Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісімге қол қою туралы ұсыныс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № 808 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісімге қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі – Ұйым, ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер,

      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың мақсаттары мен қағидаттарына және оның шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен құжаттарға өзінің адалдығын растай отырып,

      Тараптар қатысушылары болып табылатын 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияның және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияның ережелерін назарға ала отырып,

      2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімді және 2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының қалыптастырылу және жұмыс істеу тәртібі туралы келісімді іске асырудың тиімді тетігін жасау міндеттеріне сүйене отырып,

      ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдары құралымдарының (бұдан әрі – құралымдар) Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі ынтымақтастықтың қажеттілігін мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:

      "құралымдардың құрамына кіретін адамдар (құралымдардың жеке құрамы)" – әскери қызметшілер, қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтердің, ішкі істер органдарының (полиция), ішкі әскерлердің (полиция әскерлері, ұлттық ұлан), төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою саласындағы уәкілетті органдар қызметкерлері, сондай-ақ Тараптар бөлген әскери бөлімдерде, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін немесе әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасының құрамына уақытша іссапарға жіберілген адамдар;

      "қызметтік міндеттер" – құралымдардың құрамына кіретін адамдар жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес атқаратын әскери және/немесе құқық қорғау (арнаулы) қызметінің міндеттері (еңбек міндеттері);

      "құзыретті органдар" – әскери басқару органдары, әскери бөлімдердің командирлері, соттар, прокуратура, алдын ала тергеу (қылмыстық қудалау), ішкі істер (полиция) органдары, қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтер, басқа да органдар, орналасу жерлерінде осы органдар болмаған жағдайда осы Келісімде реттелетін мәселелер құзыретіне жататын олардың өкілдері;

      "орналасу жері" – жіберуші Тараптың құралымдары, сондай-ақ қабылдаушы Тарап бөлген жылжымайтын мүлік (жылжымайтын мүлік объектілері) уақытша орналастырылатын қабылдаушы Тарап аумағының бөлігі;

      "кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері" – қылмыс іздерін, сондай-ақ дереу бекітуді, алып қоюды және зерттеуді талап ететін дәлелдемелерді табу және тіркеу мақсатында жүзеге асырылатын, оның ішінде қарап-тексеру, тінту, алу, куәландыру, күдіктілерді ұстау және олардан жауап алу, жәбірленушілер мен куәлардан жауап алу жатқызылуы мүмкін тергеу әрекеттері.

      Осы бапта көрсетілген терминдерден басқа, осы Келісімде 2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімде қамтылған терминдер пайдаланылады.

2-бап

      Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында құралымдардың уақытша болуына байланысты юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша ынтымақтастық Тараптардың құзыретті органдары арқылы жүзеге асырылады.

      Жіберуші Тараптың құзыретті органдары орналасу жерлеріне орналастырылады және өз қызметін жүзеге асырады.

      Азаматтық және отбасылық істер бойынша ұстап беру, сондай-ақ құқықтық көмек көрсету мәселелері Тараптар арасындағы қатынастарда қолданылатын өзге де халықаралық шарттармен реттеледі.

      Құқықтық көмек көрсету туралы өтініш егер осындай көмек көрсету сұрау салынатын Тараптың егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі не ұлттық заңнамасына қайшы келуі мүмкін болса, қабылданбауы мүмкін.

3-бап

      Осы Келісімді қолдану кезінде Тараптардың құзыретті органдары, егер осы Келісімде өзгеше көзделмесе, өз құзыреті шегінде бір-бірімен тікелей қатынасады.

      Іздестіріліп жатқан адамдарды ұстауға, күзетпен қамауға алуға (қамаққа алу) және оларды басқа Тараптың құзыретті органдарына беруге, юрисдикцияны қабылдау/беру және қылмыстық қудалау туралы сұрау салулар жіберуге, прокурордың (соттың) санкциясын талап ететін қылмыстық істер бойынша өзге де процестік әрекеттерді және жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша қатынастар Тараптардың құзыретті органдары арқылы тізбесін депозитарийге хабарлайтын өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес немесе Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өз құзыретіне жатпайтын сұрау салу келіп түссе, әдетте, бес күн мерзімде сұрау салуды дереу тиісті құзыретті органға жолдайды және бұл туралы бір мезгілде сұрау салушы Тараптың құзыретті органын хабардар етеді.

4-бап

      Осы Келісімді орындау кезінде Тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен қарым-қатынаста орыс тілін пайдаланады.

      Құжаттар Тараптардың мемлекеттік тілінде орындалған жағдайда оларға орыс тілінде куәландырылған аудармалары қоса беріледі.

5-бап

      Жіберуші Тараптың юрисдикциясына:

      жіберуші Тарапқа немесе жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кіретін адамдарға қарсы жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кіретін адамдар (жіберуші Тараптың әскери бөлімдерінде, ұйымдары мен мекемелерінде жұмыс істейтін қабылдаушы Тараптың азаматтарынан басқа) жасаған;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кіретін адамдар жасаған;

      жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кірмейтін қабылдаушы Тараптың азаматтары қылмыс орнында ұсталған жағдайда орналасу жерінде кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері орындалғанға дейін көрсетілген адамдар орналасу жерінде жасаған қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтар жатады.

      Жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кіретін адамдардың денсаулығына ауыр зиян келтіруге (ауыр дене жарақатын алуға), қаза табуына (оның ішінде өзін-өзі өлтіруге) әкеп соққан, аталған зардаптар өзге адамдардың күш қолдану әрекеттерінің нәтижесінде туындамаған, орналасу жерлерінде болған оқиғалар да жіберуші Тараптың юрисдикциясына жатады. Қылмыстың немесе өзге де құқық бұзушылықтың белгілері анықталған жағдайда осы бапта айқындалған тәртіп қолданылады.

      Жіберуші Тарап өз юрисдикциясын орналасу жерлерінде белгісіз адамдар жіберуші Тарапқа немесе жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кіретін адамдарға (қабылдаушы Тараптың азаматтарына қарсы жасалғандардан басқа) қарсы қылмыстар немесе өзге де құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда жүзеге асырады. Қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасаған адам анықталған кезде осы бапта айқындалған тәртіп қолданылады.

      Қабылдаушы Тарап өз юрисдикциясын орналасу жерлерінде белгісіз адамның мәйіті табылған жағдайда жүзеге асырады. Қабылдаушы Тараптың құзыретті органдары осы адамның құралымдар құрамына кіретін адамдарға тиесілілігі және қаза табуы өзге адамдардың күш қолдану әрекеттерінен болмағаны туралы дәлелдемелерді не оның қаза табуына жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кіретін адамдардың қатысы бар екендігі туралы дәлелдемелерді алған жағдайда, одан әрі юрисдикция осы баптың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Өзге қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша қабылдаушы Тараптың юрисдикциясы жүзеге асырылады және оның құзыретті органдары әрекет етеді.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз құралымдарының құрамына кіретін адамдарға және басқа Тарапқа (Тараптарға), оның (олардың) азаматтары мен заңды тұлғаларына қарсы қылмыстар жасаған күдіктілерге (айыпталушыларға) қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға міндеттенеді.

7-бап

      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімде белгіленген тәртіппен бір-біріне юрисдикцияны беру/қабылдау туралы сұрау салулармен жүгіне алады. Мұндай сұрау салулар қысқа мерзімде қаралады.

      Юрисдикция қабылданғаннан кейін одан әрі іс бойынша іс жүргізу юрисдикцияны қабылдаған Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы бапқа сәйкес жолданатын қылмыстық іспен бірге ұсталған күдіктілер (айыпталушылар), сондай-ақ іс бойынша жиналған дәлелдемелер беріледі.

      Юрисдикцияны қабылдаған Тараптың құзыретті органдары юрисдикцияны берген Тараптың құзыретті органдарын қылмыстық қудалау нәтижелері туралы хабардар етеді.

8-бап

      Құралымдардың құрамына кіретін жіберуші Тараптың (Тараптардың) азаматынан (азаматтарынан) және қабылдаушы Тараптың азаматынан (азаматтарынан) тұратын адамдар тобы жіберуші және қабылдаушы Тараптардың юрисдикциясына жататын бір немесе бірнеше қылмыс жасаған жағдайда, Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдары тиісті материалдарды басқа Тараптың азаматтарына қатысты жеке іс жүргізуге бөледі, олар осы Келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін осы Тараптың құзыретті органдарына беріледі. Бұл ретте қылмыстық қудалауды Тараптардың бірлескен жедел-тергеу тобы жүзеге асыруы мүмкін.

      Жіберуші Тарап (Тараптар) құралымдарының құрамына кіретін адамдар жіберуші (жіберетін) және қабылдаушы Тараптарға қарсы бір немесе бірнеше қылмыс жасаған жағдайда, қылмыстық қудалауды Тараптардың бірлескен жедел-тергеу тобы жүзеге асыруы мүмкін.

      Құралымдардың құрамына кіретін жіберуші Тараптардың азаматтарынан тұратын адамдар тобы осы Тараптардың юрисдикциясына жататын бір немесе бірнеше қылмыстар жасаған жағдайда, Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдары да осы Келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін осы басқа Тараптың құзыретті органдарына берілетін басқа Тараптың азаматтарына қатысты жеке іс жүргізуге тиісті материалдарды бөледі.

      Егер осындай беру істі тергеу мен шешудің жан-жақтылығына, толықтығына, объективтілігіне теріс әсер етсе, қылмыстық іс материалдарын жеке іс жүргізуге бөлу және ұсталған адамдарды басқа Тарапқа беру жүргізілмеуі мүмкін.

9-бап

      Жіберуші (жіберетін) және қабылдаушы Тараптардың юрисдикциясына жататын қылмыстарды жылдам және жан-жақты тергеп-тексеру мақсатында бірлескен жедел-тергеу топтары құрылуы мүмкін.

      Бірлескен жедел-тергеу топтары Тараптардың ұлттық заңнамасына және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес құрылады және жұмыс істейді.

10-бап

      Қабылдаушы Тараптың юрисдикциясына жататын істер бойынша процестік және өзге де іс-әрекеттерді, сондай-ақ орналасу жерлерінде жедел-іздестіру іс-шараларын орындау қажет болған кезде мұндай іс-әрекеттерді қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша жіберуші Тараптың құзыретті органдары не жіберуші Тараптың құзыретті органдарымен жазбаша келісу бойынша қабылдаушы Тараптың құзыретті органдары жүргізеді.

      Жіберуші Тараптың юрисдикциясына жататын істер бойынша процестік және өзге де іс-әрекеттерді, сондай-ақ орналасу жерінен тыс жедел-іздестіру іс-шараларын орындау қажет болған кезде мұндай іс-әрекеттерді жіберуші Тараптың құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша қабылдаушы Тараптың құзыретті органдары не қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарымен жазбаша келісу бойынша жіберуші Тараптың құзыретті органдары жүргізеді.

      Бір Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдары алған, куәландырылған және белгіленген тәртіппен берілген дәлелдемелер, басқа Тараптың құзыретті органдары оны ұлттық заңнамасына сәйкес алған болса, сол сияқты заңдық күшке ие болады.

      Тараптардың құзыретті органдары қылмыстар іздерін процестік
іс жүргізу арқылы бекіту, осы қылмыстарды жасаған адамдарды анықтау, ұстау, күзетпен қамауға алу және беру мәселелері бойынша бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.

      Тараптар материалдар мен заттай дәлелдемелерді осы Келісімнің
4-бабында жазылған талаптарды ескере отырып, өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тізімдеме бойынша береді.

      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың құзыретті органдары өкілдерінің құралымдардың құрамына кіретін және қабылдаушы Тараптың құзыретті органдары ұстап алған немесе күзетпен қамауға алған жіберуші Тараптың азаматтарына еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      Тараптардың бірінің ұлттық заңнамасы шеңберінде жүргізілген процестік әрекеттердің заңды күші болады және барлық Тараптар осындай деп таниды.

      Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне беретін құжаттар құзыретті органдардың елтаңбалы мөрімен куәландырылуға тиіс және қандай да бір арнайы куәландырусыз ресми ретінде танылады.

      Сұрау салуларды Тараптардың құзыретті органдары олар келіп түскен күннен бастап мүмкіндігінше қысқа мерзімде орындайды. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осындай сұрау салу келіп түскен күннен бастап 10 тәулік ішінде сұрау салушы Тараптың құзыретті органын қабылданатын шаралар және оны орындау мерзімі туралы хабардар етеді.

11-бап

      Бір Тараптың тиісті құзыретті органдары басқа Тараптың құзыретті органдарына осы басқа Тараптың юрисдикциясына жататын, қылмыстардың белгілері бар, өздеріне белгілі болған барлық әрекеттер туралы дереу хабарлайды.

      Құралымдардың құрамына кіретін адам жасаған әрекетке байланысты қылмыстық істі қозғау (сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы), сондай-ақ мұндай адамды ұстау, күзетпен қамауға алу (қамаққа алу), сотта істі тергеп-тексеру және шешу нәтижелері туралы қабылдаушы Тараптың құзыретті органдары жіберуші Тараптың құзыретті органдарына кейінге қалдырмай хабарлайды.

      Жіберуші Тараптың құзыретті органдары қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарына орналасу жерінде қылмыс орнында ұсталған қабылдаушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық істерді қозғау
(сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау) және кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін жүзеге асыру туралы кейінге қалдырмай хабарлайды және істерді (адамдарды) қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарына тездетіп беру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

12-бап

      Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық іс бойынша өзінің юрисдикциясын жүзеге асыру және осы Келісімнің негізінде құқықтық көмек көрсету кезінде туындайтын шығындарды дербес көтереді.

      Егер сұрау салуды орындау елеулі шығыстарды талап етсе, Тараптардың тиісті құзыретті органдары сұрау салу орындалуы мүмкін жағдайларды, сондай-ақ шығыстарды жабу тәртібін айқындау мақсатында консультациялар өткізеді.

13-бап

      Тараптар берілген ақпаратқа және оның дереккөзіне қатысты құпиялылықты сақтайды.

      Сұрау салынатын Тарап, сұрау салуға, оның мазмұнына, сұрау салуда көрсетілген адамдардың дербес деректері туралы мәліметтерге, қосымша құжаттарға, сондай-ақ осы Келісімді орындауға байланысты жасалған қандай да бір әрекеттерге қатысты, егер осы ақпаратты ұсынған құзыретті орган оны жария етуді қажет емес деп есептесе, құпиялылықты сақтайды.

      Сұрау салуды құпиялылықты сақтамай орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабар береді, ол сұрау салудың шарттарын өзгертеді не одан бас тартады.

      Қылмыстық істер бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын, процестік және өзге де іс-әрекеттерді жүргізу барысында Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдары басқа Тараптың құзыретті органынан тиісті қылмыстық істі тергеп-тексеру мақсатында алынған қызметтік сипаттағы ақпараттың және олардың жеткізгіштерінің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдары осы бапта көзделген тәртіппен оларға хабарланбаған басқа Тараптың қызметтік сипаттағы ақпаратына қол жеткізген жағдайда, бұл туралы басқа Тарапты хабардар етеді және осы мәліметтердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз етеді.

14-бап

      Жіберуші Тараптың юрисдикциясына жататын істерді оның құзыретті органдары орналасу жерлерінде қарауы мүмкін.

      Жіберуші Тараптың юрисдикциясына жататын істер бойынша қорғаушылар, сарапшылар және мамандар ретінде қабылдаушы Тараптың азаматтары қатыса алады.

      Тараптардың құзыретті органдары процеске қатысушылардың сот отырысына, алдын ала тергеу және анықтау органдарына келуін қамтамасыз етуде өзара көмек көрсетеді. Процеске қатысушыларды жіберуші Тараптың аумағына шақыру қажет болған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары Тараптар қатысушылары болып табылатын қолданылатын халықаралық шарттарды және осы Келісімнің 3-бабының ережелерін басшылыққа алады.

      Тұруға жұмсалатын шығыстар, тәуліктік және көлік шығыстары, сондай-ақ жұмыста болмаған күндері үшін алынбаған жалақыны сұрау салушы Тарап куәгерге, жәбірленушіге, сондай-ақ процестің өзге де қатысушыларына өтейді. Сарапшы да сараптама жүргізгені үшін сыйақы алуға құқылы.

      Адамның сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келуі туралы шақыруда осы адамның қандай төлемдер алуға құқылы екендігі көрсетіледі. Осы адамның өтінуі бойынша оған тиісті шығыстарды жабуға аванс төленуі мүмкін.

      Қабылдаушы Тараптың аумағында өз қызметін жүзеге асыратын, жіберуші Тараптың құзыретті органына шақыру бойынша өз еркімен келетін куә, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сондай-ақ сарапшы келу туралы шақыруда көрсетілмеген, шақырылған адам орналасу жерінің шекарасын кесіп өткенге дейін жасаған әрекеті үшін қылмыстық қудалауға ұшырамайды. Мұндай кепілдік шақырылған адам орналасу жерінің аумағынан кеткеннен кейін өз күшін жоғалтады.

15-бап

      Қабылдаушы Тараптың құзыретті органдары жіберуші Тараптың құзыретті органдарының сот шешімдері мен қаулылары бойынша күзетпен ұсталатын адамдарды ұстауды, оларды этаппен жөнелтуді, ал қажет болған жағдайда қабылдаушы Тарап аумағының шегінде айдауылмен алып жүруді қамтамасыз етеді.

      Қабылдаушы Тарап қылмыстық іс жіберуші Тараптың құзыретті органдарының іс жүргізуінде болған кезеңде жіберуші Тараптың құзыретті органдары өкілдерінің өзінің аумағында күзетпен ұстау орындарындағы аталған адамдарға еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

16-бап

      Тергеу, сот істерін, өзге де құжаттар мен заттай дәлелдемелерді алып жүру, күдіктілерді, айыпталушыларды, сотталушыларды, сотталғандарды айдауылмен алып жүру және этаппен жөнелту кезінде, сол сияқты қабылдаушы Тараптың аумағында басқа да қызметтік міндеттерді орындау кезінде әскери қызметшілердің, қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтер, ішкі істер (полиция), ішкі әскерлер (полиция әскерлері, ұлттық ұлан), төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласында уәкілеттік берілген органдар қызметкерлерінің және жіберуші Тараптың құзыретті органдары қызметкерлерінің, егер бұл жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген болса, өзімен бірге табельдік қаруы мен арнайы құралдары болуы мүмкін. Қару мен арнайы құралдарды орналасу жерінің шегінен тыс жерлерде қолдану тәртібі қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасымен және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен регламенттеледі.

      Осы баптың 1-абзацында аталған адамдар жіберуші Тараптың құзыретті органдары куәландырған, шекараны кесіп өту мақсаты, тасымалданатын құжаттар мен мүліктің тізбесі туралы ақпаратты қамтитын шекараны кесіп өтетін адамдардың атаулы тізімін, сондай-ақ жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген жеке басты куәландыратын құжаттарды көрсеткен кезде Тараптардың мемлекеттік шекараларын кесіп өтеді.

      Қабылдаушы (транзиттік) Тараптың аумағында мөрленген жүктерді ашу жүргізілмейді.

      Орамасы, пломбалары мен мөрлері болмаған немесе бұзылған, сондай-ақ қабылдаушы (транзиттік) Тараптың құзыретті органдарында көрсетілген жүктер ретінде мұндай болып табылмайтын заттар алып өтіледі деп пайымдауға негіздер бар болған кезде, осы жүктер Тараптар құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен жете тексерілуі мүмкін. Мұндай жүктерді жете тексеру кезінде қабылдаушы (транзиттік) Тараптың ұлттық заңнамасы қолданылады.

17-бап

      Құралымдардың құрамына кіретін адамдар қызметтік міндеттерін орындау кезінде өздері орналасқан жердің шегінен тыс жерлерде жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтар (бұзушылықтар) туралы қабылдаушы Тараптың құзыретті органдары осы адамдарды әкімшілік қудалау үшін жіберуші Тарап құралымының қолбасшылығына хабарлайды.

      Жіберуші Тараптың құзыретті органдары қабылдаушы Тараптың тиісті құзыретті органдарына келіп түскен хабарлама бойынша жіберуші Тараптың заңнамасына сәйкес қабылданған шешім туралы хабар береді.

18-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысы қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      Осы Келісіммен реттелмеген мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсету мүдделі Тараптардың көрсетілген конвенциялардың қайсысының тарапы болып табылатынына қарай, 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға, 1997 жылғы 28 наурыздағы оған Хаттамаға не 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға, сондай-ақ Тараптар арасында жасалған екіжақты шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

19-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

20-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 21-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделеді.

21-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті құжаттарды тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде күшінде қалады.

22-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, шығу күніне дейін 6 (алты) айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Келісімнен шыға алады.

      202_ жылғы "__" __________ ___________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.


Армения Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін


Беларусь Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін


Қазақстан Республикасы үшін

Тәжікстан Республикасы үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады