Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 17 наурыздағы № 142 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Мұратұлы Ахметжановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.09.2022 № 779 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А.Мамин
     

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 17 наурыздағы
№ 142 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі,

      заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға толық шешім қабылдай отырып;

      ұйымдасқан қылмыстық топтардың көшіп-қонушыларды заңсыз тасымалдау жөніндегі әрекетінің айтарлықтай өсуіне алаңдаушылық білдіре отырып;

      осы Келісімді жасасу арқылы және өзара негізде Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды сәйкестендірудің және қайтаруды ұйымдастырудың жылдам және тиімді рәсімдерін орнатуға, сондай- ақ ынтымақтастық рухында осындай адамдардың транзитін жеңілдетуге ниет білдіре отырып;

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарына заңсыз кірген үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды өздері азаматы болып табылатын немесе тұрақты тұратын мемлекеттеріне қайтару үшін барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс екенін назарға ала отырып;

      адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау қажеттігін мойындай отырып және осы Келісімнің халықаралық құқыққа, атап айтқанда, Женевада қол қойылған 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға және Нью-Йоркте қол қойылған 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындар мәртебесіне қатысты хаттамаға; Нью-Иоркте қол қойылған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын ұстап беру мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейтінін атап керсете отырып, төмендегілер туралы келісті:


1-бап Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:

      1) "Реадмиссия" - Сұрау салатын Тараптың аумағына заңсыз кірген, онда болатын немесе тұратын Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтарын, үшінші мемлекеттердің азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Сұрау салатын Тараптың құзыретті органының қайтаруы және Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының қабылдауы;

      2) "Үшінші мемлекеттің азаматы" - Тараптар мемлекеттерінің азаматтығынан өзге азаматтығы бар адам;

      3) "Азаматтығы жоқ адам" - қандай да бір мемлекеттің азаматтығына тиесілігіне дәлелдемелері жоқ адам;

      4) "Тұруға рұқсат" - Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары берген, адамға осы Тарап мемлекетінің аумағында тұруға құқық беретін жарамды рұқсат (бұл оның аумағында болуға пана беру туралы өтінішті немесе ықтиярхат алу үшін өтінішті өңдеуге байланысты уақытша рұқсаттарды қамтымайды);

      5) "Виза" - Тарап мемлекетінің уәкілетті органы берген, Тарап мемлекетінің аумағына кіруге немесе оның аумағы арқылы транзитке кұқық беретін:

      Қазақстан Республикасы үшін - әуежайда берілетін транзиттік визаны;

      Эстония Республикасы үшін - әуежайда берілетін транзиттік визаны қамтымайтын рұқсат;

      6) "Транзит" - үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың Сұрау салатын Тараптан межелі мемлекетке Сұрау салынатын Тараптың аумағы арқылы өтуі;

      7) "Сұрау салатын Тарап" - осы Келісімге сәйкес реадмиссия туралы өтінішхат немесе транзит туралы өтінішхат жолдайтын Тараптардың бірінің мемлекеті;

      8) "Сұрау салынатын Тарап" - осы Келісімге сәйкес реадмиссия туралы өтінішхат немесе транзит туралы өтінішхат жолданатын Тараптардың бірінің мемлекеті;

      9) "Құзыретті органдар" - Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органдары.

2-бап Тараптар мемлекеттері азаматтарының реадмиссиясы

      1. Сұрау салынатын Тарап осы Келісім шеңберінде Сұрау салатын Тараптың өтінішхаты бойынша Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан кез келген адамды, егер осы Келісімге сәйкес бұл адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылатыны анықталса, осы Келісімде айқындалғаннан басқа формальдылықсыз өз аумағында қабылдайды. Осы ереже Сұрау салатын Тараптың аумағына кіргеннен кейін Сұрау салынатын Тараптың азаматтығынан айырылған немесе одан бас тартқан және Сұрау салатын Тараптың немесе үшінші мемлекеттің азаматтығын алмаған адамдарға да қатысты қолданылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың реадмиссиясымен бір мезгілде Сұрау салатын Тарап олардың:

      1) егер олардың Сұрау салатын Тараптың аумағында болуға немесе тұруға тәуелсіз құқығы болмаса, туған жеріне немесе азаматтығына қарамастан, кәмелетке толмаған, 18 жасқа толмаған некеде тұрмайтын балаларының;

      2) егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, олардың Сұрау салынатын Тараптың аумағына кіруге, онда болуға немесе тұруға құқығы болса және Сұрау салатын Тараптың аумағында болуға немесе тұруға тәуелсіз құқығы болмаса, осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың азаматтығынан өзге азаматтығы бар жұбайларының реадмиссиясын жүзеге асырады.

      3. Сұрау салынатын Тарап реадмиссияға жататын адамның ерік білдіруіне қарамастан, қажет болған кезде осы адамды қайтару үшін қажетті, қолданылу мерзімі кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайтын жол жүру құжатын береді. Жол жүру құжаты реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап алынғаннан кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде тегін беріледі. Егер реадмиссияға жататын адамды заңды немесе нақты себептер бойынша берілген жол жүру құжатының қолданылу мерзімі ішінде беру мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы тармақта көзделген тәртіппен қолданылу мерзімі адамға бұрын берілген жол жүру құжатының мерзіміндей болатын жаңа жол жүру құжатын береді.

3-бап

Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы

      1. Сұрау салынатын Тарап осы Келісім шеңберінде Сұрау салатын Тараптың өтінішхаты бойынша Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан үшінші мемлекеттің кез келген азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды, егер осы Келісімге сәйкес мұндай адамның:

      1) Сұрау салатын Тараптың аумағына Сұрау салынатын Тараптың аумағынан заңсыз келгендігі; немесе

      2) кіру кезінде Сұрау салынатын Тарап берген тұруға жарамды рұқсатының болғандығы; немесе

      3) кіру кезінде Сұрау салынатын Тарап берген жарамды визасының болғандығы дәлелденсе, осы Келісімде айқындалғаннан басқа формальдылықсыз өз аумағында қабылдайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген реадмиссияға катысты міндеттеме, егер:

      1) үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам Сұрау салынатын Тарап аумағындағы халықаралық әуежайдың транзиттік аймағында ғана болса немесе оның транзиттік визасы болса; немесе

      2) Сұрау салатын Тарап, мынадай:

      - осы адамның Сұрау салынатын Тарап берген және қолданылу мерзімі неғұрлым ұзақ визасы немесе тұруға рұқсаты болған; немесе

      - Сұрау салатын Тарап берген виза немесе тұруға рұқсат жалған құжаттардың көмегімен алынған жағдайларды қоспағанда, үшінші мемлекеттің азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға өз аумағына кіргенге дейін немесе кіргеннен кейін виза немесе тұруға рұқсат берген болса, қолданылмайды.

      3. Сұрау салатын Тарап қажет болған кезде реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап алғаннан кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде реадмиссияға жататын адамға Сұрау салынатын Тарап мойындайтын, қолданылу мерзімі кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайтын жол жүру құжатын береді.

4-бап Қате реадмиссия

      Сұрау салатын Тарап, егер реадмиссияға жататын адамды бергеннен кейін 3 (үш) ай ішінде осы Келісімнің 2 және 3-баптарында қамтылған талаптардың сақталмағаны анықталса немесе адамды беру кезінде осы Келісімде көзделген осындай адамның реадмиссиясы үшін шарттардың болмағаны расталса, Сұрау салынатын Тараптың осындай адамын кері қабылдайды. Мұндай жағдайларда осы Келісімнің реадмиссия мен транзит рәсімдерін реттейтін ережелері қолданылады, ал Сұрау салынатын Тарап қайтарылатын адаммен бірге Сұрау салатын Тарапқа беруге жататын адамның жеке басы мен азаматтығы туралы қолда бар барлық ақпаратты береді.

5-бап Реадмиссия туралы өтінішхат

      1. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес адамның реадмиссиясын жүзеге асыру үшін Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы пошта арқылы немесе электрондық пошта немесе факс сияқты техникалық байланыс құралдарының көмегімен реадмиссия туралы өтінішхатты Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жібереді.

      2. Реадмиссия туралы өтінішхаттың үлгісі осы Келісімнің 1-қосымшада айқындалады.

      3. Реадмиссия туралы өтінішхатта мынадай ақпарат:

      1) реадмиссияға жататын адам туралы барлық қолда бар мәліметтер (аты, тегі, туған күні, жынысы және егер мүмкін болса, оның туған жері мен соңғы тұрғылықты жері);

      2) оның кәмелетке толмаған, некеде тұрмайтын балалары және (немесе) жұбайлары туралы толық ақпарат, сондай-ақ реадмиссияға жататын адамның түрлі-түсті фотосуреті қамтылады.

      4. Реадмиссия туралы өтінішхатқа Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтығы оларға сәйкес дәлелденген немесе үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясына арналған шарттардың бар екені солардың негізінде анықталған құжаттардың қолда бар көшірмелері қоса беріледі.

      5. Қажет болған жағдайларда, реадмиссия туралы өтінішхат мынадай ақпаратты да:

      1) реадмиссияға жататын адам медициналық көмекке немесе арнайы күтімге мұқтаж екенін куәландыратын өтінішке келісім берген жағдайда, бұл адамның осындай өтінішін;

      2) берген жағдайда қажет болуы мүмкін қауіпсіздікті қорғау немесе қамтамасыз ету бойынша кез келген басқа да шаралар туралы мәліметтерді;

      3) реадмиссияға жататын адамның азаматтығын айқындау мақсатында әңгімелесу өткізу туралы өтінішхатты қамтуға тиіс.

      6. Егер реадмиссияға жататын адамда мемлекеттік шекараны кесіп өтуге мүмкіндік беретін жарамды құжат болса, ал бұл адам үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болып табылған жағдайда - Сұрау салынатын Тарап берген жарамды визасы немесе тұруға рұқсаты болса, реадмиссия туралы өтінішхат талап етілмейді.

      7. Тараптар Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күннен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының және Эстония Республикасының азаматтығына тиесілігі оларға сәйкес дәлелденетін құжаттардың үлгілерімен, сондай-ақ Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көрсетілген жол жүру құжатының үлгісімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады (осы тармақта көрсетілген құжаттарға өзгерістер енгізілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-біріне дереу хабарлайды және құжаттардың өзгертілген немесе жаңа үлгілерін жібереді).

      8. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жауап электрондық пошта немесе факс арқылы беріледі.

6-бап Жеделдетілген рәсім бойынша реадмиссия

      1. Адам шекараны заңсыз кесіп өтіп, Сұрау салынатын Тараптың аумағынан тікелей келгеннен кейін Сұрау салатын Тарап әуежайының аумағында ұсталған жағдайда, Сұрау салатын Тарап реадмиссия туралы өтінішхатты оны ұстаған кезден бастап күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде бере алады.

      2. Реадмиссия туралы өтінішхат адамды берудің ұсынылатын күнін қамтиды.

      3. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы адамды қабылдауға келісім берген жағдайда, жауап ретінде осы баптың 2-тармағында айтылған шарттарды қабылдағанын растайды немесе басқа шарттарды ұсынады. Шарттарды өзгертуді келісу телефон арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      4. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жауап электрондық пошта немесе факс арқылы беріледі, сондай-ақ телефон арқылы қосымша берілуі мүмкін.

7-бап Азаматгыққа тиесілігінің дәлелдемелері

      1. Адамның Сұрау салынатын Тараптың азаматтығына тиесілігі:

      1) осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген құжаттардың ең болмаса біреуінің негізінде, тіпті егер осындай құжаттың қолданылу мерзімі өтіп кетсе де расталуы мүмкін (мұндай құжаттар ұсынылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап адамның азаматтығын одан әрі тексеру жүргізбестен таниды).

      2) осы Келісімге 3-қосымшада көрсетілген құжаттардың ең болмаса біреуінің негізінде, тіпті егер осындай құжаттың қолданылу мерзімі өтіп кетсе де, болжануы мүмкін (мұндай құжаттар ұсынылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап басқаша дәлелдей алмаса, адамның азаматтығы анықталды деп есептейді).

      2. Сұрау салынатын Тарап беретін азаматтың осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көрсетілген, реадмиссияға жататын адамдармен отбасылық байланысы және олардың Сұрау салынатын Тараптың аумағына кіруге құқығы осы Келісімге 4-қосымшада көрсетілген кұжаттарды ұсыну арқылы дәлелденуі мүмкін.

      3. Тараптар мемлекеттерінің азаматтығына тиесілігі жалған дәлелдемелердің немесе құжаттардың негізінде расталмайды.

8-бап Үшінші мемлекеттердің азаматтарына немесе азаматтығы жоқ адамдарға қатысты дәлелдемелер

      1. Үшінші елдер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына заңсыз кіруі:

      1) осы Келісімге 5-қосымшаның А бөлігінде көрсетілген құжаттардың кез келгенін (мұндай құжаттар ұсынылған жағдайда Сұрау салынатын Тарап өз аумағына осындай адамдардың заңсыз келуін, онда заңды түрде болуын немесе тұруын одан әрі тексеру жүргізбестен таниды);

      2) осы Келісімге 5-қосымшаның В бөлігінде көрсетілген құжаттардьщ кез келгенін (мұндай құжаттар ұсынылған жағдайда Сұрау салынатын Тарап тергеп-тексеру жүргізеді және егер өзгеше дәлелденбесе, үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың өз аумағына заңсыз кіруі, онда заңды түрде болуы немесе тұруы фактісін таниды) ұсыну арқылы дәлелденуі мүмкін.

      2. Жалған құжаттар үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы үшін негіздердің бар болуының дәлелдемесі бола алмайды.

9-бап

Әңгімелесу

      1. Сұрау салынатын Тараптың қүзыретті органының осы Келісімге 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген құжаттардың біреуін де ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап реадмиссияға жататын адаммен әңгімелесу өткізеді.

      2. Әңгімелесуді:

      - Қазақстан тарапынан Эстония Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері;

      Эстония Республикасы тарапынан Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің өкілдері өткізеді.

      3. Әңгімелесу Сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы айқындаған жерде және шарттармен әрбір жағдайда жеке-дара өткізіледі. Әңгімелесу барысында Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы өкілінің қатысуы талап етілуі мүмкін.

      4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде, бірақ әңгімелесуді ұйымдастыру туралы сұрау салуды қамтитын реадмиссия туралы өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күннен кешіктірмей, Сұрау салатын Тараптың құзыретті органын әңгімелесу нәтижелері туралы жазбаша хабардар етеді.


      5. Әңгімелесу нәтижелері реадмиссияға жататын адамның Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылатынын растауға мүмкіндік бермеген жағдайда, осы Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оны растауға мүмкіндік бермеген себептер туралы жазбаша хабардар етеді.

10-бап Мерзімдер

      1. Сұрау салынатын Тарап азаматының реадмиссиясы туралы өтінішхат осындай азамат Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтыны немесе орындауды тоқтатқаны туралы факт анықталғаннан кейін кез келген уақытта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жіберілуі мүмкін.

      2. Үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның реадмиссиясы туралы өтінішхат үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтыны немесе орындауды тоқтатқаны туралы факт анықталған күннен бастап 6 (алты) айдан аспайтын мерзімде Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жіберіледі. Үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның реадмиссиясына қатысты міндеттеме, егер осындай адамның реадмиссиясы туралы өтінішхат осы тармақта көрсетілген мерзім өткен соң жіберілген болса, туындамайды.

      3. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жазбаша жауапты Сұрау салынатын Тараптың кұзыретті органы осындай өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде жібереді. Реадмиссия туралы өтінішхатқа уақтылы жауап беруге кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының негізделген Сұрау салуы негізінде жауап қайтару мерзімі күнтізбелік 40 (қырық) күнге дейін ұзартылады.

      4. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жазбаша жауап Сұрау салатын Тараптың құзыретті органына осындай өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде жеделдетілген тәртіппен жіберіледі.

      5. Егер Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген мерзімдер ішінде реадмиссия туралы өтінішхатқа жауапты алмаса, ол реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап болып табылады деп есептеледі.

      6. Реадмиссия туралы өтінішхатқа теріс жауап қайтарылған жағдайда, Сұрау салатын Тараптың құзыретті органына оның себептері жазбаша түрде хабарланады.

      7. Реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап алынғаннан кейін Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы реадмиссияға жататын адамды осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен дереу береді.

11-бап

Беру шарттары және көлік түрі

      1. Реадмиссияға жататын адамды бергенге дейін құзыретті органдар кемінде күнтізбелік 2 (екі) күн мерзімде жазбаша нысанда беру күнін, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктін, ықтимал бірге жүру шарттарын және беруге қатысты басқа да мәселелерді келіседі.

      2. Реадмиссияға жататын адамды беру үшін әуе көлігінің түрі пайдаланылады. Мұндай адамды тасымалдау кезінде таңдау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық авиакомпанияларын пайдаланумен шектелмейді. Осы мақсаттар үшін тұрақты рейстер де, чартерлік рейстер де пайдаланылуы мүмкін.

12-бап Транзит қағидаттары

      1. Тараптар үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитін, мұндай адамдарды межелі мемлекетке тікелей қайтаруға болмайтын жағдайда, шектейді.

      2. Сұрау салынатын Тарап үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитіне, егер мұндай адамдардың барлық транзит мемлекеттерінің аумағы арқылы межелі мемлекетке одан әрі жол жүру мүмкіндігіне және оларды осы мемлекеттің қабылдауына кепілдік берілсе, рұқсат етеді.

      3. Сұрау салынатын Тараптың талабы бойынша үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзиті бірге жүру арқылы жүзеге асырылады.

      4. Сұрау салынатын Тарап:

      1) егер межелі мемлекетте немесе транзит мемлекетінде үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның азаптауға, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекетке немесе жазалауға, өлім жазасына немесе нәсілдік, діни, ұлттық тиесілігі белгісі бойынша, сондай-ақ белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси сенім белгісі бойынша қудалауға ұшырау қатері болса;

      2) егер Сұрау салынатын Тарапта, транзит мемлекетінде немесе межелі мемлекетте үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның қылмыстық қудалауға немесе жазалауға ұшырауы мүмкін болса;


      3) Сұрау салынатын Тарап халқының денсаулығын сақтау, мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін немесе өзге де ұлттық мүдделерін қорғау тұрғысынан;

      4) егер Сұрау салынатын Тарап аумағы шегінде транзит үшін келген әуежайдан басқа әуежайға бару қажет болса;

      5) егер Сұрау салатын Тарап өтініш білдірген көмекті көрсету негізделген себептер бойынша мүмкін болмаса, транзиттен бас тартуы мүмкін.

      5. Егер кейіннен осы баптың 4-тармағында көзделген транзитке кедергі келтіретін мән-жайлар туындаса немесе анықталса не басқа да транзит мемлекеттері немесе межелі мемлекет транзитпен баратын адамның жол жүруіне немесе оны қабылдауға кепілдік бермесе, Сұрау салынатын Тарап транзитке берілген кез келген рұқсаттың күшін жоя алады. Бұл жағдайда Сұрау салатын Тарап үшінші мемлекеттің азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды дереу кері қабылдайды.

13-бап Транзит туралы өтінішхат

      1. Транзит туралы өтінішхат осы Келісімге 6-қосымшада көрсетілген нысан бойынша жасалады.

      2. Транзит туралы өтінішхат транзит басталғанға дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірілмей жіберіледі. Транзит туралы өтінішхат және оған жауап факсимильді байланыспен немесе электрондық пошта арқылы жіберіледі.

14-бап Транзит рәсімі

      1. Транзит туралы өтінішхат Сұрау салынатын Тараптың құзыретгі органына пошта арқылы немесе электрондық пошта немесе факс сияқты техникалық байланыс құралдарының көмегімен ұсынылуға тиіс және онда мынадай:

      1) транзит маршруты, транзит мемлекеттері туралы, егер ондайлар бар болса және межелі мемлекет туралы;

      2) транзитпен жүретін адам туралы (аты, тегі, тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі, адамның пайдаланатын өзге де аттары немесе ол танымал болған аттары, бүркеншік аттары, туған күні, жынысы, мүмкіндігінше туған жері, азаматтығы, тілі, жол жүру құжатының түрі мен нөмірі) туралы ақпарат; сондай-ақ осы адамның түрлі-түсті фотосуреті;

      3) пайдаланылуы болжанатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті, транзитпен жүретін адамды беру уақыты және ықтимал бірге жүру туралы;

      4) басқа да транзит мемлекеттерінің және межелі мемлекеттің реадмиссияға жататын адамның транзиттік жол жүруіне және оны қабылдауға келісуі туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      2. Сұрау салынатын Тарап транзит туралы өтінішхатты алғаннан кейін жоспарланатын транзитті жүзеге асыруға дейін күнтізбелік 2 (екі) күннен кешіктірмей Сұрау салатын Тараптың құзыретті органын транзитке келісетіні туралы жазбаша нысанда хабардар етеді, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктін және транзитпен жүретін адамды қабылдаудың болжамды уақытын растайды не транзиттен бас тарту туралы хабардар етеді және мұндай бас тартудың себептерін көрсетеді.

15-бап Бірге жүру арқылы беру

      Бірге жүру арқылы адамдарды беру және олардың транзиті мынадай қағидаттар сақтала отырып, жүзеге асырылады:

      1) Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы тиісінше осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген реадмиссия туралы өтінішхаттың "Е" тармақшасында немесе осы Келісімге 6-қосымшада көрсетілген транзит туралы өтінішхаттың "С" тармақшасында бірге жүретін адамдардың аттары мен тектерін, олардың жол жүру құжаттарының сериясын, нөмірін, берілген күні мен мерзімін және қолданылу мерзімін көрсетеді;

      2) Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген бірге жүретін адамдардың деректеріндегі өзгерістер туралы Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органын дереу хабардар етеді;

      3) бірге жүретін адамдар өз міндеттерін қарусыз және азаматтық киіммен атқарады, оларда өздерімен бірге жол жүру құжаты және бірге жүретін адамның реадмиссиясына немесе (және) транзитіне келісімді растайтын қызметтік құжаттары, сондай-ақ межелі мемлекеттің тиісті органдарына берілуге тиіс, бірге жүретін адамға қатысты басқа да құжаттар болады;

      4) бірге жүретін адамдар реадмиссияланатын адамдар үшін және осы адамдарды межелі мемлекетке беру үшін жауаптылықта болады;

      5) бірге жүретін адамдар Сұрау салынатын Тараптың заңнамасын сақтауға міндетті (беру немесе транзит уақытында бірге жүретін адамдардың өкілеттіктері осы баптың 7) тармақшасы ескеріле отырып, өзін-өзі қорғаумен шектеледі);

      6) Сұрау салынатын Тарап бірге жүретін адамдарға өзінің заңнамасына сәйкес осындай міндеттер атқаратын өз адамдарына қамтамасыз ететін қорғаудың және қолдаудың сондай деңгейіне кепілдік береді;

      7) Сұрау салынатын Тараптың жәрдем көрсетуі мүмкін болмаған жағдайда, бірге жүретін адамдардың туындаған мән-жайларға қарай Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес, реадмиссияға немесе транзитке жататын адамның қашып кетуі, өзіне дене жарақатын салуы, бірге жүретін адамдарға немесе үшінші тұлғаларға қастандық жасау немесе мүлікті бұлдіру қаупі болған жағдайда қорғау және ықпал ету шараларын қолдану құқығы бар;

      8) егер бұл талап етілсе, бірге жүретін адамдарда межелі мемлекеттің немесе транзит мемлекеттерінің қажетті визалары болуга тиіс;

      9) бірге жүретін адамдар және транзитпен берілетін адамдар Сұрау салынатын Тараптың визасын алудан босатылады.

16-бап Көліктік және транзиттік шығыстар

      Реадмиссияланатын адамдардың өздерінің немесе үшінші тараптардьщ есебінен және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде адамның реадмиссиясы бойынша шығындарды өтеуге кұзыретті органдардың құқықтарына нұқсан келтірместен:

      1) соңғы межелі мемлекеттің шекарасы арқылы өткізу пунктіне дейін осы Келісімге сәйкес реадмиссиямен және транзитпен байланысты көліктік шығыстарды, сондай-ақ осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген адамдарды қайтарумен байланысты Сұрау салынатын Тараптың көліктік және басқа да шығыстарын Сұрау салатын Тарап шығындарды растайтын тиісті қаржылық құжат ұсынылған кезден бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде екі Тарапқа да қолайлы валютада көтереді;

      2) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы баптың 1) тармақшасында айтылған құжатпен бірге банктік шот туралы ақпаратты және есеп үшін қажетті басқа да мәліметтерді береді.

17-бап Дербес деректерді қорғау

      Дербес деректерді екінші Тараптың билік органдарына беруді қоса алғанда, нақты жағдайда өңдеу және қызмет көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасымен реттеледі. Кез келген жағдайда мынадай қағидаттар қолданылады:

      1) дербес деректер Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес өңделеді;

      2) дербес деректерді жинау, оларды кейіннен өңдеу осы Келісімді іске асырумен байланысты белгілі бір, заңды мақсатпен жүзеге асырылуға тиіс;

      3) берілетін дербес деректер нақты және өзекті болуға тиіс және тек мыналарға:

      - реадмиссияға жататын адам туралы мәліметтерге (аты, тегі, бұрынғы тектері, адам пайдаланатын өзге де аттары немесе танымал болған аттары, бүркеншік аттары, туған күні және жері, жынысы, отбасылық жағдайы, тұрғылықты жері, қазіргі және кез келген бұрынғы азаматтығы);

      - жеке басты куәландыратын құжаттарға (нөмірі, қолданылу мерзімі, берілген күні, берген орган, берілген жері);

      - адамның болған жерлеріне және жүріп-тұру маршруттарына;

      - реадмиссияға жататын адамды сәйкестендіру үшін немесе осы Келісімге сәйкес реадмиссия немесе транзит үшін негіз болып табылатын шарттардың болуы туралы мәселені зерделеу үшін қажетті өзге де ақпаратқа және баска да құжаттарға қатысты болуы мүмкін;

      - қауіп төндіретіні туралы ақпаратты немесе кәсіптік құпияны сақтау міндеттемесі бар кәсіби адамның жауапкершілігімен медициналық көмек көрсету немесе медициналық қызмет көрсету мақсатында берілетін адамның денсаулық жағдайы туралы ақпарат пен деректерді қоса алғанда, осы адамға қатысты бар ерекше мән-жайларға қатысты болуға тиіс;

      4) дербес деректер тиісті адамды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нысанда және оларды өңдеу мақсаты үшін талап етілетіннен ұзақ емес сақталуға тиіс;

      5) дербес деректерді беретін және алатын құзыретті органдар, оларды өңдеу осы баптың ережелеріне сәйкес келмегенде, атап айтқанда, бұл деректер оларды жинау мақсатына сәйкес келмеген жағдайда, дербес деректерді түзету, жою немесе өңдеуді тоқтата тұру бойынша барлық шараларды қабылдайды (құзыретті органдар бір-бірін көрсетілген деректердің кез келген түзетулері, жойылуы немесе өңдеудің тоқтатыла тұруы туралы хабардар етеді);

      6) дербес деректерді алатын құзыретті орган сұрау салу бойынша дербес деректерді беретін құзыретті органға берілген деректердің пайдаланылуы және олардың негізінде алынған нәтижелер туралы хабарлайды;

      7) дербес деректер құзыретті органдарға ғана берілуі мүмкін. Кейіннен оларды басқа органдарға беру дербес деректерді беретін құзыретті органның алдын ала келісімін талап етеді;

      8) дербес деректерді беретін құзыретті орган және дербес деректерді алатын құзыретті орган дербес деректерді беруді және алуды жазбаша нысанда тіркеуге міндетті;

      9) Тараптар барлық қажетті ұйымдастыру шараларын алдын ала қабылдайды және өңделетін дербес деректерді құзыретті емес адамдарға беруден, алынған деректерге кез келген өзгерістер енгізуден, оларды кездейсоқ жоғалтудан, кездейсоқ немесе заңсыз бүлдіруден немесе жоюдан тиімді қорғау үшін техникалық құралдарды міндетті түрде қолдануды қамтамасыз етеді.

18-бап Өзге де халықаралық міндеттемелермен арақатынасы

      Осы Келісім өздерінің мемлекеттері катысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

19-бап

Құзыретті органдар және мемлекеттік шекара арқылы откізу пункттері

      1. Осы Келісімді іске асыру, оның ішінде тікелей өзара іс-қимыл жасау үшін құзыретті органдар:


      Қазақстан Республикасы үшін:

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

      Эстония Республикасы үшін:

      Эстония Республикасының Полиция департаменті және шекара күзеті


      2. Құзыретті органдар осы Келісім күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірілмейтін мерзімде бір-біріне өздерінің байланыс деректері туралы хабарлайды.

      3. Осы Келісімді іске асыру үшін мемлекеттік шекара арқылы мына өткізу пункттері пайдаланылады:

      Қазақстан Республикасы үшін:

      - Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайы;

      - Алматы қаласының халықаралық әуежайы.

      Эстония Республикасы үшін:

      - Таллинн-1 (әуежай) шекарадан кесіп өту пункті.

      4. Құзіретті органдардың өзара келісімі бойынша адамдарды беру немесе олардың транзиті халықаралық қатынас үшін ашық болатын басқа өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.

      5. Тараптар өз құзыретті органдарының не олардың атауларының немесе функцияларының өзгергені туралы, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері тізімінің өзгергені немесе толықтырылғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне осы деректер өзгерген күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күннен кешіктірмей хабарлайды.

      6. Құзыретті органдар арасындағы хат-хабар алмасу құзыретті органдар өзгеше шешпегенше, ағылшын тілінде жүзеге асырыла береді.

20-бап Сарапшылардың кездесулері мен консультациялары және ақпарат алмасу

      1. Осы Келісімді іске асыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу және (немесе) оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарау мақсатында Тараптардың кез келгені немесе құзыретті органдар сарапшылардың кездесулерін немесе консультацияларын ұйымдастыра алады.

      2. Осы Келісімде көрсетілген құжаттарға өзгерістер енгізілген жағдайда, құзыретті органдар бұл туралы бір-біріне дереу хабарлайды және құжаттардың өзгертілген немесе жаңа үлгілерін жібереді.

21-бап

Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптар өзара келісу бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 24-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтыруларды осы Келісімге енгізе алады.

22-бап Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндірумен немесе қолданумен байланысты туындауы мүмкін келіспеушіліктерді құзыретті органдар келіссөздер мен өзара консультациялар арқылы шешеді.

23-бап Қосымшалар

      Осы Келісімге 1-6-косымшалар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

24-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы 2-бапты қоспағанда, өз мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін немесе халқының денсаулығын және өзге де ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұра алады. Бұл жағдайда тоқтата тұру осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң басталады. Тараптар өзара келісу бойынша осы Келісімнің қолданысын қалпына келтіру туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

      3. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда, осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткен соң тоқтатылады.

      20__жылғы "_" ________ әрқайсысы қазақ, эстон және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді пайдаланады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Эстония Республикасының Үкіметі үшін


  Келісімге
  1-қосымша

      [Мемлекеттің елтаңбасы]      _________________________
(орны мен күні)

      ________________________________________________
(Сұрау салатын Тараптың құзыретті органының атауы

      Нөмірі _______________________

      □ Жеделдетілген рәсім (………..-бап)

      □ Әңгімелесу өткізу туралы сұрау салу (……….-бап)

      Кімге ____________________________________________
(Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының атауы)

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің 5-бабына сәйкес
РЕАДМИССИЯ ТУРАЛЫ ӨТІНІШХАТ

      А. Дербес деректер

1. Аты мен тегі (тегі баспа әріптермен, оның ішінде ана тілінде):
_______________________________________________________
_______________________________________________________
2. Тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі:
_______________________________________________________
3. Туған күні және жері: __________________________________
4. Тұрғылықты мекенжайы немесе тұрақты тұратын немесе тіркелген жері: __________________________________________________



      5. Азаматтығы және тілі:

      _________________________________________________________

      6. Отбасылық жағдайы:

      _________________________________________________________

      □ үйленген (тұрмыста) □ бойдақ (тұрмысқа шықпаған) □ ажырасқан □тұл ер адам (жесір әйел)
7. Жынысы және сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):______________________________________________________
8. Бұрынғы тектері немесе бүркеншік аттары:
__________________________________________________________
9. Сұрау салынатын Тарап аумағындағы соңғы мекенжайы:
__________________________________________________________
__________________________________________________________
10. Туыстарының немесе таныстарының тұратын мекенжайы:

      В. ЖҰБАЙЫНЫҢ (ЗАЙЫБЫНЫҢ) (ЕГЕР БОЛСА) ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ
1. Аты мен тегі (тегі баспа әріптермен, оның ішінде ана тілінде):
___________________________________________________________
___________________________________________________________
2. Тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі:
___________________________________________________________
3. Туған күні және жері:
___________________________________________________________
___________________________________________________________
4. Жынысы және сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):
___________________________________________________________
___________________________________________________________
5. Бұрынғы тектері немесе бүркеншік аттары:
___________________________________________________________
___________________________________________________________
6. Азаматтығы және тілі:
___________________________________________________________
___________________________________________________________
С. БАЛАЛАРЫНЫҢ (ЕГЕР БОЛСА) ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ
1. Аттары мен тегі (тегі баспа әріптермен, оның ішінде ана тілінде):
___________________________________________________________
___________________________________________________________
2. Туған күні және жері:
___________________________________________________________
___________________________________________________________
3. Жынысы және сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):_______________________________________________________
4. Азаматтығы және тілі:
___________________________________________________________
___________________________________________________________
D. Берілетін адамға қатысты ерекше мән-жайлар
1. Денсаулық жағдайы (ерекше медициналық күтім қажеттігін көрсету):
___________________________________________________________
___________________________________________________________
2. Берілетін адамның тарапынан қауіптілік туралы белгі (ауыр құқық бұзушылық жасағаны туралы ақпарат, агрессивті мінез-кұлық):
___________________________________________________________
Е. Ескертулер
___________________________________________________________
___________________________________________________________
___________________________________________________________
___________________________________________________________
___________________________________________________________
F. Өтінішхатқа қосымшалар

      Сұрау салатын Тараптың құзыретті
органы өкілінің аты мен тегі, лауазымы _________________________
қолы

      М.О.

  Келісімге
2-қосымша

Тараптар мемлекеттерінің азаматтығын растайтын құжаттардың тізімі

      Қазақстан Республикасы үшін:

      1. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты.

      2. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі.

      3. Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты.

      4. Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты.

      5. Теңізшінің жеке куәлігі.

      6. Қайтып оралуға арналған куәлік.

      7. Баланың туу туралы куәлігі (ата-анасының біреуінің паспортында жазба болған кезде).

      8. Жол жүру құжаты.

      Эстония Республикасы үшін:

      1. Эстония Республикасы азаматының паспорты.

      2. Эстония Республикасы азаматының жеке куәлігі.

      3. Эстония Республикасының дипломатиялық паспорты.

      4. Теңізшінің жазылу кітапшасы.

      5. Қайтару туралы анықтама.

      6. Туу туралы куәлік немесе азаматтығы нақты көрсетілген басқа ресми құжаттар.


  Келісімге
3-косымша

Тараптар мемлекеттерінің азаматтығын болжауға мүмкіндік беретін құжаттардың және басқа да мэліметтердің тізімі

      1. Осы Келісімге 2-қосымшада санамаланған құжаттардың көшірмелері.

      2. Жүргізуші куәлігі немесе оның көшірмелері.

      3. Туу туралы куәлік немесе оның көшірмелері.

      4. Қызметтік куәлік немесе оның көшірмелері.

      5. Әскери билет және оның көшірмелері.

      6. Тиісті адамның азаматтығын анықтауға көмектесе алатын кез келген басқа да құжаттар.

      7. Визалық ақпараттық жүйеде іздеу нәтижесінде жеке басты растау.

      8. Дактилоскопиялық зерттеу негізінде жеке басты растау.

      9. Реадмиссияға жататын адам берген өтініш.


  Келісімге
4-қосымша

Отбасылық байланысты растайтын құжаттардың тізімі

      1. Баланың туу туралы куәлігі.

      2. Неке қию туралы куәлік.


  Келісімге
5-қосымша

Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жок адамдардың Сұрау салынатын Тараптың аумағында зансыз кіруі, занды болуының немесе тұруының дәлелдемесі болып табылатын құжаттардың тізімі

      А бөлігі

      1. Сұрау салынатын Тарап берген виза немесе тұруға рұқсат.

      2. Реадмиссияға жататын адамның жол жүру құжатындағы шекаралық бақылаудың мөртабандары.

      В бөлігі

      1. Осы Қосымшаның А бөлігінде санамаланған құжаттың кез келгенінің көшірмелері.

      2. Саусақ іздері.

      3. Тиісті адамның өтініші.

      4. Тиісті адамның Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына кіргенде, атап айтқанда, мемлекеттік шекараны кесіп өткен фактілерін растай алатын Сұрау салатын тарапының шекара қызметінің уәкілетті өкілдерімен және басқа куәгерлермен жасалған ресми өтініштері.

      5. Рейстерге арналған дербестендірілген билеттер және Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына кіргенін растайтын жолаушылардың тізімі.

      6. Сұрау салынатын Тараптың аумағына Сұрау салатын Тараптың аумағынан кіргенін растайтын фотосуреттер, бейнелер және дыбыс түріндегі құжаттама.

      7. Сұрау салынатын Тараптың аумағына реадмиссияға ұшыраған адамның кіруін, болуын немесе тұруын растайтын басқа да дәлелдемелер.


  Келісімге
6-қосымша

      [Мемлекеттің елтаңбасы]      ____________________
(орны мен күні)

      _______________________________________________
(Сұрау салатын Тараптың құзыретті органының атауы)

      Нөмірі: ________________________________________
Кімге__________________________________________
(Сұрау салынатын Тараптың кұзыретті органының атауы)

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің 13-бабына сәйкес
ТРАНЗИТ ТУРАЛЫ ӨТІНІШХАТ

1. Аты мен тегі (тегі баспа әріптермен, оның ішінде ана тілінде):_____________________________________________________
2. Тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі:_______________________________
 



      3. Туған күні және жері: _________________________________________

      4. Азаматтығы және тілі: _________________________________________

      5. Жынысы және сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):___________________________________________________________

      6. Бұрынғы тегі немесе бүркеншік аттары:___________________________

      7. Жол жүру құжатының түрі мен нөмірі және қолданылу мерзімі:
_______________________________________________________________

      В. Транзиттік операция

      1. Транзит әуе жолымен:__________________________________________

      2. Межелі мемлекет:______________________________________________

      3. Басқа ықтимал транзит мемлекеттері:______________________________

      4. Шекараны кесіп өтудің жоспарланған жері, рейс нөмірі, беру күні, уақыты:
________________________________________________________________

      5. Бірге жүретін адамдар туралы ақпарат:______________________________

      6. Транзит барысында қолдау көрсету қажеттігі туралы ақпарат
_________________________________________________________________

      □ иә (жағдайды қысқаша сипаттау)

      □ жоқ

      7. Транзиттің басқа мемлекеттерінде транзитке алынған рұқсаттар және межелі мемлекеттің қабылдауға келісімі туралы ақпарат (жағдайды қысқаша сипаттау):

      __________________________________________________________________

      С. Ескертулер

      1. Денсаулық жағдайы (ерекше медициналық күтім қажеттігін көрсету):
___________________________________________________________________

      2. Басқалары
___________________________________________________________________

      Сұрау салатын Тараптың құзыретті
органы өкілінің аты мен тегі, лауазымы
_______________________________

      М.О. (қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады