Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының желілік университетін құру және оның жұмыс істеуі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының желілік университетін құру және оның жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 мамырдағы № 334 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының желілік университетін құру және оның жұмыс істеуі туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
1991 жылғы 8 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге сәйкес әрекет ете отырып,
гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты көтермелеу және одан әрі дамыту Тараптардың ортақ мүдделеріне сай келетін атап өте отырып,
1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,
ТМД кеңістігінде жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын, ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды бірлесіп іске асырудың табысты тәжірибесін ескере отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім беру ұйымдарының/мекемелерінің (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) ресурстарын пайдалана отырып, жоғары білімнің бірлескен білім беру бағдарламаларын, қосымша кәсіптік бағдарламаларды/қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын (бұдан әрі – бірлескен білім беру бағдарламалары) іске асырудың желілік нысанын енгізу жолымен кадрлар даярлаудың сапасын арттыруға өзара ұмтылысты білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар жоғары білім берудің мамандықтары және (немесе) бағыттары бойынша, қосымша кәсіптік бағдарламалар/қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін мүдделілігі басым бірлескен ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру мақсатында ТМД желілік университетін (бұдан әрі – ТМД ЖУ) құрады.
2-бап
ТМД ЖУ осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу және әріптес ұйымдардың (бұдан әрі – әріптес ұйымдар) ресурстарын пайдалана отырып, сондай-ақ қажет болған жағдайда бірлескен білім беру бағдарламаларында көзделген оқытуды, оқу және өндірістік практикаларды және оқу қызметінің басқа да түрлерін жүзеге асыру үшін ресурстары бар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзге ұйымдары мен мекемелерінің қатысуымен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін біріккен білім беру ұйымдарының желісі болып табылады.
Әріптес ұйымдар білім беру ұйымдарының ТМД ЖУ-ға қосылуының өлшемшарттары мен шарттарына сай келетін білім беру ұйымдары болып табылады.
ТМД ЖУ қызметі осы Келісіммен, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасымен, сондай-ақ олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледі.
3-бап
ТМД ЖУ қызметінің негізгі бағыттары:
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім алушы азаматтарының академиялық ұтқырлығы негізінде әріптес ұйымдар базасында білім беру қызметін жүзеге асыру;
ТМД ЖУ даярлаудың өзара келісілген мамандықтары және (немесе) бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын қалыптастыру;
бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша оқыту процесіне инновациялық білім беру технологияларын енгізу;
ТМД ЖУ шеңберінде бірлескен ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттер халықтарының тілдерін, мәдениеті мен дәстүрлерін зерделеуді қолдау;
ТМД ЖУ қызметінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де бағыттары.
4-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтары ұлтына, жынысына, жасына, діни сеніміне, нәсіліне, тіліне, шығу тегіне, тұратын жеріне, денсаулық жағдайына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына қарамастан ТМД ЖУ ұсынатын білім беру қызметтеріне бірдей қол жеткізе алады.
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтарын әріптес ұйымдарға оқуға қабылдау және оларды бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша әріптес ұйымдарда оқыту осы Келісімге, әріптес ұйым орналасқан мемлекеттің (бұдан әрі – қабылдаушы мемлекет) заңнамасына және әріптес ұйымдар арасындағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады, онда:
бірлескен білім беру бағдарламасының түрі, деңгейі және (немесе) бағыттылығы (белгілі бір деңгейдің, түрдің және (немесе) бағыттың бірлескен білім беру бағдарламасының бөліктері);
білім алушылардың мәртебесі, бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдау қағидалары, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру тәртібі;
бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша білім беру қызметін жүзеге асырудың шарттары мен тәртібі, оның ішінде әріптес ұйымдар арасында міндеттерді бөлу, бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыру тәртібі, әрбір әріптес ұйым пайдаланатын ресурстардың сипаты мен көлемі;
берілетін құжат немесе білім және (немесе) біліктілік туралы құжаттар, сондай-ақ көрсетілген құжаттарды беретін әріптес ұйымдар;
әріптес ұйымдар арасындағы шарттың қолданылу мерзімі, оны өзгерту және тоқтату тәртібі көрсетіледі.
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтарын әріптес ұйымдар арасындағы шарттың шеңберінде оқыту:
аталған адамдарға стипендиялар төлей отырып және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бюджеттерінен қаржы бөлу есебінен оқитын азаматтарға қабылдаушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген шарттарда әріптес ұйымдардың жатақханаларында тұрғын үй-жайлар бере отырып, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бюджеттерінде білім беруді дамытуға арналған қаржы;
ақылы білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттарға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың қаражаты;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер құрған қорлардың қаржысы;
қабылдаушы мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қаржыландыру көздерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Әріптес ұйымдарда білім алушылардың бірлескен білім беру бағдарламаларын игеруі орыс тілінде жүзеге асырылады.
ТМД ЖУ түлектері осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және әріптес ұйымдар арасындағы шартқа сәйкес ТМД ЖУ түлектері оқудан өткен әріптес ұйымдардың білім беру және (немесе) біліктілік туралы құжаттарын алады.
ТМД ЖУ ғылыми-педагог қызметкерлері мен білім алушыларына осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген академиялық құқықтар мен бостандықтар беріледі.
5-бап
ТМД ЖУ қызметін қамтамасыз ету үшін ТМД ЖУ Үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – ТМД ЖУ ҮК) құрылады және ТМД ЖУ Бас ұйымы айқындалады.
ТМД ЖУ ҮК ТМД ЖУ-дың жоғары алқалы басқару органы болып табылады.
ТМД ЖУ ҮК құрамына осы Келісімге қатысушы мемлекеттің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік-құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын билік органының шешім қабылдауға уәкілетті бір-бір өкілі (әдетте құрылымдық бөлімшенің басшысы немесе басшының орынбасары деңгейінде) және әрбір әріптес ұйымнан бір-бір өкіл (әдетте басшы деңгейінде) кіреді.
ТМД ЖУ ҮК:
ТМД ЖУ ҮК шешімдерін қабылдау нысанын, тәртібін белгілейтін және ТМД ЖУ ҮК қызметін ұйымдастыруға қатысты өзге де мәселелерді реттейтін өз жұмысының регламентін әзірлейді және бекітеді;
ТМД ЖУ ҮК регламентінде айқындалған тәртіппен әріптес ұйымдар қатарынан ТМД ЖУ Бас ұйымын тағайындайды;
ТМД ЖУ Бас ұйымының ұсыныстары негізінде ТМД ЖУ жұмысының қалыптастырылған жылдық және перспективалық жоспарларын бекітеді;
білім беру ұйымдарының ТМД ЖУ-ға қосылу өлшемшарттары мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
білім беру ұйымдарын ТМД ЖУ құрамына енгізу туралы шешім қабылдайды;
ТМД ЖУ Бас ұйымының ТМД ЖУ қызметі туралы жыл сайынғы есептерін тыңдайды;
қажеттілігіне қарай осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мүдделі билік органдарына, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесіне ТМД ЖУ қызметі туралы ақпарат береді.
ТМД ЖУ ҮК қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет жиналады. ТМД ЖУ ҮК отырысы, егер оған ТМД ЖУ ҮК мүшелерінің кемінде жартысы қатысса, заңды болып саналады.
ТМД ЖУ ҮК-ні Төраға басқарады, ол ТМД ЖУ ҮК регламентінде белгіленген тәртіппен сайланады.
ТМД ЖУ ҮК жауапты хатшысы ТМД ЖУ ҮК регламентінде белгіленген тәртіппен ТМД ЖУ Бас ұйымының штаттық қызметкерлері қатарынан тағайындалады.
ТМД ЖУ Бас ұйымы ТМД ЖУ ҮК отырыстары арасындағы кезеңде ТМД ЖУ әріптес ұйымдардың бірлескен қызметін үйлестіру мақсатында әрекет етеді.
6-бап
Әріптес ұйымдардың оқу-әдістемелік, әкімшілік-шаруашылық және ұйымдастырушылық қызметін қаржыландыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес әріптес ұйымдар арасындағы шарт негізінде, оның ішінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздерден қаражат тарта отырып, жүзеге асырылады.
ТМД ЖУ іс-шараларына қатысу үшін ТМД ЖУ ҮК мүшелерін, әріптес ұйымдар мен ТМД ЖУ Бас ұйымы өкілдерін іссапарға жіберуге байланысты барлық шығыстарды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атқарушы билігінің жіберуші органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.
ТМД ЖУ ҮК, ТМД ЖУ Бас ұйымының отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар осы Келісімге қатысушы мемлекеттің білім беру саласындағы мемлекеттік саясат пен нормативтік-құқықтық реттеу функцияларын іске асыратын билік органдары және аумағында көрсетілген отырыстар өткізілетін ұйымдары есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
ТМД ЖУ Бас ұйымының қызметін қаржыландыру ТМД ЖУ Бас ұйымының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
7-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
9-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
11-бап
Осы Келісім күшіне енгенінен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей, депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімнің қолданылу уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып, одан шығуға құқылы.
13-бап
Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда оның ережелері іске асыру сатысындағы бағдарламалар мен жобаларға қатысты олар толық аяқталғанға дейін күшінде қалады.
2020 жылғы " ___" __________ ___________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |
Армения Республикасының Үкіметі үшін |
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
Беларусь Республикасының | Түрікменстанның |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
Украинаның Үкіметі үшін |
Молдова Республикасының Үкіметі үшін |