Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 25, 260-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану қағидаларында:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер";
3-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 216-бабының 1-тармағында көрсетілген, мемлекеттік қызметшілер және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын өзге де адамдар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері берген сыйлықтарды (бұдан әрі ‒ сыйлықтар);";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Мүлікті есепке алу және сақтау";
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Мүлікті бағалау";
4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"4-тарау. Мүлікті одан әрі пайдалану";
23-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"23. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабында көрсетілген жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлер мемлекеттік тұрғын үй қорына қосылады.";
24-тармақ алып тасталсын;
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Мемлекеттік қызметшілер немесе "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын өзге де адамдар және олардың отбасы мүшелері сыйға тартушының пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін алған сыйлықтар, егер мұндай әрекеттер көрсетілген адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кірсе немесе олар лауазымдық жағдайына орай осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал етсе, не көрсетілген адамдар мен олардың отбасы мүшелеріне айтылмай келіп түскен сыйлықтар, сондай-ақ жұмыстағы жетістіктері және басқа да сіңірген еңбегі үшін табыс етілетін сыйлықтарды қоспағанда, оларға және олардың отбасы мүшелеріне хаттамалық және басқа да ресми іс-шаралар кезінде берілген (табыс етілген) сыйлықтар мемлекетке берілген сыйлықтар болып есептеледі және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде сатып алу не сатып алудан бас тарту туралы жазбаша хабарламамен қоса, тізімдеу актісі бойынша оларды уәкілетті органға өтеусіз беру арқылы мемлекеттік мүліктің құрамына түседі.";
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26. Бағалы металдардан жасалған сыйлықтарды сараптауды және оларды өткізілгенге дейін сақтауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.";
26-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26-1. Сыйлықты уәкілетті органға берген адам жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оны "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құн бойынша уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Сыйлықты тапсырған адам сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін ғана уәкілетті орган сыйлықты үшінші тұлғаларға өткізуге құқылы.";
мынадай мазмұндағы 27-1-тармақпен толықтырылсын:
"27-1. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады.";
5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-тарау. Ең төменгі бағамен өткізілмеген мүлікті пайдалану және жою тәртібі";
6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-тарау. Қорытынды ережелер";
33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Сот мүліктің мемлекет меншігіне түсуіне негіз болған актінің күшін жойған (тиісті бөлігін өзгерткен) жағдайда уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүлікті заттай қайтаруды жүргізеді. Мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізілген жағдайда, оның құнын өтеу 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес оны өткізуден алынған қаражат шегінде тиісті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Залалдар 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабының 4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |