Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 мамырдағы № 328 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
әскери ынтымақтастық саласындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі халықаралық шарттарды негізге ала отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерінде басқарудың техникалық негізінің аса маңызды құрамдастары ретінде байланыс жүйелерінің кепілдендірілген және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіру қажеттігіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін (бұдан әрі – Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі) құрады.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесіне осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің ұйымдастырылуы мен өзара іс-қимылының келісілген жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бойынша және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің Біріккен байланыс жүйесін ұйымдастыру мен дамытудың бас схемасына (бұдан әрі – Бас схема) сәйкес қолданылатын және осы Келісімнің 3-бабында көзделген міндеттерді орындайтын байланыс күштері мен құралдары (күштер мен құралдардың бір бөлігі) кіреді.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің ұйымдық-техникалық құрылымын қалыптастырудың, құрылуы мен жұмыс істеуінің қағидаттары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтері басшыларының кеңесі бекітетін тиісті Ережеде айқындалады.
Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрліктері (қорғаныс ведомстволары) болып табылады.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері байланыс жүйелерінің, мемлекеттік байланыс желілерінің қолда бар ресурсын неғұрлым толық және тиімді пайдалануды ескере отырып, басқаруды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді (дамиды).
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі мынадай негізгі міндеттерді шешеді:
қарулы күштерді басқару жүйесінде және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері арасында талап етілетін байланыс қызметтерін ұсыну және ақпараттың барлық түрлерімен алмасуды қамтамасыз ету;
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы форматында құрылған әскери саладағы өзара іс-қимылдың біріккен жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
байланысқа қойылатын ортақ пайдаланылатын ұлттық байланыс желілерімен және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің арнайы мақсаттағы байланыс желілерімен қажетті үйлесімділік талаптарын орындалуын қамтамасыз ету.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қорғаныс мұқтажы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін байланыс қызметтерін көрсетуге байланысты қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің байланыс желілерінің ресурстарын пайдалана алады.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және оны дамыту бойынша Тараптардың күш-жігерін үйлестіруді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі жанындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштері байланыс бастықтарының үйлестіру комитеті (бұдан әрі – Үйлестіру комитеті) арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі жүзеге асырады.
Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Байланыс бас басқармасының бастығы Үйлестіру комитетінің төрағасы болып табылады.
Үйлестіру комитетінің құрамына оның мүшелері ретінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері бас штабтарының (қарулы күштерінің) байланыс бас басқармаларының (байланыс және ақпараттық технологиялар басқармаларының, байланыс және автоматтандырылған басқару жүйелері басқармаларының, байланыс басқармаларының, байланыс департаменттерінің) бастықтары, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімі бойынша – Үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары және басқа да лауазымды адамдар кіреді.
Үйлестіру комитеті туралы ережені Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі бекітеді.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және Үйлестіру комитетінің тиісті шешімдерін орындау мақсатында Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Байланыс бас басқармасы байланыс әскерлерінің (орталық бағыныстағы) саны шегінде жеке бөлімше – Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының 32-ші байланысты басқару пунктінің (бұдан әрі – 32-ші ББП) құрамында бөлім құрылады.
Көрсетілген бөлім туралы ережені, оның ішінде оның құрамын (санын), құрылымы мен қызметін ұйымдастыруды Үйлестіру комитеті төрағасының ұсынуы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі бекітеді.
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін құру (дамыту) іс-шараларын орындау шеңберінде Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін келісілген дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің құрамына кіретін байланыс күштері мен құралдарын (күштер мен құралдардың бір бөлігін) Жоспарға және Бас схемаға сәйкес басым тәртіппен бірыңғай әскери және әскери-техникалық саясатты жүргізуді қамтамасыз ету міндеттерін шешу кезінде мынадай мақсаттарды басшылыққа ала отырып, қазіргі заманғы (перспективалық) байланыс құралдарымен (техникасымен) жарақтандыруды жүзеге асырады:
әскери байланыс жүйелерін, кешендерін және құралдарын жаңғырту және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің ғылыми-техникалық негізін іске асыру негізінде оларды дамытудың сабақтастығын қамтамасыз ету;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің қару-жарағына кіретін ұлттық және шетелдік өндірістің байланыс кешендері мен құралдарының үйлесімділігін қамтамасыз ету;
байланыс кешендері мен құралдарын біріздендіру және стандарттау;
бірлескен міндеттерді шешу кезінде Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің жұмыс істеуі және оны дамыту мүдделерінде нормативтік құқықтық базаны, оның ішінде қаржыландыру мен жан-жақты қамтамасыз етудің тұрақты тетігін (тәртібін) қалыптастыру және жетілдіру;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қолданыстағы және жаңадан құрылған байланыс элементтері мен мемлекеттік байланыс желілерін пайдалануға негізделген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін тиімді қолдануды қамтамасыз ету.
Тараптар уәкілетті органдар арқылы Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі құрамындағы әскерлердің (күштер мен құралдардың) ұдайы жауынгерлік әзірлігін, өзара іс-қимылын және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің байланыс және байланыс әскерлерін қолдану жоспарларын ескере отырып, Үйлестіру комитеті әзірлейтін Жоспарға сәйкес олардың байланыс жөніндегі бірлескен міндеттерді орындау кезіндегі іс-қимылдарын қамтамасыз етеді.
Жоспар мен Бас схеманы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі бекітеді.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі құрамындағы байланыс күштері мен құралдарын басқаруды осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тиісті лауазымды адамдар жүзеге асырады.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің күштері мен құралдарының іс-қимылын, оның ішінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің байланыс бойынша жаттығуларын және бірлескен іс-шараларын өткізу барысында жедел үйлестіруді 32-ші ББП жүзеге асырады.
Жоспар негізінде Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты кезекшілікті (жауынгерлік кезекшілікті) жүзеге асырады. Мұндай күштер мен құралдардың құрамы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес айқындалады.
Тұрақты кезекшілікті (жауынгерлік кезекшілікті) қамтамасыз ететін Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің күштері мен құралдарын басқару осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің командалық пункттерінен (байланысты басқару пункттерінен (орталықтарынан), ал олардың іс-қимылын үйлестіру 32-ші ББП-дан жүзеге асырылады.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және оны дамыту мүдделерінде әскери байланыс техникасын (мүлкін) жеткізіп беру, әскери байланыс техникасын жөндеу, байланыс жұмыстарын орындау және қызметтерін көрсету Тараптардың екіжақты келісімдері негізінде жүзеге асырылады.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің ұлттық жүйелерінің (сегменттерінің) жұмыс істеуін және оларды дамытуды қаржыландыру және Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің бірлескен іс-шараларын қамтамасыз ету осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бюджеттерінде Тараптардың уәкілетті органдарына көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары өзара мүддені білдіретін ақпаратпен алмаса алады.
Әскери-ғылыми, әскери-техникалық және әскери-құқықтық ақпаратпен, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қару-жарағындағы қару-жарақ пен әскери техникаға арналған техникалық және жөндеу құжаттамасымен алмасу тетігі мен шарттары, Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін құру мүдделерінде ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және өзге де жұмыстарды бірлесіп орындау жеке келісімдермен реттеледі.
Ақпаратты беру және қорғау осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекетаралық құпиялармен жұмыс істеу және оларды қорғау Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қолданылатын құпия ақпаратты қорғау туралы халықаралық шарттарға және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияларды) өзара қорғау (сақтау) туралы екіжақты шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермейді.
Осы Келісімді іске асыру барысында алынған ақпаратты Тараптардың бірі екінші Тараптың мүдделеріне нұқсан келтіріп пайдалана алмайды.
Бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің әскерлері (күштері мен құралдары) үшін әскери мамандарды оқыту Тараптардың екіжақты келісімдері негізінде жүзеге асырылады.
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып және Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
______ жылғы "__" ___________ ______ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
Армения Республикасының Үкіметі үшін | Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін |
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Түрікменстанның Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін | Украинаның Үкіметі үшін |
Молдова Республикасының Үкіметі үшін |