Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамдарға осындай факт расталған жағдайда сыйақы беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 сәуірдегі № 219 қаулысы.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексі (Салық кодексі) 22-бабының 14-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамдарға осындай факт расталған жағдайда сыйақы беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 8 сәуірдегі
№ 219 қаулысымен
бекітілген

Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамдарға осындай факт расталған жағдайда сыйақы беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамдарға осындай факт расталған жағдайда сыйақы беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 22-бабының 14-тармағына сәйкес әзірленді және төлемдерді бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері (бұдан әрі – бұзушылық фактілері) туралы хабарлаған адамға осындай факт расталған жағдайда сыйақы беру тәртібін айқындайды.

      2. Сыйақыларды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      3. Бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамға осындай факт расталған жағдайда 1 000 (бір мың) теңге мөлшерінде сыйақы беріледі.

2-тарау. Төлемдерді бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамдарға осындай факт расталған жағдайда сыйақы беру шарттары мен тәртібі

      4. Адам:

      1) бұзушылықтың бейнетіркелуін салып, бұзушылық фактілері (чек бермеу, банк картасын қабылдаудан бас тарту) туралы;

      2) кәсіпкерлік субъектісін, жекеше нотариусты сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, оның ішінде қызмет жүзеге асырылатын жердің мекенжайы, салық салуға байланысты объектінің атауы (бар болса), сауда үйіндегі бутиктің және қабаттың нөмірі (бар болса), базардағы орынның нөмірі (бар болса), кеңсенің және қабаттың нөмірі (бар болса);

      3) өтініш берушінің: тегін, атын және әкесінің атын (бар болса) және оның жеке сәйкестендіру нөмірін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін;

      4) бұзушылық фактісі туралы хабарлағаны үшін сыйақы алуға келісімі немесе оны алудан бас тартқаны туралы деректерді толтырып, аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына мобильді қосымша арқылы бұзушылық фактілері туралы хабарлайды.

      5. Бұзушылық фактісі туралы хабарда бұзушылық жасалған жердегі аумақтық мемлекеттік кірістер органы көрсетіледі.

      6. Осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін хабарлар қаралмайды.

      7. Бұзушылық фактісін көрсететін хабар келіп түскен кезде аумақтық мемлекеттік кірістер органы кәсіпкерлік субъектісінің, жекеше нотариустың әрекетінде (әрекетсіздігінде) "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабы 11-тармағының және Салық кодексінің 19-тарауының талаптарын бұзу орын алған-алмағанын анықтайды.

      8. Бұзушылық фактісі анықталған жағдайда, аумақтық мемлекеттік кірістер органы осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген бұзушылық жасаған тұлғаны "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 15 және 16-тарауларына сәйкес әкімшілік жауапқа тарту бойынша шараларды қолданады.

      9. Әкімшілік жаза қолдану туралы заңды күшіне енген қаулы не ӘҚБтК 897-бабының тәртібімен әкімшілік айыппұл төлеу бұзушылық фактісін растау болып табылады.

      Бұзышылық фактісін растау/растамау нәтижесі мобильді қосымшада тіркеледі.

      10. Бұзушылық фактісі ӘҚБтК 741-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жоққа шығаратын мән-жайлар болған жағдайда расталмады деп танылады.

      11. Сыйақыны осы Қағидаларға сәйкес сыйақы сомаларын есепке алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы (мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес) болып табылатын оператор бұзушылық фактісі расталған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адам көрсеткен ұялы телефон теңгеріміне аударады.

      12. Осы Қағидалардың негізінде төленген сомалар түріндегі сыйақы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға және бюджет заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      13. Бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамдарға сыйақы беру кезінде дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады