Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. "Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 741 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы № Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ 1-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау
Халықаралық қатынастар жүйесі әлемдік тәртіптің өзгеруіне байланысты ұдайы түрленіп отырады. Бұл процесс халықаралық саясаттағы және қауіпсіздік саласындағы, жаһандық нарықтардағы және әлемдік қаржы жүйесіндегі негізгі үрдістерді айқындайды.
Жаһандық иерархиядағы және экономикалық байланыстар жүйесіндегі орын үшін, ресурстарға, технологияларға және өткізу нарықтарына қол жеткізу үшін бәсекелестік күрес айқындаушы трендке айналуда.
Халықаралық құқық жүйесі мен оның институттарының әлсіреуі, өзара сенімдегі дағдарыс, бұрынғы жанжалдардың өршуі мен жаңаларының пайда болуы, қауіпсіздік үшін сын-тегеуріндер мен қатерлердің кең ауқымда пайда болуы осы текетірестің негізгі проблемалары болып табылады.
Бұл ретте қауіпсіздік саласында консенсусқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге лайықталған тетіктер жаһандық күн тәртібіне сәйкес өзектілендіруді талап етеді.
Қазіргі заманғы болмысты ескере отырып, экономикасы серпінді дамып келе жатқан, бейбітшілікті жақтаушы мемлекет ретінде Қазақстан қауіпсіздік пен дамудың жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысып, өңірлік ынтымақтастық жүйесін дамыту үшін алғышарттар жасап және ұлттық мүдделерді прагматикалы түрде қорғай отырып, тәуелсіз сыртқы саясатты жүргізеді.
Қазақстан Республикасы өңірлік және жаһандық деңгейлерде сындарлы, прагматикалық және өзара тиімді ынтымақтастықты қалыптастыруды жалғастыруда.
Қазақстан көпжақты форматта әртүрлі платформалар шеңберіндегі жанжалдарды реттеуге қатысатын проактивті мемлекет мәртебесіне ие болды.
Негіз қалаушы сыртқы саяси қағидаттарды, тәсілдерді, басымдықтарды, сыртқы саясаттың мақсаттары мен міндеттерін жаңа жағдайларда іске асыру құжатты қабылдау қажеттігін айқындайды.
Тұжырымдама елдің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму қажеттіліктеріне, 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және орнықты даму стратегиясында, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларында және мемлекеттік бағдарламаларда баяндалған нұсқауларда көрсетілген мақсаттар мен міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері ескеріле отырып әзірленді.
2-тарау. Халықаралық тәжірибе
Сыртқы саяси тұжырымдамаларды әзірлеу халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.
Құжаттардың халықаралық қызмет бөлігіндегі құрылымы мен шешімдер қабылдау тетіктерінің жұмыс істеуінің жалпы тәртібі мемлекеттік құрылыммен, әлем елдерінің конституциялық және негізгі заңдарының нормативтік-құқықтық ережелерімен, құрылатын халықаралық қатынастар жүйесімен, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, сондай-ақ жаһандық проблемаларды шешу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жетекші акторлармен өзара
іс-қимыл жасасумен айқындалады.
Көптеген шетел мемлекеттерінің сыртқы саяси құжаттарының нақты белгіленген мерзімдік шегі болмайды, оларды қабылдау ел бетбұрысының ауысуына байланысты немесе қажеттілігіне қарай жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы сыртқы саяси құжаттарды әзірлеудің әлемдік практикасының оң тәжірибесін жинақтайды және оны елдің дамуының қазіргі жағдайына бейімдейді.
3-тарау. Қазақстанның сыртқы саясатын дамыту үрдістері мен пайымы
Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты ұдай өзгеріп отыратын әлемдік тәртіп жағдайларында мемлекеттің егемендігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға, халықаралық аренада ұлттық мүдделерді ілгерілетуге, әлемдік қоғамдастықтағы позицияларды нығайтуға және сындарлы ынтымақтастық пен халықаралық құқықтың үстемдігі негізінде әділ халықаралық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстанның сыртқы саяси саласы дамуының пайымы негізгі басымдықтарды қалыптастырады
1. Қазақстанның айналасындағы саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз кеңістік.
Қазақстан Республикасы өңірлік бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму аймағының моделін қалыптастыру үшін жан-жақты күш-жігер жұмсайды.
2. Экономикалық дипломатияны дамыту
Экономиканың орнықты және тиімді өсуін жан-жақты қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шеше отырып, Қазақстан Республикасы:
1) өзінің экономикалық-ресурстық, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, экспорттық және туристік әлеуетін іске асыру үшін өңірлік және халықаралық интеграциялық процестерге белсенді қатысады.
Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін нығайту және арттыру басымдық болып табылады. Қазақстан интеграциялық процесті мемлекеттік (саяси және экономикалық) егемендіктің мызғымастығының, тараптардың мүдделерін тең ескерудің және экономикалық одақтың барлық органдарында тараптардың әділ өкілдік етуінің және шешімдер қабылдауда консенсустық тәсілдің негізін қалаушы қағидаттары сақталған кезде ұстанады;
2) ұлттық экономиканың басым секторларына инвестициялар мен озық технологияларды тарту, оны әртараптандыру және технологиялық жаңғырту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді, осыған байланысты:
инвестициялық қызметті реттеудің ашықтығын арттыру, Қазақстан нарығына шығу және шетелдік инвестициялардың орналастыру тәртібін жеңілдету арқылы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жүзеге асырылуда, әкімшілік кедергілерді жою, инвесторларды қолдаудың жаңа құралдарын енгізу, заңнаманы жетілдіру, инвестициялық преференциялар беру арқылы экспортқа бағдарланған индустрияландыруға, ғылымды қажет ететін жаңа технологияларды енгізуге бағытталған инвестицияларды тарту үшін жағдайлар жасалады,
инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейі арттырылуда, дауларды шешу тетігі жетілдірілуде, инвесторлар үшін салықтық әкімшіліктің ашықтығы мен болжамдылығы артырылуда;
3) шетелде мемлекеттің, қазақстандық жеке және заңды тұлғалардың сыртқы экономикалық мүдделерін дипломатиялық құралдармен ілгерілетуді және қорғауды қамтамасыз етеді, отандық бизнес пен шикізаттық емес экспорттық өнімнің жаңа және дәстүрлі әлемдік нарықтарда қатысуын кеңейту, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер экспорты үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін:
экспорттаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда, экспортты ілгерілету саласындағы үйлестіру жақсартылуда,
көлік және сауда инфрақұрылымы дамытылуда, мультимодальды логистика жетілдірілуде,
қазақстандық экспортты ілгерілетудің географиясы кеңейтілуде,
стандарттар мен тауарларға қойылатын техникалық талаптарды өзара мойындау ілгерілетілуде, жаңа халықаралық және өңірлік стандарттарды әзірлеуге қатысу қамтамасыз етілуде,
қазақстандық тауарлардың экспортына кедергі келтіретін тарифтік және тарифтік емес тосқауылдарды, сондай-ақ қорғау шараларын жою бойынша екіжақты және көпжақты форматта жұмыстар жүргізілуде;
4) халықаралық көлік-коммуникациялық ағындарға, оның ішінде "Еуразиялық трансконтинентальдық дәліз" мультимодалдық көлік дәлізін құру арқылы интеграцияны жалғастырады;
5) халықаралық экономикалық ұйымдар мен қаржы институттарына қатысады және өзінің ұлттық мүдделерін ілгерілетеді;
6) әлемнің барлық елдерінің дамуы үшін тең мүмкіндіктер туғызатын әділ әлемдік валюта-қаржы жүйесін қалыптастыруға қатысады;
7) Дүниежүзілік сауда ұйымы негіз болып табылатын халықаралық сауда жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдеседі;
8) өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерге қатысады;
9) өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке, өндіруші елдер, транзит елдері және энергетикалық ресурстарды тұтынушы елдер мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуге, оларды экспорттаудың әртараптандырылған, тұрақты және қауіпсіз маршруттарын құруға үлес қосады;
10) дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне қатысады.
3. Көпжақты ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Халықаралық Аралды құтқару қоры, "Азия-Еуропа" форумы және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар және көпжақты форумдар жұмысында:
1) өңірлік және жаһандық сипаттағы шешімдерді әзірлеу мен қабылдау процесінде ұлттық мүдделердің ескерілуін қамтамасыз етеді;
2) өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге, оның ішінде Алматы қаласындағы БҰҰ Өңірлік хабының қызметі арқылы сындарлы қатысады және үлес қосады;
3) қазақстандық сыртқы саяси бастамаларды ілгерілетеді;
4) жаһандық және өңірлік дағдарыстарды реттеуге жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізеді, БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысады;
5) өңірлік және халықаралық ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың саяси-құқықтық және ұйымдастырушылық-әкімшілік функцияларын жетілдіруге қатысады;
6) адам құқықтарын көтермелеу және қорғау саласындағы өз заңнамасын жетілдіреді.
4. Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту
Қазақстан жан-жақты қауіпсіздікті нығайтуға және әлемдегі жағдайды тұрақсыздандыруға қарсы іс-қимылға бағытталған халықаралық күш-жігерді дәйекті түрде қолдайды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы:
1) халықаралық қатынастарда сенім ахуалын қалпына келтіруге және нығайтуға жәрдемдеседі;
2) БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын мүлтіксіз ұстанады, мемлекеттер арасындағы саяси диалог пен ынтымақтастық үшін құқық үстемдігінің негізін қалаушы маңызын мойындайды;
3) бірізді мультилатерализмді, тең құқықтылық, келісілген тәсілдер мен жалпыға танылған нормалар негізінде көпжақты өзара іс-қимылды ілгерілетеді;
4) алдын алу дипломатиясы мен медиациясы мүмкіндігіне сүйенетін өңірлік және халықаралық жанжалдар мен дағдарыстарды шешуде кешенді тәсілді қолданады.
Қазақстан мемлекеттер арасындағы барлық дауларды реттеудің негізі бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін тең жауапкершілік, халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына негізделген өзара құрметтеу және ішкі істерге араласпау рухында бейбіт диалог пен сындарлы келіссөздер болуға тиіс екенін негізге алады;
5) қарусыздануға және ядролық қаруды, жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрлерін таратпау режимін нығайтуға үлес қосады. Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың және оның барлық қатысушыларының міндеттемелерін, оның ішінде ядролық қарусыздану бөлігінде қатаң сақтауды жақтайды, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы және ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттардың күшіне тез арада енуіне жәрдемдеседі, ядролық қаруды кез келген мақсатта қолдануға қарсы шығады.
Қазақстан ядролық қаруды жою XXI ғасырда адамзаттың ең маңызды және өзекті міндеті болуға тиіс екенін негізге ала отырып, 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге күш-жігер жұмсайды;
6) жаппай қарулануға дәйекті түрде қарсы әрекет етеді, тыйым салынған қару-жарақты экспорттауға, қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы
іс-қимыл жөніндегі халықаралық күш-жігерді қолдайды;
7) халықаралық терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылда жаһандық және өңірлік күш-жігерді біріктіруге, оның ішінде халықаралық терроризмге қарсы ауқымды коалиция құру және терроризмге, есірткі құралдарының заңсыз айналымына, адам саудасына, ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық құқық пен тетіктерді біріздендіру арқылы жәрдемдеседі;
8) халықаралық ақпарат қауіпсіздігін және кибертерроризмге қарсы күресті қамтамасыз етуде жәрдемдеседі;
9) басқа мемлекеттермен бірлесіп, екіжақты және көпжақты негізде жаһандық және өңірлік деңгейде жаңа сын-тегеуріндер мен қатерлердің барлық спектріне шаралар қабылдауға және қарсы іс-қимыл жасауға қатысады.
5. Қоршаған ортаны қорғау және жаһандық климатты сақтау
Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың өзара іс-қимылын күшейтуді және кеңейтуді қолдайды, осыған байланысты:
1) су, жер, биологиялық және басқа да ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру және оларды басқару, қоршаған ортаның сапасын және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында елдің "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қамтамасыз етеді;
2) Париж келісіміне сәйкес қабылданған міндеттемелерді орындайды;
3) ынтымақтастық пен технологиялар трансфері, біліммен алмасу және қаржы институттары мен жеке сектор тарапының қолдауы арқылы, оның ішінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының қызметі арқылы өңірде және көршілес елдер "жасыл" экономикалық өсуді қамтамасыз етуде Орталық Азия елдерінің және халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруге бағытталған "Жасыл көпір" әріптестік бағдарламасын іске асыруға күш-жігерін салады;
4) постиндустриялық қоғамдағы проблемалардың шешімін іздестіруге бағытталған Жаһандық энергетикалық-экологиялық стратегияны қоса алғанда, экологиялық тұрғыдан тұрақты энергиямен жабдықтау саласында қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтерді әзірлеу мен енгізу жөніндегі бастамаларды ілгерілетеді;
5) шекаралас елдермен бірлесіп, трансшекаралық су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану, тұрақты басқару және қорғау салаларындағы шарттық құқықтық базаны, құралдар мен тетіктерді жетілдіру бойынша жұмыс жүргізеді;
6) бұрынғы Семей ядролық полигоны және Арал теңізі аумақтарын оңалту, шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі халықаралық ұйымдармен және донорлармен ынтымақтастықты жүзеге асырады;
7) Каспий маңы елдерімен бірлесіп, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның, сондай-ақ осы конвенцияға хаттамалардың ережелерін іске асыру бойынша жұмыс жүргізеді;
8) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мәселелерінде екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтады.
6. Сыртқы саясаттың гуманитарлық өлшемін дамыту
Қазақстан әмбебап демократиялық құндылықтардың дәйекті жақтаушысы бола отырып, адам құқықтары мен бостандықтарының қатаң сақталуын қолдайды:
1) шетелдегі Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ шетелдіктер асырап алған, шетелде тұратын қазақстандық балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмыс жүргізеді;
2) шетелдегі өз азаматтарының және отандастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, халықаралық құқық қорғау институттарымен өзара іс-қимылды күшейтуге, визалық рәсімдер мен режимдерді ырықтандыруға бағытталған көпжақты конвенцияларға қосылуды және екіжақты шарттар жасауды жалғастырады;
3) заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қатысады;
4) өшпенділік, нәсілдік кемсітушілік, діни қайшылықтар, экстремизм мен ұлтшылдық негізіндегі қылмыстық актілерге қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерін салады;
5) қылмыстық және азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек, сотталған адамдарды беру туралы екіжақты шарттар жасау бойынша жұмысты жалғастырады;
6) білім, ғылым мен мәдениет, туризм және спорт, жастар саясаты, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру саласындағы көпжақты конвенцияларға қосылу және екіжақты шарттар жасау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты және жұмысты одан әрі жүзеге асырады;
7) Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты одан әрі дамытуға жәрдемдеседі;
8) Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің халықаралық позициясын маңызды диалог алаңы ретінде нығайтады, БҰҰ аясындағы Өркениеттер альянсының қызметіне, сондай-ақ басқа да бастамалар мен форумдардың жұмысына қатысады;
9) Мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығы, сондай-ақ Исламдық татуласу процесі бойынша Қазақстанның бастамалары шеңберінде бейбітшілік пен орнықты дамудың алуан түрлілігін көтермелейді;
10) Қазақстан туралы тарихи және қазіргі заманғы білімді дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді;
11) шетелдегі қазақ қауымдары шоғырланып тұратын жерлерде қазақ тілі мен мәдениетін дамытуды, олардың тарихи Отанымен байланысын сақтауын қолдайды;
12) мемлекеттер арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға жәрдемдесу үшін көпжақты парламентаралық құрылымдар шеңберінде және екіжақты форматта парламенттік дипломатияның әлеуетін пайдаланады;
13) әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және мәдени-гуманитарлық даму салаларында халықтық дипломатия құралдарын қолданады, қазақстандық азаматтық қоғам және үкіметтік емес сектор ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды, оларды халықаралық іс-шараларға қатысуға тартады;
14) сыртқы саяси мақсаттарға қол жеткізу, халықаралық бастамаларды ілгерілету, шет елдермен ынтымақтастықты дамыту үшін цифрлық дипломатия құралдарын, оның ішінде Астана Хаб IT стартаптарының халықаралық технопаркі алаңында кеңінен қолдануға шақырады;
15) өзінің "жұмсақ күш" тұжырымдамасын іске асырады. Тұжырымдама бейбітшілікті жақтаушы сыртқы саясат, саяси және әлеуметтік орнықтылық, орнықты және серпінді экономикалық өсу, этносаралық және конфессияаралық келісім моделінің тиімділігі, инвестициялық климаттың тартымдылығы, бизнес жүргізудің жеңілдігі, инновациялық білім беру сияқты құндылықтарға негізделеді.
Қазақстан негізгі халықаралық мәселелер, сыртқы саяси бастамалар, мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуы жөніндегі өз ұстанымы туралы әлемдік жұртшылықты уақтылы және толық хабардар етуді жүзеге асырады.
Өңірлік және елдік басымдықтар
Қазақстан Республикасы екіжақты және көпжақты деңгейде ынтымақтастықты дамыта отырып:
1) әскери-саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, агроөнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік, энергетикалық, ғарыштық және өзара тиімді іс-қимылдың басқа да салаларында Ресей Федерациясымен одақтастық және тату көршілік қатынастарды, стратегиялық әріптестікті нығайтады;
2) Орталық Азиядағы кооперацияны дамытуға, халықаралық қатынастар жүйесінде өңірдің геосаяси және геоэкономикалық субъектілігін нығайтуға бағытталған күш салады.
Қырғыз Республикасымен, Тәжікстан Республикасымен, Түрікменстанмен және Өзбекстан Республикасымен саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылды белсенді дамытады.
Өңір елдерімен бірлесіп, ішкі және сыртқы қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау үшін күш-жігер салады.
Өңіраралық және шекара маңы кооперациясын дамытуға, инвестициялық өзара іс-қимыл үшін жағдайларды жақсартуға, экономикалардың инновациялық-цифрлық платформаға көшуіне, тарифтік саясатты оңтайландыру және транзиттік тасымалдар кезінде әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, экология проблемаларын бірлесіп шешуге және трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытты жалғастырады;
3) жоғары және биік деңгейлердегі саяси диалог шеңберінде Қытай Халық Республикасымен стратегиялық әріптестікті, энергетикалық, инвестициялық-технологиялық, сауда-экономикалық, транзиттік-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп пайдалану және экология саласындағы өзара іс-қимылды жан-жақты тереңдетеді;
4) Америка Құрама Штаттарымен саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған стратегиялық әріптестікті нығайтуды жалғастырады;
5) Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім негізінде Еуропалық Одақпен қарым-қатынасты дамытады, Қазақстан Республикасының және Еуропалық Одақтың азаматтары үшін визасыз режимге дәйекті көшу перспективасымен визалық режимді ырықтандыру бойынша жұмыс жүргізеді.
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігімен, Мажарстанмен, Германия Федеративтік Республикасымен, Испания Корольдігімен, Италия Республикасымен, Нидерланд Корольдігімен, Польша Республикасымен, Румыниямен, Франция Республикасымен, Швейцария Конфедерациясымен және басқа да Еуропа елдерімен стратегиялық және жан-жақты әріптестікті нығайтады;
6) еліміздің саяси, экономикалық және транзиттік-көлік мүдделері жүйесінде маңызды орын алатын Беларусь Республикасымен, Украинамен және Молдова Республикасымен, сондай-ақ Әзербайжан Республикасымен, Армения Республикасымен және Грузиямен дәстүрлі және өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырады;
7) Түрік Республикасымен экономикалық, көлік, логистикалық, туристік, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты стратегиялық негізде дамытады;
8) Иран Ислам Республикасымен ынтымақтастықты сауда-экономикалық және транзиттік-көлік саласындағы, Каспий теңізінде тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ортақ мүдделер негізінде қалыптастырады;
9) Ауғанстанда ұлттық татуласу мен саяси реттеу мәселелеріндегі халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерін қолдайды, осы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік қатерлерін жоюға қатысады;
10) Шығыс және Оңтүстік Азия, Азия-Тынық мұхиты өңірінің елдерімен және олардың өңірлік бірлестіктерімен сауда-экономикалық, инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға күш-жігер салады.
Жапониямен және Корея Республикасымен ынтымақтастықта жаңа технологияларды тарту, Қазақстанда энергия және су үнемдеу технологияларын, сондай-ақ "жасыл" технологиялар мен цифрландыруды енгізу, білім беру жүйесін дамытуға жәрдемдесу назарға алынады.
Үндістан Республикасымен мемлекетаралық іс-қимылдың барлық салаларында, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, логистикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда стратегиялық ынтымақтастықты дамытады.
Пәкістан Ислам Республикасымен екіжақты сонымен қатар көпжақты форматтағы, атап айтқанда, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және сақтауда өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру арқылы жүзеге асырылатын достық қарым-қатынастарды дамытуды жалғастырады.
Вьетнам Социалистік Республикасымен, Индонезия Республикасымен, Малайзиямен, Сингапур Республикасымен, Таиланд Корольдігімен және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының басқа да мүшелерімен ұзақ мерзімді және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуды жалғастырады;
11) Таяу Шығыс мемлекеттерімен ұқсас тарихи және рухани байланыстарға сүйеніп, Сауд Арабиясы Корольдігімен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Қатар Мемлекетімен, Кувейт Мемлекетімен, Оман Сұлтандығымен, Иордан Хашимит Корольдігімен, Мысыр Араб Республикасымен, Ливан Республикасымен және Бахрейн Корольдігімен өзара мүдделіліктің барлық салаларында әріптестік қарым-қатынастар орнатады;
12) Израиль Мемлекетімен су ресурстарын басқару,
индустриялық-инновациялық даму, ақпарат қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру сияқты салаларда шоғырланған ынтымақтастықты дамытады;
13) Канадамен өзара іс-қимылдың дәстүрлі салаларын нығайтады, әлеуметтік-экономикалық даму үшін басым бағыттар бойынша тәжірибе алмасу және сауда-инвестициялық әріптестікті әртараптандыру бойынша жұмысты ілгерілетеді;
14) Латын Америкасы мен Кариб бассейнінің барлық елдерімен өзара тиімді диалог орнатады, екіжақты ынтымақтастық және өңірлік экономикалық блоктар мен ұйымдар шеңберінде ортақ мүдделерді ілгерілету үшін Бразилия, Мексика, Аргентина, Куба және өңірдің басқа да мемлекеттерімен белсенді өзара іс-қимыл жасайды;
15) Африка континентінің елдерімен қарым-қатынас географиясын кеңейтеді, оның ішінде Африка одағының қызметі шеңберінде саяси және экономикалық өзара іс-қимылды дамытады.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын іске асыру құралдары
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент елдің сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайды және халықаралық қатынастарда Қазақстанды білдіреді.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тарихи миссиясына байланысты оған өмір бойы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыс, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау құқығы берілген. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымен келісіледі.
Қазақстан Республикасының Парламенті еліміздің ең жоғары өкілді органы бола отырып, өзінің конституциялық өкілеттіктері шеңберінде халықаралық шарттарды ратификациялау, олардың күшін жою бойынша заңнамалық жұмыс жүргізеді.
Сыртқы саясат саласында уәкілетті орган болып табылатын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – СІМ) халықаралық қатынастар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келтіру бойынша ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.
Атқарушы органдар жүйесін басқаратын Үкімет республиканың шетел мемлекеттерімен, халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара
қарым-қатынастарын дамытуды қамтамасыз етеді, сыртқы экономикалық саясатты іске асыру, сыртқы саяси іс-шараларды қаржыландыру жөнінде шаралар әзірлейді.
Шет елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялар Қазақстанның мүдделерін ілгерілетудің, бизнес пен мемлекет өзара іс-қимылдарының және шетелдік әріптестермен бірлесіп, екіжақты мүдделерге сай келетін міндеттерді шешудің құралы болып табылады.
Сыртқы саясат және сыртқы экономикалық ынтымақтастық саласындағы нақты міндеттерді шешу мақсатында ведомствоаралық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады. Халықаралық шарттар мен үкіметаралық комиссиялардың шешімдерінен туындайтын уағдаластықтар мен міндеттемелерді іске асыру жөніндегі бағдарламалар мен жоспарлар әзірленеді.
"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес СІМ Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттарын әзірлеуді және Мемлекет басшысының халықаралық бастамаларын іске асыруды жүзеге асырады, сондай-ақ Президент пен Yкiметке тиiстi ұсыныстар береді, сыртқы саяси бағытты iске асыру бойынша жұмысты жүргізеді, орталық атқарушы органдардың шетел мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарындағы қызметiн үйлестiруді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тұрақты негізде өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелерін талдау жөніндегі жұмысты жүзеге асырады, сыртқы саясатты жүзеге асыруға стратегиялық және тактикалық тәсілдемелерді және оны іске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді.
Мемлекеттік органдар осы жұмысты одан әрі пысықтау және тиісті шешімдер қабылдау үшін ел басшылығының қарауына келісілген ұсыныстарды енгізу мақсатында оны СІМ-мен үйлестіреді.
Мемлекеттік органдардың сыртқы саяси салдары болуы ықтимал ішкі сипаттағы қандай да бір шешімдер қабылдауы міндетті түрде СІМ-мен келісіледі.
Қазақстан Республикасы СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды, қоғамды ақпараттандыруын және қоғамдық сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді.
Шетелде Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатын ақпараттық қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару органдарының, іскерлік, ғылыми және қоғамдық топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жұмыс жүргізу маңызды міндет болып табылады.
СІМ басқаратын дипломатиялық қызметтің бірыңғай жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері болып табылады.
Шетелдегі мекемелердің қызметі тікелей аккредиттеу елдерінде немесе халықаралық ұйымдарда Қазақстанның ұлттық мүдделерін, оның азаматтары мен заңды тұлғаларын қорғауға және ілгерілетуге бағытталған.
Шетелдегі мекемелер ақпаратты тұрақты мониторингтеуді, жинау мен талдауды жүзеге асырады, болатын мемлекеттегі оқиғалар туралы СІМ басшылығын уақтылы хабардар етеді және өз құзыреті шеңберінде ұсыныстар енгізеді.
Сыртқы саясат саласындағы міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызмет органдарын одан әрі институционалдық дамытуға: дипломатиялық кадрлар даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға; Қазақстанның шетелде және оның халықаралық ұйымдарда өкілдерінің дипломатиялық қатысуын кеңейтуге; СІМ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-материалдық қамтамасыз етуді жақсартуға ерекше мән береді.
4-тарау. Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының мақсаттары мен міндеттері
Қазақстанның сыртқы саяси күш-жігері мынадай негізгі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:
1) елдің тәуелсіздігін, қорғаныс қабілетін, ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын жан-жақты нығайту;
2) БҰҰ-ның орталық және үйлестіруші рөлі кезінде әділ және демократиялық әлемдік тәртіпті қорғау;
3) Қазақстан халқының тұрмыс деңгейінің үдемелі өсуі, көпұлтты қоғамның бірлігін, құқықтық мемлекет пен демократиялық институттарды нығайту, адамның құқықтары мен бостандықтарын іске асыру үшін халықаралық жасампаз ортаны қамтамасыз ету;
4) Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, "Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды" іске асыру, жоғары технологиялар негізінде жаңғырту және индустрияландыру, инвестициялар тарту, елдің "жасыл" даму жолына кезең-кезеңімен көшуі және әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі үшін қолайлы сыртқы жағдайлар қалыптастыру.
Осы мақсаттарға қол жеткізу мынадай міндеттердің қойылуын және іске асырылуын айқындайды:
1) жаһандық және өңірлік қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігін арттыру;
2) шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету;
3) Қазақстанның экономикалық мүдделерін халықаралық аренада
жан-жақты ілгерілету, ұлттық инвесторлар мен экспорттаушылар мүдделерін қорғау, өңірлік және жаһандық сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне белсенді қатысу;
4) ұлттық-мәдени ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамның одан әрі дамуының өзіндік жолын ұстану;
5) шетелде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке, отбасылық құқықтарын және заңды тұлғаларының іскерлік мүдделерін қорғау;
6) халықаралық қоғамдастыққа қазақстандық "жұмсақ күш" пен ұлттық мәдениетті трансляциялау;
7) шетелдегі қазақ диаспорасына және қазақ тіліне қолдау көрсету;
8) Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын нығайту және әлемдік қоғамдастықта елдің оң бейнесін қалыптастыру, ақпараттық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
5-тарау. Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі қағидаттары
Қазақстан Республикасы өзінің сыртқы саясатын мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:
1) прагматизм, конструктивизм, көпвекторлық және әлемдік аренада ұлттық мүдделерді табандылықпен қорғау;
2) бейбітшілікті жақтау және қолайлы халықаралық орта мен әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыруға жәрдемдесуге бағыт ұстану;
3) басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың үстемдігі негізінде жанжалдарды бейбіт және ұжымдасып шешу;
4) мемлекетаралық қатынастардағы тең құқықтылыққа, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың кең ауқымда қатысуымен жаһандық және өңірлік проблемаларды талқылауға негізделген мультилатерализм;
5) ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде қауіпсіздік пен дамудың ажырамас байланысы;
6) шет елдермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылға сараланған және әртүрлі деңгейлі көзқарас қолданылатын мүдделер теңгерімі.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты ашық және болжамды болып табылады, сабақтастық пен дәйектілікті сақтай отырып, прогрессивті және белсенді сипатқа ие.
6-тарау. Іске асыру кезеңдері және күтілетін нәтижелер
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мерзімсіз сипатқа ие. Тұжырымдаманы іске асыру жоспарлары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі және екі жылда бір рет жаңартылады.
Тұжырымдаманы іске асыру:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін, оның халықаралық беделін нығайтуға;
2) ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға;
3) Қазақстан үшін қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға, әлемнің барлық мемлекеттерімен достық, тең құқылы және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға;
4) ұлттық экономиканы әртараптандыру және цифрландыру негізінде Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа және әлемдік шаруашылық байланыстарға интеграциялануының жоғары деңгейіне қол жеткізуге;
5) өңір мемлекеттерімен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жағдайлар мен алғышарттар жасауға;
6) мәдени-гуманитарлық, ғылыми-білім беру және басқа да аралас салаларда халықаралық ынтымақтастық қарқынын арттыруға;
7) шетелде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке, отбасылық мүдделерін және заңды тұлғалардың іскерлік мүдделерін құқықтық қорғауды күшейтуге ықпал ететін болады.
7-тарау. Тұжырымдаманы солар арқылы іске асыру көзделетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі
1. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы.
2. "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы.
3. "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы.
4. "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы.