"Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 5 тамыздағы № 498 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 7, 67-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларында және олардың мөлшерлерінде:

      1 және 2-тараулардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      "2-тарау. Мемлекеттік стипендияны тағайындау және төлеу тәртібі";

      5, 6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бірінші академиялық кезеңге мемлекеттік стипендия мемлекеттік тапсырыс бойынша бірінші курсқа (бірінші оқу жылына) қабылданған барлық студенттерге, магистранттарға тағайындалады және 1 қыркүйектен бастап бірінші академиялық кезең және каникул аяқталғанға дейін ай сайын төленеді.

      Келесі академиялық кезеңдерде мемлекеттік стипендия студенттерге, магистранттарға осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес алдыңғы академиялық кезеңдегі аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша тағайындалады және төленеді.

      6. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын көзі нашар көретін мүгедектер мен құлағы кеміс мүгедектерге, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылықтағы (қамқорлықтағы) балаларға мемлекеттік стипендия емтихан сессиясының нәтижелері бойынша академиялық берешегі болмаса ұлғайту ескеріліп төленеді.

      7. Мемлекеттік стипендияға ұсынылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия жазғы каникул кезеңі үшін екі айға (шілде, тамыз) бірге төленеді.";

      10, 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Бір оқу орнынан басқасына ауыстырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия алдыңғы семестр қорытындысы бойынша оқу жоспарларындағы айырма жойылғаннан кейін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тағайындалады және төленеді.

      11. Докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына және дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия бүкіл оқу мерзіміне тағайындалады және аралық аттестаттаудың (емтихан сессиясының) нәтижелеріне қарамастан бүкіл оқу кезеңінде төленеді.

      12. Медициналық қорытындының (дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның қорытындысы) негізінде берілген академиялық демалыстарды қоспағанда, студенттер, интерндер, магистранттар, резидентура тыңдаушылары, докторанттар академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия төленбейді.

      Академиялық демалыстан оралған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия тағайындау және төлеу оқу жоспарларындағы академиялық айырма жойылғаннан кейін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Сырқатына байланысты екінші оқу жылына қалдырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия олар оралған сәтінен бастап осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен оқу жоспары орындалған алдыңғы семестрдің қорытындысы бойынша тағайындалады және төленеді.

      Тиісті медициналық қорытындысы болса, туберкулезбен ауыратын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидентура тыңдаушыларына, докторанттарға мемлекеттік стипендия алдыңғы семестрдің қорытындысына қарамастан еңбекке жарамсыздық кезеңіне, бірақ еңбекке жарамсыздық басталған күннен бастап он айдан асырмай тағайындалады және төленеді.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Бiлiм беру ұйымдарында білім алушыларға төленетін мемлекеттiк стипендияның мөлшерi".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады