Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы бойынша техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1057 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы бойынша техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Ерболатұлы Дәленовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы бойынша техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1057 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы бойынша техникалық ынтымақтастық туралы келісім

      Бірлесіп Тараптар, ал жеке алғанда Тарап деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі Үкімет деп аталады) мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі Банк деп аталады),

      2019 жылғы 30 маусымға дейін қолданыста болған, Тараптар бұдан бұрын жасасқан 2015 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің арасындағы Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы жөніндегі техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасында реформалар процесін ілгерілету шеңберінде Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасын (бұдан әрі – БЭЗБ) одан әрі әзірлеу және іске асыру мақсатында,

      төмендегілер туралы келісті:

      Банк Үкіметке БЭЗБ одан әрі әзірлеу және іске асыру мақсатында өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер (бұдан әрі – "Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер" немесе "ӨНКҚ") нысанында экономикалық және әлеуметтік даму саласында техникалық жәрдемдесуді ұсынады, оларды Банк (i) осы Келісімде жазылған шарттар мен ережелерге, (ii) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада келтірілген Стандартты шарттар мен ережелерге, сондай-ақ (iii) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын оған 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша келесі күнтізбелік жылдың 1 шілдесінен бастап 30 маусымына дейінгі әрбір жұмыс кезеңіне (бұдан әрі – Жұмыс кезеңі) жыл сайын жасалатын Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың жыл сайынғы бағдарламаларына (әрқайсысы "Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасы" деп аталады) сәйкес ұсынады.

      Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықтың басым салалары Тараптардың келісуі бойынша өзгертілуі мүмкін мынадай тармақтарды қамтиды: i) өнімділікті арттыру және өнеркәсіпті, инновацияларды қолдау және цифрлық даму, орнықты даму; ii) нәтижелерді өлшеуді мониторингілеудің және бағалаудың ұлттық жүйесін әзірлеу, стратегиялар мен ұлттық жоспарлардың бюджетпен байланыстылығы; iii) Еңбек нарығы, әлеуметтік қорғау жүйесі және болашақты әлеуметтік қорғау; iv) мемлекеттік қолдауды (субсидиялар) және олардың тиімділігін арттыру әдістерін шолу (жеке секторлар/бағдарламалар);

      v) тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және іскерлік ахуал.

      1. Ақылы консультациялық көрсетілетін қызметтер.

      (a) Банк Үкіметке Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларында сипатталған өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынады, олар Банк пен Үкіметтің арасында жыл сайынғы негізде қол қоюға жатады және тиісті Жыл сайынғы бағдарламаларға қосылатын зерттеулерді жүргізу және олармен байланысты басқа да іс-шараларды өткізу мақсатында осы Келісімде және тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларында қамтылған шарттар мен ережелерге сәйкес Жұмыс кезеңін қамтиды.

      (б)  Үкімет әр жұмыс кезеңіне Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасына Үкіметтің атынан қол қоюға уәкілетті ресми тұлғаны тағайындайды.

      (в) Үкімет Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігін уәкілетті орган ретінде тағайындайды, ол арқылы Келісім шеңберінде туындайтын барлық мәселелер бойынша ақпарат алмасу, сондай-ақ БЭЗБ және тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларының процесі мен нәтижелеріне тұрақты бақылау жүргізу жүзеге асырылатын болады.

      2. Мерзімдер.

      Банк ӨНКҚ уақтылы ұсыну үшін өзінде бар барлық қаражатты жұмылдыру міндеттемесін өзіне алады. Тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасында көзделген Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға қатысты белгіленуге жататын жұмыс кестесін Банк сол кезде қолда бар ақпараттың негізінде дайындайтын болады және мыналарды ескере отырып, индикативтік түрде ұсынатын болады: (i) Үкімет және оның қызметкерлері осы Келісімде көзделген өзінің міндеттемелерін уақтылы орындайтын болады; және (ii) Үкімет қажетті ақпаратты ұсыну, шешімдер қабылдау және Банктің өтінішіне жауап ретінде қажетті қолдауды жүзеге асыру кезінде жедел әрекет етеді.

      3. Ақы төлеу.

      (а) Үкімет ережелерге сәйкес және тиісті Жұмыс кезеңіне арналған тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының шарттарында Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың Жыл сайынғы бағдарламасын орындағаны үшін Банкке сыйақы төлейді.

      (б) Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасын орындағаны үшін Банкке төленетін барлық төлемдер толық көлемде және белгіленген мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Төлемдер Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларына сәйкес Тараптардың арасындағы қандай да бір келіспеушіліктердің болуына қарамастан, қандай да бір шегерімдерсіз, салықтарсыз, баждарсыз, алымдарсыз және басқа да ұстап қалуларсыз, деректемелерін Банк кезең-кезеңімен жазбаша нысанда ұсынатын шотқа аударылуға тиіс.

      4. Әріптестік.

      Осы Келісімнің қолданылу кезеңі ішінде әрбір Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламалары шеңберінде бірлескен талдамалық немесе консультациялық көрсетілетін қызметтерді іске асыруды қолдау үшін Банк жұмыс бағдарламасына қосылатын кемінде бір келісілген іс-шараны немесе зерттеуді өз қаражаты есебінен қаржыландыру міндеттемесін өзіне алады.

      5. Қолданылу мерзімінің аяқталуы.

      Осы Келісімнің қолданылу мерзімі, егер ол Үкімет пен Банк арасындағы өзара уағдаластық бойынша ұзартылмайтын болса, 2023 жылғы 30 маусымда аяқталады.

      6. Бұзу.

      (а) Үкімет не Банк осы Келісімді және осы Келісімге сәйкес қол қойылған кез келген Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасын бұзу күніне дейін тоқсан (90) күн бұрын екінші Тарапты жазбаша хабарландыра отырып, оларды бұзуға құқылы. Осы Келісімнің Тараптары осындай хабарламаны алғаннан кейін қажетті реттілікпен сол кездегі ағымдағы іс-шараларды тоқтату және барлық шешімін таппаған мәселелерді тез арада реттеу бойынша барлық тиісті шараларды қабылдауға тиіс. Осы Келісімнің бұзылуына қарамастан, осы Келісімнің ережелері Келісім бұзылған күні немесе бұзылған күнге дейін бұзылмаған, қол қойылған кез келген Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасына қатысты толық күшінде қалуға тиіс.

      б) Жоғарыдағы (а) тармақшаға қарамастан, егер Банк Үкіметтен консультация ала отырып, қандай да бір себептердің салдарынан тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларында көзделген Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер мерзімінде аяқталмайды немесе Банк өз қызметінде қолданатын әдеттегі қарапайым стандарттар мен қағидаларға сәйкес орындалмайды деп есептеген жағдайда, Банк өз міндеттемелерін орындай алмау себептерін көрсете отырып, Үкіметті хабардар ете алады және егер Тараптар өзгеше келіспесе, мұндай көрсетілетін қызметтерді ұсынуды тоқтата алады. Банк хабарлама берген күннен бастап отыз (30) күн өткеннен кейін осындай көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша одан әрі жауапкершіліктен босатылады. Тараптар осындай хабарламаны алғаннан кейін Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер шеңберінде талап етілетін тәртіппен сол сәтте ағымдағы іс-шараларды тоқтату және барлық шешілмеген мәселелерді тез реттеу жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайды. Осындай көрсетілетін қызметтерді орындағаны үшін Үкімет жүргізген төлемдер сомасын Банк өтеуге тиіс; мұндай өтеу ұсынылған немесе ұсыныла басталған көрсетілетін қызметтердің құны, жүргізілген шығыстар немесе осы Келісімде және/немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасында көзделген қандай да бір іс-шараларды дайындау немесе орындау барысында Банк өзіне алған қандай да бір міндеттемелер шегеріле отырып, барабар жүзеге асырылады. Осы Келісімнің бұзылуына қарамастан, осы Келісімнің ережелері Келісім бұзылған күні немесе бұзылған күнге дейін бұзылмаған, қол қойылған кез келген Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасына қатысты толық күшінде қалады.

      7. Өзара іс-қимыл.

      (а) Үкімет ақылы негізде консультациялық қызметтерді орындауға әсер етуі мүмкін ақпаратты Банкке уақтылы беруге, өтеулі негізде консультациялық қызметтерге қатысты кез келген өзгерістер туралы Банкті хабардар етуге, сондай-ақ Банк қызметкерлері осы Келісім бойынша ақылы негізде консультациялық қызметтерді ұсына алуы үшін барлық қажетті шараларды қолдануға ықпал ететін болады. Үкімет Банк қызметкерлеріне ӨНКҚ ұсыну үшін қажетті деректер мен материалдарға, сондай-ақ БЭЗБ шеңберінде ӨНКҚ-да жұмыс істейтін қызметкерлерге, менеджерлерге, аудиторларға және үкімет делдалдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін болады. Осы Келісім жобаларды дайындауға, іске асыруға немесе іске асыруды қадағалауға жәрдем көрсететін іс-шараларға қолданылмайды.

      (б) Тараптар осы арқылы егер Үкімет Банкпен өзара іс-қимыл жасамаса, жоғарыдағы (а) тармақшасында көрсетілгендей, Банк ӨНКҚ-ны орындау мерзімін өткізіп алғаны үшін жауапты болмайтыны жөнінде уағдаласты және келісті.

      8. Күшіне енуі.

      Осы Келісім, оған Тараптар қол қойғаннан кейін, оның күшіне енуі және орындалуы үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Үкіметтің орындағаны туралы Банкке жазбаша түрде хабарланған кезден бастап күшіне енеді. Әрбір Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасы осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және егер Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасында күшіне енудің басқа күні көрсетілмесе, осындай Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасы жасалатын Жұмыс кезеңі басталған күннен бастап күшіне енеді.

      9. Тараптардың хабарламалары мен мекенжайлары.

      (a) Осы Келісімнің және тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының ережелерін іске асыру үшін қажетті барлық хабарламалар жазбаша нысанда ресімделуге тиіс және осы Келісімге немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасына қол қойған Тараптардың төменде көрсетілген мекенжайларына немесе Тараптардың әрқайсысы өз хабарламасында көрсете алатын басқа да мекенжайларға курьер, пошта, электрондық пошта немесе факс арқылы жеткізілген жағдайда тиісті түрде жеткізілген деп саналады. Пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберілген хабарламалар жеткізу фактісі бойынша жеткізілген деп саналады. Электрондық пошта арқылы жіберілген хабарламалар пошта арқылы расталуға тиіс, бұл ретте бастапқы жөнелту күні күшіне енген күн болып табылады.

      (б) Мына мекенжайлар осы Келісімнің және тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларының мақсаттары үшін көрсетілді:

      Үкімет:

      Ұлттық экономика министрі

      Ұлттық экономика министрлігі

      Сол жағалау

      Мәңгілік Ел даңғылы, 8

      7-кіреберіс

      010000 Нұр-Сұлтан, Қазақстан Республикасы

      Банк:

      [Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкіл]

      Дүниежүзілік банк

      1818 H Street, NW

      Вашингтон, ОК 20433

      АҚШ

      Телефон: (202) 477-1234

      Факс: (202) 477-6391

      10. Есепке алу.

      (a) Банк өз саясатына және есеп жүргізу рәсімдеріне сәйкес ұсынылатын Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтердің тиісті есебін жүргізеді және Үкіметтің дәлелді сұратуы бойынша Үкіметті Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерге қатысты ақпаратпен қамтамасыз етеді.

      (б)  Банк әрбір қаржы жылы жарты жылда бір рет Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне осы есепті кезеңге арналған Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен келісілген нысан бойынша және талаптарға сәйкес қаражаттың пайдаланылуы туралы есепті және Банк көрсеткен қызметтер туралы есепті ұсынады. Сондай-ақ Банк Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен келісілген нысан бойынша және талаптарға сәйкес қаражаттың пайдаланылуы және Банк көрсеткен қызметтер туралы жылдық есепті әрбір жұмыс кезеңінен кейін үш ай ішінде ұсынады.

      11. Ұсынымдарды пайдалану.

      ӨНКҚ нәтижесінде берілген ұсынымдарды пайдалану туралы шешім қабылдау Үкіметтің айрықша құзыреті болып табылады.

      20__ жылғы "__" _________ Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі атынан
Халықаралық Қайта Құру жәнеДаму Банкі атынан

  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Халықаралық Қайта Құру және
Даму Банкі арасындағы Бірлескен
экономикалық зерттеулер
бағдарламасы бойынша техникалық
ынтымақтастық туралы келісімге
  1-қосымша

СТАНДАРТТЫ ШАРТТАР ЖӘНЕ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Жұмыстарды орындау стандарттары, айрықшалықтың жоқтығы туралы ереже.

      Банк Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді өзге түрдегі өзінің талдамалық және консультациялық қызметін жүзеге асырған кездегі ықыласпен және ынтамен ұсынуға міндеттенеді. Осы Келісімге және тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларына сәйкес Банкті Үкімет кеңесшісі ретінде тарту Үкіметті ұқсас немесе байланысты мәселелер бойынша басқа кеңесшілерді тартудан шектемеуге тиіс.

      2. Банк қызметкерлері.

      Банк өз қалауы бойынша өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін тағайындалған қызметкерлердің (консультанттар ретінде жалданған қызметкерлерді қоса алғанда) (бұдан әрі – "Банк қызметкерлері") құрамын айқындайды. Үкімет Банктің кез келген қызметкерінің жұмыс сапасына наразылық білдіру үшін дәлелді себеп болған кезде Банктен мұндай қызметкерді немесе қызметкерлерді ауыстыруды өтінуге құқылы. Күмән туғызбау үшін Тараптар осы Келісім және осы Келісімге сәйкес қол қойылған кез келген Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламалары Үкімет пен Банк қызметкерлерінің арасында еңбек немесе шарттық өзара қатынастардың туындауына әкелмейтіні туралы уағдаласты және келісті.

      3. Үкіметтің Үлесі.

      Үкімет ӨНКҚ-ның тиісті жыл сайынғы бағдарламасында көрсетілген қаражатты Банкке уақтылы беру үшін барлық қажетті шараларды алдын ала қабылдайтын болады.

      4. Банктің операциялық саясаты.

      Банк өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді Банктің Атқарушы Директорлар Кеңесі мақұлдаған операциялық саясаттың қағидаттарына сәйкес келетін тәртіппен ұсынады.

      5. Құпиялылық.

      Тараптар осы Келісім, тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламалары мен тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламаларында көзделетін нәтижелер Үкімет өзінің жазбаша келісімін бергеннен кейін ғана қоғамға қолжетімді болу үшін ашық болуы мүмкін деп уағдаласты. Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді іске асыру үшін Үкімет берген ақпаратқа қатысты Үкімет мұндай ақпаратты құпия ақпарат ретінде жіктеу құқығын өзіне қалдырады. Банк мұндай ақпаратты Үкімет жазбаша түрде өз келісімін бергеннен кейін ғана жария түрде аша алады. Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді орындау үшін Банк ұсынған негізге алынатын ақпаратқа (жұмыстың түпкілікті нәтижелеріне жатпайтын) қатысты Банк мұндай ақпаратты құпия ақпарат ретінде жіктеу құқығын өзіне қалдырады. Үкімет мұндай ақпаратты Банк өз келісімін бергеннен кейін ғана жария ете алады

      6. Зияткерлік меншік.

      Әрбір Тарап өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерге байланысты Банк пайдаланған кез келген қолда бар деректерге немесе құжаттарға зияткерлік меншік құқықтары оларды берген Тарапта қалады. Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерге байланысты Банк дайындаған жаңа материалдарға зияткерлік меншік құқықтары осы
1-қосымшаның 5. "Құпиялылық" ережесінде көрсетілгендей, құпия ақпаратты ашу және үшінші тұлғалардың құқықтары бойынша шектеулер сақталған жағдайда Банк осы материалдардың барлығының немесе олардың бір бөлігінің негізінде туынды материалдарды пайдалануға, көшірме жасауға, көрсетуге, таратуға, жариялауға және жасауға, сондай-ақ оларда қамтылған ақпаратты өз зерттеулеріне, құжаттарына, жарияланымдарына, веб-сайттарына және басқа да ақпараттық ресурстарына Үкіметтің келісімінсіз қосуға бүкіл әлем бойынша жарамды, толық, мерзімсіз (авторлық құқықтың қолданылу кезеңінде) және өтеусіз құқыққа ие болуға тиіс жағдайда Үкіметке тиесілі. Тараптар (а) материалдарды дәйексөзбен баяндау адал практикаға сәйкес жүзеге асырылған, ал оның көлемі баспасөзден алынған мәліметтер нысанындағы газет мақалалары мен баспасөз басылымдарын қоса алғанда, алға қойылған мақсатпен ақталған көлемнен аспаған жағдайда жұртшылыққа тиісті түрде ашылған материалдарды дәйексөзбен баяндауға жол берілетінін, сондай-ақ (б) егер мұндай дәйексөзбен баяндалатын материалда ескеріліп айтылса, осы ережеге сәйкес материалдар пайдаланылған жағдайда дереккөздің және автордың аты келтірілуге тиіс екенін мойындайды

      7. Банктің ұстанымын, атауын, белгілерін және логотипін пайдалану.

      (a) Үкімет Банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз оның ұстанымын білдірмеуге келіседі.

      (б) Үкімет сондай-ақ Банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз жарнамада, жарнамалық әдебиетте немесе ақпаратта Банктің атауын, белгілерін немесе логотипін пайдаланбауға, ал мұндай келісім алынған жағдайда атауды, белгілерді және логотиптерді берілген рұқсатқа қатаң сәйкестікте пайдалануға келіседі.

      (в) Тараптар ақылы өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерге байланысты дайындалған жаңа материалдарға жауапкершіліктен бас тарту туралы дереккөздерге және хабарламаларға тиісті сілтемелерді қосуға міндеттенеді.

      8. Жауапкершілікті шектеу және міндеттемелер.

      (a) Банк өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін тиісті күш-жігер жұмсаған уақытта Банк қызметкерлері дайындаған немесе Банктің немесе оның қызметкерлерінің жәрдемдесуімен дайындалған қандай да бір өнімдегі қандай да бір ұсынымдарды іске асыруда қол жеткізілуі мүмкін табыстылық дәрежесіне қатысты Банк кепілдік бермейді.

      (б) Банк Келісімінің баптарына және құқықтың басқа да қолданылатын нормаларына сәйкес Банкке берілген иммунитеттермен және артықшылықтармен шектелмей, Банк, егер мұндайлар қасақана заңсыз әрекеттердің немесе Банк және/немесе Банк қызметкерлері жол берген немқұрайлылықтың нәтижесінде туындамаса, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе үшінші тұлғалар алдында Үкіметке Өтеусіз негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер нәтижесінде келтірілуі мүмкін кез келген ысыраптар, шығындар, залалдар немесе міндеттемелер үшін жауапты болмайды. Осы Келісімде ешнәрсе, осы Келісімге сәйкес Банктің Үкімет алдындағы міндеттемелері, егер ондайлар болса, жаза қолданумен байланысты қандай да бір жанама немесе қосымша залалға, пайданы жоғалтуға немесе айырылып қалған пайдаға қолданылмауға тиіс, сондай-ақ Банктің тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасы шеңберінде ұсынылған көрсетілетін қызметтер үшін алған кәсіби сыйақысының сомасынан аспауға тиіс.

      (в) Тараптар әріптестік, бірлескен кәсіпорын немесе олардың шеңберінде үшінші тұлғалар алдында ынтымақты жауапкершілікте болатын немесе қандай да бір басқа мақсаттарда осыған ұқсас ұйымды құру осы Келісімнің немесе кез келген Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының мақсаттарына кірмейтінін мойындайды және келіседі. Осы Келісімде немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасында ешнәрсе қандай да бір жобаға қатысты немесе басқа да түрде Банктің Үкіметке қаржыландыру ұсыну міндеттемесі ретінде түсінілмеуге тиіс.

      9. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету.

      Осы Келісім және тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасы шеңберіндегі Банктің және Үкіметтің құқықтары мен міндеттері жарамды болып табылады және керісінше талап ететін қандай да бір заңдарға қарамастан, олардың шарттарына сәйкес орындалуға жатады.

      10. Дауларды реттеу.

       Осы Келісімнің немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген даулар немесе Тараптардың өзара қарым-қатынастарына қатысты кез келген мәселелер келіссөздер және/немесе консультациялар арқылы шешіледі. Тараптардың келісуі бойынша реттелмеген осы Келісімнен немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасынан немесе оларға байланысты туындайтын кез келген дау осы Келісімге қол қойылған күнге қолданыста болатын ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентіне сәйкес төрелік ету жолымен мыналарды ескере отырып, түпкілікті реттелуге тиіс:

      төрелік іс жүргізу орны Вашингтон қаласы болып табылады.

      ЮНСИТРАЛ Төрелік регламенті мен осы Келісімнің немесе қандай да бір Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының шарттары арасында қақтығыс орын алған жағдайда осы Келісімнің немесе Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының ережелерінің күші басым болады.

      11. Артықшылықтар мен иммунитеттер; салықтық иммунитет.

      Үкімет Банк келісімінің баптарында және басқа да халықаралық құқық нормаларында баяндалған Банк және оның қызметкерлерінің мәртебесін, иммунитеттері мен артықшылықтарының жарамдылығын мойындайды және оны қамтамасыз ету үшін барлық ақылға қонымды шараларды қабылдайтын болады. Тараптар осы Келісімнің немесе ӨНКҚ-ның тиісті жыл сайынғы бағдарламасы ережелерінің бірде-бірі Банктің төрелікке жүгінуі сияқты, ешбір жағдайда да Банк келісімінің тиісті баптарында ұсынылған өзінің артықшылықтарының, иммунитеттерінің немесе жеңілдіктерінің күшін жоюды, бас тартуды, тоқтатуды немесе өзгертуді білдірмейтінін растайды және келіседі. Тараптар "салық салудан босату" VII-бабының 9-бөлімінің, Банк келісімі баптарының осы Келісімге қолданылуын мойындайды.

      12. Өзгерістер енгізу.

      (а) Осы Келісімнің немесе қандай да бір Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының қандай да бір ережелерінде көзделген қандай да бір уағдаластыққа кез келген өзгерістер немесе олардың күшін жою жазбаша түрде ресімделуге тиіс және өзгерген жағдайда оған екі Тарап та қол қоюға тиіс.

      (б) Жоғарыда көрсетілгенге байланысты кез келген Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасына өзгерістер енгізу осы Келісімге 3-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      13. Құқықтарды сақтау.

      Іскерлік операциялар жүргізудің ағымдағы практикасынан ешнәрсе, сондай-ақ кез келген өз өкілеттіктерін жүзеге асыру, құқықтық қорғау құралдарын, дискрециялық құқықты, өкілеттіктерді немесе осы Келісім немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасы бойынша басқа да құқықтарды қолдану кезінде осы Келісімнің немесе жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасының кез келген Тарапының ешбір бас тартуы немесе іркілісі осы Келісім немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасы шеңберінде осындай және кез келген басқа өкілеттіктен, құқықтық қорғау құралынан, дискрециялық құқықтан, өкілеттіктен немесе құқықтан бас тарту немесе жоғалту ретінде қысым жасамауға және солай түсіндірілмеуге тиіс немесе қандай да басқаша түрде оны қайта жүзеге асыруға немесе болашақта жүзеге асыруға кедергі жасамауға тиіс.

      14. Құқықтар мен міндеттердің ауысуы, құқықтық мирасқорлар; келісусіз өзгеге берудің мүмкін еместігі.

      Тараптар осы Келісімді немесе тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасын толық немесе ішінара құқықтық мирасқорларына беру туралы жазбаша түрде хабарлаған жағдайда осы Келісім Тараптардың тиісті құқықтық мирасқорларына пайданы заңды түрде міндеттейді және береді.

      15. Келісімнің біртұтастығы.

      Осы Келісім өзінің барлық қосымшаларымен жиынтықта құжаттың түпнұсқасы болып табылады және бірыңғай Келісімді білдіреді.

      16. Бұзу.

      Осы Келісімді және кез келген Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасын бұзуға немесе оның қолданылу мерзімінің аяқталуына қарамастан, (i) осы қосымшаның 5-ережесіне сәйкес құпиялылық міндеттемесіне және (ii) осы қосымшаның 6 "Зияткерлік меншік" және 11 "Артықшылықтар мен иммунитеттер" ережелерінде көрсетілген міндеттемелерге, сондай-ақ (iii) Үкіметтің тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасын бұзу күніне немесе қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ұсынылған өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер үшін Банкке сыйақы төлеу міндеттемесіне байланысты, сондай-ақ Үкіметтің тиісті Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасын бұзуға байланысты кез келген орынды шығыстарды өтеуі толық күшінде және қолданыста қалуға тиіс.

  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Халықаралық Қайта Құру және
Даму Банкі арасындағы Бірлескен
экономикалық зерттеулер
бағдарламасы бойынша техникалық
ынтымақтастық туралы келісімге
2-қосымша
 
  Нысан

Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтердің
жыл сайынғы бағдарламасы _____________________________________________
(қаржы жылын цифрмен көрсету)

      20__ жылғы "__" _________ Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі – Банк) арасындағы Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы бойынша техникалық ынтымақтастық туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) сәйкес Банк Келісімде және осы Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасында көзделген шарттармен және ережелермен өтеулі негізде төменде тізбеленген консультациялық көрсетілетін қызметтерді (бұдан әрі – Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер) Үкіметке ұсынуға міндеттенеді. Осы Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасында айқындалмаған шарттар Келісімде айқындалғандай қолданылады. Жоғарыда жазылғандардың негізінде Үкімет пен Банк төмендегілермен келіседі:

      1. Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтердің жыл сайынғы бағдарламасы. Егер Үкімет пен Банктің арасында өзге туралы уағдаластық болмаса, Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтер мынадай іс-шараларды қамтиды және Банк оны Тараптармен келісілген кестеге сәйкес және қазіргі уақытта өз қолында бар ақпарат негізінде және Келісімнің ережелеріне сәйкес адал түрде орындайды.


Р/с №

Іс-шаралар

Бенефициар

Болжамды құн
(АҚШ доллары)

Іс-шараның форматы











      2. Жұмыс кезеңі.

      Егер Үкімет пен Банктің арасында өзге туралы уағдаластық болмаса,
Банк (ЖЫЛ) 1 шілдеден бастап (ЖЫЛ) 30 маусымға дейінгі жұмыс кезеңі ішінде Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша өзіне міндеттеме алады.

      3. Ақы төлеу.

      Үкімет мынадай төлемдер кестесіне сәйкес АҚШ долларымен белгіленген соманы Банкке төлейді:

      Төлем сомасы Төлеу мерзімі

      1. ______________ АҚШ доллары      _________________
(күні көрсетілсін)

      2. ______________ АҚШ доллары _________________
(күні көрсетілсін)

      3. ______________ АҚШ доллары _________________
(күні көрсетілсін)

      20__ жылғы "__" _________ Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі атынан
___________________________
Халықаралық Қайта Құру жәнеДаму Банкі атынан_____________________________

  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Халықаралық Қайта Құру және
Даму Банкі арасындағы Бірлескен
экономикалық зерттеулер
бағдарламасы бойынша техникалық
ынтымақтастық туралы келісімге
3-қосымша
 
  Нысан

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтердің жыл сайынғы бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы хаттама

      Осы хаттама 20__ жылғы _________ Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі – Банк) арасындағы ____ қаржы жылына арналған Өтеулі негізде консультациялық көрсетілетін қызметтердің жыл сайынғы бағдарламасына (___________ өзгерістермен қоса) (бұдан әрі – Жыл сайынғы бағдарлама) қатысты.

      Жыл сайынғы ӨНКҚ бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы
20__ жылғы _________Үкімет пен Банк (бұдан әрі – Тараптар деп аталатын) арасындағы Келісімге 1-қосымшаның 12 (б)–тармағына сәйкес Тараптар мынадай өзгерістер енгізу туралы осы Хаттамаға қол қоюға келісті:

      1. ________________

      2. ________________

      3. ________________


      20__ жылғы "__" _________ Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі атынан
___________________________
Халықаралық Қайта Құру жәнеДаму Банкі атынан_____________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады