Төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде халыққа медициналық көмек көрсету тәртібін, түрлері мен көлемін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 26 қарашадағы № 796 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 тамыздағы № 731 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.08.2023 № 731 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі 6-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде халыққа медициналық көмек көрсету тәртібі, түрлері мен көлемі бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 26 қарашадағы
№ 796 қаулысымен
бекітілген

Төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде халыққа медициналық көмек көрсету тәртібі, түрлері мен көлемі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде халыққа медициналық көмек көрсету тәртібі, түрлері мен көлемі (бұдан әрі − Тәртіп) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Төтенше жағдайлар туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы және "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі заңдарына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Тәртіп төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде халыққа медициналық көмек көрсету тәртібін, түрлері мен көлемін айқындайды.

      3. Осы Тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) апаттар медицинасы – әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарының алдын алуға және оларды жоюға бағытталған, халық ауруларының алдын алуды және оларды емдеуді, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды, төтенше жағдайларды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтерінің қызметкерлеріне медициналық көмекті қамтитын медицина саласы;

      2) апаттар медицинасының құралымдары – төтенше жағдайлар аймақтарында, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта жұмыс істеуге арналған жасақтар, топтар, бригадалар және шұғыл медициналық көмек көрсету мен медициналық эвакуациялау үшін құрылатын басқа да бөлімшелер;

      3) төтенше жағдайлар кезінде халыққа шұғыл медициналық көмек – төтенше жағдайлар кезінде тікелей төтенше жағдай аймағында және/немесе оның шекараларында, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта жүзеге асырылатын, мақсаты бойынша эвакуациялауды ұштастыра отырып емдеу-алдын алу іс-шараларының кешенін ұсыну нысаны;

      4) төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдары – төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде туындаған жағдайды сипаттайтын және халыққа медициналық көмектің мазмұнын, көлемі мен ұйымдастырылуын айқындайтын факторлар мен шарттардың жиынтығы. Оның негізгі элементтері: халықтың санитариялық шығындарының шамасы мен құрылымы, олардың қалыптасу заңдылықтары; зақым алғандардың (науқастардың) медициналық көмекке мұқтаждығы, төтенше жағдайлар аймағының (ауданының), төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтың санитариялық-гигиеналық және санитариялық-эпидемиялық жай-күйі, медициналық-санитариялық қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдардың қажеттілігі және олардың болуы; медициналық күштер мен құралдардың жай-күйі; төтенше жағдайларды жою кезінде медициналық және авариялық-құтқару құралымдарының жұмыс жағдайы, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жағдайы және басқалар болып табылады;

      5) төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек түрі – өткізілетін орнымен, медициналық көмек көрсететін тұлғалардың біліктілігімен және қолда бар медициналық жарақтардың бар-жоғымен айқындалатын емдеу-алдын алу іс-шараларының тізбесі;

      6) шұғыл медициналық көмек көлемі – тіршілік көрсеткіштері бойынша төтенше жағдай аймағындағы, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтағы жағдайдың шарттарына және медициналық эвакуациялау кезеңінің мүмкіндіктеріне байланысты медициналық көмек түрінің шеңберінде орындалатын толық немесе қысқартылған емдеу-алдын алу іс-шараларының жиынтығы.

2-тарау. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек ұсыну тәртібі

      4. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде халыққа медициналық көмек төтенше жағдайдың санатына, сондай-ақ олардың медициналық-санитариялық салдарының сипаты мен ауқымына байланысты ұсынылады.

      5. Объектілік төтенше жағдайлар кезінде зақым алғандарға (науқастарға) медициналық көмек көрсетуді күнделікті қызмет режимінде денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      6. Жергілікті, өңірлік және жаһандық төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай режимі енгізілген кезде азаматтық қорғау медицина қызметінің күштері мен құралдары қолданысқа енгізіледі.

      7. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кездегі медициналық көмек тағайындалуы бойынша медициналық эвакуациялауды үйлестіре отырып, зақым алғандарды (науқастарды) зақымдау сипатына, ауырлық дәрежесіне қарай кезеңдік емдеу әдісімен ұсынылады.

      8. Бірінші кезеңде тікелей төтенше жағдай аймағында және/немесе оның шекараларында, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта шұғыл медициналық көмекті азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметінің, авариялық-құтқару бөлімшелерінің, азаматтық қорғаудың апаттар медицинасы мен медициналық қызметінің құралымдары, сондай-ақ өзінің жұмысқа қабілеттілігін сақтап қалған аумақтық медициналық ұйымдардың күштері көрсетеді.

      9. Екінші кезеңде медициналық көмек төтенше жағдай аймағынан тыс жерде, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта орналасқан денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетіледі.

      10. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және осы Тәртіпке сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының, медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың, сондай-ақ көлік ұйымдарының персоналы мен материалдық-техникалық құралдары тартылуы және пайдаланылуы мүмкін.

      11. Денсаулық сақтау ұйымдарында шұғыл медициналық көмек іс-шараларын жүргізу үшін алдын ала азаматтық қорғау медицинасының құралымдары құрылады және қамтылады. Азаматтық қорғау медицинасының құралымдарын құру тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      12. Төтенше жағдай аймағынан, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтан зақым алғандарды (науқастарды) қабылдауды, одан әрі медициналық көмек көрсетуді, емдеу мен медициналық оңалтуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      13. Апаттар медицинасы саласындағы мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау ұйымдарын үйлестіруді және олардың өзара іс-қимылын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

3-тарау. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кездегі медициналық көмектің түрлері мен көлемі

      14. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде зақым алғандарға (науқастарға) медициналық көмек оны көрсету орнына, оны көрсететін тұлғалардың біліктілігіне және медициналық мүлікпен қамтамасыз етілуіне байланысты дәрігерге дейінгі, жедел және мамандандырылған медициналық көмек түрінде ұсынылады.

      15. Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимін енгізілген кезде медициналық көмектің көлемі, төтенше жағдай аймағында, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта қалыптасқан медициналық-санитариялық және дағдарысты жағдайға байланысты белгіленген медициналық көмек түрлері шеңберінде тиімділігі мейлінше дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік іс-шаралардың негізінде медициналық айғақтар бойынша айқындалады.

      16. Тікелей төтенше жағдай аймағында және/немесе оның шекараларында, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта мынадай медициналық көмек көрсетіледі:

      1) дәрігерге дейінгі – орта медицина қызметкерлерінің өздері немесе мультипәндік команда құрамында көрсететін медициналық көмек, ол пациенттің жай-күйін бағалауды, дәрігерге дейін диагноз қоюды, дәрігерге дейінгі манипуляциялар мен емшараларды орындауды және зардап шеккендерге күтімді қамтиды;

      2) жедел – фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалар көрсететін медициналық көмек, ол пациенттің жай-күйін бағалауды, дәрігерге дейін диагноз қоюды, медициналық көмек көрсетуді және медициналық ұйымдарға тасымалдауды қамтиды;

      3) мамандандырылған – диагностиканың, емдеудің, медициналық оңалтудың арнайы әдістерін қажет ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 26 қарашадағы
№ 796 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң күші жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тізбесі

      1. "Төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде медициналық көмек ұсыну қағидаларын, оның түрлері мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 608 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 39, 341-құжат).

      2. "Төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмек ұсыну ережесін, оның түрлері мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 608 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 14 қарашадағы № 1226 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 65, 890-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және кейбір шешімдері мен "Ықтимал жер сілкіністері аймақтарында құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 44-ө өкімінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 173 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Yкiметінің кейбiр шешімдерiне енгізілетін өзгерiстер мен толықтырулардың 10-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 18-19, 94-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады