"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының дивидендтік саясатын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 мамырдағы № 543 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 19 ақпандағы № 80 қаулысы

      "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының дивидендтік саясатын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 мамырдағы № 543 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының дивидендтік саясаты осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 19 ақпандағы
№ 80 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 29 мамырдағы
№ 543 қаулысымен
бекітілген

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының дивидендтік саясаты

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) дивидендтік саясаты (бұдан әрі – дивидендтік саясат) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, Қордың жарғысына және оның ішкі құжаттарына сәйкес әзірленді.

      2. Дивидендтік саясат Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметімен (бұдан әрі – жалғыз акционер) дивидендтерді төлеу мәселелері бойынша өзара қарым-қатынасының негіздерін айқындайды. Бұл ретте Қордың Директорлар кеңесі жалғыз акционердің құқықтарын сақтау және кірістерін дивидендтерді төлеу арқылы да, Қордың меншікті капиталын ұлғайту арқылы да арттыру мақсаттарын негізге алады.

      3. Қордың дивидендтер төлеу шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Қор жарғысымен регламенттеледі.

2-тарау. Мақсаттары мен негізгі қағидаттары

      4. Дивидендтік саясаттың мақсаты Қор мен жалғыз акционер мүдделерінің теңгерімін, дивидендтердің мөлшерін айқындау кезіндегі тәсілдің болжамдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

      5. Дивидендтік саясаттың негізгі қағидаттары мынадай болып табылады:

      1) жалғыз акционердің мүдделерін сақтау;

      2) Қордың және Қор тобы компанияларының ұзақ мерзімді құнын ұлғайту;

      3) Қордың және Қор тобы компанияларының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету;

      4) Қордың қаражаты есебінен іске асырылатын қызметтің жаңа түрлерін және инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қоса алғанда, Қордың қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету;

      5) дивидендтердің мөлшерін айқындау тетігінің ашықтығы;

      6) жалғыз акционердің қысқа мерзімді (кіріс алу) және ұзақ мерзімді (Қорды дамыту) мүдделерінің теңгерімділігі;

      7) есепті жылдан кейінгі жылы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша іске асыру жоспарланған жобаларды Қордың қаржыландыру көлеміне төленетін дивидендтердің мөлшерін азайту.

      6. Қордың Қор тобы компанияларымен Қорға тиесілі акциялар пакеттеріне немесе қатысу үлестеріне дивидендтер төлеу мәселелері бойынша өзара қатынастарының негіздері мынадай қағидаттарды ескере отырып, Қордың ішкі нормативтік құжатымен реттеледі:

      1) Қордың акциялар пакетіне Қордың дивидендтерді кепілді төлеуін қамтамасыз ету;

      2) Қордың қаражаты есебінен іске асырылатын қызметтің жаңа түрлері мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қоса алғанда, Қордың қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету;

      3) Қор тобы компанияларының дамуға, оның ішінде өзінің инвестициялық қызметіне жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру қажеттілігі;

      4) компаниялардың қаржылық орнықтылығы мен өтімділігінің көрсеткіштері негізінде айқындалатын олардың кемелдену дәрежесіне және олардың қаржылық-экономикалық ахуалына байланысты Қор тобы компаниялары дивидендтерінің мөлшерін айқындаудың сараланған тәсілі;

      5) Қор тобы компанияларынан дивидендтерді есептеу үшін база ретінде ағымдағы қызметті қолдауға арналған инвестициялық шығыстарды шегергеннен кейін қауымдасқан және бірлескен кәсіпорындардан алынатын дивидендтерді қоса алғанда, негізгі қызметтен ақша ағынын ескеретін көрсеткішті пайдалану;

      6) Қор тобының даму жоспарын қарау және бекіту шеңберінде Қордың инвестициялық-стратегиялық комитеті және Қордың Директорлар кеңесі мақұлдаған компаниялардың инвестициялық шығыстары сомасына төлеуге дивидендтер мөлшерін азайту;

      7) Қор тобының компаниялары (ковенанттары) жасасқан шарттарда белгіленген шектеулерді сақтау: егер есептелген дивидендтердің сомасы компаниялар (ковенанттар) жасасқан шарттарда белгіленген шектеулерден асып кетсе, онда мұндай сома жол берілетін төлемге дейін азаюы жағына түзетіледі.

3-тарау. Дивидендтерді есептеу мөлшерін айқындаудың негізгі тәсілдері

      7. Қордың Директорлар кеңесі жалғыз акционерге қызметі тұрақты (оң) таза пайданың, тұрақты ақша ағындары мен кіріс көздерінің болуымен және нарықта қалыптасқан үлесімен сипатталатын Қордың портфеліндегі жүйе құраушы компаниялардан Қор алатын дивидендтер негізінде есептелген Қордың бір жай акциясына есептелген Қордың шоғырландырылған таза кірісін және дивидендтің мөлшерін бөлу тәртібі туралы ұсыныс береді.

      8. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша есепті жылдан кейінгі жылы іске асыру жоспарланған жобаларды Қордың қаржыландыру көлемін ескере отырып, жалғыз акционердің есебіне жазылатын жыл сайынғы дивидендтердің мөлшері Қор жүйе құраушы компаниялардан алатын дивидендтердің 50 (елу) пайызын құрайды.

      9. Есепті жылдың қорытындылары бойынша жалғыз акционерге төленетін жыл сайынғы дивидендтердің ең төменгі мөлшері 25 (жиырма бес) миллиард теңгені құрайды.

      10. Жалғыз акционер Қордың жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдауға құқылы.

      11. Осы дивидендтік саясаттың мақсаттары үшін Қордың жүйе құраушы компанияларының тізбесі Қордың Директорлар кеңесінің шешімімен айқындалады.

      12. Қордың жалғыз акционеріне өзге бөлу шеңберінде жобалардың іске асырылуын бақылау мен мониторингтеуді Қордың Директорлар кеңесі жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады