"Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 29 маусымдағы № 444 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы

      МАЗМҰНЫ

      1-тарау. Негізгі ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      2-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасы

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      4-бап. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары

      5-бап. Биологиялық қауіпсіздікке негізгі қатерлер

      2-тарау. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқару

      6-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқару жөніндегі негізгі ережелер

      7-бап. Үйлестіру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл

      8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      9-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      10-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

      11-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      12-бап. Халықаралық ынтымақтастық

      3-тарау. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын жалпы талаптар

      13-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы өлшемшарттар мен сыныптамалар

      14-бап. Биологиялық тәуекелдерді басқару

      15-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру

      16-бап. Патогенді биологиялық агенттердің айналысы саласында есепке алу және мониторинг

      17-бап. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе

      18-бап. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

      19-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика

      4-тарау. Мемлекеттік бақылау және қадағалау

      20-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерді мемлекеттік бақылау

      21-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерді мемлекеттік қадағалау

      5-тарау. Микроорганизмдер коллекциясы

      22-бап. Коллекциялық қызмет

      23-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары

      24-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекциялары

      6-тарау. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін мамандардың құқықтық мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау

      25-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың құқықтық мәртебесі

      26-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандарды және көмекші персоналды әлеуметтік қорғау

      27-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резерві, оларды жұмылдыру шарттары

      7-тарау. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми қызмет және білім беру қызметі

      28-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылымның басымдықтары мен бағыттары

      29-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы оқыту

      30-бап. Ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау

      8-тарау. Қорытынды ережелер

      31-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң Қазақстан Республикасында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін айқындайды.

      1-тарау. Негізгі ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи орта компоненттерінің (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) қауіпті биологиялық факторлардан, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін қорғалуының жай-күйі;

      2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы сараптама – қызметтің әртүрлі салаларында (денсаулық сақтау, биология, ветеринария, өсімдіктерді қорғау мен олардың карантині және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты өзге де қызмет салаларында) құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің деңгейі мен сапасын белгілеуге бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығы;

      3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптар – осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген нормативтік техникалық құжаттарда, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттарда қамтылған биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін талаптар;

      4) биологиялық қорғау – патогенді биологиялық агенттерді физикалық қорғауды, бақылау мен есепке алуды, олардың жоғалуын, ұрлануын, рұқсат етілмеген қолжетімділігін немесе олардың айналысын, сондай-ақ оларды пайдалана отырып немесе ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілерін, диверсияларды болдырмау жөніндегі шаралар қолдануды қоса алғанда, оларды заңсыз пайдаланудан қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені (ұйымдастырушылық іс-шаралар, инженерлік-техникалық құралдар және оларды қорғау жөніндегі іс-қимылдар жиынтығы);

      5) биологиялық тәуекел – салдарының ауырлығын ескере отырып, патогенді биологиялық агенттердің әсер етуі нәтижесінде адамдар мен табиғи орта компоненттеріне (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) зиян келтіру ықтималдығы;

      6) қауіпті биологиялық фактор – адамдар мен табиғи орта компоненттеріне (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) зиян келтіруге қабілетті патогенді биологиялық агенттердің және оларды қамтитын объектілердің жағымсыз әсер ету тәуекелдерін артуға әкеп соғатын оқиға, жағдай, қасиет және (немесе) процесс;

      7) көмекші персонал – патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде көмекші функцияны орындайтын мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері;

      8) патогенді биологиялық агент – адамның, жануарлардың организмінде немесе өсімдіктерде инфекциялық немесе паразитологиялық патологиялық процесті туғызуға қабілетті микроорганизмдер (бактериялар, вирустар, вироидтар, риккетсиялар, хламидиялар, қарапайымдар, саңырауқұлақтар, микоплазмалар, фитоплазмалар, эндо- және эктопаразиттер), биологиялық және өсімдік тектес улар (уыттар), гельминттер, нематодтар;

      9) патогенді биологиялық агенттердің айналысы – патогенді биологиялық агенттерді зерттеу және (немесе) иммундық-биологиялық препараттарды әзірлеу және оларды жою мақсатында патогенді биологиялық агенттерді бөлуге (анықтауға), әзірлеуге (жасауға), өндіруге (дайындауға), олардың айналысына (оның ішінде әкелуге (әкетуге), сақтауға, тасымалдауға) тікелей бағытталған патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процестері (сатылары). Айналыс процесі патогенді биологиялық агенттерді (ықтимал қауіпті заттар мен материалдарды) қамтуы мүмкін заттар мен материалдарды, оның ішінде табиғи орта компоненттерінен (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) алынған аса қауіпті инфекциялық және паразиттік ауруларды таратушылар мен тасымалдаушылардың заттары мен материалдарын (оның ішінде олардың тіршілік әрекеті өнімдері) іріктеу мен зерттеуді қамтиды;

      10) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын маман – жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар және белгіленген тәртіппен патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге жіберілген маман, ғылыми қызметкер;

      11) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъекті – осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      12) штамм – белгілі бір биологиялық қасиеттері бар микроорганизмдер түрінің біртекті өсіріндісі;

      13) ықтимал қауіпті биологиялық объект – патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызмет жүзеге асырылатын объект;

      14) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган – осы Заңға сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      2. Осы Заңдағы өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланылады.

      2-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Осы Заңда реттелмеген биологиялық қауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күші халықты және табиғи орта компоненттерін (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен қорғау мақсатында патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеумен байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.

      4-бап. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары

      1. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету осы бапта көзделген негізгі қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Патогенді биологиялық агенттердің тек әскери емес мақсаттарда айналысының қағидаты: бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасау, өндіру және (немесе) олардың қорларын жинақтау мақсатында патогенді биологиялық агенттердің айналысына тыйым салынады.

      3. Биологиялық қатерлерді алдын ала тану қағидаты: мемлекеттік органдар осы Заңға сәйкес өкілеттіктерін іске асыру кезінде биологиялық қатерлердің профилактикасы қажеттілігін басым тәртіппен басшылыққа алуға, есепке алу және мониторинг деректері негізінде биологиялық қатерлерді болжауға тиіс.

      4. Патогенді биологиялық агенттер айналысын бақылауда ұстау қағидаты: патогенді биологиялық агенттердің айналысы биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарға сәйкес жүзеге асырылады, олардың сақталуы биологиялық тәуекелдерді басқару, рұқсат беру рәсімдерін қолдану, есепке алу және мониторинг, мемлекеттік бақылау шеңберінде қамтамасыз етіледі.

      5. Мемлекеттік реттеу шараларының мөлшерлес болу қағидаты: биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика шаралары биологиялық факторлардың қауіптілік дәрежесіне, оның ішінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы өлшемшарттар мен сыныптамаларға сәйкес мөлшерлес болуға тиіс.

      6. Ұлттық мүдделердің басымдығы қағидаты: халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін немесе тәуелсіздігінен айрылуына әкеп соғатын міндеттемелер қабылдауға жол берілмейді.

      5-бап. Биологиялық қауіпсіздікке негізгі қатерлер

      1. Биологиялық қауіпсіздікке негізгі қатерлер:

      1) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ететін табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың туындауы;

      2) адамның және (немесе) жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруының анықталуы;

      3) халықтың және жануарлардың инфекциялық сырқаттанушылығы, өсімдіктер аурулары деңгейінің аурудың орташа статистикалық деңгейінен артық өсуі;

      4) инфекциялық аурулардан адам өлімінің орташа статистикалық адам өлімі деңгейінен артық өсуі;

      5) биологиялық материалмен жұмыс істеу кезінде туындаған, патогенді биологиялық агенттің өндірістік аймақтың ауасына, қоршаған ортаға түсуінің немесе олардың адамға, жануарлар мен өсімдіктерге жұғуының нақты немесе ықтимал мүмкіндігін туғызатын жағдай (авария);

      6) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі талаптардың бұзылуы, оның ішінде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі ақпаратты жасыру;

      7) патогенді биологиялық агенттерге рұқсат етілмеген қолжетімділік;

      8) патогенді биологиялық агенттердің реттелмейтін, еркін айналысы;

      9) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердегі терроризм актілері және (немесе) диверсиялар және (немесе) оларды патогенді биологиялық агенттерді пайдалана отырып жасау, патогенді биологиялық агенттерді биологиялық қару ретінде жасау, өндіру және пайдалану үшін биологиялық технологияларды және өзге де сабақтас технологияларды қолдану;

      10) патогенді биологиялық агенттердің дәрілік, химиялық және (немесе) биологиялық құралдардың әсеріне тұрақтылығын (резистенттілігін) қалыптастыру;

      11) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандар біліктілігінің төмендігі, биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрлардың жетіспеушілігі;

      12) халық пен жануарлардың бақылаусыз көші-қоны, өсімдіктер зиянкестері мен ауруларының интродукциясы;

      13) Қазақстан Республикасының аумағында ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ететін және (немесе) патогенді биологиялық агенттерді қолданумен байланысты әскери іс-қимылдар болып табылады.

      2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің нормативтік құқықтық актілері мен құжаттарын әзірлеу кезінде, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер ұйымдастырушылық іс-шараларды әзірлеу кезінде осы баптың 1-тармағында санамаланған қатерлерді болдырмауға бағытталған тетіктерді көздейтін ережелерді дайындауды қамтамасыз етуге міндетті.

      2-тарау. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқару

      6-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқару жөніндегі негізгі ережелер

      1. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қатерлер, стратегиялық мақсаттар, негізгі бағыттар, нысаналы индикаторлар, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштері, ведомствоаралық өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында айқындалады.

      2. Жедел ведомствоаралық ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және үйлестірілген шаралар қолдану биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тәсілдермен жүзеге асырылады.

      3. Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттар биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісуге жатады.

      4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу:

      1) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) патогенді биологиялық агенттер айналысына рұқсат беру тәртібін енгізу;

      3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу жолымен жүзеге асырылады.

      7-бап. Үйлестіру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл

      1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган;

      3) құзыреті шегінде мемлекеттік органдар;

      4) жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      2. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдар биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды реттеу мен іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдем көрсетуге міндетті.

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы" Заңға сәйкес күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда күзетілетін адамдар мен объектілердің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді және ұйымдастыруды жүзеге асырады.

      4. Қауіпті биологиялық заттарды пайдалана отырып, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ведомствоаралық үйлестіруді және олардың салдарын жоюды Қазақстан Республикасының терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына сәйкес терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      5. Патогенді биологиялық агенттердің әсерінен туындаған төтенше жағдайлар кезінде басшылықты және салааралық үйлестіруді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды іске асыруды, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуді Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес әзірленетін жаһандық, өңірлік және жергілікті ауқымдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарлары ден қою хаттамаларын (сценарийлерін) және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдерін қамтуға тиіс.

      Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган және мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша, оның ішінде ден қою хаттамаларын (сценарийлерін) және ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдерін іске асыру арқылы жәрдем көрсетеді.

      6. Соғыс жағдайы режимі жағдайларында және Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі мен қорғанысы шеңберінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды ведомствоаралық үйлестіруді Қазақстан Республикасының қорғаныс және Қарулы Күштер туралы заңнамасына сәйкес қорғаныс саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:

      1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;

      2) патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау қағидаларын және оларды жүргізуге және күтіп-ұстауға уәкілетті ұйымдардың тізбесін бекіту;

      3) патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарын және патогенді биологиялық агенттердің патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасын ескере отырып, патогенді биологиялық агенттердің тізбесін бекіту;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды орындау жатады.

      9-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:

      1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жалпы үйлестіру;

      2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды келісу;

      3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйені жүргізу;

      4) биологиялық қауіпсіздік саласында есепке алу, мониторинг пен болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      5) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерді, патогенді биологиялық агенттерді және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандарды есепке алуды жүзеге асыру мониторингі;

      6) патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау қағидаларын және оларды жүргізуге және күтіп-ұстауға уәкілетті ұйымдардың тізбесін әзірлеу;

      7) биологиялық қауіпсіздік саласында кадрларды кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасын келісу;

      8) патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарын және патогенді биологиялық агенттердің патогендігі мен қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасын ескере отырып, патогенді биологиялық агенттердің тізбесін әзірлеу;

      9) патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервін құру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      10) патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын физикалық қорғау жөніндегі талаптарды қоса алғанда, биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      11) биологиялық тәуекелдерді бағалау әдістемелерін келісу;

      12) биологиялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік техникалық құжаттардың, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттардың тізбесін әзірлеу және бекіту;

      13) осы Заңның 10-бабы 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар жүргізетін биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау тиімділігінің мониторингі;

      14) биологиялық қатерлерді талдау және болжау;

      15) биологиялық қауіпсіздік саласындағы нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды және гранттық ғылыми жобаларды келісу;

      16) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету;

      17) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жұртшылықты хабардар ету;

      18) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

      10-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде мынадай мемлекеттік органдар:

      1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган;

      2) ветеринария саласындағы уәкілетті орган;

      3) өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган;

      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;

      5) азаматтық қорғау аясындағы уәкілетті орган;

      6) білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган;

      7) қорғаныс саласындағы уәкілетті орган;

      8) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган;

      9) кеден саясаты аясындағы уәкілетті орган;

      10) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган;

      11) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары;

      12) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары;

      13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметі жүзеге асырады.

      2. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде, оның ішінде:

      1) биологиялық қауіпсіздік аясындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы биологиялық қатерлер тәуекелдерін туғызатын жағдайлар туралы жұртшылыққа ақпарат беру;

      3) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйеге биологиялық қауіпсіздік саласында есепке алуды, мониторингті және болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларына сәйкес биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тиісті статистикалық және өзге де құжатталған мәліметтерді ұсыну;

      4) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты нормативтік құқықтық актілерді келісу;

      5) биологиялық тәуекелдерді бағалау әдістемелерін әзірлеу және бекіту арқылы жүзеге асырады.

      3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы аясындағы, ветеринария, өсімдіктер карантині және оларды қорғау, білім және ғылым саласындағы мемлекеттік органдар, осы баптың 2-тармағында көрсетілген функциялардан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде:

      1) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің, патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттердің, патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмысты жүзеге асыратын мамандардың тізілімдерін жүргізуді;

      2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласында профилактикалық іс-шаралар өткізуді;

      3) патогенді биологиялық объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілердің қызметін есепке алуды және мониторингтеуді;

      4) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды;

      5) биологиялық қауіпсіздік саласында кадрларды кәсіптік қайта даярлау бағдарламасын әзірлеуді және бекітуді;

      6) патогендіктің I-II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, азаматтық қызметшілер болып табылмайтын мемлекеттік кәсіпорындар мамандарының және көмекші персоналының еңбегіне ақы төлеудің үлгілік жүйесін әзірлеуді және бекітуді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен биологиялық қауіпсіздік саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыруды;

      8) биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды;

      9) коллекциялық қызметке қатысты есепке алуды, мониторингті және бақылауды жүзеге асыруды;

      10) референттік (референс) зерттеулерді жүзеге асыруға рұқсат беру және жүзеге асыру қағидаларын әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады.

      Осы тармақтың 1) және 6) тармақшаларында көзделген функцияларды өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырмайды.

      4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген функциялардан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және ғылыми сараптама нәтижелері бойынша адамның немесе болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін қауіпті деп танылған биологиялық заттардың есебін жүргізуді жүзеге асырады.

      11-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде:

      1) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды және жұмысты ұйымдастырады;

      2) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғау туралы заңнамаға сәйкес құрылатын жедел штабтар шеңберінде биологиялық қатерлерді болғызбау және олардың салдарын жою жөніндегі мәселелерді пысықтауды қамтамасыз етеді;

      3) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес халықтың биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      4) биологиялық қауіпсіздік саласында өңіраралық ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      12-бап. Халықаралық ынтымақтастық

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының және оның азаматтарының биологиялық қауіпсіздік саласындағы ұлттық мүдделерін қорғау;

      2) Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, фитосанитариялық саламаттылығын қамтамасыз ету;

      3) биологиялық қауіпсіздік аясындағы халықаралық тәжірибені қолдану биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары болып табылады.

      2. Мыналар:

      1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;

      2) биологиялық қауіпсіздік саласында мемлекетаралық деңгейде техникалық көмекті тарту және көрсету;

      3) халықаралық инновациялық технологияларды енгізу және биологиялық қауіпсіздік пен биологиялық қорғау жүйесін жаңғырту;

      4) қауіпті биологиялық заттар пайдаланылатын терроризм актілерін болғызбау және олардың салдарын жою;

      5) Қазақстан Республикасын биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мемлекетаралық және халықаралық жүйелеріне және өзге де халықаралық интеграциялық бірлестіктерге интеграциялау, халықаралық ғылыми алмасуға қатысу;

      6) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен патогенді микроорганизмдер штамдарын халықаралық сақтауға беруге қатысу;

      8) биоресурстармен қауіпсіз жұмыс істеу, қазіргі заманғы биотехнологиялар көмегімен алынған генетикалық түрлендірілген организмдерді трансшекаралық өткізуді реттеу және трансшекаралық өткізуді бақылау;

      9) халықаралық сипаттағы биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы төтенше жағдайларды оқшаулауға және жоюға қатысу;

      10) әлемдік ғылыми қоғамдастыққа интеграциялану;

      11) кадрларды даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау аясында мемлекетаралық өзара іс-қимыл жасау биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың бағыттары болып табылады.

      3. Халықаралық ынтымақтастық белгіленген басымдықтар мен бағыттар шеңберінде мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ олардың уәкілетті өкілдерімен, ведомстволарымен, органдарымен және мекемелерімен бірге жүзеге асырылады. Осы жұмыс Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүргізіледі және ашықтық пен басқа мемлекеттерге қарсы бағытталмаушылық қағидатына негізделген.

      3-тарау. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын жалпы талаптар

      13-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы өлшемшарттар мен сыныптамалар

      1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу патогенді биологиялық агенттердің патогендік және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасына негізделеді:

      1) I топ – өлім деңгейі жоғары және (немесе) эпидемиялық және эпизоотиялық ықтималы жоғары (контагиоздылығы жоғары – оңай беріледі), тек адамдардың және (немесе) жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруларын туғызатын, әдетте, вакциналармен қорғалмайтын және тиімді терапия құралдары жоқ, жеке және қоғамдық қабылдау жоғары деп сипатталатын патогенді биологиялық агенттер;

      2) II топ – адамның және (немесе) жануарлардың ауыр инфекциялық немесе паразиттік ауруын туғызатын, оның ішінде кейіннен мүгедек ететін, эпидемиялық және эпизоотиялық ықтималдығы орташа (контагиоздылығы орташа), вакциналарды қоса алғанда, оларға қатысты емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді, жеке қабылдау жоғары және қоғамдық қабылдау орташа деп сипатталатын патогенді биологиялық агенттер. Бұл топ:

      аса қауіпті инфекциялық ауруларды;

      инфекциялық және паразиттік ауруларды туғызатын патогенді биологиялық агенттер болып бөлінеді;

      3) III топ – адамның және (немесе) жануарлардың инфекциялық немесе паразиттік ауруын туғызатын не өсімдіктерге айтарлықтай зиян келтіруге қабілетті, орташа эпидемиялық, эпизоотиялық және эпифитотиялық ықтималмен сипатталатын (контагиоздылығы орташа), вакциналарды қоса алғанда, оларға қатысты емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді, жеке қабылдау орташа және қоғамдық қабылдау төмен деп сипатталатын патогенді биологиялық агенттер. Бұл топқа инфекциялық және паразиттік ауруларды, өсімдіктер ауруларын туғызатын патогенді биологиялық агенттер жатады;

      4) IV топ – адамның және (немесе) жануарлардың инфекциялық немесе паразиттік ауруын туғызатын не өсімдіктерге зиян келтіруге қабілетті, төмен эпидемиялық, эпизоотиялық және эпифитотиялық ықтималмен сипатталатын (контагиоздылығы төмен), вакциналарды қоса алғанда, оларға қатысты емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді, жеке және қоғамдық қабылдау төмен деп сипатталатын патогенді биологиялық агенттер. Бұл топқа инфекциялық және паразиттік ауруларды, өсімдіктердің ауруларын туғызатын патогенді биологиялық агенттер жатады.

      2. Патогендіктің ІІ тобындағы патогенді биологиялық агенттердің аттенуацияланған штамдары патогендіктің ІІІ тобындағы патогенді биологиялық агенттерге жатады, патогендіктің ІІІ тобындағы патогенді биологиялық агенттердің аттенуацияланған штамдары патогендіктің IV тобындағы патогенді биологиялық агенттерге жатады.

      3. Патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарын және патогенді биологиялық агенттердің тізбесін олардың осы бапта көрсетілген сыныптамасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      14-бап. Биологиялық тәуекелдерді басқару

      1. Биологиялық тәуекелдерді басқару қауіпті биологиялық факторлар әсер етуінің теріс салдарының туындау ықтималдығын төмендету мақсатында қолданылады.

      2. Биологиялық тәуекелдерді бағалау тәуекелдерді басқару элементі болып табылады және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеудің әртүрлі аясындағы ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың, құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің жиынтығын білдіреді.

      3. Биологиялық тәуекелдерді бағалау ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге, инфекциялық және паразиттік аурулардың эпидемиялық және эпизоотиялық ошақтарына және ықтимал ошақтық аумаққа қатысты жүргізіледі, сыртқы және ішкі болып бөлінеді.

      4. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды мемлекеттік органдар және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары белгіленген құзыреті шегінде жүргізеді.

      5. Биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалауды ұйымдар патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша өзінің қызметіне қатысты жүргізеді.

      6. Биологиялық тәуекелдерді бағалауда осы Заңда айқындалған биологиялық қауіпсіздік қатерлерінің профилактикасы үшін қажетті әдістеме көзделуге тиіс. Биологиялық тәуекелдерді бағалау әдістемесін уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде бекітеді және онда биологиялық тәуекелдерді деңгейлері бойынша саралау көзделуге тиіс.

      7. Биологиялық тәуекелдерді бағалау нәтижелері олардың деңгейіне қарай қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен халықты қорғау және табиғи орта компоненттерін (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) қорғау үшін жағдайлар қамтамасыз етілетін тәуекелді оның жол берілетін (қолайлы) деңгейіне дейін төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін пайдаланылуға тиіс.

      8. Тәуекелді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігі және олардың нәтижелеріне қол жеткізу бақылануға тиіс.

      9. Биологиялық тәуекелдің деңгейіне қарай уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын орындауға міндетті талаптарды әзірлейді.

      15-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру

      1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтауға міндетті. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптар сақтауға міндетті болып табылады.

      2. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша қызметті жүзеге асыратын субъектілер меншік нысанына қарамастан:

      1) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат алуды;

      2) биологиялық тәуекелдің деңгейіне қарай патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде жеке қорғау және профилактика құралдарымен қамтамасыз етілуді қоса алғанда, биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын;

      3) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу рәсімінен өтуді;

      4) қол жеткізу шектеулі ақпаратпен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуын;

      5) биологиялық қауіпсіздік саласында есепке алуды, мониторингті және болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы статистикалық, есепке алу және есептік құжаттаманы (ақпаратты) ұсынуды;

      6) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган бекітетін биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес биологиялық тәуекелдер деңгейін ескере отырып, ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің биологиялық қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және жүргізуді;

      7) патогенді биологиялық агенттер айналысының барлық сатысында олардың қауіпсіз айналысын бақылауды;

      8) осы Заңның 10-бабында көрсетілген мемлекеттік органдарға биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша жәрдемдесуді;

      9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы аясындағы, ветеринария, өсімдіктер карантині және оларды қорғау, ғылым саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне авариялар (төтенше жағдайдың туындауы), патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процесінде жұмыскерлердің инфекциялық ауруларды жұқтыру фактілері туралы тез арада ақпарат беруді;

      10) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес мамандар мен көмекші персоналды міндетті әлеуметтік сақтандыруды және еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруды жүзеге асыруды;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жұмыскерлерді мерзімді медициналық қарап-тексеруден және зерттеп-қараудан өткізуді, олардың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша оқытуды, нұсқау беруді, білімін тексеруді ұйымдастыруды;

      12) экспорттық бақылауға жататын патогенді биологиялық агенттерді Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әкелу (әкету) не транзиттеу кезінде Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттемелерден басқа биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингті және болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларында көзделген тәртіппен:

      1) қызметті жүзеге асыру кезінде қолданылатын ақпараттық жүйелерді биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграциялауға;

      2) патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын даярланған мамандардың болуын қамтамасыз етуге және тиісті тізілімге енгізу үшін олар бойынша денсаулық сақтау, ветеринария және ғылым саласындағы уәкілетті органдарға ақпарат беруге міндетті.

      4. Аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген міндеттемелерден басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қол жеткізу шектелген режимді қамтамасыз етуге міндетті.

      5. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты биологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі комиссияның қорытындысы негізінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган береді.

      Биологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді.

      6. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттарды және (немесе) рұқсаттарға қосымшаларды беру, бас тарту, олардың қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау, қайта ресімдеу, одан айыру (кері қайтарып алу) қағидаларын "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді.

      7. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын әрбір объектіге (стационарлық немесе мобильді) патогенді тобы және қауіптілік дәрежесі ескеріле отырып беріледі.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асырады.

      9. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы референттік (референс) зерттеулер:

      1) диагностикалық күрделі және сараптамалық жағдайларда;

      2) аса күрделі жағдайларда зерттеулер жүргізуді қоса алғанда, патогенді биологиялық агенттерді сәйкестендіру мақсатында;

      3) жаңадан анықталған микроорганизмдерді зерделеу мақсатында;

      4) күмәнді немесе даулы жағдайларда сараптамалық қорытынды беру үшін жүзеге асырылады.

      10. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы референттік (референс) зерттеулерді құзыретіне сәйкес уәкілетті органдар бекітетін референттік (референс) зерттеулерді жүзеге асыруға рұқсат беру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес осы қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілген ұйымдар жүзеге асырады.

      11. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы референттік (референс) зерттеулерді жүзеге асыратын субъектілер Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарына сәйкес келуге және сапаны бағалау жүйесін енгізу және оның жұмыс істеуі жөніндегі ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметтің сапасын сыртқы бағалауды жүзеге асыруға тиіс.

      16-бап. Патогенді биологиялық агенттердің айналысы саласында есепке алу және мониторинг

      1. Биологиялық қауіпсіздік саласында есепке алу және мониторинг биологиялық тәуекелдерді басқару элементі болып табылады және қауіпті биологиялық факторлар әсерінің теріс салдарының туындауының алдын алуға бағытталған.

      2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторинг патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеудің барлық кезеңінде:

      1) мыналардың:

      ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің;

      патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттердің;

      патогендіктің І және ІІ тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың тізілімдерін жүргізу;

      2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы ақпаратты жинау және талдау;

      3) статистикалық, есепке алу және есептік құжаттаманы жинау және талдау;

      4) аумақты, табиғи орта компоненттерін (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа), аса қауіпті инфекциялық және паразиттік аурулардың таратушылары мен тасымалдаушыларын (оның ішінде олардың тіршілік әрекеті өнімдерін), заттар мен материалдарды зерттеп-қарауды жүргізу, халықтың, жануарлардың, өсімдіктердің инфекциялық және паразиттік ауруларының туындау себептері мен жағдайларын анықтау;

      5) биологиялық қауіпсіздік саласындағы ведомствоаралық ақпарат алмасу және есепке алу;

      6) халықаралық ынтымақтастық шеңберінде ақпарат алмасу;

      7) ашық дереккөздерден ақпарат жинау, қорытындылау және талдау жолымен жүзеге асырылады.

      3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу, биологиялық қауіпсіздік саласындағы статистикалық, есепке алу және есептік құжаттаманың (ақпараттың) түрлері, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйені қалыптастыру және жүргізу тәртібі, сондай-ақ ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау және беру тәртібі биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингті және болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингті және болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларын биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      17-бап. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе

      1. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе биологиялық қауіпсіздік саласындағы орталықтандырылған есепке алу және мониторинг, биологиялық тәуекелдерді басқару, Қазақстан Республикасының аумағында үйлестірілген және жедел ден қою шараларын әзірлеу және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасында ақпарат алмасу мақсатында құрылады.

      2. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе мемлекеттік органдар және (немесе) олардың қарамағындағы ұйымдар мен патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін субъектілер ұсынатын статистикалық және өзге де құжатталған мәліметтер негізінде қалыптастырылады.

      3. Электрондық ақпараттық ресурстар, биологиялық қауіпсіздік саласындағы ақпараттық жүйелер және электрондық көрсетілетін қызметтер биологиялық қауіпсіздік саласындағы ақпараттандыру объектілері болып табылады.

      4. Патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар биологиялық қауіпсіздік саласындағы ақпараттандыру субъектілері болып табылады.

      5. Мемлекеттік ақпараттық жүйеге келіп түсетін ақпарат біріздендірілген түрде жинақталады және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай ұлттық дерекқорды құрады.

      6. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйені құруды, жетілдіруді және пайдалануды, онда сақталатын және өңделетін мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етуді биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      7. Биологиялық қауіпсіздік, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингті және болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларына сәйкес мемлекеттік ақпараттық жүйеге ақпарат ұсынуға міндетті.

      18-бап. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

      1. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жеке және заңды тұлғалар:

      1) патогенді биологиялық агенттерді құқыққа қарсы (санкцияланбаған) пайдаланудың не олардың еркін айналысының барлық белгілі болған фактілері туралы құзыретіне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, ветеринария, өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға, ұлттық қауіпсіздік органдарына не құқық қорғау органдарына хабарлауға;

      2) Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге және олардың таралуына байланысты ақпараттың, оның ішінде қолжетімділігі шектеулі ақпараттың таралуына жол бермеуге;

      3) басқа жеке және заңды тұлғалардың биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен қорғау құқықтарын бұзуға әкеп соғатын әрекеттерді жүзеге асырмауға міндетті.

      Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтамай, патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тыйым салынады.

      2. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жеке тұлғалар:

      1) инфекциялық ауруға байланысты медициналық көмекке жүгінген жағдайда осы жүгінудің алдында шетелде және (немесе) Қазақстан Республикасының инфекциялық (паразиттік) сырқаттанушылық бойынша эндемиялық аумағында болғаны туралы хабарлауға;

      2) инфекциялық ауруға тән белгілермен қатар жүретін денсаулық жағдайының нашарлауы туралы орналасқан жері бойынша медициналық ұйымдарға уақтылы хабарлауға;

      3) ауыр инфекциялық ауру диагностикаланған жағдайда осындай диагностикалаудың алдындағы байланыстар туралы ақпаратты орналасқан жері бойынша медициналық ұйымдарға уақтылы хабарлауға міндетті.

      3. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жеке және заңды тұлғалар:

      1) шет елдерге және Қазақстан Республикасының инфекциялық (паразиттік) сырқаттанушылық бойынша эндемиялық өңірлеріне жоспарлы баруға байланысты ықтимал биологиялық тәуекелдер және олардың профилактикасы жөніндегі шаралар туралы ақпарат алуға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аумақтың және (немесе) объектінің санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық-санитариялық жағдайы, сондай-ақ халықты және табиғи орта компоненттерін (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен қорғауға, биологиялық қатерлерді болғызбауға бағытталған қолданылатын шаралар туралы анық ақпарат алуға;

      3) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда жеке қорғалуға қойылатын талаптардың орындалуын ескере отырып, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды жүргізуге қатысуға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.

      19-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика

      1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және эпидемияға қарсы, ветеринариялық іс-шаралар кешенін, өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы профилактика шараларын және биологиялық тәуекелдерді басқаруға, биологиялық қатерлерді болғызбауға және оларды тежеуге бағытталған өзге де шараларды қамтиды.

      2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика мынадай:

      1) жалпы;

      2) биологиялық қатер көзіне бағытталған;

      3) қауіпті биологиялық факторға бағытталған;

      4) сезімтал организмге бағытталған профилактикалық іс-шараларға бөлінеді.

      Мемлекеттік органдар биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      3. Жалпы профилактикалық іс-шаралар:

      1) биологиялық тәуекелдер мониторингін және оларды талдауды, оның ішінде инфекциялық және паразиттік сырқаттанушылықты болжауды, табиғи орта компоненттерінің (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) мониторингін, биологиялық қатерлерді бейтараптандыруды немесе олардың деңгейін төмендетуді;

      2) тиісті қызметтердің инфекциялық аурулар ошақтарын анықтау және оқшаулау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге дайындығын қамтамасыз етуді, оқытылған персоналдың көмегімен жағдайды басқаруды, жаһандық, өңірлік және жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарлары шеңберінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл хаттамаларын (сценарийлерін) және алгоритмдерін құруды;

      3) халықтың ақпараттандырылу деңгейін арттыру мақсатында санитариялық-ағарту жұмысын;

      4) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің, инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының және (немесе) өсімдіктер ауруларының таралу ошақтарының аумағында және оларға тікелей жақын жерде объектілерді орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтауды;

      5) патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыру үшін мамандардың кадр резервінен кадр ресурстарын жұмылдыруды;

      6) иммундық-биологиялық препараттар мен жабдықтардың резервтерін жұмылдыруды, объектілерді биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шаралардың мұқтаждарына қайта бейіндеуді;

      7) биологиялық қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды қамтиды.

      4. Биологиялық қатер көзіне бағытталған іс-шаралар:

      1) инфекция жұқтырған және олармен байланыста болған адамдарды уақтылы анықтауды, есепке алуды және тіркеуді, оқшаулауды (обсервациялауды), диагностикалауды және емдеуді (жануарларды алып қою және жоюды);

      2) инфекция ошақтарын және (немесе) өсімдік ауруларының таралу ошақтарын анықтауды, оқшаулауды, зерттеп-қарауды және жоюды;

      3) адамдар мен жануарлардың инфекциялық және паразиттік ауруларының, өсімдіктер ауруларының пайда болуы мен таралуының, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына әкелінуінің және (немесе) таралуының алдын алуды;

      4) биологиялық қатерлерді ерте анықтау (экспресс-диагностика) әдістемелерін, оның ішінде патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдер коллекцияларын пайдалану арқылы әзірлеуді және жетілдіруді;

      5) биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде биологиялық қорғау шараларын қамтамасыз етуді;

      6) ведомствоаралық өзара іс-қимылды, оның ішінде патогенді биологиялық агенттердің жоғалуын, ұрлануын, санкцияланбаған қол жеткізілуін немесе айналысын болғызбау, олармен заңсыз жұмыс істеу туралы ақпаратты жасыру (бермеу), сондай-ақ оларды пайдалана отырып немесе ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты диверсияларды болғызбау жөнінде шаралар қабылдауды қоса алғанда, биологиялық қатерлердің туындауына жедел ден қою мақсатында өзара іс-қимыл жасауды қамтиды.

      5. Қауіпті биологиялық факторға бағытталған іс-шаралар:

      1) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуді;

      2) жеке қорғау құралдарын қолдануды, жеке гигиенаны сақтауды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды (адамдар арасындағы инфекция жұқтыру тәуекелі деңгейін төмендету үшін қажетті оңтайлы қашықтық) қоса алғанда, жеке және қоғамдық қорғау шараларын сақтауды;

      3) дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау жүргізуді, өсімдіктерді қорғау құралдарымен өңдеуді;

      4) жалпы санитариялық іс-шаралар және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсартуды;

      5) эпидемияға қарсы, эпизоотияға қарсы және фитосанитариялық іс-шараларды, өсімдіктер карантині бойынша іс-шараларды жүргізуді қамтиды.

      6. Сезімтал организмге бағытталған іс-шаралар:

      1) саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесуді;

      2) инфекциялардың таралуын болғызбау мақсатында иммундық- профилактиканы және химиялық профилактиканы, өсімдіктерді қорғаныш құралдарын қолдануды;

      3) инфекциялық аурулардың таралуының профилактикасы мақсатында медициналық, ветеринариялық және ғылыми қызмет шеңберінде аса қауіпті инфекциялық ауруларды туғызатын патогенді биологиялық агенттермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын қызметкерлерді қорғауды қамтамасыз етуді;

      4) инфекциялық аурулардың профилактикасына және биологиялық қауіпсіздік негіздеріне оқытудың оқу бағдарламаларын әзірлеуді және енгізуді;

      5) профилактикалық қарап-тексеру жүргізуді қамтиды.

      4-тарау. Мемлекеттік бақылау және қадағалау

      20-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерді мемлекеттік бақылау

      1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерді мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және олардың карантині, терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады.

      2. Ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер мемлекеттік бақылау субъектілері (объектілері) (бұдан әрі – бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) болып табылады және ведомстволық тиесілігіне, меншік нысанына, кәсіпкерлік санатына қарамастан бақылауға жатады.

      3. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылау объектілері эпидемиялық, эпизоотиялық, эпифитотиялық мәні жоғары объектілерге жатады.

      Эпидемиялық, эпизоотиялық, эпифитотиялық мәні жоғары объектілер:

      1) патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын ықтимал қауіпті биологиялық объектілер;

      2) патогендіктің III және (немесе) IV тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын ықтимал қауіпті биологиялық объектілер болып екі топқа бөлінеді.

      Мемлекеттік бақылау объектілерін көрсетілген топтарға жатқызу осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін олардың сыныптамасы ескеріле отырып, патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарының және патогенді биологиялық агенттер тізбесінің негізінде жүзеге асырылады.

      21-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерді мемлекеттік қадағалау

      1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерді мемлекеттік қадағалау нәтижелері бойынша әкімшілік жазалар қолданылуы мүмкін жедел ден қою шараларын қолдану арқылы жүзеге асырылады және тексеруді жүзеге асыру барысында және оның нәтижелері бойынша қолданылатын, қоғамға қауіпті салдардың туындауын болғызбау мақсатында тексерілетін субъектілерге ықпал ету тәсілі болып табылады.

      2. Егер бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметі жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, табиғи орта компоненттеріне (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа), Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін жағдайда, мемлекеттік органдар жедел ден қоюдың құқықтық шектеу шараларын қолданады.

      3. Құқықтық шектеу сипатындағы шаралар лауазымды адамдардың:

      ықтимал қауіпті биологиялық объектілер биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;

      эпидемиялық мәні жоғары объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған;

      патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат болмаған;

      бақылау және қадағалау субъектісі қызметі туралы ақпарат ұсынбаған және (немесе) анық емес ақпарат ұсынған;

      қызметті жүзеге асыру үшін қажетті технологиялық жабдық болмаған жағдайларда және негіздерде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша қызметті жүзеге асыруды тоқтата тұруға не тыйым салуға құқықтарын көздейді.

      4. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша қызметті тоқтата тұру не оған тыйым салу туралы шешім Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес уәкілетті лауазымды адамның қаулысымен ресімделеді.

      5-тарау. Микроорганизмдер коллекциялары

      22-бап. Коллекциялық қызмет

      1. Патогенді микроорганизмдердің бірегейлігін, олардың ғылыми және практикалық құндылығын, ғылыми, зерттеу және өндірістік қызметте қолданбалы пайдалану мүмкіндігін зерделеу және айқындау, оларға қатысты халықаралық және ұлттық патенттік рәсімдерді жүргізу үшін коллекциялық қызмет жүзеге асырылады.

      2. Коллекциялық қызмет ұлттық және жұмыс коллекцияларында жүзеге асырылатын патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдерді жинау, сәйкестендіру, зерделеу, есепке алу, паспорттау, сақтау (депонирлеу) және күтіп-ұстау арқылы жүзеге асырылады.

      3. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдер коллекцияларының сақталуына коллекциялық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың бірінші басшылары жауапты болады.

      23-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары

      1. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында бірегей патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдерді, оның ішінде эталондық ретінде пайдаланылатын, әртүрлі көздерден оқшауланған бірегей патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдерді, иммундық-биологиялық препараттар мен қоректік ортаны стандарттау және бақылау үшін тест-штамдарын, өндірістік, депонирленген, патенттелген және референтті штамдарды, авторлық коллекцияларды, сондай-ақ ғылыми, білім беру және практикалық құндылық болып табылатын басқа да штамдарды қалыптастыру, толықтыру, есепке алу және орталықтандырып сақтау жүзеге асырылады.

      2. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында құрамы шығу тегінің, түрлік туыстық белгілері, адам, жануар немесе өсімдік организміне әсер ету тәсілі бойынша қалыптасатын және бастапқы сипаттамаларын сақтай отырып, өміршең күйде сақталатын штамдар, аса қауіпті инфекциялар қоздырғыштары және өнеркәсіптік микроорганизмдер болады.

      3. Белгіленген тәртіппен тіркелген және медициналық және ветеринариялық қолдану үшін айналысқа жіберілген дәрілік заттарды, сондай-ақ медициналық бұйымдарды өндіру кезінде пайдаланылатын патогенді микроорганизмдердің штамдары патогенді микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында міндетті түрде депонирлеуге жатады.

      4. Патогенді микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы және ветеринария аясында, өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциясы ғылым саласында құрылады.

      5. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      6. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын физикалық қорғау биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларында көзделген талаптарды қоса алғанда, заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      7. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер аса қауіпті патогенді микроорганизмдердің үлгілерін бөлу, сатып алу және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде олардың үлгілерін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы патогенді микроорганизмдердің ұлттық коллекциясына ұсынуға міндетті.

      8. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары мемлекеттің меншігі болып табылады және жекешелендіруге жатпайды. Патогенді микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      9. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын жүргізуге және ұстауға уәкілетті ұйымдарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектеулі ақпаратты тарату үшін көзделген талаптарды ескере отырып, белгіленген өлшемшарттар бойынша штамдардың жүйесі және номенклатурасы, іздеу және іріктеу мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғаларға консультациялық және ғылыми-әдістемелік көмек көрсетеді.

      24-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекциялары

      1. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекциялары қажеттілігіне қарай ғылыми, өндірістік және диагностикалық-зерттеу мақсаттарында патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын ұйымдарда құрылады.

      2. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекциялары бастапқы сипаттамаларын сақтай отырып, өміршең күйде ұсталады, өндірістік мақсаттарда қолданылады және ғылыми, өндірістік және зертханалық жұмыс коллекцияларына бөлінеді.

      3. Ғылыми жұмыс коллекциялары ғылыми зерттеулер және (немесе) микроорганизмдер штамдарын патогенді және (немесе) өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциясына беруге дайындау үшін пайдаланылады.

      4. Өндірістік жұмыс коллекциялары иммундық-билогиялық препараттар мен диагностикалық құралдарды өндіру үшін пайдаланылады, құрамында өндіру және верификациялау (сапаны бақылау) үшін қажетті штамдар болады.

      5. Зертханалық жұмыс коллекциялары кейіннен патогендік микроорганизмдердің ұлттық коллекциясына беру үшін қоректік ортаны бақылау, зертханалық бақылау және оқшауланған патогенді биологиялық агенттерді алғашқы сәйкестендіру үшін қолданылады.

      6. Денсаулық сақтау саласында коллекциялық қызметті жүзеге асыратын ұйым аса қауіпті патогенді микроорганизмнің үлгісін сәйкестендіреді, оны депонирлеуді жүзеге асырады не тиесілігі бойынша тиісті ұлттық микроорганизмдер коллекциясына жібереді.

      7. Патогенді және (немесе) өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      6-тарау. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін мамандардың құқықтық мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау

      25-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмысты жүзеге асыратын мамандардың құқықтық мәртебесі

      1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде реттеледі.

      2. Патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат етілген және оны жүзеге асыратын мамандар патогендіктің I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандар тізіліміне енгізілуге жатады.

      3. Адамның өмірін, табиғи орта компоненттерін (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен қорғауға, биологиялық қатерлердің алдын алуға және оларды барынша азайтуға бағытталған кезек күттірмейтін жедел іс-шараларды орындау қажет болған жағдайда патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандар заңнамада белгіленген жұмыс уақытынан тыс, сондай-ақ түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері қызметтік міндеттерін орындауға тартылуы мүмкін.

      Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың үстеме жүмысына, түнгі уақыттағы, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысына ақы төлеу Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес белгіленеді.

      26-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандарды және көмекші персоналды әлеуметтік қорғау

      1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандар мен көмекші персонал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қорғалуға жатады.

      2. Зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларын, кәсіптік аурулардың пайда болуының жоғары тәуекелін ескере отырып, патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекеттік мекемелердің мамандары мен көмекші персоналын әлеуметтік қорғау осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Қоздырғыштары патогенді биологиялық агенттер болып табылатын инфекциялық аурулардың профилактикасын және оларды емдеуді жүзеге асыратын медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекеттік мекемелердің мамандары мен көмекші персоналының:

      1) биологиялық тәуекелдер деңгейін ескере отырып, еңбегіне ақы төленуіне;

      2) денсаулықты сақтауға және биологиялық қауіпсіздік талаптарына сай келетін жұмыс жағдайларына;

      3) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен өндіріп алуға құқығы бар.

      4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы аясындағы, ветеринария, білім және ғылым саласындағы патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекеттік мекемелердің мамандары мен көмекші персоналының еңбегіне ақы төлеу лауазымдық айлықақыдан, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларын, кәсіптік аурулардың пайда болуының жоғары тәуекелін ескере отырып, үстемеақылар мен қосымша ақылардан тұрады.

      5. Патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің мамандары мен көмекші персоналына жыл сайынғы негізгі демалыс берілген кезде кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.

      6. Патогендіктің I және (немесе) II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің мамандары мен көмекші персоналына заттар мен материалдарды, оның ішінде табиғи орта компоненттерінен (жануарлар, өсімдіктер, су, топырақ, ауа) патогенді биологиялық агенттер (ықтимал қауіпті заттар мен материалдар) болуы мүмкін аса қауіпті инфекциялық және паразиттік ауруларды таратушылар мен тасымалдаушыларды (оның ішінде олардың тіршілік әрекеті өнімдерін) іріктеп алу және тасымалдау бойынша міндеттерді орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін көзделген төлем жүзеге асырылады.

      27-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резерві, оларды жұмылдыру шарттары

      1. Биологиялық қауіпсіздік саласында жеткілікті кадр ресурстарын, биологиялық қатерлерге, оның ішінде төтенше жағдайлар кезінде барабар ден қоюға дайындықты қамтамасыз ету мақсатында патогендіктің І және ІІ тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыру үшін мамандардың кадр резерві қалыптастырылады.

      2. Патогендіктің І және ІІ тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервіне енгізілген мамандардың патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасу құқығы басым болады.

      3. Патогендіктің І және ІІ тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервіне енгізілген мамандар қажет болған жағдайда биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шараларды жүргізуге тартылуы мүмкін.

      4. Патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервін құру, оларды

      есепке алу және мониторингі патогендіктің I және II тобындағы патогенді биологиялық агенттермен жұмысты жүзеге асыратын мамандар тізілімі шеңберінде жүзеге асырылады.

      7-тарау. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми қызмет және білім беру қызметі

      28-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылымның басымдықтары мен бағыттары

      1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеудің басым бағыттары биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясат әзірленетін және іске асыруға қабылданатын мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында айқындалады.

      2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеудің басым бағыттары, оның ішінде мыналарды:

      1) нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен гранттық ғылыми жобаларды әзірлеуді және іске асыруды;

      2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық озық ғылыми технологияларды енгізуді;

      3) ғылыми зерттеулер нәтижелері негізінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы ұлттық стандарттарды әзірлеуді және енгізуді;

      4) ғылыми зерттеулердің қолданбалы мәні негізінде инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттар әзірлеуді және өндіруді көздеуге тиіс.

      3. Инфекциялық (паразиттік) аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттарды әзірлеу және өндіру ғылыми негізделген болуға тиіс.

      4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері қолданбалы мақсаттарда пайдаланылады.

      5. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеулер, олардың нәтижелерін беру, жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      29-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы оқыту

      1. Биологиялық қауіпсіздік саласында оқыту техникалық және кәсіптік, қосымша кәсіптік, орта, жоғары білімнен кейінгі және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде мамандар даярлауды қамтиды және биологиялық қауіпсіздік саласында кадр әлеуетін дамытуға және нығайтуға бағытталған.

      2. Биологиялық қауіпсіздік саласында кадрлардың біліктілігін арттыруды және оларды қайта даярлауды осы Заңның 10-бабы 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар ұйымдастырады.

      3. Төтенше жағдай туындаған жағдайда биологиялық қауіпсіздік саласында кадрларды шұғыл даярлау және қайта даярлау қамтамасыз етіледі.

      4. Биологиялық қауіпсіздік саласында кадрларды оқытуды, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген ұйымдар жүргізеді.

      30-бап. Ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау

      1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық әлеуетті мемлекеттік қолдаудың басым бағыты:

      1) биологиялық қатерлердің алдын алуды және биологиялық тәуекелдерді басқаруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған отандық ғылыми зерттеулерді қолдау;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес иммундық-биологиялық және диагностикалық препараттар, дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау және жеке қорғаныш құралдары, зертханалық жабдықтар өндірісін дамытуды қолдау;

      3) практикалық қолдану үшін биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелерінің трансфертін қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Ғылыми-кадрлық әлеуетті сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулер мен бағдарламаларды мемлекеттік қолдау тұрақтылық пен үздіксіздік қағидаттарында жүзеге асырылады.

      3. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен бағдарламаларды мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру негізінде жүзеге асырылады, стратегиялық маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс және конкурстық негізде немесе конкурстық рәсімдерден тыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      8-тарау. Қорытынды ережелер

      31-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап алты ай ішінде осы Заңның 15-бабының 2-тармағына сәйкес рұқсатты қайта ресімдеуге міндетті.

      3. Дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау бойынша көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап алты ай ішінде рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес лицензия алуға міндетті.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады