"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 28 желтоқсандағы № 1004 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-1, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-1, 101-құжат; № 19-II, 102, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-1, 124, 125-құжаттар; № 21-11, 130-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-1, 140, 141, 143-құжаттар; № 22-ІІ, 144, 145, 148-құжаттар; № 22-ІІІ, 149-құжат; № 22-V, 152, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 22-VII, 161-құжат; № 23-1, 166, 169-құжаттар; № 23-ІІ, 172-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 9-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-1, 49, 50-құжаттар; № 7-ІІ, 53, 57-құжаттар; № 8-1, 62, 65-құжаттар; № 8-ІІ, 66, 67, 68, 70, 72-құжаттар; № 12, 87-құжат; № 22, 116-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126, 131-құжаттар; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 9, 17, 18, 21, 22-құжаттар; № 12, 34-құжат; № 14, 49, 50, 54-құжаттар; № 15, 55-құжат; № 16, 56-құжат; № 22-ІІІ, 109-құжаг; № 23-ІІІ, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 114, 115-құжаттар; 2018 ж., № 1, 4-құжат; № 7-8, 22-құжат; № 9, 27-құжат; № 10, 32-құжат; № 11, 36, 37-құжаттар; № 12, 39-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 44-құжат; № 15, 46, 49, 50-құжаттар; № 16, 53-құжат; № 19, 62-құжат; № 22, 82-құжат; № 23, 91 -құжат; № 24, 93, 94-құжаттар; 2019 ж., № 1, 2, 4-құжаттар; № 2, 6-құжат; № 5, 6, 27-құжаттар, № 7, 36, 37-құжаттар, № 8, 45-құжат):

      2) 407-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "407-бап. Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасын бұзу

      1. Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасын:

      1) жеке және заңды тұлғалардың бонитирлеуден немесе индекстік бағалаудан өтпеген асыл тұқымдық өнімді (материалды) өткізуі;

      2) жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымдық куәлік бермей асыл тұқымдық өнімді (материалды) өткізуі;

      3) бюджеттік субсидияларды алған жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың актілерін орындамауы;

      4) Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген асыл тұқымды малдардан алынған ұрықтар мен эмбриондарды өткізу;

      5) жеке және заңды тұлғалардың бонитирлеуден немесе индекстік бағалаудан өтпеген асыл тұқымды малдарды өсімін молайту мақсатында пайдалануы;

      6) жеке және заңды тұлғалардың жануарларды бонитирлеу немесе индекстік бағалау нәтижелерін бұрмалауы түрінде жасалған бұзушылық, -

      жеке тұлғаларға - он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік), сол сияқты осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соққан бұзушылықтарды жоймау, -

      бұзушылықты жойғанға дейін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметті тоқтата тұруға әкеп соғады.";

      2) 684-баптың бірінші бөлігінде:

      "407 (екінші және үшінші бөліктерінде)" деген сөздер "407 (екінші белігінде)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 704-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлар құқылы.";

      4) 804-баптың бірінші бөлігінің 19) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның (407 (екінші бөлігі) және 462-баптар);".

      2. "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 16, 220-құжат; 2001 ж., № 23, 318-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; 2008 ж., № 15-16, 60-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 2, 16-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013., № 9, 51-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-1, 19-11, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-IV, 113-құжат; № 22-11, 145-құжат; № 22-VII, 161-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат):

      1) 1-бапта:

      6), 7), 8), 9) және 10) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      6) асыл тұқымдық құндылық - асыл тұқымды жануардың, асыл тұқымды табынның селекцияланатын белгілерінің деңгейі және оларды ұрпағына беру мүмкіндігі;

      7) асыл тұқымды жануар - өсіру үшін пайдаланылатын, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен асыл тұқымды малдарды есепке алу тізілімінде тіркелген және оны өткізген жағдайда асыл тұқымдық куәлігі (сертификаты, паспорты) бар ауыл шаруашылығы малы;

      8) малдың карточкасы - уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ресімделетін, малдың шығу тегі және өнімділік сапалары туралы деректерді қамтитын шаруашылық ішіндегі бастапқы есепке алу нысаны;

      9) асыл тұқымды малдардың мемлекеттік тізілімі - асыл тұқымды мапдардың сандық, сапалық және тұқымдық құрамы туралы деректер жиынтығы;

      10) асыл тұқымды малдардың ұрығын өткізу жөніндегі дистрибьютерлік орталық (бұдан әрі - дистрибьютерлік орталық) - бағаланған асыл тұқымды тұқымдық малдардың ұрығын және эмбриондарды сатып алумен, сақтаумен және өткізумен айналысатын заңды тұлға;";

      11-1) тармақша алып тасталсын;

      13), 15), 16) және 20) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) асыл тұқымдық орталық - асыл тұқымды тұқымдық малдарды күтіп-бағумен, олардың ұрығын, эмбриондарды алумен, жинақтаумен, сақтаумен және өткізумен айналысатын заңды тұлға;";

      "15) асыл тұқымды өнім (материал) - асыл тұқымды мал, оның ұрықтары, эмбриондар, құртшабақтар, балара пакеттері; ";

      "16) асыл тұқымды тұқымдық мал - жануардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды малдың еркек дарағы;";

      "20) ауыл шаруашылығы малдары (бұдан әрі - малдар) - мал шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы өнімін алу мақсатында өсірілетін малдар;";

      23-1), 23-2), 23-3), 23-4), 27), 33), 34), 36-1), 39), 41) және 44) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23-1) бонитер (сыныптаушы) - малдарды бонитирлеу қызметін көрсететін жеке тұлға;

      23-2) бонитирлеу - уәкілетті орган бекіткен нұсқаулықта айқындалған шаруашылыққа пайдалы белгілер кешені (тұқымдылығы, өнімділік сапасы, сыртқы тұрпаттық-бітімдік ерекшеліктері) бойынша жануарларды кешенді бағалау;

      23-3) бірінші санаттағы асыл тұқымды ірі қара мал - тұқым (кросс) стандартына сәйкес келетін, тегінің кемінде үш буыны бойынша ақпараты, әкесі жағынан шығу тегі молекулярлық генетикалық сараптама негізінде расталған және республикалық палатада тіркелген таза тұқымды ірі қара мал;

      23-4) екінші санаттағы асыл тұқымды ірі қара мал - тұқым (кросс) стандартына сәйкес келетін, әкесі жағынан тегінің кемінде үш буыны бойынша ақпараты бар және республикалық палатада тіркелген таза тұқымды ірі қара мал;";

      "27) индекстік бағалау - уәкілетті орган бекіткен тәртіппен айқындалған шаруашылыққа пайдалы белгілері бойынша малдың асыл тұқымдық құндылығын айқындау әдісі;";

      "33) селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс - ауыл шаруашылығы малдарының асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттерін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар кешені;";

      "34) селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасы - уәкілетті орган айқындаған оператор жүргізетін, малдардың табындарын жетілдіру және генетикалық әлеуетін арттыру үшін пайдаланылатын, селекциялық процеске тартылған малдар туралы деректерді жинаудың, жинақтаудың және өңдеудің автоматтандырылған жүйесі;";

      "36-1) таза тұқымды жануар (кросс) - тұқым стандартына сай келетін, өсіру үшін пайдаланылатын мал;";

      "39) ұрықтандырушы техник - ауыл шаруашылығы малдарын қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметті көрсететін жеке тұлға;";

      "41) тұқым (кросс) стандарты - республикалық палаталар бекітетін, фенотиптік және өнімділік көрсеткіштері бойынша тиісті тұқымдағы (кростағы) малдар үшін қойылатын ең төменгі талаптар;";

      "44) эмбриондарды трансплантаттау (ауыстырып салу) жөніндегі маман - жоғары өнімді асыл тұқымды малдардың эмбриондарын алу, криоконсерваттау және ауыстырып салу жөніндегі қызметті көрсететін жеке тұлға;";

      мынадай мазмұндағы 45), 46), 47) және 48) тармақшалармен толықтырылсын:

      "45) молекулалық генетикалық сараптама - малдардың шығу тегінің дұрыстығын бағалау және генетикалық ауытқуларды анықтау мақсатында жүзеге асырылатын оның биологиялық материалын зерттеу кешені;

      46) таза қанды мал - тұқым бекітілген кезден бастап оны шығару кезінде бір тұқым пайдаланылған мал;

      47) будан мал - екі немесе одан да көп тұқымдарды төртінші буынға дейін шағылыстыру арқылы алынған мал;

      48) мамандандырылған зертхана - ұлттық стандарттарға сәйкес малдардың тұқымдық шығу тегін растау немесе тұқым қуалайтын ауруларын анықтау үшін оларға молекулалық генетикалық сараптама жүргізетін заңды тұлға.";

      2) 7 және 8-баптар алып тасталсын;

      3) 10-бапта:

      3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;

      4) республикалық палаталар;";

      мынадай мазмұндағы 5) және 6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5) асыл тұқымды малдар өсіруді жүзеге асыратын, сондай-ақ асыл тұқымды өнімді (материалды) пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар;

      6) бонитерлер (сыныптаушылар), ұрықтандырушы техниктер, эмбриондарды трансплантаттау (ауыстырып салу) жөніндегі мамандар кіреді;";

      4) 11-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;";

      5) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "12-бап. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік басқару органдары

      Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік басқару органдарына асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелері бар ведомствосын қоса алғанда, уәкілетті орган жатады.";

      6) 13-бапта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) малдарды түрлері мен өнімділік бағыттары бойынша бонитирлеу жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2), 4-3), 4-4) және 4-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4-1) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы республикалық палаталардың қызметіне әдістемелік басшылықты жүзеге асырады;

      4-2) малдарға индекстік бағалау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4-3) малдарға молекулалық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4-4) асыл тұқымды тұқымдық бұқаларға ұрпақтарының сапасы бойынша тексеру және бағалау және (немесе) өз өнімділігі бойынша сынақ жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4-5) асыл тұқымды жылқыларды ипподромдарда сынақтан өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      10) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлар туралы ережені әзірлейді және бекітеді;";

      "13) асыл тұқымды малдың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      13-1), 13-2), 16) және 18) тармақшалар алып тасталсын;

      20), 26) және 31-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "20) асыл тұқымды малдардың мемлекеттік тізілімін жүргізуді және жариялауды жүзеге асырады және оның нәтижелері туралы мүдделі адамдарды хабардар етеді;";

      "26) мыналарды:

      асыл тұқымдық өнімнің (материалдың) әр түріне субсидиялар нормативтерін;

      асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау тәртібін;

      мал шаруашылығы салалары бойынша асыл тұқымдық өнімді (материалды) есепке алу нысандарын;

      асыл тұқымдық өнімнің (материалдың) барлық түрлеріне асыл тұқымдық куәліктердің нысандарын және оларды беру (жою) тәртібін;

      асыл тұқымдық өнім (материал) мәртебесін беру (тоқтата тұру, күшін жою) тәртібін;

      малдың карточкасын толтыру нысаны мен тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      31-1) тармақша орыс тілінде жаңа редакцияда жазылады, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді;

      7) 14-баптың 2), 3) және 4) тармақшалары алып тасталсын;

      8) 15-бап алып тасталсын;

      9) 16-баптың 3), 4) және 5) тармақтары алып тасталсын;

      10) 16-1-баптың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) асыл тұқымды малдың мемлекеттік тізілімін жүргізу;";

      11) 16-2-бап алып тасталсын;

      12) 16-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "16-3 бап. Асыл тұқымдық өнімді (материалды) есепке алу

      Асыл тұқымдық өнім (материал) селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасында және/немесе уәкілетті орган бекіткен есепке алу нысаны бойынша қағаз жеткізгіштерде есепке алынуы тиіс.

      Асыл тұқымды малдардың саны, сапасы мен өнімділігі туралы деректер асыл тұқымды малдардың мемлекеттік тізіліміне малдардың түрлері мен тұқымдары бойынша енгізіледі.

      Асыл тұқымды малдың шығу тегі, өнімділігі және өзге де салалары бойынша неғұрлым құндылары туралы деректер асыл тұқымдық кітапқа енгізіледі.

      Асыл тұқымдық кітапқа және асыл тұқымды малдардың мемлекеттік тізіліміне енгізілген деректер мүдделі тұлғалар үшін қолжетімді болып табылады.

      Малдардың шығу тегін, өнімділік және өзге де сапаларын растау мақсатында жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша есепке алуды жүргізеді.";

      13) 16-5-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "16-5-бап. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулер

      Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу ұйымдары жүзеге асырады. Көрсетілген ұйымдар уәкілетті органмен бірлесе отырып:

      1) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаларды;

      2) малдарды түрлері және өнімділік бағыттары бойынша бонитерлеу жөніндегі нұсқаулықтарды;

      3) асыл тұқымдық өнімді (материалды) бағалау мен генетикалық бақылауға арналған әдістемелер мен техникалық құралдарды;

      4) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын, оның ішінде селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты ақпараттық қамтамасыз ету жүйелерін;

      5) малдарға индекстік бағалау жүргізу қағидаларын;

      6) малдарға молекулалық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын;

      7) асыл тұқымды тұқымдық бұқаларға ұрпақтарының сапасы бойынша тексеру және бағалау және (немесе) өз өнімділігі бойынша сынақ жүргізу қағидаларын;

      8) асыл тұқымды жылқыларды ипподромдарда сынақтан өткізу қағидаларын әзірлеуді жүзеге асырады.";

      14) 4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Асыл тұқымдық өнімді (материалды) тану және пайдалану, оны бонитирлеу және индекстік бағалау";

      15) 17-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) республикалық палата берген асыл тұқымдық өнім (материал) мәртебесі бар;";

      16) 18, 19 және 20-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "18-бап. Асыл тұқымдық өнімді (материалды) пайдалану

      Асыл тұқымды малдардың ұрықтары мен эмбриондары, егер:

      1) Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық палаталарда тіркелген асыл тұқымды малдардан алынған;

      2) оларды идентификациялауға мүмкіндік беретін таңбасы болған;

      3) асыл тұқымдық куәліктері болған жағдайда пайдаланылады.

      Таңбасы жоқ ұрықтар мен эмбриондарды өткізуге жол берілмейді.

      Тұқымның өсімін молайту үшін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен бонитирлеуден немесе индекстік бағалаудан өткен тұқымдық малдар ғана пайдаланылады.

      Асыл тұқымды малдар алынған шаруашылықтар туралы деректерді сақтау мақсатында зауытшылар туралы мәліметтер асыл тұқымдық куәліктерде көрсетіледі.

      19-бап. Малдарды бонитирлеу және индекстік бағалау

      Республикалық палатада тіркелген асыл тұқымды малдар уәкілетті орган бекітетін нұсқаулықтар мен қағидаларға сәйкес бонитирленуі немесе индекстік бағалануы тиіс.

      Бонитирлеуден немесе индекстік бағалаудан өтпеген асыл тұқымды малдарды асыл тұқымдық мақсаттарда өткізуге жол берілмейді.

      Малдарды, тұқымдық жақсарту және будан мал алу үшін пайдаланылатын тұқымдық малдардан басқа, таза тұқымды және асыл тұқымды малдарды алу үшін іріктеп алынған асыл тұқымды тұқымдық малдар ұрпағының сапасы бойынша тексерілуге және бағалануға және (немесе) өз өнімділігі бойынша сыналуға жатады.

      20-бап. Асыл тұқымды тұқымдық малдарды ұрпағының сапасы бойынша тексеру және бағалау және (немесе) өз өнімділігі бойынша сынау

      Тұқымды өз төлінен өсіру үшін іріктелген асыл тұқымды тұқымдық малдар ұрпағының сапасы бойынша тексерілуге және бағалануға және (немесе) өз өнімділігі бойынша сыналуға жатады.

      Асыл тұқымды тұқымдық малдарды ұрпағының сапасы бойынша тексеру және бағалау және (немесе) өз өнімділігі бойынша сынау уәкілетті орган бекітетін тәртіппен жүргізіледі.";

      17) 4-тарау мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:

      "21-1-бап. Молекулалық генетикалық сараптама

      1. Молекулалық генетикалық сараптама Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мамандандырылған зертханаларда жүзеге асырылады. Молекулалық генетикалық сараптама нәтижелерін селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасына мамандандырылған зертханалар енгізеді.

      Асыл тұқымды малдарды өсіруді жүзеге асыратын, сондай-ақ асыл тұқымды өнімді (материалды) пайдаланатын, молекулалық генетикалық сараптама жүргізуге тапсырыс беруші болып табылатын жеке және (немесе) заңды тұлғалар молекулалық генетикалық сараптама жүргізуге ақы төлейді.

      2. Молекулалық генетикалық сараптаманың теріс қорытындысын алу тапсырыс берушіні басқа мамандандырылған зертханаларға молекулалық генетикалық сараптама жүргізу үшін қайта жүгіну құқығынан айырмайды.

      3. Тапсырыс берушінің:

      1) молекулалық генетикалық сараптаманың кез келген кезеңінде өтінімді кері қайтарып алуға;

      2) молекулалық генетикалық сараптама барысында туындаған мәселелерді қарауға қатысуға құқығы бар.

      4. Тапсырыс беруші:

      1) биологиялық материал үлгілерін іріктеп алуға және мамандандырылған зертханаларға жеткізуге;

      2) ілеспе құжаттаманы тиісті түрде ресімдеуге және мамандандырылған зертханаларға беруге;

      3) молекулалық генетикалық сараптама жүргізу құнын, оның ішінде малдардың шығу тегі расталмаған жағдайда да төлеуге;

      4) генетикалық зерттеулер жүргізу үшін мамандандырылған зертханаларға берілетін биологиялық материалдар үлгілерінің жиналуын бақылауға және үлгілерді кездейсоқ, қасақана емес және қасақана ауыстыру жағдайларын болдырмау үшін үлгілердің адал жиналуын қамтамасыз етуге;

      5) орамалардағы жазбалар мен идентификаторлардың және беріліп отырған барлық ілеспе құжаттардың көрсетілген идентификаторлары бар нақты малдарға сәйкес келуіне кепілдік беруге міндетті.

      5. Мамандандырылған зертхананың:

      1) егер, тапсырыс беруші берген үлгілер тапсырыс беруші табыс еткен ілеспе құжаттарға сәйкес келмесе, қызмет көрсетуді толық көлемде не ішінара орындаудан бас тартуға;

      2) тапсырыс беруші осы баптың 4-тармағының 4) және 5) тармақшаларында санамаланған міндеттемелерді орындамаған жағдайда, қызметтерді толық көлемде немесе ішінара көрсетуден бас тартуға құқығы бар.

      Мамандандырылған зертхана тапсырыс беруші берген биологиялық материалдар үлгілерінің жиналуын бақылауды жүзеге асыруға, оның ішінде орамалардағы жазбалар мен идентификаторлардың және беріліп отырған барлық ілеспе құжаттардың көрсетілген идентификаторлары бар нақты малдарға сәйкес келуін тексеруге міндетті емес. Мамандандырылған зертхана үлгілерді адал жинамау не кездейсоқ, қасақана емес және қасақана ауыстыру жағдайлары үшін жауапты болмайды. Мамандандырылған зертхана тапсырыс беруші берген ақпараттың дәйектілігі үшін жауапты болмайды.

      6. Мамандандырылған зертхана:

      1) молекулалық генетикалық сараптама жүргізуге арналған шартта белгіленген мерзімде қызметтерді толық көлемде көрсетуге;

      2) шарт бойынша өз міндеттемелерін үшінші тұлғаларға бермеуге;

      3) тапсырыс берушіге оның талабы бойынша молекулалық генетикалық сараптаманы орындау барысындағы барлық мәліметтерді хабарлауға;

      4) егер, міндеттемелерді сапалы және мерзімінде орындау мүмкін болмаса және бұл тапсырыс беруші тарапынан қажетті шаралар қабылдауды талап етсе, тапсырыс берушіні дереу хабардар етуге міндетті.";

      18) 5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметті ұйымдастыру";

      19) 22 және 23-баптар алып тасталсын;

      20) 26-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы алып тасталсын;

      21) 27-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "27-бап. Дистрибьютерлік орталықтар қызметінің негізгі бағыттары

      Дистрибьютерлік орталықтар қызметінің негізгі бағыттары бағаланған асыл тұқымды тұқымдық малдардың ұрығын және эмбриондарды сатып алу, сақтау және еткізу, оларды селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорында тіркеу болып табылады.";

      22) 28-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Бонитерлер (сыныптаушылар) қызметінің негізгі бағыты малдарды бонитирлеу қызметін көрсету болып табылады.";

      23) 28-2-бапта 1, 5 және 6-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Республикалық палата асыл тұқымды малдарды өсіруді және (немесе) өсімін молайтуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін дамыту және қорғау үшін құрылатын және жұмыс істейтін коммерциялық емес, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.";

      "5. Қазақстан Республикасының аумағында ірі қара малдың әрбір тұқымы бойынша ірі қара малдың тиісті тұқымы жөніндегі бір республикалық палата құрылады және жұмыс істейді.

      Қазақстан Республикасының аумағында қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және құс шаруашылығы республикалық палаталары қойлардың, жылқылардың және құстардың әрбір өнімділік бағыты бойынша бір-бірден құрылады.

      Қазақстан Республикасының аумағында түйе шаруашылығы, шошқа шаруашылығы, ешкі шаруашылығы, марал шаруашылығы (бұғы шаруашылығы), қоян шаруашылығы, аң шаруашылығы, балара шаруашылығы, балық шаруашылығы республикалық палаталары жануарлардың әрбір түрі бойынша бір-бірден құрылады.

      6. Егер, бір тұқым бойынша асыл тұқымды малдарды өсіруді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мүдделері ірі қара мал тұқымдары бойынша қандай да бір республикалық палаталарда білдірілсе, жеке республикалық палатаны құру бірнеше тұқымдар бойынша қолданыстағы республикалық палатаны қайта ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.

      Бірнеше тұқым бойынша республикалық палатаны қайта ұйымдастыруға республикалық палатаның осы тұқымның мүдделерін білдіретін кемінде үш мүшесінің және республикалық палата кеңесінің кемінде бір мүшесінің палатаның жалпы жиналысына шығарылған және осы тұқым бойынша республикалық палата мүшелерінің кемінде елу пайыз дауысын жинаған бірлескен шешімі негіз болып табылады.";

      24) 28-3-бапта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Республикалық палата кеңесін республикалық палатаның жарғысына сәйкес алқалы орган үш жылға сайлайды және республикалық палата мүшелерінің мүдделерін білдіреді.

      Республикалық палата кеңесінің құрамы жыл сайын үштің біріне, республикалық палата кеңесінің төрағасы үш жылда бір рет жаңартылып отырады.

      Республикалық палата кеңесінің құрамын қалыптастыру кезінде тең өңірлік және тұқымдық қатысушылық қамтамасыз етіледі.";

      9-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) уәкілетті орган бекіткен малдарды түрлері және өнімділік бағыттары бойынша бонитирлеу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес асыл тұқымды малдардың, оның ішінде асыл тұқымды тұқымдық малдардың асыл тұқымдық құндылығын айқындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;";

      5) тармақ алып тасталсын;

      6), 7) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) таза қанды және таза тұқымды малдар бойынша асыл тұқымдық кітаптарды бөлек жүргізеді және басып шығарады;

      7) бонитирлеу және индекстік бағалау деректеріне мониторинг жүргізеді, мүдделі адамдарды оның нәтижелері туралы хабардар етеді;

      8) алқалы органмен келісу арқылы тұқым (кросстар) стандартын бекітеді;";

      10-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      25) 5-тарау мынадай мазмұндағы 28-4-баппен толықтырылсын:

      "28-4-бап. Республикалық палаталарының жауапкершілігі.

      1. Республикалық палаталар Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жауапты болады.

      2. Асыл тұқымды малдарды өсірумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар, республикалық палаталардың мүшелері уәкілетті органға Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасын бұзушылықтар туралы жүгінуге құқылы.

      3. Шағым түскен кезде, егер шағымды республикалық палата бұрын қарамаған болса, уәкілетті орган оны тиісті республикалық палатаға жібереді.

      4. Егер, шағым палатаның қарау нысанасы болса, уәкілетті орган өтінішті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қарайды.

      Шағымды қарау нәтижесі бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнаманың бұзушылықтары болған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық палатаның атқарушы директорына қатысты жауапкершілік шараларын қабылдау туралы республикалық палата кеңесін хабардар етеді.".

      3. "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 19, 655-құжат; 2004 ж., № 17, 100-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; 2007 ж., № 5-6, 37-құжат; 2009 ж., № 24, 129-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 2, 13, 16 -құжаттар; № 14, 95-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 19-1, 19-11, 96-құжат; 2015 ж., № 7, 34-құжат; № 20-VII, 115, 119 құжаттар; № 22- VII, 161-құжат; 2018 ж., № 11, 37-құжат; 2019 ж., № 2, 6-құжат):

      2-баптың 3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) асыл тұқымды мал - өсіру үшін пайдаланылатын, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен асыл тұқымды малдарды есепке алу тізілімінде тіркелген және оны өткізген жағдайда асыл тұқымдық куәлігі (сертификаты, паспорты) бар ауыл шаруашылығы малы;

      4) асыл тұқымдық өнім (материал) - асыл тұқымды мал, оның ұрығы, эмбриондар, дернәсілдер, балара пакеттері;".

      4. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 9, 51-құжат; № 19-1, 19-11, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 2, 3-құжат; № 8, 45-құжат; № 9, 46-құжат; № 11, 57-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-II, 103-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 21-1, 128-құжат; № 21-111, 135-құжат; № 22-ІІ, 144, 145-құжаттар; № 22-V, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 23-1, 169-құжат; 2016 ж., № 1,2, 4-құжаттар; № 6, 45-құжат; № 7-1, 50-құжат; № 7-ІІ, 53-құжат; № 8-1, 62-құжат; № 8-ІІ, 68-құжат; № 12, 87-құжат; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 7-құжат; № 9, 21, 22-құжаттар; № 11, 29-құжат; № 12, 34-құжат; № 23-ІІІ, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 44-құжат; № 15, 47, 49-құжаттар; № 23, 91-құжат; № 24, 94-құжат; 2019 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 6-құжат; № 5-6, 27-құжат; № 7, 37, 39-құжаттар; № 8, 45-құжат):

      3-қосымшада:

      5-тармақ алып тасталсын.

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады