"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 905 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 8, 84-құжат; 1999 ж., № 13, 431-құжат; № 23, 921-құжат; 2001 ж., № 15-16, 228-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 17, 101-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 16, 103-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 15, 106, 108-құжаттар; № 18, 143-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 52-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 10, 86-құжат; № 11, 102-құжат; № 16, 128, 129-құжаттар; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 21-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 77-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 144-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 20-ІV, 113-құжат; № 22-V, 154, 158-құжаттар; № 23-ІІ, 170-құжат; 2016 ж., № 8-І, 65-құжат; № 12, 87-құжат; № 23, 118-құжат; 2017 ж., № 8, 16-құжат; № 11, 29-құжат; № 21, 98-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 16, 56-құжат; № 24, 93-құжат; 2019 ж., № 7, 39-құжат; № 9-10, 52-құжат; № 21-22, 90-құжат; № 23, 103-құжат; № 24-І, 119-құжат; № 24-ІІ, 122-құжат; 2020 жылғы 7 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2020 жылғы 14 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):

      1) 2-бапта:

      7-1), 22-1), 22-2), 28) және 44-3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-1) жеке арнайы шот – тұрғын үй төлемдерін алушылар тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызу және белгіленген мақсаттарға төлемдерді жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банкте ашатын ағымдағы банктік шот;";

      "22-1) мобильді тұрғын үй – белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің тұруына арналған және пайдаланылатын, жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан тез тұрғызылатын және тасымалданатын тұрғынжай бірлігі;

      22-2) нысаналы жарна – күнтізбелік бір жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстауға арналған шығыстар сметасында көзделмеген іс-шараға ақы төлеу үшін пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелері енгізетін ақша;";

      "28) тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін жеке тұрғын үй бірлігі (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, мобильді тұрғын үй);";

      "44-3) тұрғын үй төлемдерін алушылар – тұрғын үй төлемдерін алатын арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және осы Заңның 101-9-бабының 2-тармағында, сондай-ақ "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 6 және 7-тармақтарында көрсетілген адамдар;";

      2) 3-баптың 2-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметтік тұрғынжайлары болады, оларды қалыптастыру және беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.";

      3) 13-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің, оның ішінде қызметтен шығарылғандардың отбасы мүшелерінің тобы осы Заңның 101-10-бабына сәйкес айқындалады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген қызметтік тұрғынжайлар осы Заңның 109-бабының 2 немесе 2-1-тармақтарында көзделген негіздер бойынша жекешелендірілуі мүмкін.";

      7-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасқан;";

      8-1) тармақша "лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңіне ведомстволық тұрғынжай қорынан берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге болмайды." деп жазылып, 9) тармақша алып тасталсын;

      8-тармақтың 7) және 7-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) мыналар:

      күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген;

      күнтізбемен есептегенде он және одан да көп жыл еңбек сіңірген және асырауында мүгедектігі бар балалары, оның ішінде он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болған он сегіз жастан асқан балалары бар әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардан қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты қызметтен шығарылған адамдар.

      Осы тармақшада көрсетілген адамдар қайтыс болған жағдайда өтеусіз жекешелендіру құқығы оның отбасы мүшелеріне ауысады;

      7-1) өзiн-өзі өлтіру (өзiн-өзі өлтіруге дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда), қылмыстық құқық бұзушылық жасау, алкогольдік, есiрткiлік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйді туындататын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес тұтыну салдарынан қаза тапқаннан (қайтыс болғаннан) басқа, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің, арнаулы мемлекеттік орган, ішкі істер органы қызметкерінің отбасы мүшелері;";

      10-тармақтың 3) тармақшасындағы "иеліктен шығарса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды" деген сөздер "иеліктен шығарса;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) осы Заңның 101-1-бабының 6-тармағында, 101-2-бабының 4 және 6-тармақтарында, 101-9-бабының 2-тармағында көзделген тұрғын үй төлемдерін алса немесе осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда жасалған шарт бойынша тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып толық ауқымда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғын үйді жалға алуды төлеу үшін міндеттемелерін орындаса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды.";

      4) 67-баптың 3-3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-3. Осы елді мекенде ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелері тұрғын үй қорының жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайлары тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тиісінше ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының кадрларында тұрған адамдарға қызмет өткеру (еңбек қатынастары) кезеңіне беріледі.";

      5) 96-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайлармен алмасу тәртібі осы Заңның 98, 101 немесе 110-баптарында белгіленген тұрғынжайлардың құқықтық режимдерімен айқындалады.";

      6) 101-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Күнтiзбемен есептегенде он және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшілер немесе арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардан қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты қызметтен шығарылған адамдар қызметтік тұрғын үйге теңестірілген, тұрып жатқан тұрғынжайын қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы.

      Күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардан қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты қызметтен шығарылған адамдар қызметтік тұрғын үйге теңестірілген, тұрып жатқан тұрғынжайын өтеусіз жекешелендіруге құқылы.

      Осы тармақта айқындалған адамдар қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне ауысады.";

      7) 101-1-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады. Осы баптың 7 және 8-тармақтарында көзделген жағдайларда тұрғынжай құқығын іске асыру қызметтік тұрғынжай беру және олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері не олардың жұбайы (зайыбы) өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алған, осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалдау ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған жағдайда, тұрғынжай құқығын іске асыру қызметтік тұрғынжай беру арқылы, ал осы бапта белгіленген тұрғынжай алаңының нормасына сәйкес келетін қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайларда, олардың жеке арнайы шотына тек тұрғынжайды жалға алу үшін пайдаланылатын тұрғын үй төлемін аудару арқылы жүзеге асырылады.";

      2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұрғын үй төлемдерін алушы жеке арнайы шотты дербес ашады және оған қызмет көрсетеді.";

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрғынжайды жекешелендіруге құқылы.

      5. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқаруына байланысты, қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, оған қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша қызметтен шығарылған кезде тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңі үшін бұдан бұрын тұрғын үй төлемдері жүзеге асырылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе қызмет өткеру орындары бойынша жеке меншік құқығында тұрғынжай болған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке түскен күннен бастап және 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін, ал олар көрсетілген күннен кейін Қарулы Күштерден, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған жағдайда 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.

      Бұл ретте тұрғынжайда елу проценттен аз үлесінің болуы есепке алынбайды.

      2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұрған арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты, қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, оған қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша қызметтен шығарылған кезде тұрғын үй төлемдері көрсетілген тұрғынжайда тұрған кезеңі үшін осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемінің мөлшерінен елу процент мөлшерінде жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың күші арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, егер олар не олардың жұбайы (зайыбы):

      1) купондық тетік арқылы тұрғынжайды жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған;

      2) осы Заңның осы бабының 5-тармағында немесе 101-2-бабының 4 немесе 5-тармақтарында көзделген тұрғын үй төлемдерін алған;

      3) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындаған;

      4) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларды қоспағанда, осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы бар жағдайларда қолданылмайды.";

      6-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Біржолғы ақшалай өтемақы мөлшері қызметтен шығару сәтінде қызметкердің өзін қоса алғанда, оның отбасы құрамына сәйкес келетін пайдалы алаң нормасын бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері сомасы шегеріле отырып, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланатын ағымдағы жылғы қаңтардағы деректеріне сәйкес қызметкер қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңірінде жаңа тұрғын үйді сатудың бір шаршы метрінің бағасына көбейту арқылы айқындалады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдері, егер:

      1) мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы арнаулы мемлекеттік органның қызметкері құқыққа қайшы әрекеттер жасаған кезде немесе алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық (сол тектестерден) масаңдануы немесе өзіне қандай да бір дене зақымын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өз денсаулығына өзге де зиян келтіру себебінен болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденген;

      2) тұрғын үйді купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, қызметкер мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған;

      3) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындаған;

      4) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайды қоспағанда, қызметкердің осы елді мекенде меншік құқығында тұрғын үйі болған жағдайларда төленбейді.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағындағы немесе жатақханадағы қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілген арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінің елу проценті мөлшерінде жүргізіледі.

      Осы тармақта көзделген тұрғын үй төлемдері, егер арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері не олардың жұбайы (зайыбы):

      1) өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алған;

      2) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындаған;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіру құқығын іске асырған жағдайларда төленбейді.";

      8) 101-2-бапта:

      1-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Әскери қызметшілердің (мерзімді қызмет әскери қызметшілерін, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады. Осы баптың 7 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларда тұрғынжай құқығын іске асыру қызметтік тұрғынжай беру және олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады. Әскери қызметшілер не олардың жұбайы (зайыбы) өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алған, осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалдау ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған жағдайларда тұрғынжай құқығын іске асыру қызметтік тұрғынжай беру арқылы жүзеге асырылады, ал осы бапта белгіленген тұрғынжай алаңының нормасына сәйкес келетін қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайларда олардың жеке арнайы шотына тек тұрғынжайды жалға алу үшін пайдаланылатын тұрғын үй төлемдері аударылады.";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары жасырын құрамының әскери қызметшілеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ал Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.";

      2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жеке арнайы шотты тұрғын үй төлемдерін алушы дербес ашады және қызмет көрсетеді.";

      4, 5, 6, 7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Әскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрғынжайды жекешелендіруге құқылы.

      Күнтізбемен есептегенде 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметте он және одан да көп жыл болған, күнтізбемен есептегенде әскери қызмет өткеру мерзімі жиырма және одан да көп жыл болған және жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйде тұратын әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидаларына сәйкес өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алуға құқылы.

      Осы тармақта көзделген ақшалай өтемақы, егер әскери қызметшілер не олардың жұбайы (зайыбы):

      1) Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғынжайы болған, бұл ретте тұрғынжайдағы елу проценттен аз үлесінің болуы есепке алынбайды;

      2) купондық тетік арқылы тұрғынжайды жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған;

      3) осы Заңның 101-1-бабының 5-тармағында немесе осы баптың 5-тармағында көзделген тұрғын үй төлемдерін алған;

      4) соңғы бес жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағындағы меншік құқығында өзіне тиесілі тұрғын үйді иеліктен шығарған жағдайларда төленбейді.

      Ақшалай өтемақының мөлшері бұдан бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, республика бойынша орташа алғанда жаңа тұрғынжайды сатудың бір шаршы метрінің құнын әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне он сегіз шаршы метр пайдалы алаңнан есептелетін тұрғынжай алаңына көбейту арқылы айқындалады.

      Ақшалай өтемақы төленген адамдар қызметтік тұрғынжайды ақшалай өтемақы төленген кезден бастап үш айдан кешіктірмей белгіленген тәртіппен тапсырады.

      Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери қызметші болып табылса, ақшалай өтемақы олардың таңдауы бойынша ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана төленеді.

      Қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің тізбесін мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекітеді.

      Осы тармақта көзделген жеңілдіктер бір рет қолданылады.

      5. Әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқаруына байланысты, қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, әскери қызметшіге қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңі үшін бұдан бұрын тұрғын үй төлемдері жүзеге асырылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан және қызмет өткеру орындары бойынша жеке меншік құқығында тұрғынжай болған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күнінен бастап және 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.

      Бұл ретте тұрғынжайда елу проценттен аз үлесінің болуы есептелмейді.

      2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұрған әскери қызметшілерге әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқаруына байланысты, қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, әскери қызметшіге қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде тұрғын үй төлемдері көрсетілген тұрғынжайда тұрған кезеңі үшін осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемінің мөлшерінен елу процент мөлшерінде жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың күші әскери қызметшілерге, егер олар не олардың жұбайы (зайыбы):

      1) купондық тетік арқылы тұрғынжайды жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған;

      2) осы Заңның осы 101-1-бабының 5-тармағында немесе осы баптың 4 немесе 5-тармақтарында көзделген тұрғын үй төлемдерін алған;

      3) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындаған;

      4) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларды қоспағанда, осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы бар жағдайларда қолданылмайды.

      6. Әскери қызмет өткеру кезеңінде алған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы себебінен әскери қызметтен шығарылған кезде, ол бойынша әскери-дәрігерлік комиссия әскери қызметшіні әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп таныған әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері біржолғы ақшалай өтемақы түрінде аударылады. Біржолғы ақшалай өтемақының мөлшері бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланатын ағымдағы жылғы қаңтардағы деректеріне сәйкес әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, оны шығару сәтінде отбасы құрамына сәйкес келетін пайдалы алаңның нормасын әскери қызметші әскери қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңірінде жаңа тұрғын үйді сатудың бір шаршы метрінің бағасына көбейту арқылы айқындалады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдері, егер:

      1) мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы әскери қызметші құқыққа қайшы әрекеттер жасаған кезде немесе алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық (сол тектестерден) масаңдануы немесе өзіне қандай да бір дене зақымын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өз денсаулығына өзге де зиян келтіру себебінен болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденген;

      2) тұрғын үйді купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, әскери қызметшілер не олардың жұбайы (зайыбы) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған;

      3) әскери қызметшілер не олардың жұбайы (зайыбы) өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алған;

      4) әскери қызметшілер не олардың жұбайы (зайыбы) осы Заңның 101-1-бабының 5-тармағында немесе осы баптың 4 немесе 5-тармақтарында көзделген тұрғын үй төлемдерін алған;

      5) әскери қызметшімен не оның жұбайымен (зайыбымен) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындаған;

      6) әскери қызметшінің не оның жұбайының (зайыбының) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттеме орындалмаған жағдайларды қоспағанда, осы елді мекенде меншік құқығында тұрғын үйі болған жағдайларда төленбейді.

      7. Жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағындағы немесе жатақханадағы қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінің елу проценті мөлшерінде жүргізіледі.

      Осы тармақта көзделген тұрғын үй төлемдері, егер әскери қызметшілер не олардың жұбайы (зайыбы):

      1) өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алған;

      2) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындаған;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіру құқығын іске асырған жағдайларда төленбейді.

      8. Жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және қызметтік тұрғынжайларды күтіп ұстау және ондағы орталықтандырылған жылыту мемлекет есебінен қамтамасыз етілетін өзге де жабық объектілердің тізбесін мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекітеді.";

      11-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      9) 101-3-бапта:

      1-тармақта:

      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, бұл ретте тұрғынжайдағы елу проценттен аз үлестің болуы есепке алынбайды.

      Осы тармақшаның талабы арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне немесе осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша орындалмаған міндеттемесі бар әскери қызметшілерге қолданылмайды;

      2) олардың Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануындағы тұрғынжайы болмаса;";

      алтыншы бөлік алып тасталсын;

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Арнаулы мемлекеттік орган қызметкерін және (немесе) әскери қызметшіні, егер ол не оның жұбайы (зайыбы):

      1) өтеусіз жекешелендіру құқығы орнына ақшалай өтемақы алған болса, оларды алу орны бойынша;

      2) осы Заңның 101-1-бабының 5-тармағында немесе 101-2-бабының
5-тармағында көзделген тұрғын үй төлемдерін алған болса, оларды алу орны бойынша;

      3) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алумен тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерін орындаған болса, шартты ресімдеу орны бойынша;

      4) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіру құқығын іске асырған болса, құқықты іске асыру орны бойынша;

      5) жұбайының (зайыбының) некеге тұрғанға дейін тұрғынжайы болған жағдайды қоспағанда, өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізген болса, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады. Бұл жағдайда тұрғынжайға елу проценттен аз үлесті иеліктен шығару есепке алынбайды.";

      10) 101-4-бапта:

      2-тармақта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алудан бас тартқан;";

      мынадай мазмұндағы 5) және 6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5) арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алуды төлеу үшін жасалған шарт бойынша ол міндеттемені орындамаған жағдайларды қоспағанда, қызмет орны бойынша берілген жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағындағы қызметтік тұрғынжайдан бас тартқан;

      6) Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжай сатып алған жағдайларда тоқтатылады, бұл ретте тұрғынжайдағы елу проценттен аз үлесінің болуы не мұраға қалдырылған меншік құқығында тұрғын үйдің пайда болуы есепке алынбайды.";

      11) 101-9-бапта:

      2-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне тұрғын үй төлемдері біржолғы ақшалай өтемақы түрінде жүргізіледі. Біржолғы ақшалай өтемақы мөлшері ол қаза тапқан сәтте арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, оның отбасы құрамына сәйкес келетін пайдалы алаң нормасын бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері сомасы шегеріліп, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланатын ағымдағы жылғы қаңтардағы деректеріне сәйкес арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңірінде жаңа тұрғын үйді сатудың бір шаршы метрінің бағасына көбейту арқылы айқындалады.";

      екінші бөліктің 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қылмыстық бұзушылық жасаған кезде;

      3) алкогольдік, есiрткiлік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық күйді туындататын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес тұтыну салдарынан;";

      12) 101-10-баптың 1), 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жұбайы (зайыбы);

      2) сот шешімі негізінде бөлек тұратын (олардың) бұрынғы некеден (некелерден) (ерлі-зайыптылықтан) болған баланы (балаларды) қоспағанда, баласы (балалары), оның ішінде ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің баласы (балалары);

      3) сот шешімі негізінде бөлек тұратын (олардың) бұрынғы некеден (некелерден) (ерлі-зайыптылықтан) болған баланы (балаларды) қоспағанда, он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болған, он сегіз жастан асқан баласы (балалары), оның ішінде ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің баласы (балалары) жатады.";

      13) 109-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Күнтiзбемен есептегенде он және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшілер немесе арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқартылуына байланысты әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардан қызметтен шығарылған адамдар тұратын қызметтік тұрғынжайын (жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан қызметтік тұрғынжайларды қоспағанда) қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы.

      Күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқартылуына байланысты әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардан қызметтен шығарылған адамдар тұратын қызметтік тұрғынжайын (жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан қызметтік тұрғынжайларды қоспағанда) өтеусіз жекешелендіруге құқылы.

      Осы тармақта айқындалған адамдар қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне ауысады.";

      14) 110-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Қызметтік тұрғынжай осы Заңда айқындалған шарттарда және тәртіппен басқа қызметтік тұрғынжайға алмастырылуы мүмкін.

      Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда,
сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тұрғынжаймен алмасу тәртібін уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.";

      15) 111-баптың 1-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-1. Әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдар қызметінен шығарылған, тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайын жекешелендіру құқығы жоқ адамдар өздерімен бірге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғынжай берілместен шығарылуға тиіс.".

      2. "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 4, 31-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 15, 78-құжат; № 21-ІІІ, 135-құжат; № 22-ІІ, 148-құжат; № 22-ІІІ, 149-құжат; № 22-V, 154-құжат; 2016 ж., № 7-І, 49-құжат; № 24, 126-құжат; 2017 ж., № 11, 29-құжат; № 13, 45-құжат; № 14, 50-құжат; № 16, 56-құжат; № 21, 98-құжат; 2018 ж., № 14, 42-құжат):

      1) 7-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте көрсетілген кезең лауазымдық айлықақыны айқындау үшін еңбек өтілін және (немесе) еңбек сіңірген жылдарына зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу кезінде есептелмейді.";

      2) 49-бапта:

      4-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Белгіленген мерзiмдi өткерген қызметкерлерді қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда, ол қолданылған кезеңге уақытша тоқтатылады.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте олармен жасалған қызмет өткеру туралы келісімшарттар төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңі ішінде қолданыста болады.";

      3) 78-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің отбасы мүшелері қаза тапқан (қайтыс болған) адамның еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіруге құқылы.";

      4) 84-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметтік тұрғынжайлары бар, оларды қалыптастыру және беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.".

      3. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 5, 40-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 2, 10-құжат; № 3, 15-құжат; № 14, 72-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-II, 96-құжат; 2015 ж., № 11, 56-құжат; № 15, 78-құжат; № 19-І, 100-құжат; № 21-III, 135-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2017 ж., № 11, 29-құжат; № 13, 45-құжат; № 16, 56-құжат; № 21, 98-құжат; 2018 ж., № 14, 42-құжат; № 15, 47-құжат; № 24-ІІ, 120, 122-құжат; 2020 жылғы 5 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2020 жылғы 7 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2020 жылғы 11 маусымда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы):

      1) 1-бапта:

      2), 3), 9), 19), 21) және 23) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ауыспалы құрам – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі – Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар) штат санына кірмейтін әскери (арнаулы) оқу орындарында оқитын Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери қызметшілерінің санаты;

      3) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер – осы Заңда айқындалған мерзімге Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтары;";

      "9) әскери бөлімнің (мекеменің) штаты – ұйымдық-штаттық құрылымды, жеке құрамның санын және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қару-жарағы мен әскери техникасы кадастрына сәйкес бекітіліп берілген негізгі қару-жарақ пен әскери техника санын айқындайтын құжат;";

      "19) əскери қызметтен шығару – əскери қызметшіні осы Заңда көзделген негіздер бойынша запасқа қойып немесе отставкаға шығара отырып, əскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен алып тастау;";

      "21) әскери лауазым – әскери қызмет функцияларын орындау үшін лауазымдық өкілеттіктер мен лауазымдық (арнайы) міндеттер жүктелген Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың штат бірлігі;";

      "23) әскери міндеттілер запасы (бұдан әрі – запас) – аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті әскери басқару органдарында әскери есепте тұратын, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды толық жасақтау, жұмылдыра өрістету және шығынының орнын толтыру мақсатында пайдаланылатын, осы Заңда белгіленген жастағы әскери міндеттілер;";

      мынадай мазмұндағы 30-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "30-1) азаматтық персонал адамдары (жұмыскерлер) – мемлекеттік қызметтегі немесе Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда еңбек қатынастарында тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары;";

      31), 44), 45) және 47) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "31) жеке құрам – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілері және азаматтық персонал адамдары (жұмыскерлері);";

      "44) сарбаздар (матростар) – сарбаздар (матростар) құрамының тиісті əскери атақтары берілген əскери қызметшілер;

      45) сержанттар (старшиналар) – сержанттар (старшиналар) құрамының тиісті əскери атақтары берілген əскери қызметшілер;";

      "47) теңізге шығу – міндеттерді орындау үшін корабльдер, катерлер мен кемелер экипаждарының, əскери қызметшілердің теңізге шығуы;";

      2) 6-бапта:

      1-тармақта:

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызмет өткеру кезеңінде тұрғынжаймен қамтамасыз етілуге;";

      8-тармақшада "қолдануға құқығы бар." деген сөздерді "қолдануға;" деген сөзбен ауыстырып, мынадай мазмұндағы 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16) және 17) тармақшалармен толықтырылсын:

      "9) лауазымдық (арнайы) міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты және материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;

      10) олардың құқықтары мен лауазымдық (арнайы) міндеттерін айқындайтын құжаттармен танысуға;

      11) жеке іске енгізгенге дейін олардың қызметтік әрекеті туралы пікірлермен және басқа да құжаттармен, жеке іс материалдарымен (мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер бар арнайы тексеру материалдарын қоспағанда) танысуға, сондай-ақ олардың жазбаша түсініктемелерін, басқа да құжаттары мен материалдарын жеке іске қосуға;

      12) әскери қызметші мен оның отбасы мүшелері дербес деректерінің қорғалуына;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қамтамасыз етілуге және санаториялық-курорттық емделуге;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтік қорғалуға;

      15) әскери қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті ұйымдық-техникалық және санитариялық жағдайларға;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес демалысқа;

      17) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыруға құқығы бар.";

      мынадай мазмұндағы 1-1, 1-2, 1-3 және 1-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-1. Әскери қызметшінің:

      1) әскери бөлімнің (мекеменің) немесе өзге де күзетілетін объектінің аумағын бұғаттау немесе оған бұзушының кіруі;

      2) өзін-өзі қорғау немесе өз отбасы мүшелерін қорғау мақсатында жасалған шабуылға тойтарыс беру;

      3) Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиесілі ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, көлік құралдарына, жер учаскелеріне жасалған шабуылға, сол сияқты оларды басып алудан босату үшін тойтарыс беру;

      4) құқық бұзушыларды, өзіне жүктелген лауазымдық (арнайы) міндеттерді жүзеге асыруға қарсылық көрсететін немесе қасақана кедергі келтіретін адамдарды ұстау;

      5) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде заңды өкімге немесе талапқа бағынбау;

      6) өзімен бірге атыс немесе суық қару, оқ-дәрілер, жарылғыш, күшті әсер ететін химиялық және улы заттар бар адамдарды қарусыздандыру;

      7) егер басқа тәсілдермен лауазымдық (арнайы) міндеттерді орындау кезінде айналасындағыларға нақты қауіп төнуді болғызбау мүмкін болмаса, жүргізушісі тоқтату талабын орындамаған көлік құралын тоқтату;

      8) қажетті қорғану және аса қажеттілік;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында қаруды қолдануға рұқсат етілген барлық жағдайларда дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін және арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.

      Қарулы Күштер пайдаланатын арнайы құралдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.

      1-2. Әскери қызметшілерді Қазақстан Республикасының құқық қорғау және (немесе) арнаулы мемлекеттік органдары жүргізетін іс-шараларға тарту кезінде қару-жарақ пен әскери техника, арнайы құралдар және (немесе) дене күші осы Заңға және осы органдардың қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолданылады.

      1-3. Әскери қызметші Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды және (немесе) әскери техниканы қолдануға байланысты келтірілген моральдық, материалдық және (немесе) физикалық зиян үшін жауаптылықта болмайды.

      1-4. Әскери қызметшілердің лауазымдық өкілеттіктерін асыра отырып, дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды және (немесе) әскери техниканы қолдануы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.";

      2-тармақтың төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әйелдер мен кәмелетке толмағандар әскери қызметшінің немесе басқа да адамдардың өміріне қатер төндіретін терроризм актісін, қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен не топтасып шабуыл жасаған, егер ондай шабуыл жасауға өзге де тәсілдермен және құралдармен тойтарыс беру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.

      Әскери қызметші дене күшін, арнайы құралдарды және қаруды қолданудың немесе пайдаланудың әрбір жағдайы туралы командирге (бастыққа) дереу баяндайды, ал адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр салдарға әкеп соққан жағдайда қадағалайтын прокурорға жиырма төрт сағат ішінде хабарланады.";

      3) 7-бапта:

      1-тармақтың 9) тармақшасындағы "қамтамасыз етуге міндетті" деген сөздерді "қамтамасыз етуге;" деген сөзбен ауыстырып, мынадай мазмұндағы 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16) және 17) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызметтік әдеп нормаларын сақтауға;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді өзіне қабылдауға;

      12) әскери мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;

      13) әскери қызметшінің жеке мүдделері оның лауазымдық өкілеттіктерімен шиеленіскен немесе қайшы келген жағдайларда жазбаша нысанда баянат беруге және командирге (бастыққа) дереу хабарлауға;

      14) әскери қызмет мүдделерiне зиян келтiретiн жария сөз сөйлеулерге жол бермеуге;

      15) командирді (бастықты):

      шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті;

      Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергені;

      егер оған белгілі болса, зайыбының (жұбайының) немесе өзінің жақын туыстарының шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті жəне (немесе) олардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергені туралы жазбаша нысанда дереу хабардар етуге;

      16) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату кезінде теріс себептер бойынша, аттестаттау қорытындылары бойынша анықталған қызметке сәйкес еместігі бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен мемлекетке мыналарды өтеуге:

      оны әскери (арнаулы) оқу орнында, оның ішінде шет мемлекетте оқытуға, біліктілігін арттыруға, курстық даярлауға, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша қайта даярлауға жұмсалған ақшаны;

      Қазақстан Республикасы мен оқытатын ел арасында жасалған шарттың сомасына барабар ақшаны;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте келтірілген залалды өтеуге міндетті.";

      4) 9-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.";

      5) 15-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының азаматтары:

      1) әскери-есептік мамандығы жоқ әйелдерден;

      2) әскери қызметтен отставкаға шығарылған немесе запаста болудың шекті жасына толуы бойынша әскери есептен шығарылған адамдардан не әскери есептен шығарылып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдардан;

      3) бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жүрген адамдардан;

      4) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұрақты тұратын адамдардан;

      5) Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлерінен, сондай-ақ əскери (арнайы) оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларынан басқа, әскери есепке алуға жатады.

      2. Әскери есепке алуды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

      Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды олардың тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) орны бойынша жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады, ал ондайлар жоқ елді мекендерде әскери есепке алуды кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері қамтамасыз етеді.";

      6) 18-баптың 1-тармағы екінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) сарбаздар (матростар) және сержанттар (старшиналар) құрамдарының мерзімді әскери қызметі;";

      7) 21-бапта:

      4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тізбесін уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы бекіткен лауазымдарға тағайындалатын Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілеріне және азаматтық персонал адамдарына (жұмыскерлеріне) қатысты уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен психофизиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді қолданумен тексеру жүргізіледі.";

      5-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) шетелге қызметке, оқуға жіберілген əскери қызметші жұбайымен (əскери қызметші зайыбымен) немесе Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерімен бірге келген кезде уәкілетті орган басшысының қарамағында болған;";

      8) 22-1-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қарулы Күштер және әскери прокуратура органдарының әскери қызметшілері уәкілетті орган басшысының шешімі бойынша аттестаттау кезінде Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімде полиграфологиялық зерттеуден өтеді.";

      9) 24-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы жетінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Егер әскери қызметші әскери қызметтен, қызметкер Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызметтен шығарылған күннен бастап және оны әскери қызметке қабылдаған күнге дейін үш айдан аспаса, онда көрсетілген кезеңде өзге де жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастары болмаған жағдайда әскери қызмет үздіксіз болып саналады.

      Бұл ретте еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін лауазымдық айлықақысын және (немесе) еңбек сіңірген жылдарын айқындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде көрсетілген кезең есептелмейді.";

      10) 25-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында әскери қызметшілердің әскери қызметте болудың шекті жасы запаста болудың шекті жасына сәйкес ұлғайтылады. Бұл ретте олармен жасалған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттар жұмылдыру, соғыс жағдайы мерзімі және соғыс уақыты аяқталғанға дейін қолданылады.";

      11) 26-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "26-бап. Әскери қызметтен шығару

      1. Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару мынадай негіздер:

      1) әскери қызметте болудың шекті жасына толуы;

      2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімінің аяқталуы;

      3) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы;

      4) әскери-дәрігерлік комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп тану туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы;

      5) әскери қызметшіні басқа тең әскери лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған кезде әскери бөлім (мекеме) штаттарының қысқартылуына және төмен әскери лауазымға тағайындаудан бас тартуына байланысты;

      6) Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарына ауыстыруды қоспағанда, мемлекеттік органдарға немесе мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты;

      7) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға байланысты;

      8) уәкілетті мемлекеттік органды арнайы тексеру нәтижелері бойынша одан әрі әскери қызмет өткеру мүмкін болмауына байланысты;

      9) аттестаттау қорытындылары бойынша анықталған қызметтік сәйкес келмеуі бойынша;

      10) техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары әскери оқу орындарынан, сондай-ақ әскери интерндерді, магистранттарды, докторанттарды және адъюнкттерді шығару жағдайларын қоспағанда, әскери (арнайы) оқу орнынан шығаруға байланысты;

      11) теріс себептер бойынша жүргізіледі.

      2. Әскери қызметшіні теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару:

      1) қылмыс жасағаны үшін, оның ішінде шартты түрде соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

      2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған;

      3) медициналық ұйымда жүргізілген медициналық куәландыру нәтижелерімен расталған әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде психикалық белсенді заттарды тұтыну немесе масаң күйде болу фактісі белгіленген, сондай-ақ одан өтуден бас тартқан немесе жалтарған;

      4) медициналық ұйымда жүргізілген медициналық куәландыру нәтижелерімен расталған қызметтен тыс уақытта есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну фактісі белгіленген;

      5) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын жүйелі түрде (екі және одан да көп рет) бұзған;

      6) осы Заңның 38-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбаған немесе бұрмалаған;

      7) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органының немесе ішкі істер органының әскери қызметшісі қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелсіз себеппен қызметте болмаған;

      8) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, оларды жеткізгіштерді жария етуге немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптар бұзылған;

      9) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған;

      10) әскери қызметке кір келтіретін теріс қылық жасаған жағдайларда жүргізіледі.

      Мынадай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдында әскери қызметтің абыройы мен беделін сөзсіз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда: әскери қызметшілердің қоғамдық орында адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын алкогольдік немесе есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес пайдаланудан туындаған өзге де масаң күйде әскери киім нысанында болуы, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде ақшаға немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысуы әскери қызметке кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.

      3. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің:

      1) оған қатысты әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын елеулі және (немесе) жүйелі (екі және одан да көп рет) түрде бұзған жағдайда;

      2) отбасы жағдайлары бойынша:

      медициналық көрсеткіштер бойынша ол әскери қызмет өткеретін жергілікті жерде оның отбасы мүшесінің тұруы мүмкін болмаған кезде және оны жаңа әскери қызмет орнына ауыстыру мүмкіндігі болмаған кезде;

      отбасының басқа елді мекенге көшу қажеттілігіне байланысты әскери қызметші жұбайының (әскери қызметші зайыбының) әскери қызмет орнын өзгерткен;

      тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтімді қажет ететін не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толған немесе он сегіз жасқа толмаған адамдардың заң бойынша көрсетілген азаматтарды күтіп-бағуға міндетті басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім қажет болған кезде;

      әскери қызметші анасыз (әкесіз) тәрбиелеп жатқан он сегіз жасқа толмаған балаға (балаларға) күтім жасау қажет болған кезде;

      3) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған немесе тағайындалған жағдайларда;

      4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайларда әскери қызметтен мерзімінен бұрын шығарылуға құқығы бар.

      4. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші осы баптың 1-тармағының 2), 4) және 7) тармақшаларында, 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында, 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әскери қызметтен шығарылады.

      5. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшісінің:

      1) осы Заңның 35-бабының 9-тармағына сәйкес кейінге қалдырудан бас тарту туралы немесе әскерге шақырудан босатуға өтініш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруі салдарынан кейінге қалдыру құқығы туындаған;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығуға құқық беретін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында шетелге тұрақты тұруға немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын отбасымен қосылу үшін кеткен жағдайларда мерзімінен бұрын шығарылуға құқығы бар.

      6. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшісі осы Заңның 35-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын шығарылуға құқылы.

      7. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi қайтыс болған (қаза тапқан) күні құжатпен расталған күннен кейiнгі күннен бастап, ал сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап әскери бөлімнің (мекеменің) тiзiмдерінен шығарылады.

      8. Белгіленген мерзiмдi өткерген әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге тоқтатылады.

      Бұл ретте онымен жасалған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңі бойы қолданыста болады.

      9. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге əскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына не әскери бөлім (мекеме) штаттарының қысқартылуына байланысты əскери қызметтен шығарылған кезде жұмыстан шығу (біржолғы) жəрдемақысы еңбек сіңірген жылдары:

      күнтізбелік 10 жылдан аз болғандарға – үш айлық ақшалай қамтылым;

      күнтізбелік 10 жылдан 15 жылға дейін болғандарға – төрт айлық ақшалай қамтылым;

      күнтізбелік 15 жылдан 20 жылға дейін болғандарға – бес айлық ақшалай қамтылым;

      күнтізбелік 20 жылдан 25 жылға дейін болғандарға – алты айлық ақшалай қамтылым;

      күнтізбелік 25 жылдан 30 жылға дейін болғандарға – жеті айлық ақшалай қамтылым;

      күнтізбелік 30 жылдан астам болғандарға – сегіз айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде төленеді.

      Келісімшарт бойынша əскери қызметке қайтадан кірген кезде жұмыстан шығу жəрдемақысының мөлшері осы жұмыстан шығу (біржолғы) жəрдемақысы бұрын әскери қызметтен не Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан қызметтен шығарылған кезде төленбеген жағдайларды қоспағанда, бұрын төленген жұмыстан шығу (біржолғы) жəрдемақысы ескеріле отырып айқындалады.

      Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі өткен соң немесе денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен шығарылған кезде мерзімді әскери қызмет әскери қызметшісіне жұмыстан шығу жәрдемақысы бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан көрсетілген әскери қызметшіге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.

      Жауынгерлік іс-қимылдарға, терроризмге қарсы және (немесе) бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшіге жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері ақшалай қамтылымның екі айлықақысына арттырылады.

      Офицерлер құрамының келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін (әскери шақыру бойыншаны қоспағанда) және әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе әскери бөлім (мекеме) штаттарының қысқартылуына байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алуға құқығы болмаған кезде әскери қызметтен шығарылған әскери қызметшісіне жұмыстан шығу (біржолғы) жәрдемақысын төлеумен қатар әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойы әскери атағы бойынша айлықақы төлеу сақталады.

      Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде әскери қызметшілердің әскери атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше әскери қызметтен шығарылған офицерлер құрамының әскери қызметшілеріне төленетін осы айлықақылар мөлшері де ұлғаяды.

      10. Осы Заңның 37-бабының 6-тармағына сəйкес келісімшарт бойынша əскери қызметке кірген сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының əскери қызметшісі, мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген, жиырма алты жасқа толмаған, бірақ он сегіз жастан кіші емес, бір жылдан аз қызмет өткерген немесе оқыған жəне келісімшарт бойынша əскери қызметтен шығарылған немесе əскери оқу орындарынан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери бөлімдерге (мекемелерге), бірақ кемінде үш ай мерзімге жіберіледі.

      Бұрын мерзімді әскери қызмет өткермеген, он сегіз жасқа толмаған, бір жылдан аз оқыған жəне оқудан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери қызметке шақыруға əскерге шақырылушыларды əскери есепке қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті əскери басқару органдарына, бірақ кемінде үш ай мерзімге жіберіледі.

      Əскери оқу орнынан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер үшін оқу уақыты мерзімді әскери қызмет мерзіміне есептеледі.

      Үлгермеуі, тəртіпсіздігі үшін, өз бастамасы бойынша, теріс себептер бойынша əскери қызметтен шығару салдарынан əскери оқу орнынан шығарып жіберілген, сондай-ақ əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасаудан бас тартқан курсант және кадет оқытудың бірінші жылының шығындарын қоспағанда, оларды әскери оқу орнында оқыту кезеңінде тамақтандыруды қамтамасыз етуге, стипендия төлеуге және олардың жол жүруіне арналған шығындарға сәйкес келетін ақшаны мемлекетке өтеуге міндетті.

      Көрсетілген міндеттемелер әскери оқу орнында оқытудың бірінші жылы ішінде оқудан шығарып жіберілген және келесі курсқа көшірілмеген, мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тәртіппен әскери бөлімдерге (мекемелерге) жіберілген курсанттар мен кадеттерге қолданылмайды.

      Оқудан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттерден мемлекет кірісіне ақшаны өндіріп алу мәселелері бойынша 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін заңды күшіне енген сот актілері бойынша қозғалған атқарушылық іс жүргізулер "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тоқтатылады.

      Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген ақшаны мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы талап қоюлар 2018 жылғы 1 қаңтардан кейін оқудан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттерге беріледі.

      Əскери оқу орнына қайта қабылдау немесе келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру оқу және (немесе) келісімшарт бойынша әскери қызметті өткеру кезеңінде оқытуға жұмсалған ақшаны өндіріп алуды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады. Әскери оқу орнында оқыту кезеңі есепке алынбай, күнтізбелік есептеумен келісімшарт бойынша он жыл әскери қызмет өткергеннен кейін (ұшқыштар құрамы үшін он бес жыл) оқытуға жұмсалған ақшаны өндіріп алу тоқтатылады.

      Əскери оқу орнын бітірген əскери қызметші теріс себептермен немесе аттестаттау қорытындылары бойынша қызметіне сәйкес келмеуі бойынша əскери қызметтен шығарылған жағдайда оқытудың бірінші жылының шығындарын қоспағанда, курсанттар мен кадеттердің әскери оқу орнында оқуы кезеңінде оларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге, стипендия төлеуге және жол жүруіне арналған шығындарға сәйкес келетін ақшаны мемлекетке әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қызмет өткермеген əрбір толық ай үшін пропорционалды түрде өтеуге міндетті.

      Техникалық және кәсіптік білім беру (негізгі орта білім беру базасында) бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнының түлегі жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына түспеген және әскери қызметті одан әрі өткеруден бас тартқан жағдайларда оны оқытуға жұмсалған ақшаны өтемей, мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін әскери бөлімдерге (мекемелерге), бірақ кемінде үш ай мерзімге жіберіледі.

      Əскери (арнайы) оқу орындарында əскери қызметшіні оқытуға жұмсалған ақшаны мемлекетке өтеу тəртібін құрылымында әскери (арнайы) оқу орны бар уəкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

      Әскери (арнайы) оқу орнын бітірген және бітіргеннен кейін он жыл қызмет өткермеген (ұшқыштар құрамы үшін он бес жыл) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшісі не құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкері теріс себептер бойынша немесе аттестаттау қорытындылары бойынша анықталған қызметіне сәйкес келмеуі бойынша шығарылған жағдайда мемлекеттік органдар бір ай ішінде құрылымына әскери (арнайы) оқу орны кіретін мемлекеттік органды бұл туралы хабардар етуге міндетті.

      11. Осы Заңның 47-бабында көзделген құқықты пайдаланған сарбаздар (матростар) мен сержанттар (старшиналар) лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші әскери қызметтен теріс себептер бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған, аттестаттау қорытындылары бойынша анықталған қызметіне сәйкес келмеуі бойынша шығарылған кезде оны жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған ақшаны өтеуге міндетті.

      12. Әскери қызметтен шығарылған адамдар тиісті бұйрықтан үзіндімен танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған қолбасшылыққа (басшылыққа) не сотқа әскери қызметтен шығару туралы шешімге шағымдануға құқылы.";

      12) 31-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға мерзімді әскери қызметке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті күштік және моральдық-психологиялық қасиеттерге ие Қазақстан Республикасының азаматтары шақырылады.";

      13) 32-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "32-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру

      Жиырма тоғыз жасқа дейінгi (медицина қызметінің офицерлері үшін – отыз екі жас), әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.";

      14) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "33-бап. Әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру

      Əскери мiндеттiлер:

      1) жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде:

      Қарулы Күштердің әскери басқару органдарына, әскери бөлімдеріне (мекемелеріне) (аумақтық әскерлердің аумақтық органдарын қоспағанда) – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде;

      басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери басқару органдарына, әскери бөлімдеріне (мекемелеріне) – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік орган бірінші басшысының бұйрығы негізінде;

      2) жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғанысты дайындау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде, аумақтық әскерлердің аумақтық органдарына – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің қаулысы негізінде әскери жиындарға шақырылады.";

      15) 35-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға – мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру беріледі.";

      16) 38-бапта:

      1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) курсанттарды, кадеттерді қоспағанда, он сегіз жастан кіші болмауға және әскери қызметте болудың шекті жасына толуға:

      келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш рет кіретіндер үшін – он бес жыл;

      келісімшарт бойынша әскери қызметке қайта кіретіндер және сарбаздар (матростар) мен кіші сержанттар құрамының әскери атақтары барлар үшін – он бес жыл;

      келісімшарт бойынша әскери қызметке қайта кіретіндер және кіші офицерлер және аға сержанттар құрамының әскери атақтары барлар үшін – он жыл;

      келісімшарт бойынша әскери қызметке қайта кіретіндер және аға офицерлер немесе жоғары сержанттар құрамының әскери атақтары барлар үшін – бес жыл болуға;";

      2-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) медициналық (әскери-дәрігерлік) комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге жарамсыз деп таныған;";

      5) және 8) тармақшалар алып тасталсын;

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) арнайы тексеруден өтпеген жəне (немесе) өзі туралы не өзінің ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандар, ата-анасы бір жəне ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) немесе жұбайы (зайыбы) жəне оның ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандар, ата-анасы бір жəне ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) туралы көрінеу жалған мəліметтер хабарлаған;";

      14) және 15) тармақшалар алып тасталсын;

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық куәландыру жүргізіледі.";

      17) 41-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Запаста болудың шекті жасына толмаған:

      1) әскери немесе құқық қорғау қызметінен шығарылған;

      2) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарынан қызметтен:

      қатардағы жауынгерлер және сержанттар құрамы қатарынан;

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінен;

      теріс себептер бойынша;

      қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын орындамауға байланысты шығарылған;

      3) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;

      4) жиырма жеті жасқа толғаннан кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыруды беруге байланысты әскери қызметтен өтпеген;

      5) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;

      6) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша даярлықтан өткен;

      7) ақылы негізде Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша оқудан өткен адамдар запасқа алынды деп саналады.";

      18) 44-бапта:

      5-1-тармақта:

      төртінші бөлік алып тасталсын;

      7-тармақта:

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) стационарлық емделуде (медициналық куәландыруда) болған кезде;";

      8-тармақта:

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Курсанттарды, кадеттерді жəне əскерге шақыру бойынша əскери қызметшілерді қоспағанда, əскери қызметшілер 100 километрден астам қашықтықтағы басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына (оның ішінде əскери бөлім немесе бөлімше құрамында) ауысқан кезде оларға əскери қызметшінің өзіне екі айлық ақшалай қамтылым жəне əрбір отбасы мүшесіне бір айлық ақшалай қамтылымның жартысы мөлшерінде көтерме жəрдемақы төленеді:

      жұбайы (зайыбы);

      2) сот шешімі негізінде бөлек тұратын бұрынғы некеден (некелерден) (ерлі-зайыптылықтан) болған баланы (балаларды) қоспағанда, бала (балалар), оның ішінде ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің баласы (балалары);

      3) сот шешімі негізінде бөлек тұратын бұрынғы некеден (некелерден) (ерлі-зайыптылықтан) болған баланы (балаларды) қоспағанда, он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болған, он сегіз жастан асқан бала (балалар), оның ішінде ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің баласы (балалары).";

      19) 50-баптың 1-1-тармағының төртінші бөлігі алып тасталсын;

      20) 51-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Әскери қызметші әскери қызмет өткеру кезеңінде не әскери қызмет өткеру кезеңінде алған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) немесе ауруы салдарынан әскери қызметтен шығарылғаннан кейін қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда әскери қызметшінің мұрагерлеріне соңғы атқарған әскери лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде,
ал мерзімді әскери қызмет әскери қызметшісінің, курсант пен кадеттің, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу жүргізіледі.

      Әскери қызметшінің қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты біржолғы ақшалай өтемақы оқиға болған күннен бастап үш жыл өткенге дейін төленеді және мүгедектіктің белгіленуіне байланысты бұрын төленген біржолғы ақшалай өтемақыға қарамастан жүзеге асырылады.";

      3-тармақта:

      бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Келісімшарт бойынша әскери қызметшіге оның әскери қызмет өткеру кезеңінде немесе әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) не әскери қызмет өткеру кезеңінде ауруы салдарынан әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін мүгедектік белгіленген жағдайларда біржолғы ақшалай өтемақы:";

      үшінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мерзiмдi әскери қызмет әскери қызметшiлеріне, стипендия алатын курсанттар мен кадеттерге, әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлерге осы тармақта көзделген жағдайларда:";

      21) 53-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы Заңның 26-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әскери қызметтен шығаруды қоспағанда, теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты қолданылмайды.";

      22) мынадай мазмұндағы 53-1-баппен толықтырылсын:

      "53-1-бап. Әскери қызметшілердің материалдық жауаптылығы

      1. Әскери қызметшілер өздерінің кінәсінен келтірілген залал үшін ғана материалдық жауаптылықта болады.

      Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінен тыс залал келтірген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      Еңсерілмейтін күш әрекеттері және құқыққа сыйымды іс-әрекеттер салдарынан келтірілген залал үшін әскери қызметшілерді материалдық жауаптылыққа тартуға жол берілмейді.

      2. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде абайсызда келтірілген залал үшін:

      1) келісімшарт бойынша (курсанттар мен кадеттерді қоспағанда) және офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілері олар келтірген залал мөлшерінде, бірақ тоғыз ақшалай қамтылымнан аспайтын мөлшерде;

      2) мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер, курсанттар мен кадеттер – олар келтірген залал мөлшерінде, бірақ бес ақшалай ризықтан (стипендиядан) аспайтын мөлшерде;

      3) әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер – олар келтірген залал мөлшерінде, бірақ бір айлық жалақыдан аспайтын мөлшерде материалдық жауаптылықта болады.

      3. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда толық материалдық жауаптылықта болады.";

      23) 55-бапта:

      6 және 6-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Әскери қызметте күнтізбелік есептеумен жиырма және одан көп жыл болған және жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын және әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен шығарылған адамдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.

      Осы тармақта айқындалған адам қайтыс болған жағдайда ақшалай өтемақы алу құқығы қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне ауысады.

      6-1. Әскери қызметте күнтізбелік есептеумен он және одан да көп жыл, бірақ жиырма жылдан аз болған және жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын және әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен шығарылған адамдарға "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 96-бабында белгіленген мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайлармен алмасу тәртібі қолданылады.

      Осы тармақта айқындалған адам қайтыс болған жағдайда тұрғынжай алмасу құқығы қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне ауысады.";

      7-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақта айқындалған адам қайтыс болған жағдайда ақшалай өтемақы алу құқығы қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне ауысады.";

      8-тармақ алып тасталсын.

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады