"Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі № 175 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 14 қазандағы № 664 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі № 175 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 13, 89-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 70-бабының бірінші бөлігіне және "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 60-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидалары 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі 70-бабының бірінші бөлігіне және "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 60-бабына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының аумағына кіруге бес жыл мерзімге тыйым салуды белгілеп, шығарып жіберілетін көшіп келушіні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) дейін шығарып салу арқылы шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберуді жүзеге асыру тәртібін айқындайды.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберу оны теміржол көлігімен Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне дейін ішкі істер органдарының шығарып салуы арқылы жүзеге асырылады. Теміржол қатынасы (маршруты) болмаған жағдайда шығарып жіберу көліктің өзге түрлерімен (әуе, автомобиль немесе су) жүзеге асырылады.

      Шығарып жіберілетін көшіп келуші Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті бар елді мекенде болған жағдайда оны шығарып салу автомобиль көлігімен немесе жаяу тәртіппен жүзеге асырылады.

      Шет мемлекеттен Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шартқа сәйкес қабылданған, бірақ Қазақстан Республикасына келуге және онда болуға заңды негіздері жоқ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар, егер Қазақстан Республикасы мен осындай адам азаматы болып табылатын не тұрақты (көбінесе) тұратын мемлекет арасында Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарт болмаса, шығарып жіберілуге жатады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін адамның өзі, заңсыз көшіп келушіні Қазақстан Республикасына шақырған не көшіп келушінің Қазақстан Республикасында заңсыз болу фактісі анықталған сәтте оның еңбегін пайдаланған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған тұлғалардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды жабуға қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайда, тиісті шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, бұл ретте шығарып жіберуге жұмсалған қаражат мүдделі мемлекеттік органдардың жоғарыда аталған тұлғаларға талап-арыздары бойынша сот тәртібімен өтеуге жатады.";

      11-тармақ алып тасталсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады