Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 сәуірдегі № 218 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Тараптар)
қалыптасқан өзара достық қарым-қатынастар мен әскери саладағы ынтымақтастықты күшейтуге ниет білдіре отырып,
1999 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан тарапы Тәжікстан тарапына осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшада көрсетілген әскери мүлікті беру түрінде өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді.
2-бап
Осы Келісімді іске асыру бойынша уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Тәжікстан тарапынан – Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
3-бап
Қазақстан тарапы әскери мүлікті Қазақстан Республикасының аумағынан ("Отар" станциясы, Жамбыл облысы) Тәжікстан Республикасының аумағына ("Рахоти" станциясы, Душанбе қаласы) дейін теміржол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді, онда Тараптардың уәкілетті органдары тағайындаған өкілдер оларды тиісінше қабылдауды және беруді жүргізеді.
Әскери мүлікті тасымалдау мәселелері Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын әскери тасымалдар саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес реттеледі.
Әскери мүлікті Душанбе қаласының "Рахоти" станциясына дейін жеткізуге байланысты шығыстарды Қазақстан тарапы көтереді.
Берілетін әскери мүлікті кедендік тазарту және декларациялау Қазақстан Республикасында Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Берілетін әскери мүлік баждардың, салықтар мен алымдардың барлық түрін алудан босатылады.
Тәжікстан тарапы Тәжікстан Республикасында кедендік рәсімдерді ресімдегені үшін шығыстарды өзі көтереді және жауапты болады.
4-бап
Тәжікстан тарапы Қазақстан тарапынан алған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді.
5-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделеді.
6-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Қазақстан тарапының жазбаша хабарламасын Тәжікстан тарапы дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің 4-бабын қоспағанда, Тәжікстан тарапына осы Келісімге сәйкес берілетін әскери мүлік толық берілген кезден бастап осы Келісім өз қолданысын тоқтатады, оны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы растайды.
20___ жылғы "___" ____________ ____________қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімге қосымша |
Берілетін әскери мүліктің тізбесі
Р/с № | Мүліктің атауы | Өлшем бірлігі | Саны |
---|---|---|---|
1. | БО оғы бар 5,45 мм патрон | дана | 3 000 240 |
2. | 23 мм патрон | дана | 20 076 |
3. | 82 мм оқ | дана | 10 000 |