"Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 977 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  ЖОБА

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің (бұдан әрі – мемлекеттік фельдъегерлік қызмет) мемлекеттік фельдъегерлік байланыспен қамтамасыз ету саласындағы функцияларды жүзеге асыруына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, оның қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктерін айқындайды.

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) құпия жөнелтілімдер – "Аса маңызды", "Өте құпия" және "Құпия" құпиялылық белгісі бар жөнелтілімдер;

      2) құпия емес жөнелтілімдер – "Қызмет бабында пайдалану үшін", "Үкіметтік", "Қызметтік", "Жасырын", "Бағалы" шектеу белгілері бар жөнелтілімдер;

      3) мемлекеттік фельдъегерлік байланыс көрсететін қызметтер – хат-хабар мен жүктерді қабылдау, жинау, өңдеу, жинақтау, қарулы күзету, сақтау, сүйемелдеу, тасымалдау, жеткізу жөніндегі қызмет;

      4) уәкілетті орган – мемлекеттік фельдъегерлік қызметке қатысты уәкілетті органның функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      5) мемлекеттік фельдъегерлік байланыс – хат-хабар мен жүктерді қабылдауды, жинауды, өңдеуді, жинақтауды, қарулы күзетуді, сақтауды, сүйемелдеуді, тасымалдауды және жеткізуді қамтамасыз ететін үкіметтік курьерлік байланыс;

      6) фельдъегерлік маршрут – мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің мемлекетаралық (қалааралық) және қалалық маршрутта хат-хабар тасымалдау және жеткізу үшін белгіленген жүріс тәртібі;

      7) хат-хабар – адресатқа жеткізілуге (тапсырылуға) тиіс құпия және құпия емес жөнелтілімдер (пакеттер, постпакеттер, жіберілімдер, бумалар, метиздер).

      2-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің мақсаты

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарды мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғай отырып, фельдъегерлік байланыспен қамтамасыз етуге арналған.

      Осы Заңның 3-бабында айқындалған адамдар мен мемлекеттік органдардың хат-хабарына қол сұғылмайды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда тексеріп-қарауға және ұстап қалуға жатпайды.

      Бірыңғай мемлекеттік фельдъегерлік байланыс жүйесін: мемлекеттік фельдъегерлік қызмет, оның құрылымдық бөлімшелері мен филиалдары құрайды.

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет республикалық мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, шынайы атауы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, белгіленген үлгідегі мемлекеттік және орыс тілдерінде мөртаңбалары, бланкілері, өз рәмізі, сондай-ақ шоттары, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес валюталық шоттары бар. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет рәмізін сипаттауды және бекітуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет туралы ережені, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет жұмысын ұйымдастыру және фельдъегерлік байланыс қызметтерін көрсету тәртібін, сондай-ақ фельдъегерлік байланыс көрсететін қызметтерді пайдаланушылардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның жұмысына араласуға тыйым салынады.

      4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылымын уәкілетті орган бекітеді.

      3-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың міндеттері

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Мәжілісі төрағаларының, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Кеңсесі және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Қеңсесі басшыларының атынан немесе олардың атына жөнелтілген шығыс хат-хабарды осы адамдардың болып жатқан орнында, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерде тапсыра отырып жеткізу;

      2) фельдъегерлік байланыс көрсететін қызметтерді пайдаланушылардың тізбесінде айқындалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының және ұйымдардың хат-хабарын жеткізу;

      3) Үкіметаралық фельдъегерлік байланыс туралы келісімге сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының, үкімет басшыларының және мемлекеттік органдардың хат-хабарын жеткізу;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте мәліметтері мемлекеттік құпияларды қамтитын құпия жөнелтілімдерді қарулы күзету және сақтау жөніндегі құзыретті жүзеге асыру;

      5) фельдъегерлік байланысты жүргізуге жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің өзге де міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.

      4-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың құқықтық негізі

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік байланысының құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      5-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік байланысты ұйымдастыру қағидаттары

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс:

      1) заңдылық;

      2) хат-хабарды жеткізу кезінде кепілдік беріп сақтау;

      3) хат-хабарды жеткізу кезінде жеделдік;

      4) фельдъегерлік байланыс жүйесінің ұйымдастырушылық бірлігі;

      5) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды күзету;

      6) дара басшылық пен субординация (бағыныштылық) қағидаттары негізінде құрылады.

      6-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің басшылығы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті уәкілетті органның басшысы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бастығы басқарады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бастығы:

      1) мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бірыңғай жүйесіне басшылықты дара басшылық қағидатында жүзеге асырады;

      2) уәкілетті органның қарауына мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылымы мен штаттарын өзгерту туралы ұсыныс енгізеді;

      3) мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлерін тағайындайды, қызметі бойынша ауыстырады, қызметтен босатады, тәртіптік жаза қолданады, көтермелейді және марапаттайды;

      4) уәкілетті органның басшысына мемлекеттік фельдъегерлік қызмет бастығының орынбасарлары лауазымына тағайындауға ұсыныс енгізеді;

      5) мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмысы туралы уәкілетті органның басшысы алдында есеп береді;

      6) мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің атынан өзінің өкілеттіктері шегінде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің барлық құрылымдық бөлімшелері мен филиалдарының орындауы міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      7) өзінің орынбасарларына, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылымдық бөлімшелері мен филиалдарының басшыларына өкілеттік береді;

      8) мемлекеттік органдарда және халықаралық ұйымдарда мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің атынан өкілдік етеді;

      9) мемлекеттік фельдъегерлік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өзінің алдына қойылған міндеттерді мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы орындайды.

      2. Фельдъегерлік байланыс көрсететін қызметтерді пайдаланушылардың тізбесіне кіретін мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық органдары өз өкілеттіктері шегінде хат-хабарды жеткізуді ұйымдастыруда және оны кепілдік беріп сақтау жағдайларын қамтамасыз етуде мемлекеттік фельдъегерлік қызметпен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне хат-хабарды жеткізу жөніндегі өздерінің міндеттерін атқару кезінде көмек көрсетуге міндетті.

      Өзара іс-қимыл жасау мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің және тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен шешімдерімен айқындалады.

      3. Қалааралық облысішілік, қалааралық, облысаралық және халықаралық жүру маршруттары бойынша ұдайы тасымалдауды жүзеге асыратын көлік ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету мүмкіндігі болмауынан басқа жағдайларда, хат-хабарды тасымалдауға шарт жасасудан бас тартуға құқылы емес.

      2-тарау. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің өкілеттіктері

      8-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің міндеттері

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өзінің алдына қойылған міндеттерге сәйкес:

      1) мемлекеттік органдардың және осы Заңның 3-бабында айқындалған тұлғалардың хат-хабарын жеткізуді ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге;

      2) хат-хабарды жеткізуді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін фельдъегерлік маршруттар желісін белгілеуге және жетілдіруге;

      3) жеткізілетін хат-хабарды қарулы күзету және сақтау жөніндегі, оны сақтауды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда жоюға дейінгі іс-шараларды жүзеге асыруға;

      4) өз қызметінде мемлекеттік құпиялардың және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын қамтамасыз етуге;

      5) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеу үшін мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмылдыру даярлығын қамтамасыз етуге;

      6) өз құзыреті шегінде Үкіметаралық фельдъегерлік байланыс туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің фельдъегерлік қызметтерімен өзара іс-қимыл жасауға;

      7) мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің кәсіби қызметтік және дене даярлығын ұйымдастыруға;

      8) мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыруға міндетті.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің өзге міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.

      9-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құқықтары

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметке жүктелген міндеттерді орындау үшін оған:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін хат-хабарды қабылдау және жеткізу тәртібін, оның шекті көлемдерін, нормалары мен түрлерін әзірлеу;

      2) көлікте белгіленген тарифтер бойынша әуе, темір жол, автомобиль және көліктің өзге де түрлерінің қолданыстағы маршруттары бойынша хат-хабарды және оларды алып жүретін қызметкерлерді тасымалдау;

      3) шарт негізінде хат-хабарды және оларды алып жүретін қызметкерлерді уақытша орналастыру үшін, меншік нысанына қарамастан, көлік саласында, әуежайларда, темір жолдарда, теңіз және өзен вокзалдарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың жекелеген үй-жайларын пайдалану;

      4) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, көлікте белгіленген тарифтер бойынша төлеп, көліктің барлық түрлеріне жол жүру құжаттарын кезектен тыс брондау және сатып алу құқығы беріледі. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қарулы қызметкерлерін әуе, теңіз, өзен кемелеріне және поездарға отырғызу жолаушыларды жалпы отырғызу басталғанға дейін жүзеге асырылады;

      5) автомобильдерді жасырын сипаттағы көк және қызыл түсті жарқылдауық маякпен, арнайы дыбысты сигналдармен және байланыс құралдарымен жарақталған қандай да бір айырым жазбаларсыз және арнайы түрлі-түсті графикалық бояусыз пайдалану құқығы беріледі. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің автомобиль көлiгi құралдары қандай да бiр айырым жазбаларсыз "арнаулы" санатқа жатқызылады және соғыс жағдайын енгiзу немесе соғыс уақытын жариялау жағдайларын қоспағанда, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзу кезiнде не табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай болған кезде оларды Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің келiсiмiнсiз мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк ұйымдардың мүдделерiне пайдалануға болмайды;

      6) хат-хабарды жеткізу кезінде, өз құзыреті шегінде, кепілдік беріп сақтауды қамтамасыз ету үшін арнаулы қорғау және байланыс құралдарын пайдалану құқығы беріледі. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет пайдаланатын арнаулы қорғау және байланыс құралдары, сондай-ақ оларды қолдану әдістері адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге, сондай-ақ қоршаған ортаға залал келтірмеуге тиіс;

      7) фельдъегерлік байланыс көрсететін қызметтерді пайдаланушылардың тізбесіне сәйкес ұйымдарға хат-хабарды жеткізу жөніндегі жұмысты шарт негізінде жүргізу құқығы беріледі.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің өзге де құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.

      3-тарау. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің кадрлары

      10-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет кадрларының құрамы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің кадрлық құрамын ішкі істер органдарының кадрларында тұратын қызметкерлер мен жұмыскерлер құрайды. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері атыс және өзге де қарумен, арнаулы қорғау және байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлерінің штат санын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      11-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің қызмет өткеру тәртібі мен талаптары "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында регламенттеледі.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбек қатынастары ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген ерекшеліктерімен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде реттеледі.

      3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.

      12-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің жұмыскерлері

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет жұмыскерлерінің еңбек қызметі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.

      13-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің құқықтық жағдайы

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде билік өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері арнаулы құралдарды, атыс және өзге де қаруды алып жүруге, сақтауға және қолдануға, дене күшін, оның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға құқығы бар. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің арнаулы құралдарды, атыс және өзге де қаруды және дене күшін қолдану тәртібі "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

      3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкеріне оның жеке басы мен өкілеттіктерін растау үшін қызметтік куәлік беріледі.

      4. Қызметтік іссапарға жіберілген мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері көліктің барлық түрлеріне жол жүру құжаттарын кезектен тыс сатып алу құқығын пайдаланады.

      5. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің заңды талаптарын орындамау, оның өз қызметтік міндеттерін орындауына кедергі жасау, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, оның өміріне, денсаулығы мен мүлкіне қауіп төндіру, зорлық-зомбылық жасау немесе қол сұғу, сондай-ақ олардың қызметтік жұмысын жүзеге асырумен байланысты олардың отбасы мүшелерінің, жақын туысқандарының өміріне, денсаулығына, ар-намысына, қадір-қасиетіне және мүлкіне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      6. Заңға көрінеу қайшы келетін бұйрықтар немесе нұсқаулар алған кезде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкері заңды басшылыққа алуға міндетті.

      7. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген шектеулер, міндеттер мен тыйым салулар қолданылады.

      8. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қолданыстағы заңнамада көзделген шекте және тәртіппен:

      1) қызметтік куәлікті көрсету арқылы кедергісіз, ақысыз және бірінші кезекте, оның ішінде мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің көлік құралдарымен мемлекеттік органдарға, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға хат-хабарды жеткізу орындарына, әуе кемелерінің, теміржол құрамдарының, автомобиль, теңіз және өзен көлігі тұрағының орындарына кіруге;

      2) халықаралық және республикаішілік қатынастар үшін белгіленген жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлік ұйымдарына тиесілі барлық көлік құралдарына жолаушылар жаппай отырғызылғанға дейін қолға алып жүретін жауынгерлік атыс және суық қару-жарағымен кедергісіз отыруға құқығы бар. Бұл ретте мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әуе көлігінде қару алып жүру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;

      3) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері үшін көзделген өзге де құқықтары бар.

      14-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің жеке қауіпсіздігінің және құқықтық қорғалуының кепілдігі

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкері хат-хабарды жеткізу жөніндегі қызметтік міндеттерін орындау кезінде хат-хабарды жеткізу орнына бара жатқан уақытында оны әкімшілік ұстауға, сондай-ақ жеке тексеріп-қарауға және ол пайдаланатын арнаулы көлік құралдарын тексеріп-қарауға жол берілмейді.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залал, сондай-ақ мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындауымен байланысты оның отбасы мүшелері мен жақын туысқандарының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залал бюджет қаражатынан толық көлемде өтеліп, кейіннен бұл сома залал келтірген адамнан өндіріп алынады. Залалды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      15-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің жауапкершілігі

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері заңға қайшы әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық және материалдық жауапкершілікте болады.


      4-тарау. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

      16-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

      1. Осы Заңда белгіленген мемлекеттік фельдъегерлік қызметте қызмет атқарудың ерекше сипаты және қызметкерлердің жауапкершілігі қосымша әлеуметтік құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкері қызмет бабымен орын ауыстырған және жоғарылаған кезде оның бiр елді мекеннен елу километрден асатын қашықтықтағы екiншi елді мекенге көшуiне байланысты қызметкердің өзiне екi айлық ақшалай қаражат мөлшерінде және онымен бiрге көшкен әрбiр отбасы мүшесiне жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленедi.

      Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкері қызмет бабымен ауысқан және жоғарылаған кезде оған он тоннаға дейінгі жеке мүлкін тасымалдау үшін, сондай-ақ онымен бiрге көшкен отбасы мүшелерiн қоса алғанда, теміржол, су, автомобиль көлігімен жол жүргені үшін шығындары мемлекет есебінен өтеледі.

      Қызмет бабымен ауысқан және жоғарылаған кезде көтерме жәрдемақыға, көлікпен жол жүру үшін және жеке мүлкін тасымалдағаны үшін шығындары өтелуге құқығы бар мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлері лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      3. Қызмет өткеру кезеңінде мемлекеттік наградалармен – ордендермен наградталған мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне қызметтен босатылған кездегі біржолғы жәрдемақы мөлшері ақшалай қаражаттың
екі айлықақысына арттырылады.

      4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза болған, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінен кезектен тыс орын береді.

      17-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері мен зейнеткерлерін әлеуметтік қорғаудың өзге де шаралары

      Хат-хабарды әуе көлігінде жеткізу жөніндегі қызметтік міндеттерді атқаратын мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын жеңілдікпен есептеуге құқығы бар.

      5-тарау. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      18-бап. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет жұмысын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті қарумен, оқ-дәрілермен, арнаулы құралдармен, заттай мүлікпен қамтамасыз ету ішкі істер органдары үшін белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылымдық бөлімшелерін немесе қызметкерлерін орналастыру кезінде осы Заңның 3-бабында айқындалған органдардың тікелей үй-жайларында оларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оның ішінде осы органдардың фельдьегерлік байланыс қызметтеріне қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті үй-жай, көлік құралдары мен байланыс құралдарын бөлу осы органдардың қаражаты есебінен оларды беру, ұстау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің бюджет қаражаты есебінен құралған және сатып алынған мүлкі мемлекеттік меншік болып табылады. Осы мүлікті оралымды басқаруды мемлекеттік фельдъегерлік қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      6-тарау. Қорытынды ережелер

      19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.     

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады