Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасының аумағында болатын өзге де адамдардың кейбір құжаттарын жарамды деп тану туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 574 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 06.08.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2020 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде жарамдылық мерзімі өткен немесе өтетін мынадай құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылсын:

      1) "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттар;

      2) кіруге және кетуге арналған рұқсаттар (визалар), Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсаттар, еңбекші көшіп келушіге және шетелдік жұмыс күшін тартуға жұмыс берушіге рұқсаттар, пана іздеуші адамның куәлігі.

      2. 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2020 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде он алты жасқа толған және жеке басты куәландыратын құжат алмаған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін көрсетілген кезеңде туу туралы куәлік немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты жеке басын куәландыратын негізгі құжат болып табылады деп белгіленсін.

      3. Виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген, еңбек етуге рұқсатты ресімдеу үшін құжат тапсырудың белгіленген мерзіміне, сапардың мәлімделген мақсатына және Қазақстан Республикасынан шығуға қойылатын талаптарды ескермей, оны беру (ұзарту) туралы өтінішпен жүгінуге құқылы, сондай-ақ өздеріне қатысты Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы шешім қабылданған, мұндай мерзімі 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2020 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде аяқталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасында рұқсат етілген болу мерзімі 2020 жылғы 1 қарашаға дейін ұзартылсын.

      4. Тұрақты тіркеуі, шетелдіктің тұру ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ жеке басын растайтын куәлігі бар адамдар үшін "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 49-бабының 13-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасынан тыс жерде болу мерзімінің өтуі 2020 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатыла тұрсын.

      5. Шетелдік жұмыскерлерді тартуға және пайдалануға рұқсат алған жұмыс берушілер өз жұмыскерлеріне болу мерзімін (визаны) ұзарту туралы өтінішпен 2020 жылғы 1 қарашаға дейін жүгінуге құқылы. Виза шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның мәлімделген келу мақсатына қойылатын талаптар ескерілмей беріледі.

      6. Қазақстан Республикасының аумағындағы және азаматтығының елінен құжаттарын алуға мүмкіндігі жоқ шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар негіздер болған жағдайда отбасымен қауышу жөніндегі өтінішхатпен жүгінуге құқылы. Виза шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның мәлімделген келу мақсатына қойылатын талаптар ескерілмей беріледі.

      7. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар азаматтық елінің құзыретті органдарынан алған, жарамдылық мерзімі 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2020 жылғы 31 қазанға дейінгі кезеңде өткен немесе өтетін құжаттар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтінішхатпен қайта жүгіну үшін 2020 жылғы 1 қарашаға дейін жарамды деп танылсын.

      8. Осы қаулы 2020 жылғы 6 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады