"Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердің пайдалану ережесi мен режимiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 1269 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 21 мамырдағы № 318 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердің пайдалану ережесi мен режимiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 1269 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 47, 525-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану қағидалары мен режимiн бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса берiліп отырған Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жерді пайдалану қағидалары мен режимi бекiтiлсiн.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану ережесі мен режимi осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 21 мамырдағы
№ 318 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің 2003 жылғы
  18 желтоқсандағы
  № 1269 қаулысымен
  бекітілген

Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану қағидалары мен режимi

      1. Осы Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану қағидалары мен режимi (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес әзiрлендi.

      2. Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған eлді мекендердiң жерi осы қалалардың бас жоспарлары (бұдан әрi – бас жоспар), олардың аумақтарын жоспарлау мен құрылыс салу, жер-шаруашылық орналастыру жобалары, жерлердi аймақтарға бөлу схемалары және осы қалаларды дамыту ескерілетін өзге де қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде пайдаланылады.

      3. Аумақтары қала маңы аймағына енгізілген елді мекендердің бұрын бекітілген жоспарлау мен құрылыс салу, аумақтарды жер-шаруашылық орналастыру жобаларының, жерді аймақтарға бөлу схемаларының және өзге де қала құрылысы құжаттамаларының (бұдан әрі – жобалар) астананың және республикалық маңызы бар қалалардың бас жоспарларына сәйкестігін айқындау үшін тиісті елді мекеннің жергілікті атқарушы органы оларды астананың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне келісуге ұсынады.

      4. Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдiктерi үш ай мерзiмде жобаларды тиiстi сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөнiндегi, қоршаған ортаны қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық органдарының, өзге де қызметтердің қарауын қамтамасыз етедi және олардың қорытындысы негiзiнде ұсынылған жобаларды келісу туралы шешiм қабылдайды.

      Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың бас жоспарларына сәйкес келмеген жағдайда олардың әкiмдiктерi аумақтары қала маңы аймағына қосылған тиiстi облыстардың әкімдіктерiне жобаларды бас жоспарларға сәйкес келтіру үшiн оларды түзету туралы өтiнiш білдiреді.

      5. Қала маңы аймағының елді мекендерінің түзетілген жобаларын белгіленген тәртіппен тиісті жергілікті өкілді органдар бекітеді.

      6. Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн белгіленген тәртiппен пайдаланылады. Қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн қарқынды дамыту аймағына қосылған жерлердi ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн алып қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден басқа түрiне ауыстыруды аумақтары қала маңы аймағына қосылған жергiлiктi атқарушы органдар өздерiнiң құзыретiне сәйкес ерекше жағдайларда заңнамада айқындалған тәртіппен жүргізеді.

      7. Ормандар, орман парктерi және басқа да жасыл екпелер орналасқан жасыл аймақтардың жерлері қорғау мен санитариялық-гигиеналық функцияларды атқарады және орман қоры жерiне жатады. Жасыл аймақтардың жерлері мәдени-сауықтыру, рекреациялық және туристiк мақсаттарға пайдаланылады. Бұл жерлерде жасыл аймақтардың қорғау, санитариялық-гигиеналық функцияларына және халықтың демалысын ұйымдастыру мақсаттарына сай келмейтiн құрылыстар мен құрылыс-жайларды салуға жол берiлмейдi.

      8. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағына қосылған жерлер астананың және республикалық маңызы бар қалалардың дамуы, осы қалалардың инженерлiк және көлiктiк инфрақұрылымдарының қалыпты жұмыс iстеуi үшiн қажеттi құрылыс-жайларды орналастыру және салу үшiн резервтiк аумақтар болып табылады.

      9. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында құрылыс салу астананың және республикалық маңызы бар қалалардың сәулет және қала құрылысы органдарымен келiсiлген, көрсетiлген аймақта орналасқан елдi мекендердiң бас жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналастыру белгiленген, қаланың сәулетi мен экологиясына әсер ететiн, елдi мекендердiң шегінен тыс жер учаскелерi көзделген аса маңызды объектiлер бойынша астана мен республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органы және аумағы қала маңы аймағына қосылған облыстық атқарушы орган осы объектiлердi орналастыру үшiн жер учаскелерiн таңдау жөнiндегi арнайы комиссия құрады.

      Көрсетiлген комиссияның құрамына астананың немесе республикалық маңызы бар қалалар әкiмдiктерiнiң және аумағы қала маңы аймағына қосылған облыстық атқарушы органдар мен тиiстi сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөнiндегi, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарының, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметiң және басқа да мүдделi ведомстволардың өкiлдерi кiредi.

      11. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беруді немесе олардың нысаналы мақсатын өзгертудi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жергiлiктi атқарушы органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады