жасамай, сағатпен, уақытпен және уақыттық-кезеңдік жалға беруді байланыс операторлары және (немесе) байланыс желісінің иелері басқа тұтынушылар алдында басымдығы бар осы Қағидалардың 2-тармағының 6) тармақшасында атап көрсетілген пайдаланушылардан келіп түскен өтінімдердің шамасына қарай кезектілік тәртібінде жүзеге асырады.

      9. Ведомстволық іс-шараларды (оқу-жаттығуларды, жаттықтыруларды) жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарына көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну көлемін ұлғайту қолданыстағы шарттар талаптарында өтінімдер бойынша қамтамасыз етіледі. Инфрақұрылым жоқ аудандарда байланыс операторлары мобильді байланыс, ақпараттандыру және хабардар ету кешендерін қолданады.

      10. Арнайы мақсаттағы байланыс желісінің иелері өздерінің ортақ құзыретіне кіретін телекоммуникациялар саласындағы мәселелерді шешу үшін қажет болған кезде белгіленген тәртіппен өздерінің басшылары қол қойған бірлескен бұйрықтар түрінде шешім қабылдайды. Бірлескен шешімдерді және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын орындау бойынша өзара іс-қимыл жасау мемлекеттік органдардың тиісті байланыс бөлімшелері арқылы жүзеге асырылады.

      11. Байланыс операторларының және (немесе) байланыс желісі иелерінің бөлімшелері осы Қағидаларға, осы мемлекеттік органдармен бірлесіп, байланыс саласындағы уәкілетті орган қабылдайтын өзге де құқықтық актілерге сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, тиісті бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасайды.

      12. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтажы үшін шетел мемлекеттерінің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін және арнайы мақсаттағы телекоммуникация желісінің ресурстарын пайдалану халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.

      13. Күнделікті мұқтаж үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарына байланыс операторлары көрсететін қызметтердің көлемі оларда төтенше жағдайлар, терроризмге қарсы операция, төтенше және соғыс жағдайлары, жұмылдыру, соғыс уақыты режимдерін қамтамасыз ету кезінде сақталады.

      14. Қазақстан Республикасының Президентін және басқа да лауазымды адамдарды аса маңызды жұмыстарды және іс-шараларды жүргізу кезеңінде қорғалған байланыспен қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің президенттік байланыс бөлімшелері үшін байланыс желілерін, арналарын, құралдарын бөлу ерекшеліктері байланыс операторлары мен президенттік байланыс саласындағы уәкілетті орган арасындағы жеке бірлескен келісімдермен айқындалады.

3-тарау. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Қазақстан Республикасы қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтажы үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану тәртібі

      15. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін пайдалануға дайындау Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ұйымдарға қатысты талаптарының орындалуын қамтиды.

      16. Республикалық және аумақтық деңгейлердегі азаматтық қорғаудың хабардар ету жүйелерін құру, сондай-ақ жабдыққа техникалық қызмет көрсету, жоспарлы және ағымдағы жөндеу, хабардар ету жүйелерінің байланыс арналарын ұйымдастыру және оларды күтіп ұстау азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Хабардар ету жүйелерінің байланыс арналары ретінде ведомстволық телекоммуникация желісінің ресурстары, ортақ пайдаланылатын, арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілері, ақпаратты берудің корпоративтік, бөлінген, телевизиялық және радиохабар тарату желілері пайдаланылады.

      17. Байланыс операторлары шарт негізінде азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің және оның аумақтық бөлімшелерінің мүдделерінде төлем тәртібі мен мөлшерін, сондай-ақ ұсынылатын қызметтер көлеміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді регламенттейтін Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінде айқындалған ерекшеліктермен көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсынады. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе туындаған кезде азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері басқа пайдаланушылар алдында көрсетілетін байланыс қызметтерін алудың басым құқығын пайдаланады.

      18. Арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің, ақпаратты берудің ведомстволық, бөлінген, корпоративтік, телевизиялық және радиохабар тарату желілерінің ресурстарын ұсыну мемлекеттік органдардың, ведомстволар мен ұйымдардың бірінші басшылары арасындағы бірлескен шешімдер негізінде жүзеге асырылады.

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезеңінде арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің, ведомстволық, бөлінген және корпоративтік телекоммуникация желісінің ресурстары өтінім бойынша азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің мұқтажы үшін ұсынылады.

      19. Объектілік деңгейдегі хабардар ету жүйелерінің жабдығын, оның ішінде аумақтық деңгейдегі азаматтық қорғаудың хабардар ету жүйесінің басқарушы жабдығына дейін құруды, пайдалануды, техникалық қызмет көрсетуді, жоспарлы және ағымдағы жөндеуді, сондай-ақ олардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті байланыс арналарын ұйымдастыруды және күтіп ұстауды қауіпті өндірістік объектілерді, адамдар көп келетін объектілерді пайдаланатын ұйымдар өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      20. Байланыс операторлары "112" бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне қоңырау шалған абоненттің орналасқан жерін айқындау және әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатері төнген немесе қатер туындаған және жойылған, төтенше жағдай енгізілген кезде, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібі мүдделерінде халықтың ұялы байланыс телефондарына қысқа мәтіндік хабарламалар жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну мақсатында Байланыс операторларының желілерін пайдалану қағидаларына сәйкес "112" бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

      21. Телекоммуникация желілерінің және ақпарат жүйесінің иелеріне абоненттердің бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің, өртке қарсы қызмет, құқық қорғау органдары, кезек күттірмейтін медициналық жедел жәрдем қызметтерінің, авариялық-құтқару және басқа да қызметтердің нөмірлеріне, азаматтардың, елді мекендер мен өндірістік объектілердің тіршілік әрекеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік апаттар, ауа райы, санитариялық-эпидемиологиялық және өзге де жағдайлар туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділігін шектеуге тыйым салынады.

      22. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация, телерадиохабар тарату желілерінің, ақпараттандыру объектісінің иелері азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органның өтінімдері бойынша республикалық және аумақтық деңгейлердегі хабардар ету жүйелерінің басқару арналарын циркулярлы шақырудың, бейне- және радиосигналдарды, мәтіндік және электрондық хабарламаларды берудің қолданыстағы жүйелеріне қосады.

      23. Азаматтық қорғау органдарының бөлімшелерімен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарларын жоюға тартылған басқа да ведомстволардың байланысын ұйымдастыру азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға жүктеледі. Осы мақсаттар үшін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган байланыс жоспарын әзірлейді, одан үзінді көшірмелер мүдделі басқару органдарына жеткізіледі.

      24. Байланыс операторлары және (немесе) байланыс желісінің иелері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе туындаған кезде шартты ресімдемей, өтінім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уақытша орналасу пунктіндегі штаб және салдарларды жоюға қатысатын күштер үшін кейіннен шығындарды өтеумен байланыс арналарын, желілері мен құралдарын бөледі.

      25. Арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін қоспағанда, төтенше жағдай жарияланған немесе төтенше жағдай енгізілген кезде бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын орталықтандырылған басқаруды байланыс саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.

      26. Адамдарды құтқару үшін авариялық-құтқару, кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ өте қажет болған жағдайда кәсіби және ерікті авариялық-құтқару қызметтерінің және құралымдарының құтқарушыларына төтенше жағдайлар аймақтарындағы ұйымдардың байланыс құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі. Құтқарушылардың төтенше жағдайлар аймақтарындағы ұйымдардың байланыс құралдарын пайдалануы және оларды қайтару мерзімдері туралы шешімді төтенше жағдайларды жою басшысы қабылдайды.

      27. Оқу-жаттығулар мен жаттықтыруларды өткізу кезінде байланыс операторлары азаматтық қорғау органдарына көрсететін қызметтердің көлемі қолданыстағы шарттардың талаптарында өтінімдермен қамтамасыз етіледі. Дамыған байланыс инфрақұрылымы жоқ аудандарда байланыс операторлары (қажет болған кезде) азаматтық қорғау органдарының иелігіне байланыстың, ақпараттандыру мен хабардар етудің мобильді кешендерін ұсынады.

4-тарау. Терроризмге қарсы операция, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай, төтенше жағдай режимінің қолданысы кезеңінде Қазақстан Республикасы қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтажы үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану тәртібі

      28. Терроризмге қарсы операция, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай, төтенше жағдай режимдерін енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтажы үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының және (немесе) байланыс желісі иелерінің Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған байланыс желілеріне және құралдарына қойылатын талаптарға және тәртіпке сәйкес жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын техникалық жүргізу үшін жеке өзінің немесе өзінің телекоммуникациялық жабдығының қызметіне тартылған қаражат есебінен қамтамасыз етуін ескере отырып жүзеге асырылады.

      29. Жұмыс орындарын, телекоммуникациялық жабдықты, байланыс арналары мен желілерін қамтитын жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің ведомстволық сегменттерін ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін арналған арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілеріне жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын жүзеге асыратын органдар қосылу нүктелері арқылы қосады.

      Қосылу нүктелерін ұлттық қауіпсіздік органдары айқындайды.

      30. Байланыс саласындағы уәкілетті орган ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқаруды жедел штабпен немесе оның өкілі "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті жердің коменданты болып тағайындалған мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл жасай отырып жүргізеді.

      31. Жедел штаб басшысының немесе жергілікті жер комендантының шешімі бойынша байланыс операторлары президенттік және үкіметтік байланысты, сондай-ақ шұғыл қызметтердің байланыс желілері мен құралдарын қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрады және (немесе) байланыс желісі мен құралдарын пайдалануды шектейді.

      32. Телерадиохабар тарату объектілерінің, мемлекеттік органдардың жаһандық және ведомстволық ақпараттық желісінің иелері төтенше жағдай енгізілген жергілікті жер комендантының шешімі бойынша тиісті жергілікті жердің тұрғындарын төтенше жағдай шарттарында қолданылатын енгізілген шараларды және уақытша шектеулерді орындау қажеттілігі туралы хабардар етеді.

      33. Байланыс желілері мен құралдарының иелері теңіздегі, құрлықтағы, әуедегі, ғарыш кеңістігіндегі адамдар өмірінің қауіпсіздігіне қатысты барлық хабарламаларға, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау саласындағы кезек күттірмейтін іс-шараларды, ерекше маңызды жұмыстар мен іс-шараларды жүргізуге, төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға абсолютті түрде басымдық беруге, басым тәртіппен көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсынуға және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге тартылатын мемлекеттік органдардың мүдделерінде байланысты қалпына келтіруге кезек күттірмейтін шаралар қабылдауға тиіс.

      34. Төтенше жағдай енгізілген жергілікті жер комендатурасының аппараты төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды және (немесе) олардың салдарларын жоюға қатысатын мемлекеттік органдар, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастырады. Осы мақсаттар үшін байланыс жоспары әзірленеді, ал тартылатын күштер бір типті байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

5-тарау. Жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтажы үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану тәртібі

      35. Бейбіт уақытта пайдаланушылар байланыс саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен соғыс уақытына арналған байланыс арналары мен құралдарын броньдауды жүзеге асырады.

      36. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің қалааралық және халықаралық байланыс операторы алынған өтінімдер негізінде өзара байланысты телекоммуникация желісінің мүмкіндігін ескере отырып, Соғыс уақытында ұсынылатын байланыс арналарының (жолдарының) тізбелерін әзірлейді және белгіленген тәртіппен оларды өзінің филиалдарына, басқа да байланыс операторларына жеткізеді.

      Пайдаланушылар байланыс құралдары құрамдас арналарда пайдаланылатын барлық байланыс операторларымен және ведомстволық желі иелерімен арналарды жалға алуға шарттар жасасады.

      37. Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын соғыс уақытында пайдалануға дайындау Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жоспары, сондай-ақ мыналар әзірлейтін жұмылдыру жоспарлары негізінде жүргізіледі:

      1) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган;

      2) мемлекеттік органдар;

      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері;

      4) жұмылдыру тапсырыстарын алған байланыс операторлары және ұйымдар.

      38. Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жоспарын және жұмылдыру жоспарын іске асыру үшін жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік органдармен келісу бойынша тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жоспарын әзірлейді. Жұмыстарды орындау және байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі жұмыстар жұмылдыру тапсырыстарымен арналарды жасауға қатысатын операторларға, сондай-ақ байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын ұйымдарға жүктеледі. Жұмылдыру тапсырыстарын орындау тапсырыс берушілер (мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері) мен орындаушылар арасында жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      39. Қорғаныс мүдделерінде жұмыстарды орындау және байланыс қызметтерін көрсету шарттарында сонымен қатар мынадай мәселелер көзделеді:

      1) жұмыстарды орындауды (байланыс қызметтерін көрсетуді) бастау үшін талап;

      2) көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну кезектілігі (кезеңдері);

      3) арнайы құралымдарды құру және оларды ұстау;

      4) жұмылдыру резервтерін құру, оларға қолсұғылмаушылық, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету;

      5) ұйымдардың жұмыс режимдері, сондай-ақ жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты жарияланған кезде байланыс қызметтерін көрсету базисіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

      6) байланыс желілерін басқару орталықтарының өзара іс-қимыл жасау тәртібі;

      7) байланыс қызметтерін көрсетуді төлеу және оның сапасы бойынша өзара міндеттемелер;

      8) орындаушыға байланыс қызметтерін көрсету салдарынан келтірілген шығынды өтеу.

      40. Жұмылдыру тапсырысының көрсетілетін қызметтерін жеткізушіні таңдау мақсатында байланыс операторлары, сондай-ақ байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының сұрау салуы бойынша өндірістік, қаржылық және қоймалық мүмкіндіктер туралы ақпаратты ұсынады.

      41. Жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде соғыс уақытына арналған қосымша арналарды ұсынатын қалааралық және халықаралық байланыс операторларының, жұмылдыру тапсырыстары бар байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмылдыру кезеңіне және соғыс уақытына броньдау қағидаларына сәйкес мамандарды броньдаумен қамтамасыз етіледі.

      42. Соғыс уақытына арналған қосымша арналарды ұсынатын қалааралық және халықаралық байланыс операторларының, байланыс операторларының және жұмылдыру тапсырыстары бар байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуін арттыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері арнайы құралымдарды құрады, оларды ұстауға арналған шығындар республикалық немесе жергілікті бюджеттерден өтеледі, ал жарақтандыру материалдық резервтен жүргізіледі. Одан басқа, мемлекеттік органдар жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде арнайы мақсаттағы байланыс желілерінің жұмысқа қабілеттілігін ұстау және оларды өрістету үшін арнайы құралымдарды құрады.

      Арнайы құралымдар мүдделерінде олар құрылатын мемлекеттік органдар байланыс бөлімшелерінің және байланыс ұйымдарының басшыларына бағынады.

      43. Бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстары негізінде жергілікті атқарушы органдар төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңіне аумақтық қорғаныстың байланыс жүйесін құрады.

      Аумақтық қорғаныстың байланыс жүйесін өрістету барысында мыналар көзделеді:

      1) жоғары тұрған әскери басқару органымен және аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен тұрақты байланысты қамтамасыз ету;

      2) арнайы құралымдар күштерінің жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі;

      3) байланыс мүлкінің резервтерін құру;

      4) байланыс қауіпсіздігі іс-шараларын орындау;

      5) телекоммуникация желілерін басқарудың орталықтандырылған жүйесін құру;

      6) телекоммуникация желілерінде ақпараттық қарсы күрес міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету.

      44. Бейбіт уақытта жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган қалааралық және халықаралық байланыс операторларын, сондай-ақ жұмылдыру тапсырыстары бар байланыс операторларын тарта отырып, әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқу-жаттығуларды өткізеді. Осы мақсаттар үшін байланыс қызметтерін көрсету бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен қолданыстағы тарифтер бойынша жеке төлеммен жүргізіледі.

      45. Жұмылдыру жарияланған, соғыс жағдайы енгізілген кезде және соғыс уақыты кезеңінде қалааралық және халықаралық байланыс операторлары қосымша байланыс арналарын беруді жүзеге асырады, жұмылдыру тапсырыстары бар байланыс операторлары, байланыс желісінің иелері және ұйымдар жұмылдыру жоспарларында көзделген іс-шараларды орындауға кіріседі.

      46. Көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну бойынша жұмылдыру тапсырыстарын орындайтын байланыс операторларының және (немесе) байланыс желісі иелерінің жауынгерлік іс-қимылдар нәтижесінде келтірілген шығындары белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

      47. Жұмылдыру, соғыс жағдайы, соғыс уақыты жарияланған жергілікті жерлерде байланыс саласындағы уәкілетті орган өкілі тиісті әскери басқару органы құрамында жұмылдыру тапсырмасын орындауға кіріседі.

      Қазақстан Республикасының барлық аумағында жұмылдыру, соғыс жағдайы, соғыс уақыты жарияланған кезде байланыс саласындағы уәкілетті орган құзыреті шегінде қорғаныс органдарының жұмылдыру жоспарларын, тапсырмалары мен шешімдерін орындауды қамтамасыз етеді.

      48. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының мұқтажы үшін байланыс операторларының шарттарда көзделмеген байланыс қызметтерін көрсетуі кейіннен қолданыстағы тарифтер бойынша белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен шығындарды өтеумен уақытша жалға алу шарттарында әскери басқару органдарының өкімдері бойынша жүргізіледі.

      Жұмылдыру тапсырыстарын орындайтын байланыс операторларының нұсқауларын басқа операторлар дереу орындайды.

      49. Қорғаныс мұқтажы үшін қажетті байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің байланыс құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реквизициялануға жатады.

      50. Жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған телекоммуникация желілерінің объектілері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың тиісті аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің күзетуіне жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады