1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 27 мамырдағы № 351 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. 1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

      Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 27 мамырдағы
№ 351 қаулысымен
мақұлданған

  Жоба

1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісіммен бекітілген Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы ереже (қоса беріліп отыр) жаңа редакцияда жазылсын.

2-бап

      Осы Хаттама оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Хаттама күшіне енген күннен бастап 1992 жылғы 9 қазандағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2012 жылы 30 мамырда қол қойылған хаттама өз қолданысын тоқтатады.

      2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін
      Армения Республикасының
Үкіметі үшін
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін
ТүрікменстанҮкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Украина Үкіметі үшін

  1992 жылғы 9 қазандағы
Достастыққа қатысушы
мемлекеттердің Геодезия,
картография, кадастр және
Жерді қашықтықтан зондтау
саласындағы өзара іс-қимылы
туралы келісімге өзгерістер
енгізу туралы хаттамаға
қосымша

Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1.1. Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі мемлекетаралық кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Достастыққа мүше мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімді (бұдан әрі - Келісім) орындау үшін құрылады және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органы болып табылады.

      1.2. Кеңес геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы келісілген саясатты айқындайды және жүргізеді, осы салада мемлекетаралық бағдарламаларды әзірлейді және жүзеге асырады, сондай-ақ геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мамандарды даярлауды үйлестіреді.

      1.3. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде (бұдан әрі – ТМД) қабылданған халықаралық шарттар мен шешімдерді, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органдары туралы жалпы ережені және осы Ережені басшылыққа алады.

      1.4. Кеңес өз қызметінде ТМД Үкімет басшыларының кеңесіне есеп береді.

II. Кеңестің функциялары

      Кеңестің негізгі функциялары:

      ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесі, Үкіметтер басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Экономикалық кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын Кеңес құзыреті шеңберінде ұйымдастыру және үйлестіру;

      геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен нысандарын тұжырымдау және келісу;

      мемлекетаралық бағдарламаларды, жоспарлар мен ынтымақтастық жобаларын әзiрлеу, келісу және іске асыруға қатысу;

      ТМД деңгейінде ғаламдық және өңірлік геокеңістіктік ақпаратты басқару саласындағы келісілген саясатты тұжырымдау;

      геодезиялық координаталар жүйелерін орнату мәселелеріндегі ынтымақтастық;

      географиялық объектілерге атаулар беру саласындағы ынтымақтастық;

      жылжымайтын мүлікті кадастрлық есепке алу және оған құқықтарды тіркеу жүйесін дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық;

      ТМД деңгейінде Жерді қашықтықтан зондтау нәтижелерін пайдалану мәселелері бойынша қызмет саласындағы ынтымақтастық;

      Келісімге қатысушы мемлекеттердің мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен бірлесіп, ТМД Үкіметтер басшылары кеңесінің қарауы және тиісті шешімдер қабылдау үшін геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау мәселелері бойынша ұсыныстар дайындау;

      Кеңес құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекетаралық құрылымдармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласында мамандар даярлауды үйлестіру болып табылады.

III. Кеңестің құрамы

      3.1. Кеңес төраға мен Кеңес мүшелерінен тұрады.

      3.2. Келісімге қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мемлекеттік басқару органдарының басшылары Кеңес мүшелері болып табылады.

      3.3. Кеңес төрағасы Кеңес мүшелерінің арасынан сайланады.

      3.4. Кеңестің жұмыс органы Хатшылық болып табылады.

      3.5. Кеңестің құрамына кеңесу дауысы құқығымен Кеңес хатшылығынан басшысы мен ТМД Атқарушы комитетінің өкілі кіреді.

IV. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      4.1. Кеңес өз қызметін өзі әзірлеген әрі бекіткен жоспар негізінде осы Ережеге сәйкес ұйымдастырады, ТМД-ның Атқарушы комитетімен, ТМД-ның басқа органдарымен, қажет болған жағдайда басқа халықаралық ұйымдардың хатшылықтарымен өзара іс-қимыл жасайды.

      4.2. Кеңес қызметінің негізгі нысаны қажетіне қарай, бірақ жылына бір реттен сиретпей, Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысында кезек-кезек өткізілетін отырыс болып табылады.

      4.3. Кеңеске төрағалық етуді, егер Кеңес отырысында өзгеше қабылданбаса, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиіндегі тәртібімен Келісімге қатысушы әрбір мемлекет атынан оның өкілі бір жыл бойы кезек-кезек жүзеге асырады. Кеңестің өткен және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.

      Егер Кеңес отырысында өзгеше шешілмесе, Кеңестің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.

      4.4. Кеңес отырысына байқаушылар ретінде ТДМ салалық ынтымақтастық органдары хатшылықтарының басшылары, геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мемлекеттік басқару органдарының, басқа мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

      4.5. Кеңестің отырыстарын өткізу, оларды ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету қабылдаушы мемлекеттің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мемлекеттік басқару органына жүктеледі.

      Кеңес отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар, қабылдаушы мемлекеттің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мемлекеттік басқару органының есебінен жүзеге асырылады. Кеңес мүшелерінің және отырысқа қатысушылардың іссапарға арналған шығыстарын жіберуші мемлекеттік билік органдары мен Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұйымдары жүзеге асырады.

      4.6. Кеңестің және оның жұмыс топтарының жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.

V. Кеңес пен оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

      5.1. Кеңес өзінің міндеттері мен функцияларын орындау үшін:

      Кеңес дайындаған құжаттардың жобаларын белгіленген тәртіппен ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің, ТМД-ның басқа органдарының қарауына енгізуге;

      өз құзыреті шеңберінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің картографиялық-геодезиялық қызметтері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған шешімдер қабылдауға;

      қажет болған жағдайда, Кеңестің жұмыс топтарын құруға;

      Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік-техникалық және басқа да құжаттарды келісуге;

      Кеңес хатшылығының қызметіне бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар.

      Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Кеңестің жұмыс топтарына осы топтардың мүшелері ретінде өз өкілдерін жіберуге құқылы.

      5.2. Кеңес төрағасы:

      отырысты ашады және жабады;

      отырысты жүргізеді, оның ішінде отырыстың күн тәртібі мен жұмыс регламентін бекітуге ұсынады, баяндама жасау және сөз сөйлеу үшін сөз береді, құжаттардың жобалары мен қаралатын мәселелер бойынша ұсыныстарды қарауға енгізеді;

      Кеңестің хаттамалық шешімдеріне қол қояды;

      рәсімдер қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді.

      5.3. Кеңес мүшелерінің бірдей құқығы бар, әрбір мемлекет бір дауысқа ие.

      Кеңес мүшесі Кеңестің құзыретіне кіретін кез келген мәселелерді көтеруге және қаралатын мәселелер мен Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуы туралы қажетті ақпаратты алуға құқылы.

      Кеңес мүшесі Кеңес қабылдаған шешімдерді тиісті мемлекеттік басқару органдарының назарына жеткізеді және олардың орындалуына ықпал етеді.

      Кеңес мүшесі Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етуге және Кеңес хатшылығын олардың орындалуы туралы уақтылы хабардар етуге міндетті.

      5.4. Кеңес жыл сайын ТМД Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпарат ұсынады.

VI. Кеңестің Хатшылығы

      6.1. Кеңес Хатшылығының (бұдан әрі – Хатшылық) функциялары ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшелерімен бірге Ресей Федерациясының геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мемлекеттік басқару органына (бұдан әрі – Орган) жүктеледі.

      6.2. Хатшылықтың құрамын оның функцияларына қарай, оның ішінде Хатшылықтың жұмысына Кеңес қызметінің негізгі бағыттары бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттердің геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы мемлекеттік басқару органының мамандарын тарта отырып, Орган қалыптастырады. Хатшылықтың құрамын Кеңес бекітеді.

      Хатшылықтың басшысы Органның өкілі, ал Хатшылық басшысының орынбасары – ТМД Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.

      6.3. Хатшылық өз қызметінде Келісімді, осы Ережені және Кеңестің шешімдерін басшылыққа алады.

      6.4. Хатшылықтың функциялары:

      Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету және бақылау;

      Кеңес отырыстарының күн тәртібінің жобаларын қалыптастыру және Кеңес мүшелерімен келісу;

      Кеңес бекіткен бағдарламаларды, жоспарлар мен ынтымақтастық жобаларын іске асыру бойынша Кеңестің жұмыс топтарының қызметін үйлестіру, әдіснамалық қамтамасыз ету және бақылау;

      Кеңестің және оның жұмыс топтарының жұмысы туралы есептік материалдар мен құжаттар дайындауды қамтамасыз ету;

      Кеңестің шешімдерін Кеңес мүшелеріне, Кеңестің жұмыс органдарына жеткізу;

      кеңестің, оның жұмыс топтарының отырыстарын ұйымдастыруға және ақпараттық қамтамасыз етуге қатысу;

      Кеңестің қарауына енгізілген Келісімге қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының перспективалық бағыттарын қалыптастыру;

      Кеңестің мынадай құжаттары мен деректер базасын қалыптастыру және жүргізу: Кеңес мүшелері, оның Хатшылығы және жұмыс топтары туралы ақпарат; Кеңестің, оның жұмыс топтары отырыстарының хаттамалары; Кеңестің, оның Хатшылығының және жұмыс топтарының жұмысы туралы есептік материалдар мен құжаттар; Кеңес қарайтын және бекітетін құжаттар, бағдарламалар мен жоспарлар жобалары; Кеңестің қызметі бойынша басқа да құжаттар, сондай-ақ көрсетілген ақпаратпен Кеңестің мүшелерін, оның Хатшылығын, және жұмыс топтарын қамтамасыз ету;

      ТМД Атқарушы комитетімен, ТМД-ның басқа органдарымен, қажет болған жағдайда, басқа халықаралық ұйымдардың хатшылықтарымен өзара іс-қимыл жасау;

      сондай-ақ Кеңестің тапсырмасымен оның қызметін қамтамасыз етумен байланысты өзге де функцияларды орындау.

VI. Рәсім қағидалары

      7.1. Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің бастамасы бойынша оның барлық қатысушыларымен консультация өткізілгеннен кейін, егер мұны Кеңес мүшелерінің қарапайым көпшілігі жақтаса, Кеңестің кезектен тыс отырысы шақырылуы мүмкін.

      7.2. Кеңес отырысының кворумы үшін оның мүшелерінің үштен екісі қатысуы керек.

      7.3. Кеңес мүшесі Кеңес отырысына жеке өзінің қатысу мүмкіндігі болмаған жағдайда, өз өкілеттілігін отырыс кезеңінде геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзінің мемлекеттік басқару органының басқа өкіліне беруге құқылы.

      Кеңес мүшесі өкілінің өкілеттігі расталуы тиіс.

      7.4. Кеңес отырысына қатысушы делегацияның құрамын Келісімге қатысушы мемлекет қалыптастырады.

      7.5. Кеңес шешімдері консенсуспен қабылданады. Консенсус ең болмағанда Кеңеске қатысушы мемлекеттің бірінің қаралатын мәселе бойынша шешім қабылдау үшін кедергі ретінде ұсынылатын ресми қарсылығы болмауы ретінде анықталады.

      Келісімге қатысушы мемлекет шешім қабылдау үшін кедергі болмайтын қандай да бір мәселеде өзінің мүдделі еместігі туралы мәлімдей алады. Отырыста қандай да бір Кеңес мүшесінің болмауы тиісті қатысушы мемлекеттің тарапынан қарсылық ретінде есептелмейді және осы отырыста шешім қабылдау үшін кедергі болып табылмайды.

      7.6. Кеңестің кезекті отырысының күн тәртібінің жобасын Кеңес хатшылығы қалыптастырады және Кеңес мүшелерімен келісіледі.

      7.7. Кеңес отырысында келесі отырыстың күні мен өткізілетін орны белгіленеді.

      7.8. Отырыстың өткізілу тәртібін Кеңес белгілейді.

      7.9. Рәсімдеу, оның ішінде отырысты ашуға/жабуға, оның жүргізілуіне, күн тәртібінің жобасына ұсыныстар енгізуге және күн тәртібін, жұмыс регламентін қабылдауға, бақылаушыларға сөз беруге қатысты мәселелері қатысушылардың қарапайым көпшілік дауысымен шешіледі.

      7.10. Әрбір Кеңес мүшесі/делегация басшысы отырыс жүргізу тәртібі бойынша кез келген кезде шығып сөйлей алады. Бұл үшін Кеңес төрағасы тез арада сөз береді. Жүргізу тәртібі бойынша шығып сөйлеуші қаралатын мәселенің мәніне жатпайтын сөз сөйлей алмайды. Жүргізу тәртібі бойынша ұсынысты төраға дауыс беруге талқыламай шығарады.

      7.11. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау кезінде, қажеттігіне қарай, Кеңестің жұмыс топтарының басшыларына сөз беріледі.

      7.12. Отырыс барысында құжаттар жобасына ұсыныстар, әдетте, жазбаша нысанда енгізіледі және отырысқа қатысушылар арасында таратылады.

      7.13. Отырыстың қорытындысы бойынша хаттама жасалады.
Хаттамаға Кеңестің қатысып отырған мүшелері қол қояды.

      7.14. Отырыс аяқталған күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей отырыстың хаттамасы мен құжаттарын хатшылық Кеңестің барлық мүшелеріне таратады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады