"Орталық, жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі шығыстарды қысқарту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасының Президенті өкімінің жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 244 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Орталық, жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі шығыстарды қысқарту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасының Президенті өкімінің жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А.Мамин

Орталық, жергілікті мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар туралы

      Бюджет қаражатын тиімді жұмсау және бюджет қаражатын үнемдеу режимін күшейту мақсатында:

      1. Барлық орталық атқарушы органдар мен оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерге, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерге, жергілікті атқарушы органдарға және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерге:

      1) 5 жыл мерзімге:

      - қозғалтқыш көлемі 2000 текше см асатын, базалық жиынтығынан жоғары, сондай-ақ шетелде өндірілген жеңіл автокөлік құралдарын сатып алуға;

      - арнайы мемлекеттік органдардың сатып алуын қоспағанда, шетелде өндірілген арнаулы (жеңіл) автокөлік құралдарын сатып алуға;

      2) 3 жыл мерзімге кеңсе жиһазын сатып алуға тыйым салынсын.

      Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Парламент Палаталары төрағаларының қызметін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Парламент Палаталары төрағаларының және делегациялардың қатысуымен ресми іс-шараларға көліктік қызмет көрсетуге, шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері құрылған, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер құрылған және қайта ұйымдастырылған жағдайларға қолданылмайды.

      2. Шығыстарды қысқарту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен іс-шараларды жүзеге асырсын және мынадай сипаттағы шараларды қабылдасын:

      1) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 2020-2022 жылдары осы өкімнің 1-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға тыйым салу белгілесін;

      2) қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғаудың жедел міндеттерін шешу үшін қажетті автокөлік құралдарын қоспағанда, құқық қорғау органдарының орталық аппараттары үшін арнайы автокөлік құралдарының (жеңіл) заттай тиесілілік нормаларын қайта қарасын;

      3) форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге арналған шығыстарды жоспарлау мен пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдасын;

      4) бұдан бұрын шығарылған актілерді осы өкімге сәйкес келтірсін;

      5) осы өкімнен туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады