Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын,
оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 шілдедегі № 513 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі (бұдан әрі "Уағдаласушы тараптар" деп аталады)
дипломатиялық немесе қызметтік паспорттар иелерінің Қазақстан мен Швейцария (бұдан әрі "мемлекеттер" деп аталады) арасындағы сапарларына жәрдемдесуге ортақ ұмтылысын басшылыққа ала отырып,
сенім мен тілектестікке негізделген өзара ынтымақтастықты нығайту мүддесінде
төмендегілер туралы келісті:
Дипломатиялық және консулдық персонал
1. Мемлекеттердің кез келгенінің қолданыстағы ұлттық дипломатиялық немесе қызметтік паспорты бар, тиісті мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің, консулдық мекемесінің немесе Штаб-пәтер туралы келісім жасалған халықаралық ұйым жанындағы тұрақты өкілдігінің мүшелері болып табылатын азаматтары екінші мемлекеттің аумағына визасыз келе алады және мақсатты кезеңі ішінде онда визасыз бола алады. Жіберуші мемлекет қабылдаушы мемлекетті дипломатиялық арналар арқылы жоғарыда аталған адамдардың іссапарлары мен функциялары туралы алдын ала хабардар етеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың жіберуші мемлекеттің азаматтары болып табылатын және қолданыстағы ұлттық дипломатиялық немесе қызметтік паспорты бар отбасы мүшелері, егер олар бір үйде тұрса және қабылдаушы мемлекет осы баптың 1-тармағында көрсетілген адаммен тұруға құқығы бар отбасы мүшелері ретінде таныса, дәл сондай жеңілдіктерді пайдаланады.
Кірудің басқа себептері
1. Мемлекеттердің кез келгенінің осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында аталмаған, қолданыстағы ұлттық дипломатиялық немесе қызметтік паспорты бар азаматтары екінші мемлекеттің аумағында өзін-өзі жұмыспен қамту болсын немесе өзгелері болсын, пайда әкелетін қызметпен айналыспау шартымен екінші мемлекеттің аумағына келе алады және онда кез келген 180 күндік кезеңде 90 (тоқсан) күннен аспайтын уақыт ішінде бола алады, сондай-ақ екінші мемлекеттің аумағынан визасыз кете алады.
2. 1985 жылғы 14 маусымдағы Шекарадан өту және виза туралы Шенген келісімінің ережелерін толық көлемде қолданатын бір немесе бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы транзитпен өткеннен кейін Швейцария аумағына кірген кезде жоғарыда аталған мемлекеттер құрған аумақты шектейтін сыртқы шекараны кесіп өткен күні болудың бірінші күні болып саналады (90 күннен аспайды), ал кеткен күні осы аумақта болған соңғы күн болып саналады.
Ұлттық заңнамаға сәйкестік
1. Мемлекеттердің кез келгенінің азаматтары келу және болу қағидаларын, сондай-ақ екінші мемлекеттің аумағында қолданылатын ұлттық заңнаманың ережелерін өздері болатын бүкіл мерзім ішінде сақтайды.
2. Осы Келісімде көрсетілген паспорттар қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген жарамдылық өлшемшарттарына сәйкес келеді.
Кіргізуден бас тарту
Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің құзыретті органдары мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулықты қорғау мақсатында немесе басқа да елеулі себептер бойынша осы Келісімнің 1 және 2-баптарына сәйкес екінші мемлекет азаматтарының өз мемлекетінің аумағына келуінен немесе онда болуынан бас тарту құқығын өзіне қалдырады.
Тиісті құжаттар туралы хабарлама
1. Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің құзыретті органдары осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы өздерінің тиісті паспорттарының жеке үлгілерімен алмасады.
2. Дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың жаңалары енгізілген немесе қолданыстағылары өзгерген жағдайда Уағдаласушы тараптар жаңа немесе өзгертілген осы паспорттар енгізілетін күнге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей олардың жеке үлгілерін олардың қолданылуы туралы барлық тиісті ақпаратпен бірге дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне береді.
Дауларды реттеу
1. Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдары осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын кез келген келіспеушілік мәселелері бойынша бір-бірімен консультация өткізеді.
2. Уағдаласушы тараптар осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын кез келген дауларды дипломатиялық арналар арқылы шешеді.
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Уағдаласушы тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 9-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Залал келтірмеу туралы ереже
Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін, атап айтқанда, 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
Қолданылу мерзімі және күшіне енуі
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2010 жылғы 4 наурызда Бернде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелері үшін визалық талаптардан босату туралы келісім күшін жояды.
Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру
Уағдаласушы тараптардың кез келгені мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау мүдделерінде немесе басқа да елеулі себептер бойынша осы Келісім ережелерінің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы. Тоқтата тұру туралы шешім ол күшіне енгенге дейін 48 (қырық сегіз) сағаттан кешіктірілмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы тарапқа берілуге тиіс. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұрған Уағдаласушы тарап, егер тоқтата тұру үшін бұдан былай себептер болмаған жағдайда, екінші Уағдаласушы тарапты дереу хабардар етуге тиіс. Тоқтата тұру осы хабарлама алынған күні доғарылады.
Келісімнің қолданысын тоқтату
Уағдаласушы тараптардың кез келгені осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы тарапты кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы хабардар ете алады. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі екінші Уағдаласушы тарап хабарлама алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткеннен кейін аяқталады.
20___ жылғы "___" __________ _________________ қаласында қазақ, неміс, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Швейцария ФедералдықКеңесі үшін |