Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 18 наурыздағы № 155 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Викторович Ильинге Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 18 наурыздағы
№ 155 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi

      1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып,

      екі халық арасындағы дәстүрлi достық қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтыла отырып,

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерiнiң әл-ауқаты мен қауiпсiздiгiне жәрдемдесетiнiн мойындай отырып,

      Тараптар мемлекеттерi үшiн табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан болатын қауiпті сезiне отырып,

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың Тараптар мемлекеттері үшін пайдалы екенін ескере отырып,

      Тараптардың бiрiнiң күштерiмен және құралдарымен жою мүмкін болмайтын төтенше жағдайлардың туындау мүмкiндiгiн және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында осыдан туындайтын екi мемлекеттiң үйлестiрілген iс-қимылдарының қажеттiлiгiн назарға ала отырып,

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін тиімді практикалық шараларды әзірлеуде және қабылдауда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне кәміл сене отырып,

      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы рөлін ескере отырып,

      мемлекеттік егемендік пен тең құқықтылық қағидаттарын құрметтей отырып, төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келiсiмде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:

      "сұрау салушы Тарап" – екінші Тарапқа көмек көрсету жөнiндегi топтарды, жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын жiберу туралы өтiнiшпен жүгінетiн Тарап;

      "ұсынушы Тарап" – екінші Тараптың көмек көрсету жөнiндегi топтарды, жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын жiберу туралы өтiнiшiн қанағаттандыратын Тарап;

      "төтенше жағдай" – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруге, елеулі материалдық шығындарға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан авария, техногендік және табиғи апат, дүлей немесе өзге де зілзала салдарынан белгілі бір аумақта қалыптасқан жағдай;

      "төтенше жағдайлардың алдын алу" – Тараптар алдын ала жүргізетін және төтенше жағдайлардың туындау қаупін мүмкіндігінше неғұрлым азайтуға,

      сондай-ақ олар туындаған жағдайда адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін зиян мен материалдық шығындар мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;

      "авариялық-құтқару жұмыстары" – адамдардың өмірін құтқару және денсаулығын сақтау, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, төтенше жағдайлар аймағында қоршаған табиғи ортаны қорғау, төтенше жағдайларды оқшаулау және оларға тән қауіпті факторлардың әсерін жою немесе барынша төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;

      "төтенше жағдайды жою" – төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаға келтірілетін зиян мен материалдық шығындар мөлшерлерiн азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймағын оқшаулауға және оған тән қауiптi факторлардың әрекетiн тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;

      "төтенше жағдай аймағы" – төтенше жағдай қалыптасқан Тарап мемлекетінің аумағы;

      "уәкiлеттi орган" – осы Келiсiмдi iске асырумен байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестiру үшiн Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын мемлекеттік орган;

      "көмек көрсету жөніндегі топ" – көмек көрсетуге арналған және төтенше жағдай аймағында іс-қимылдар жүргізуге қажетті жарақтармен жеткілікті қамтамасыз етілген, ұсынушы Тарап мамандарының (қажет болған кезде қызметтік иттерімен) ұйымдасқан тобы;

      "жарақ" – көмек көрсету жөніндегі топтың материалдары, техникалық және көлік құралдары, құрал-жабдығы, оның ішінде қызметтік иттер, топ мүшелерінің жеке құрал-жабдығы, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдық;

      "қамтамасыз ету материалдары" – төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен халық арасында тегiн бөлуге арналған материалдық құралдар.

2-бап

Уәкілетті органдар

      Тараптар осы Келiсiмдi iске асыру үшiн мынадай уәкілетті органдарды тағайындайды:

      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлiгi;

      Өзбекстан Республикасынан – Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі.

      Басқа уәкілетті органдарды тағайындаған немесе қазіргі уәкілетті органдардың атауларын өзгерткен жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бiр-бiрiн жазбаша нысанда хабардар етедi.

3-бап

Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келiсiмге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және Тараптардың әрқайсысының қажеттi қаражатының болуымен негiзделедi.

      Осы Келiсiм шеңберiндегі ынтымақтастық:

      қауiптi техногендiк және экологиялық процестердiң, табиғи құбылыстардың мониторингiн ұйымдастыру мен жүргізуді;

      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың мониторингі және оларды болжау туралы тұрақты түрде ақпарат алмасуды,

      халықты төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға, оның iшiнде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша дайындауды ұйымдастыруда тәжiрибе алмасуды;

      төтенше жағдайларды жою кезiнде тиісті мемлекеттiк органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруды;

      өнеркәсiптiк авариялар, апаттар мен дүлей зiлзалалар салдарынан ықтимал ластануларға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа келетін қатердi бағалауды;

      дүлей зілзалалардың алдын алуды және оларды жоюды;

      ғылыми-зерттеу жобаларын бiрлесiп жоспарлауды, әзiрлеуді және жүзеге асыруды, ғылыми-техникалық әдебиетпен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерiмен алмасуды;

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында ақпарат, мерзiмдi басылымдар, әдiстемелiк және басқа да әдебиет, бейне- және фотоматериалдар, сондай-ақ технологиялар алмасуды;

      бiрлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін,

      оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыруды;

      бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындауды;

      екінші Тарап мемлекетiнiң оқу орындарында мамандар даярлауды, тағылымдамадан өтушiлермен, оқытушылармен, ғалымдармен және мамандармен алмасуды;

      төтенше жағдайларды жою кезiнде өзара көмек көрсетуді;

      үшінші елден немесе үшінші елге Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жеткізілетін гуманитарлық жүкті өткізуге жәрдемдесуді;

      трансшекаралық аумақтарда болған жер сілкіністері салдарын бірлескен макросейсмикалық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізуді;

      Тараптардың уәкілетті органдарымен келiсілетін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы басқа да қызметті көздейді.

4-бап

Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар, қажет болған кезде Тараптар мемлекеттерiнiң төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдары мен мекемелері, заңды және жеке тұлғалары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

5-бап

Тараптардың өкілдерін қабылдау шарттары

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, жіберуші Тарап төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетумен тікелей байланысты емес, осы Келісімнің 3-бабында белгіленген қызметке қатысу кезінде өз өкілдерінің межелі пунктке дейін жол жүруі, өз өкілдерінің тұруы және тамақтануы жөніндегі шығыстарды көтереді.

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, қабылдаушы Тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тарап өкілдерінің жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

6-бап

Көмек көрсету

      Көмек жазбаша сұрау салу негізінде көрсетіледі, онда сұрау салушы Тарап төтенше жағдайдың сипаты туралы ақпарат ұсынады, қажетті көмектің түрін, көлемін, орны мен ұсыну мерзімін көрсетеді.

      Ұсынушы Тарап сұрау салуды қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы Тарапқа көмек көрсету мүмкіндігі, көлемі мен шарттары туралы немесе көмек көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарлайды.

      Көмек көрсету жөнiндегi топтарға басшылық етуді осы топтардың жетекшілері арқылы сұрау салушы Тараптың уәкiлеттi органы жүзеге асырады.

7-бап

Көмек түрлерi

      Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету жөнiндегi топтарды, тиісті жарақтарды, қамтамасыз ету материалдарын жiберу арқылы не өзге де сұралатын нысанда көмек көрсетiледi.

      Көмек көрсету жөнiндегi топтар төтенше жағдай аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындайды.

      Сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөнiндегi топтарының жетекшілеріне төтенше жағдай аймағында және нақты жұмыс учаскелерiнде қалыптасқан жағдай туралы хабарлайды, қажет болған кезде осы топтарды аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етедi, сондай-ақ қауiпсiздiктi, жедел медициналық жәрдемді қамтамасыз етедi, олардың iс-қимылдарын үйлестiрудi жүзеге асырады.

      Көмек көрсету жөнiндегi топтарды жарақтандыру төтенше жағдай аймағында 72 сағат бойы дербес iс-қимылдар жүргiзу үшiн жеткiлiктi болуға тиiс. Егер Тараптар өзгені қосымша ескертпесе, жарақтардың запастары біткеннен кейін сұрау салушы Тарап көрсетілген топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

8-бап

Көмек көрсету жөнiндегi топтардың мемлекеттiк шекараны кесiп өту шарттары және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағында болу режимi

      Көмек көрсету жөнiндегi топтардың мүшелерi сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң мемлекеттiк шекарасын халықаралық қатынас үшiн ашық өткізу пункттерi арқылы жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен кесiп өтедi.

      Топ жетекшісінде көмек көрсету жөнiндегi топ мүшелерiнiң тiзiмi және ұсынушы Тараптың уәкiлеттi органы берген, оның өкiлеттiктерiн растайтын құжат болуға тиiс.

      Көмек көрсету жөнiндегi топтардың мүшелерi сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезде сол мемлекеттiң заңнамасын сақтауға тиіс. Бұл ретте олар еңбек, қылмыстық және әкімшілік заңнама және онымен байланысты мәселелер саласында ұсынушы Тарап мемлекетiнiң юрисдикциясында болады.

      Көмек көрсету жөнiндегi топтың құрамына кiретiн әскери персоналға ұсынушы Тарап мемлекетiнің еңбек құқықтық қатынастар мен әлеуметтiк-экономикалық кепiлдiктер бөлiгiнде әскери қызметшiнің мәртебесiн реттейтiн заңнамасы қолданылады.

      Көмек көрсету жөнiндегi топтардың орын ауыстыруы, олардың жарақтарын және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, темiржол немесе әуе көлiгi арқылы жүзеге асырылады.

      Көрсетілген көлік түрлерін көмек көрсету үшін пайдалану тәртібін тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша Тараптардың уәкілетті органдары айқындайды.

9-бап

Төтенше жағдайларды жою кезiнде көмек көрсетуге арналған жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      Төтенше жағдайларды жою кезiнде көмек көрсету үшiн сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiн және ұсынушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан әкетiлетiн жарақтар және қамтамасыз ету материалдары кедендiк баждардан, салықтар мен алымдардан босатылады.

      Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын кедендiк ресiмдеу көмек көрсету жөнiндегi топтардың құрамы, әкелiнетiн немесе әкетiлетiн жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарының тiзбесi көрсетiлетiн, Тараптардың уәкiлеттi органдары беретiн хабарламалар негiзiнде оңайлатылған түрде және басым тәртiппен жүргiзiледi.

      Көмек көрсету жөнiндегi топтарға сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына осы баптың екінші абзацында айтылған тізбелерде көрсетілген жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын ғана әкелуге рұқсат етіледі.

      Зардап шеккендерге сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында жедел медициналық жәрдем көрсету қажет болған жағдайда онымен келісу бойынша және сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар медициналық препараттардың қажетті саны әкелінуі мүмкін. Мұндай жағдайда көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі ұсынушы және сұрау салушы Тараптардың кеден органдарына құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар медициналық препараттардың бар-жоғы туралы декларацияны олардың номенклатурасы мен санын көрсете отырып, ұсынады.

      Құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар медициналық препараттарды ұсынушы Тараптың білікті медициналық персоналының ғана пайдалануға құқығы бар. Сұрау салушы Тараптың тиісті лауазымды адамдары құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар көрсетілген медициналық препараттардың пайдаланылуын және сақталуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

      Құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар пайдаланылмаған медициналық препараттар сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағынан осы препараттардың номенклатурасы мен санын растайтын құжаттар негізінде әкетілуге тиіс.

      Құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар жұмсалған медициналық препараттарға сұрау салушы Тараптың кеден органдарына көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі мен дәрігері қол қойған және сұрау салушы Тараптың уәкілетті органының өкілі куәландырған олардың пайдаланылғандығы туралы акт ұсынылады.

      Көмек көрсету жөнiндегi жұмыстар аяқталғаннан кейiн сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнген жарақ (толық қолданылып болғанын немесе жойылғанын қоспағанда) ұсынушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкетiлуге тиiс. Егер айрықша мән-жайларға орай жарақты әкету мүмкiн болмаса, ол келісілген шарттармен сұрау салушы Тараптың уәкiлеттi органына көмек ретiнде өтеусiз берiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда берiлетiн жарақтың түрлерiн, санын және орналасқан жерін көрсете отырып, сұрау салушы Тараптың құзыреттi және кеден органдарын хабардар ету қажет.

      Жарақтардың жойылу немесе толық жұмсалу және қамтамасыз ету материалдарының зардап шеккен халық арасында бөліну фактісі құжат жүзінде расталуға тиіс.

10-бап

Әуе кемелерiн пайдалану

      Ұсынушы Тараптың уәкілетті органы сұрау салушы Тараптың уәкілетті органына әуе кемелерiнің типi мен таным белгiлерiн, маршрутын, экипаж мүшелерiнiң санын, жүктiң сипатын, ұшу және қону орны мен уақытын көрсете отырып, оларды көмек көрсету үшiн пайдалану шешiмi туралы хабарлайды.

      Сұрау салушы Тарап өз мемлекетiнiң аумағындағы белгiлі бір пунктке ұшуға рұқсат бередi.

      Шұғыл көмек көрсету және күштер мен құралдарды уәкілетті органның әуе кемесімен бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттің аумағындағы белгілі бір пунктке жедел жеткізу мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары әуе кемелерін пайдалану мүмкіндігі туралы қосымша нұсқаулықты және төтенше жағдайларды жою кезінде әуе кемелерінің шекараны басым тәртіппен кесіп өту рәсімін оңайлату мәселелері бойынша мемлекеттік органдар өкілдерінің (шекаралық, кедендік, фитосанитарлық, карантиндік қызметтер) өзара іс-қимыл жасасу тетігін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен әзірлейді және келіседі.

      Ұшулар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы және Тараптар мемлекеттерi белгiлеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап

Шығыстарды өтеу

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсетумен байланысты шығыстарды өтейдi.

      Сұрау салушы Тарап кез келген сәтте өзіне көмек көрсету туралы сұрау салуын қайтарып алуы мүмкін. Бұл жағдайда ұсынушы Тарап өзіне келтiрiлген шығыстарға өтем алуға құқылы.

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, шығыстарды өтеу ұсынушы Тараптан бұл туралы талап түскеннен кейiн 30 жұмыс күні ішінде жүргiзiледi.

      Ұсынушы Тарап көмек көрсету жөнiндегi топтар мүшелерiнің сақтандырылуын қамтамасыз етедi. Сақтандыруды ресiмдеу бойынша шығыстар көмек көрсету жөнiндегi жалпы шығыстарға енгiзiледi.

      Ұсынушы Тарап әуе кемелерiнің ұшып өткені, қонғаны, әуеайлақта тұрғаны және одан ұшқаны үшін ақы төлеуден, сондай-ақ аэронавигациялық көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуден босатылады.

      Ұсынушы Тараптың әуе кемелерiнiң отыны және оларға техникалық қызмет көрсету үшін шығыстарды өтеу туралы мәселе әрбiр нақты жағдайда жеке шешiлетiн болады.

      Егер әрбiр нақты жағдайда өзгеше тәртiп келiсiлмесе, Тараптар осы Келiсiмдi өздерінің орындауы барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес көзделген қаражат шегiнде дербес көтередi.

12-бап

Залалды өтеу

      Сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтың мүшелері қаза тапқан немесе жарақат алған, сондай-ақ осы Тараптың жабдығы немесе басқа да меншiгi жойылған немесе оған залал келтiрiлген жағдайларда, егер мұндай залал осы Келiсiмдi iске асырумен байланысты мiндеттердi орындау барысында келтiрiлсе, ұсынушы Тарапқа өтемақы төлейдi. Өтемақы мөлшерi әрбiр нақты жағдайда жеке ескертіледі.

      Ұсынушы Тарап сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында жеке немесе заңды тұлғаға ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі тобының мүшесі көмек көрсетумен тікелей байланысты емес іс-қимылдар салдарынан келтірген залалды сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес өтейді.

      Егер ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөнiндегi тобының мүшесi сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмдi iске асырумен байланысты мiндеттердi орындау кезiнде жеке немесе заңды тұлғаға залал келтiрсе, онда сұрау салушы Тарап залалды өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес өтеуге тиіс.

      Ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөнiндегi тобының мүшесi әдейі немесе өрескел ұқыпсыздықтан келтiрген зиянды ұсынушы Тарап өтеуге тиiс.

13-бап

Ақпаратты пайдалану

      Егер Тараптардың уәкілетті органдары жазбаша нысанда өзгеше келiспесе, Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келiсiмнiң шеңберiнде жүргiзiлетін қызметтiң нәтижесiнде алынған Тараптардың әрқайсысының әдеттегi практикасы мен ұйғарымдарының негiзiнде ақпарат жарияланады және пайдаланылады.

14-бап

Дауларды шешу

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және (немесе) қолдануға қатысты туындайтын даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасындағы келiссөздер мен консультациялар жүргiзу арқылы шешiлетін болады.

15-бап

Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 16-бабында айқындалған тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

Қорытынды ережелер

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшiне енедi.

      Осы Келiсiм белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі осы Келiсiмнiң қолданылуын өзінің тоқтату ниетi туралы екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін басталып, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайды.

      202_ жылғы "____" ______ ______қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде екi төлнұсқа данада жасалды әрi барлық мәтiндердің заңды күші бірдей.

      Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда орыс тіліндегі мәтіннің күші басым болады.

      Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
      Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады