Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 752 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын, шығу туризмі саласындағы қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператор-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасын, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы № 607 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер";
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидалары "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу тәртібін реттейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы шот – Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шот;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі (бұдан әрі – жүйе) – Қазақстан Республикасының азаматтары, турагенттер, туроператорлар, туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі және Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін уәкілетті орган арасындағы құқықтық қатынастар жиынтығы;
3) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, жалғыз қызмет түрі Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің (бұдан әрі – жүйенің әкімшісі) функцияларын жүзеге асыру болып табылатын заңды тұлға;
4) туристік код – шығу туризмі саласындағы туроператор туриске беретін, ұйымдастырылған шығу туризмі шеңберінде туроператордың міндеттемелеріне кепілдік беретін бірегей нөмір;
5) уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Жүйенің жұмыс істеу тәртібі";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Жүйенің әкімшісі:
1) шығу туризмі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарына туристік код беру тетігін әкімшілендіруді;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған кепілдік берудің сараланған сомасын қабылдауды;
3) туроператормен және туроператор-әуе кемесімен жалданушымен Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкімен жасасқан Қазақстан Республикасының азаматына өткізген әрбір туристік өнімнен аударылатын ақша сомаларының және банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын сомалардың мөлшерін индекстеу бойынша уәкілетті органға ұсыныстарды дайындау үшін талдамалық және зерттеу жұмыстарын жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
"6-1. Жүйе Қазақстан Республикасы азаматтарының турагенттермен, туроператорлармен, туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылармен, жүйенің әкімшісімен және уәкілетті органмен іскерлік сипаттағы сапарларға байланысты құқықтық қатынастарына қолданылмайды.
Іскерлік сипаттағы сапарларға кәсіби-іскерлік мақсаттарда уақытша болатын елге (жерге) ақылы қызметпен айналысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының баруы жатады.";
мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:
"2-1-тарау. Енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтару және аударымдарды есепке жатқызу әдісінің қолданылу тәртібі
7-1. Жүйенің әкімшісі Заңның 27-2-бабына сәйкес:
1) жүйе туроператоры немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысы шығу туризмі саласындағы туроператорлық қызметтің түрін тоқтатқан жағдайда олардың кінәсінен Қазақстан Республикасының азаматтарын әкету фактілерінің болмауы шартымен жүйе туроператорына немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысына енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтаруға;
2) банк кепілдігінің шекті сомасына қол жеткізілген кезде жүйе туроператоры немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысы енгізген банк кепілдігін осы туроператорға немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушыға қайтаруды жүзеге асырылады.
Енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтару үшін туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы жүйенің әкімшісіне еркін нысанда жазбаша өтініш жібереді.
7-2. Жүйе әкімшісі 10 жұмыс күні ішінде туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы аударған қаражатты салыстыруды жүргізеді, туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының кінәсінен Қазақстан Республикасының азаматтарын әкету фактілерінің болмауын тексереді, сондай-ақ туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының туристерін әкету қажеттігінің бар немесе жоқ екенін ескереді.
7-3. Жүргізілген салыстырудан кейін жүйе әкімшісі 5 жұмыс күні ішінде:
1) осы Қағидалардың 7-1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты;
2) осы Қағидалардың 7-1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, енгізілген банк кепілдігін қайтару немесе қайтарудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
7-4. Банк кепілдігін қайтаруды жүйе әкімшісі 15 жұмыс күні ішінде банк кепілдігін қабылдау тапсыру-актісін жасау арқылы жүзеге асырады.
Өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтаруды жүйе әкімшісі 15 жұмыс күні ішінде қаражатты туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының банктік шотына аудару арқылы жүзеге асырады.
7-5. Осы Қағидалардың 7-1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген банк кепілдігі қайтарылған жағдайда, өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражат сомасы тиісті қаржы жылында банк кепілдігімен қамтамасыз етілуге жататын ақша сомасынан төмен болған жағдайда, туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы осы соманы 5 жұмыс күні ішінде толықтырады не күнтізбелік 30 күн ішінде жүйе әкімшісіне банктік кепілдік шартының түпнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.
7-6. Банк кепілдігін және өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтарған кезде, сондай-ақ банк кепілдігі шекті сомаға жеткен кезде комиссиялық алым және осы туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының кінәсінен Қазақстан Республикасының азаматтарын әкетуге жұмсалған қаражат Заңның 27-3-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес аударылуға жататын ақша сомасынан ұсталады.
7-7. Жүйе әкімшісінің қызметіне бөлінген комиссия сомасын қоспағанда, жүйе әкімшісі осы туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы жүйеге кірген сәттен бастап үш жылдан кейін жүйенің туроператоры немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысы үшін келесі күнтізбелік жылға аударымдарды есепке жатқызу әдісінің қолданылуын қамтамасыз етеді.";
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру тәртібі";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген жағдайлар орын алған кезде жүйе әкімшісі бір тәулік ішінде мынадай шараларды қабылдайды:
1) мәліметтердің дұрыстығын, орындау мүмкін еместігі, туристік қызмет көрсету шарты бойынша туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының міндеттемелерді орындауына мүмкіндіктің болмауын, орындамауын немесе дұрыс орындамауын анықтайды;
2) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген жағдайларда мәліметтер расталса, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру туралы шешімді уәкілетті органмен келісіп қабылдайды;
3) уәкілетті органмен келісу бойынша қабылданған шешім туралы туроператор және (немесе) туроператор-әуе кемесімен жалданушы басшысын, туристер болған елдегі Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесін хабардар етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін жүйе әкімшісінің арнайы шотындағы қаражат жетпеген жағдайда, сондай-ақ арнайы шоттан пайдаланылған қаражатты өтеу үшін жүйе әкімшісі туристік қызметтер көрсету шарты бойынша міндеттемелерін орындамаған туроператордың және/немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының банктік кепілдемесінің міндеттемелерін орындау бойынша екінші деңгейдегі банкке талап қояды.
Екінші деңгейдегі банктер жүйе әкімшісі талабының негізінде талап түскен сәттен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде жүйе әкімшісінің немесе жүйе әкімшісі белгілеген үшінші тұлғалардың (олардың бірлестіктерінің) пайдасына банктік кепілдіктермен қамтамасыз етілген сомалар шегінде ақша төлеуді қамтамасыз етеді.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |