"Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі № 175 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі № 235 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі № 175 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу, сондай-ақ жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу туралы өзіне қатысты сот шешімі шығарылған шығарып жіберілетін адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде ұстау қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі 70-бабының бірінші бөлігіне, "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 28-бабына және "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 60-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу, сондай-ақ жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу туралы өзіне қатысты сот шешімі шығарылған шығарып жіберілетін адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде ұстау қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
  2021 жылғы 12 сәуірдегі
№ 235 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 6 сәуірдегі
№ 175 қаулысымен
бекітілген

Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу, сондай-ақ жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу туралы өзіне қатысты сот шешімі шығарылған шығарып жіберілетін адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде ұстау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу, сондай-ақ жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу туралы сот шешімі шығарылған адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде ұстау қағидалары 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі 70-бабының бірінші бөлігіне, "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 28-бабына, "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 60-бабына сәйкес әзірленді және шығарып жіберілетін адамның жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу және Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберуге жататын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберуді жүзеге асыру туралы сот шешімі шығарылған адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде ұстау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды мәжбүрлеу тәртібімен Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу тәртібі

      2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберу туралы жазаны Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары орындайды.

      3. Шығарып жіберу туралы сот актісінде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеген шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберу жөніндегі соттың заңды күшіне енген үкімін, шешімін, қаулысын орындау жазаның негізгі түрі орындалғаннан кейін мәжбүрлеу тәртібімен жүргізіледі.

      4. Уәкілетті органдар және/немесе жазаның негізгі түрін орындауға жауапты тұлғалар ішкі істер органдарын шығарып жіберуге жататын шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға қатысты жазаның негізгі түрінің орындалғаны туралы хабардар етеді.

      5. Ішкі істер органдары тиісті ақпаратты алған сәттен бастап шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберуді ұйымдастыру (маршрутты, Мемлекеттік шекараны кесіп өту орнын айқындау және жол жүру билеттерін сатып алу) жөніндегі іс-шараларды жүргізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін (бұдан әрі – Шекара қызметі) алдағы шығарып жіберу туралы хабардар етеді.

      6. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберу оны теміржол көлігіндегі Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне дейін ішкі істер органдарының шығарып салуы арқылы жүзеге асырылады. Теміржол қатынасы (бағыты) болмаған кезде шығарып жіберу көліктің өзге түрлерімен (әуе, автомобиль немесе су) жүзеге асырылады.

      Шығарып жіберілетін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктімен бір елді мекенде болған жағдайда, оны одан әрі өткізіп жіберу автомобиль көлігімен немесе жаяу тәртіппен жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шартқа сәйкес шет мемлекеттен қабылданған, бірақ Қазақстан Республикасына келу және онда болу үшін заңды негіздері жоқ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар, егер Қазақстан Республикасы мен азаматтық тиесілігі не тұрақты (басым) тұратын мемлекет арасында Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарт болмаған жағдайда, шығарып жіберілуге жатады.

      7. Шекара қызметі көрсетілген санаттағы шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік шекара арқылы өткізуді жүзеге асырады.

      8. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктінде ішкі істер органдарының және Шекара қызметінің лауазымды адамдары шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы акт жасайды, оған шығарып жіберілетін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Мемлекеттік шекарадан кесіп өткеннен кейін қол қояды.

      9. Шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін адамдар, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасына шақырған не шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында заңсыз болу фактісі анықталған кезде оның еңбегін пайдаланған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды жабуға қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, бұл ретте шығарып жіберуге жұмсалған қаражат мүдделі мемлекеттік органдардың жоғарыда аталған тұлғаларға талап арыздары бойынша сот тәртібімен өтелуге жатады.

      10. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберуге байланысты шығыстар сметасына:

      шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға, сондай-ақ оны алып жүретін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған жол жүру құжаттарының;

      құжаттарды ресімдеу және шығарып жіберуге байланысты өзге де іс-әрекеттер жасау құны енгізіледі.

3-тарау. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу туралы сот шешімі шығарылған шығарылып жіберетін адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде ұстау тәртібі

      11. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды арнаулы мекемелерде ұстау заңды күшіне енген сот үкімінің, шешімінің, қаулысының негізінде мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге жататын, сол сияқты шығарып жіберу туралы сот актісінде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты жеке профилактика мақсатында жүзеге асырылады.

      Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді ішкі істер органдары соттың санкциясымен қолданады және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде отыз тәулікке дейінгі мерзімге уақытша оқшаулаудан тұрады.

      12. Мәжбүрлеп шығарып жіберуге жататын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арнайы қабылдау орнына келіп түскен кезде:

      1) сот санкциялаған жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу туралы ішкі істер органының қаулысы;

      2) арнайы қабылдау орнында сақтауға тыйым салынған алып қойылған заттары бар жеке тексеру хаттамасы;

      3) мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге жататын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттардың болуы тексеріледі.

      13. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды арнайы қабылдау орнына орналастырған кезде ұстауды жүзеге асырған мемлекеттік орган олардың жақын туыстарына Қазақстан Республикасында уақытша болатын (тұратын) жері бойынша, Бас прокуратураға, Сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне дереу хабарлайды.

      14. Арнайы қабылдау орындарында тәулік бойы кезекшілікті қамтамасыз ететін және ұсталатын адамдардың мекеме шегінен тыс жерлерге өз бетінше кету мүмкіндігін болдырмайтын режим белгіленеді.

      15. Арнайы қабылдау орындарында ұсталушы, мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберуге жататын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар күзетпен ұсталатындар және уақытша ұстау изоляторындағылар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Азық-түлік өнімдерін кезекші күн сайын ведомость бойынша береді.

      16. Арнайы қабылдау орындарына орналастырылған ерлер әйелдерден бөлек орналастырылады.

      17. Туберкулездің жұқпалы түрімен, соз және басқа да жұқпалы аурулармен ауыратын науқастар мәжбүрлеп шығарып жіберуге жататын шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан оқшауланады.

      18. Мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберуге жататын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар шығарып жіберу туралы сот үкімін, шешімін, қаулысын орындау үшін не жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу мерзімі өткеннен кейін арнайы қабылдау орнынан босатылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады