"Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі № 197 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А.Мамин


Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі туралы

      Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық екілеттіктерін іске асыруды, мемлекеттік билік органдарының сыртқы саясат саласындағы қызметінің тиімділігін арттыруды және Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық бастамаларын ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі туралы ереже;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Реснубликасының
Президенті
Қ.Тоқаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі туралы ереже

      Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілінің мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін айқындайды.

1-тарау Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі (бұдан әрі - арнайы өкіл) мемлекеттік саяси қызметші болып табылады.

      2. Арнайы өкілді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Арнайы өкіл Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді.

      3. Арнайы өкіл лауазымына орналасуға кандидатураларды Президенттің халықаралық қызметінің мәселелеріне жауапты Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары (бұдан әрі - Президент Әкімшілігі Басиіысының орынбасары) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының қарауына енгізеді.

      4. Арнайы өкіл өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және осы Ережені басшылыққа алады.

      5. Арнайы өкілдің белгіленген үлгідегі бланкілері болады.

2-тарау. Арнайы өкілдің негізгі міндеттері мен функциялары

      6. Арнайы өкілдің негізгі міндеттері:

      1) саяси, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық салаларда халықаралық байланыстарды жолға қою;

      2) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттарын және Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларын ілгерілетуді қамтамасыз ету болып табылады.

      7. Арнайы өкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен және басқа да мемлекеттік органдармен, ұйымдармен Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

      8. Арнайы өкіл заңнамада бекітілген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасының Президентіне сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық бастамаларын іске асыру женінде ұсыныстар енгізеді;

      2) өзінің құзыреті шегінде шет елдер мен халықаралық ұйымдардың саяси және қоғам қайраткерлерімен, шет елдердің іскер топтарының өкілдерімен келіссөздер ұйымдастырады және өткізеді, сауда-экономикалық, инвестициялық, технологиялық және басқа да салаларда басым жобаларды ілгерілетуге қатысады;

      3) Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты тұжырымдамасының жобасын дайындауға және оны кейіннен іске асыруға қатысады;

      4) Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бәлігінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауының жобасын дайындауға қатысады;

      5) әлемдік даму процестерін, сондай-ақ халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін мониторингтеуді, талдауды және болжауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Президентіне оның сыртқы саяси өкілеттіктерін іске асыру жөнінде ұсынымдар тұжырымдайды;

      6) Президент Әкімшілігінің Басшысы орынбасарының үйлестіруімен Қазақстан Республикасы Президентінің шет елдердің мемлекеттік органдарымен және олардың лауазымды адамдарымен, шетелдік саяси және қоғам қайраткерлерімен, халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;

      7) Қазақстан Республикасы Президентінің шет елдік сапарларының және шет мемлекеттер басшыларының Қазақстан Республикасына сапарларының, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен компаниялардың басшыларымен кездесулердің мазмұндық бөлігін дайындауға жәрдемдеседі;

      8) шетелдік инвестицияларды, озық тәжірибе мен технологияларды тартуға, әлемдік нарықта отандық өнімдердің экспортын ілгерілетуге жәрдемдеседі;

      9) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттарын және Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларын ілгерілету мақсатында халықаралық сарапшылардың пулын қалыптастырды және онымен өзара іс-қимыл жасайды;


      10) Қазақстан Республикасы Президентінің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы реформаларын шет елдерде танымал етеді және түсіндіреді, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кеңесші және консультативтік органдардың жұмысына қатысады;

      11) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықтың әртүрлі өзекті бағыттары бойынша арнайы миссияларды жүзеге асырады;

      12) Президент Әкімшілігінің Басшысы орынбасарының үйлестіруімен Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізу үшін сыртқы саясат саласындағы заң жобаларын дайындауға қатысады;

      13) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындайды.

3-тарау. Арнайы өкілдің құқықтары

      9. Негізгі міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру мақсатында арнайы өкілдің заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды сұратуға және алуға;

      2) мемлекеттік, оның ішінде үкіметтік байланыс пен коммуникация жүйелерін пайдалануға;

      3) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізуге;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, шетелдік әріптестермен келіссөздерге және/немесе консультацияларға қатысуға, оның ішінде Қазақстан Республикасының екіжақты және көпжақты халықаралық шарттарын жасасу мәселесі бойынша, қажет болған жағдайда делегацияны басқаруға;

      5) Қазақстан Республикасының мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдары мен ұйымдары өкілдерінің қатысумен кеңестер өткізуге, сондай-ақ өзге де іс-шараларға қатысуға;

      6) өз кұзыреті шегінде қызметтік құжаттарға қол қоюға;

      7) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша шет елдердің өкілдеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыруға:

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

4-тарау. Арнайы өкілдің қызметін ұйымдастыру мен қамтамасыз ету

      10. Арнайы өкіл қойылған міндеттердің орындалуына жауапты болады, еңбекті ұйымдастыру мен тиісті еңбек тәртібін қамтамасыз етеді.

      11. Арнайы өкілдің қызметін Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің 5 мемлекеттік әкімшілік қызметшіден тұратын секторы қамтамасыз етеді.

      12. Арнайы өкілдің қызметін қамтамасыз ету мен қаржыландыруды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықгырулар

      1. "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 17, 212-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) олардың келісуімен тағайындалатын, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де лауазымды адамдардың тізбесінде:

      мына:

      "

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының
орынбасарлары

Президент Әкімшілік Басшысы

      "

      деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "

Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі

Президент

Әкімшілік Басшысы


      ".


      2. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколып бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 39, 428-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколында:

      1-қосымша мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:

      "22-1. Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі";

      2-қосымшада:

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Президент Әкімшілігі Басшысының халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары";

      16-1, 16-2 және 16-3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16-1. Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі

      16-2. Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары

      16-3. Тұңғыш Президент - Елбасы Кеңсесі Басшысының орынбасарлары (лауазымға тағайындалған күні бойынша)";

      мынадай мазмұндағы 16-4-тармақпен толықтырылсын:

      "16-4. Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасарлары (лауазымға тагайындалған күні бойынша)".

      3. "Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің штат саны мен құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 ақпандағы № 533 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 5, 52-құжат):

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің штат саны 414 бірлік мөлшерінде белгіленсін.";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымы:

      мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Қазакстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету секторы".

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 12-13, 116-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережеде:

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Әкімшіліктің құрылымына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы (бұдан әрі - Әкімшілік Басшысы), Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Әкімшілік Басшысының орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшілері, Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен өзге де қызметкерлері кіреді.";

      24-тармақтың екінші бөлігінің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Президенттің қарауына Әкімшілік Басшысының орынбасарларын, Президент көмекшілерін, Президент Кеңсесінің бастығын, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілін, Президент кеңесшілерін, Әкімшіліктің жекелеген хатшылықтарының басшыларын қоспағанда, Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгізеді;";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26.      Әкімшілік Басшысының      орынбасарларын, Президенттің көмекшілерін, Президент Кеңсесінің бастығын, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілін, Президенттің кеңесшілерін, Әкімшіліктің жекелеген хатшылықтарының басшыларын қоспағанда, Әкімшілік құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын Әкімшілік Басшысының ұсынуы бойынша Президент қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.";

      32-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы тармақтың 1) тармақшасының екінші абзацын қоспағанда, 1), 2), 3) , 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген өкілеттіктерге: Әкімшілік Басшысының орынбасарлары, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Президенттің көмекшілері, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, Президент Кеңсесінің бастығы, Президенттің кеңесшілері ие болады.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады