Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келiсiмге қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Жоба |
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберінде аудиторлық көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын құруға ұмтылысты растай отырып,
аудиторлық қызметті ұйымдастыруға, реттеу мен бақылауды жүзеге асыруға бірыңғай тәсілді қалыптастыруға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"аудиттелетін тұлға" – өзінің бухгалтерлік (қаржылық) есептілігіне және (немесе) ол беретін өзге де ақпаратқа қатысты аудит жүргізілетін немесе аудитке ілеспе қызметтер көрсетілетін тұлға;
"аудит" – аудиттелетін тұлғаның бухгалтерлік (қаржылық) есептілігін және (немесе) ол беретін өзге де қаржылық ақпаратты олардың анықтығы туралы тәуелсіз пікір білдіру мақсатында тексеру;
"аудитор" – мүше мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу құқығын алған жеке тұлға;
"аудиторлық қызмет", "аудиторлық көрсетілетін қызметтер"
– аудит жүргізу және сенімділікті қамтамасыз ететін басқа да тексерулерді орындау жөніндегі, сондай-ақ аудиторлық қызметтің стандарттарына сәйкес жүзеге асырылатын аудитке ілеспе қызметтер көрсету жөніндегі қызмет;
"аудиторлық ұйым" – коммерциялық ұйым болып табылатын және мүше мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқық алған заңды тұлға;
"аудиторлық қорытынды" – аудит жүргізу нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым немесе жеке аудитор жасаған ресми құжат;
"қорытынды" – аудиттен ерекшеленетін, сенімділікті қамтамасыз ететін тексерулерді орындау нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым немесе жеке аудитор жасаған ресми құжат;
"жеке аудитор" – дара кәсіпкер ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру құқығын алған аудитор;
"шетелдік аудиторлық ұйым" – мүше мемлекет болып табылмайтын мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқық алған және мәртебесін осындай мемлекеттің құзыретті органы растаған ұйым;
"есеп" – аудитке ілеспе қызметтер көрсету кезінде аудиторлық ұйым немесе жеке аудитор жасаған ресми құжат;
"аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімі" – аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың жүйеленген тізбесі, оны мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған тәртіппен мүше мемлекетте бұған жауапты орган жүргізеді;
"аудитке ілеспе көрсетілетін қызметтер" – аудиттелетін тұлғаның бухгалтерлік (қаржылық) есептілігін және сенімділікті қамтамасыз ететін тексерулерден ерекшеленетін, ол беретін өзге де ақпаратты тексеру, сондай-ақ аудиторлық қызметтің стандарттарына сәйкес аудитке ілеспе деп танылатын өзге де көрсетілетін қызметтер;
"қаржы нарығының қатысушысы" – қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.
2. Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған мәндерде қолданылады.
Осы Келісім бір мүше мемлекеттің аудиторлық ұйымдары мен жеке аудиторларына басқа мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға рұқсат беруді және бір мүше мемлекеттің аудиторларына басқа мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысуға рұқсат беруді қамтамасыз етуге байланысты қатынастарды реттейді, сондай-ақ мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыру мен реттеудің бірыңғай тәсілдерін айқындайды.
Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру
1. Мүше мемлекеттегі аудиторлық қызметті осы мүше мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқық алған тұлғалар жүзеге асырады.
Бір мүше мемлекеттің аудиторлық ұйымдарының (осы Келісімнің 32-бабының 2 және 4-тармақтарында көрсетілген аудиторлық ұйымдарды қоспағанда) және жеке аудиторларының басқа мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқығы бар.
Егер аудиторлық қызмет мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, оны жеке аудиторлар жүзеге асыра алады.
2. Бір мүше мемлекеттің аудиторларының (осы Келісімнің 32-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда) басқа мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысуға құқығы бар.
Аудиторлық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Мүше мемлекетте аудиторлық ұйым ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру құқығын алу үшін заңды тұлға мынадай талаптарға сәйкес келуге:
а) мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген еңбек шарттары негізінде негізгі жұмыс орны бойынша осы заңды тұлғаның қызметкерлері болып табылатын аудиторлардың саны – кемінде 3;
б) осы заңды тұлғаның аудиторларға және (немесе) аудиторлық ұйымдарға тиесілі жарғылық (жинақтамалы) капиталының үлесі – кемінде 51 пайыз;
в) осы заңды тұлғаның алқалы атқарушы органындағы аудиторлардың саны – осындай орган құрамының кемінде 50 пайызы болуға тиіс. Осы заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы болып табылатын тұлға аудитор болуға тиіс;
г) аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерін (өзін-өзі реттейтін ұйымдарды), заңды тұлғаның, оның органдарының, иелерінің, үлестес тұлғалардың, еншілес және тәуелді ұйымдардың іскерлік қасиеттерін, іскерлік ұстанымын, қызметін қоса алғанда, азаматтық айналымға қатысушылардың оң бағалауынан көрінетін мінсіз іскерлік беделі;
д) жұмыс сапасына ішкі бақылауды жүзеге асыру қағидаларының болуы тиіс.
2. Аудиторлық қызметті жүзеге асырғысы келетін заңды тұлға ашық (жария) акционерлік қоғам немесе мемлекеттік (муниципалдық) біртұтас кәсіпорын нысанында құрыла алмайды.
3. Мүше мемлекетте жеке аудитор ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқық алу үшін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға мынадай талаптарға сәйкес келуге:
а) осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігі;
б) жұмыс сапасына ішкі бақылауды жүзеге асыру қағидаларының болуы тиіс.
4. Мүше мемлекет өзінің заңнамасында осы мүше мемлекеттің заңды тұлғалары болып табылатын аудиторлық ұйымдарға және осы мүше мемлекетте дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке аудиторларға осы баптың 1 және 3-тармақтарында белгіленген талаптарға қатысты қосымша талаптар белгілеуге құқылы.
Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысатын тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Мүше мемлекетте аудитор ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу құқығын алу үшін жеке тұлға мынадай талаптарға сәйкес келуге:
а) жоғары білімінің болуы;
б) аудиторлық қызметті жүзеге асыруға немесе бухгалтерлік есепті жүргізуге және бухгалтерлік (қаржылық) есептілікті жасауға байланысты практикалық жұмыс тәжірибесінің болуы;
в) ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін және экономика саласындағы қылмыстар үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылығының жоқ екендігінен, сондай-ақ аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерін (өзін-өзі реттейтін ұйымдарды) қоса алғанда, азаматтық айналымға қатысушылардың оң бағалауынан, жеке тұлғаның іскерлік және кәсіптік қасиеттерінен, оның іскерлік ұстанымынан көрінетін мінсіз іскерлік (кәсіптік) беделі;
г) аудитордың біліктілік аттестатының (куәлігінің, сертификатының) болуы тиіс.
2. Аудитор өздерінің және тиісінше аудиторлық ұйымның немесе жеке аудитордың арасындағы еңбек шартының негізінде аудиторлық ұйымның немесе жеке аудитордың қызметкері ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысады.
Аудиторлық қызметті жүзеге асыру (аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу) құқығының туындауы мен тоқтатылуы
1. Аудиторлық қызметті жүзеге асырғысы (аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысқысы) келетін тұлғаның өзі туралы мәліметтер аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген күннен бастап аудиторлық қызметті аудиторлық ұйым, жеке аудитор ретінде жүзеге асыруға (аудиторлық қызметті аудитор ретінде жүзеге асыруға қатысу) құқығы бар.
2. Тұлғаның аудиторлық қызметті аудиторлық ұйым, жеке аудитор ретінде жүзеге асыруға (аудиторлық қызметті аудитор ретінде жүзеге асыруға қатысуы) құқығы, егер тұлға осы Келісімнің 4 және 5-баптарында белгіленген талаптарға сәйкес келмей қалса, сондай-ақ мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленетін және мұндай құқықтың күшін жою туралы мәліметтер аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлар мен аудиторлардың тізіліміне енгізілген күннен бастап тоқтатылатын өзге де негіздер бойынша және тәртіппен жойылуға жатады.
1. Біліктілік емтиханы аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысқысы келетін жеке тұлғаның кәсіби біліктілігін тексеру мақсатында жүргізіледі.
2. Біліктілік емтиханын тапсыру аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысы бар салалардағы теориялық білімнің қажетті деңгейін және аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысқысы келетін жеке тұлғаның аталған білімді практикалық жұмыста пайдалану қабілетін растауға тиіс.
3. Теориялық білім деңгейін тексеру мынадай салаларда жүргізілуге тиіс:
а) аудиторлық қызмет;
б) мүше мемлекеттің аудиторлық қызмет туралы заңнамасы;
в) мүше мемлекеттің бухгалтерлік есеп туралы заңнамасы;
г) қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары;
д) аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттары;
е) тәуекелдерді басқару, жұмыс сапасын ішкі бақылау;
ж) басқарушылық есеп;
з) кәсіптік әдеп және аудиторлардың тәуелсіздігі;
и) бухгалтерлік есеп теориясы;
к) қаржылық талдау;
л) қаржылық есеп.
4. Теориялық білім деңгейін тексеру мынадай салаларда да (мұндай салалар аудиторлық қызметті жүзеге асырумен байланысты шамада) жүргізілуге тиіс:
а) ақпараттық технологиялар және компьютерлік жүйелер;
б) математика, статистика;
в) мүше мемлекеттің салық, азаматтық, еңбек заңнамасы, сондай-ақ мүше мемлекеттің дәрменсіздік (банкроттық) туралы заңнамасы;
г) жалпы экономикалық теория, қаржы, микроэкономика;
д) ұйымның қаржысын басқарудың негізгі қағидаттары.
5. Мүше мемлекет:
а) біліктілік емтиханын өткізу тәртібін, оның ішінде үміткердің біліктілік емтиханына қатысуын көздейтін тәртіпті, сондай-ақ біліктілік емтиханының нәтижелерін айқындау тәртібін белгілейді. Біліктілік емтиханының кем дегенде бір бөлігі жазбаша нысанда немесе электрондық түрде (тестілеу нысанында және т. б.) өткізілуге тиіс;
б) біліктілік емтиханын өткізуді жүзеге асыратын органды (органдарды) айқындайды. Біліктілік емтиханын өткізуді жүзеге асыратын органдар мүше мемлекеттің мемлекеттік органдары, аудиторлардың кәсіби бірлестіктері (өзін-өзі реттейтін ұйымдар), осы мақсаттар үшін арнайы құрылған ұйымдар болуы мүмкін;
в) аудитордың біліктілік аттестатын (куәлігін, сертификатын) беру тәртібін белгілейді;
г) аудитор ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу құқығын алуға үміткер жеке тұлға үшін жоғары білім мамандықтарының тізбесін белгілеуге құқылы;
д) осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген, халықаралық аттестаты (куәлігі, сертификаты, дипломы) бар салаларда білімін тексеруден босату тәртібін белгілеуге құқылы;
е) аудитор ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу құқығын алуға үміткер жеке тұлға оқудан өткен жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына қойылатын талаптарын белгілеуге құқылы.
6. Бір мүше мемлекетте берілген аудитордың біліктілік аттестаты (куәлігі, сертификаты) басқа мүше мемлекеттерде жарамды және мерзімсіз болып табылады немесе оның қолданылу мерзімі аяқталатын күнге дейін (егер мұндай мерзім белгіленген жағдайда) қолданылады.
1. Аудитор ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысқысы келетін жеке тұлғаның осы Келісімнің 5-бабы 1-тармағының "б" тармақшасында көзделген практикалық жұмыс тәжірибесі мұндай тұлғаның аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысы бар салалардағы теориялық білімін практикалық жұмыста пайдалану қабілетін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Аудитор ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысқысы келетін жеке тұлғалардың аудиторлық қызметті жүзеге асыруға немесе бухгалтерлік есепті жүргізуге және бухгалтерлік (қаржылық) есептілікті жасауға байланысты ең аз жұмыс өтілі мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленеді және 3 жылдан кем болмауға тиіс.
Бұл ретте көрсетілген жұмыс өтілінің соңғы 3 жылының кемінде 1 жылы осы Келісімнің 32-бабы 3-тармағының ережелеріне нұқсан келтірмей, аудиторлық ұйымда аудиторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты лауазымдардағы жұмысқа тиесілі болуға тиіс.
Біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқыту
1. Аудитор өзінің аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу құқығы туындаған жылдан кейінгі жылдан бастап (жеке аудитор ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру) біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқытудан (бұдан әрі – оқыту) өтуге тиіс.
2. Аудиторларды оқыту олардың теориялық білімдерінің, кәсіби дағдылары мен машықтарының қажетті деңгейін қолдауды қамтамасыз етуге тиіс.
3. Аудиторларды оқытудың ең аз ұзақтығы мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленеді және қатарынан күнтізбелік 2 жыл үшін 80 сағаттан кем болмауға тиіс.
4. Мүше мемлекет аудиторлардың оқытудан өту кезеңділігі мен тәртібін белгілейді.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімі
1. Аудиторлық ұйым, жеке аудитор, аудитор туралы мәліметтер аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілуге жатады.
2. Аудиторлық ұйым, жеке аудитор, аудитор туралы мәліметтер аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне тиісті жазба енгізілген күннен бастап көрсетілген тізілімге енгізілген немесе одан шығарылған деп есептеледі.
3. Аудиторлық ұйымда, жеке аудиторда, аудиторда аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміндегі жазбаның жеке (негізгі) тіркеу нөмірі (бұдан әрі – жеке тіркеу нөмірі) болуға тиіс.
4. Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімінде осы Келісімнің 11 және 12-баптарында көзделген мәліметтерден басқа мынадай мәліметтер де қамтылуға тиіс:
а) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын органның толық атауы және мекенжайы;
б) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органның толық атауы және мекенжайы;
в) аудиторлық ұйымдарға, жеке аудиторларға және аудиторларға қатысты ықпал ету шараларын қолдануға уәкілеттік берілген органның толық атауы және мекенжайы.
5. Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімі электрондық нысанда жүргізіледі және аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын органның "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі (бұдан әрі – Интернет желісі) ресми сайтында қолжетімді болуға тиіс.
6. Мүше мемлекет аудитордың дербес деректерін қоспағанда, аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімінде қамтылған мәліметтердің ашықтығын және жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Аудитордың аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген дербес деректері мүдделі тұлғаларға тек мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген негіздерде және тәртіппен ұсынылады.
7. Аудиторлық ұйым, жеке аудитор, аудитор аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген өздері туралы мәліметтердің анықтығы, сондай-ақ аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын органды (органдарды) осындай мәліметтердің өзгергені туралы уақтылы хабардар етуге жауапты болады.
8. Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген мәліметтер жаңартылған күйде ұсталуға тиіс.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілетін жеке аудитор және аудитор туралы мәліметтер
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне жеке аудитор және аудитор туралы кем дегенде мына мәліметтер енгізіледі:
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
туған күні (күні, айы, жылы);
тұрғылықты (тіркелген) жері;
жеке тіркеу нөмірі;
дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (жеке аудитор үшін);
аудитордың біліктілік аттестаты (куәлігі, сертификаты) туралы мәліметтер, (аудитордың біліктілік аттестатының (куәлігінің, сертификатының) нөмірі, аудитордың біліктілік аттестатын (куәлігін, сертификатын) беру туралы шешім қабылданған күн, аудитордың көрсетілген аттестатын (куәлігін, сертификатын) берген органның (ұйымның) атауы);
байланыс телефонының нөмірі (жеке аудитор үшін);
электрондық пошта мекенжайы (бар болса);
Интернет желісіндегі ресми сайттың мекенжайы (бар болса);
еңбек шарты негізінде аудитор қызметкері болып табылатын аудиторлық ұйым немесе жеке аудитор туралы мәліметтер (аудиторлық ұйымның атауын немесе жеке аудитордың тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), аудиторлық ұйымның орналасқан жерін немесе жеке аудитордың тұрғылықты (тіркелген) жерін, Интернет желісіндегі ресми сайтының мекенжайын (бар болса), аудиторлық ұйымның немесе жеке аудитордың жеке тіркеу нөмірін көрсете отырып);
басқа мүше мемлекеттерде және мүше мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттерде аудитор ретінде тіркелгені туралы мәліметтер (тіркеуші органның атауын және аудитордың жеке тіркеу нөмірін көрсете отырып
(бар болса));
мүше мемлекеттің аудиторлық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін ықпал ету шараларын қолдану туралы мәліметтер (ықпал ету шараларын қолдану туралы шешім қабылдаған мүше мемлекет органының атауын, көрсетілген шешімнің қабылданған күнін, көрсетілген шешімнің нөмірін (бар болса), бұзушылық түрін және қолданылған ықпал ету шаралары туралы мәліметтерді көрсете отырып);
жеке аудитордың жұмыс сапасына сыртқы бақылаудан өткені туралы мәліметтер (жұмыс сапасына тексеру жүргізілген күнді және тексеру жүргізген мүше мемлекет органының атауын көрсете отырып);
дара кәсіпкер ретінде аудитор қызметінің басталуы (тоқтатылуы) туралы мәліметтер (осындай қызметтің басталғаны (тоқтатылғаны) туралы жазбаның күні мен мемлекеттік тіркеу нөмірін көрсете отырып).
Егер мәліметтері аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген аудитордың өзі аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген мүше мемлекетте ғана аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу құқығы болса, онда тізілімде осы шектеуге нұсқау қамтылуға тиіс.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілетін аудиторлық ұйым туралы мәліметтер
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне аудиторлық ұйым туралы кем дегенде мына мәліметтер енгізіледі:
толық атауы және қысқартылған атауы (бар болса);
ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны;
орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы);
жеке тіркеу нөмірі;
заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер;
электрондық пошта мекенжайы (бар болса);
Интернет желісіндегі ресми сайттың мекенжайы (бар болса);
барлық филиалдардың және өкілдіктердің орналасқан жері (бар болса);
аудиторлық ұйымның меншік иелері (қатысушылары, акционерлері) туралы мәліметтер (тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), атауларын және мекенжайларын көрсете отырып);
аудиторлық ұйымның алқалық және (немесе) жеке-дара атқарушы органының мүшелері туралы мәліметтер (тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) көрсете отырып);
еңбек шарты негізінде аудиторлық ұйымның жұмыскерлері болып табылатын аудиторлар туралы мәліметтер (аудитордың тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), жеке тіркеу нөмірлерін, біліктілік аттестаттарының (куәліктерінің, сертификаттарының) нөмірлерін көрсете отырып);
Халықаралық бухгалтерлер федерациясы Фирмалары форумының (аудиторлық ұйымдардың халықаралық желілерінің) мүшелері болып табылатын аудиторлық ұйымдардың бірлестіктеріне мүшелігі (өзге де қатысуы) туралы мәліметтер (әрбір осындай халықаралық желі үшін осы желінің барлық мүшесінің атаулары мен орналасқан жерін немесе осындай мәліметтер алынуы мүмкін ақпарат көзін (Интернет желісіндегі ресми сайттың мекенжайын және т.б.) көрсете отырып);
басқа мүше мемлекеттерде және мүше мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттерде (тіркеуші органның атауын және жеке тіркеу нөмірін (бар болса) көрсете отырып) аудиторлық ұйым (өзге де ұқсас тұлға) ретінде тіркелуі туралы мәліметтер;
мүше мемлекеттің аудиторлық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін ықпал ету шараларын қолдану туралы мәліметтер (ықпал ету шараларын қолдану туралы шешім қабылдаған мүше мемлекет органының атауын, көрсетілген шешімнің қабылданған күнін, көрсетілген шешімнің нөмірін (бар болса), бұзушылық түрін және қолданылған ықпал ету шаралары туралы мәліметтерді көрсете отырып);
жұмыс сапасына сыртқы бақылаудан өткені туралы мәліметтер (жұмыс сапасына тексеру жүргізу күнін және тексеру жүргізген мүше мемлекет органының атауын көрсете отырып);
аудиторлық ұйымның қызметін тоқтату туралы мәліметтер (аудиторлық ұйымның қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған мүше мемлекет органының атауын және осындай шешім қабылданған күнді көрсете отырып).
Егер өзі туралы мәліметтер аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген аудиторлық ұйым өз қызметін аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген мүше мемлекетте ғана жүзеге асырса, тізілімде осы шектеуге сілтеме қамтылуға тиіс.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімі жүргізілетін тіл
1. Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімі мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде және егер орыс тілі мүше мемлекеттің мемлекеттік тілі болып табылмаған жағдайда, орыс тілінде жүргізіледі.
2. Мүше мемлекет аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген мәліметтердің мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде және орыс тілінде бірдей болуын қамтамасыз етеді.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізуге жауапты мүше мемлекеттердің органдары
1. Мүше мемлекет:
а) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізуге жауапты органды (органдарды) айқындайды. Мүше мемлекеттің мемлекеттік органдары, аудиторлардың кәсіптік бірлестіктері (өзін-өзі реттейтін ұйымдар), осы мақсаттар үшін арнайы құрылған ұйымдар аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізуге жауапты органдар болуы мүмкін;
б) көрсетілген тізілімді жүргізуге жауапты органның (органдардың) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Мүше мемлекет аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімін жүргізуге жауапты орган (органдар) туралы басқа мүше мемлекеттерге және Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) хабар береді.
3. Мүше мемлекеттердің аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімдерін жүргізуге жауапты органдары аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімдері орналастырылатын Интернет желісіндегі өздерінің ресми сайттарының мекенжайлары туралы біріне-бірі және Комиссияға хабар береді.
Комиссия Одақтың ресми сайтында мүше мемлекеттердің көрсетілген тізілімдер орналастырылатын аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімдерін жүргізуге жауапты органдарының Интернет желісіндегі ресми сайттар мекенжайларының тізбесін орналастырады.
4. Мүше мемлекеттердің аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімдерін жүргізуге жауапты органдарының өзара іс-қимыл тәртібі Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
Аудиторлық қызметтің стандарттары
1. Мүше мемлекеттерде аудиторлық қызмет аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Осы Келісімнің мақсаттары үшін аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттары деп Халықаралық бухгалтерлер федерациясы қабылдайтын мынадай құжаттар түсініледі:
а) сапаны бақылаудың халықаралық стандарттары;
б) аудиттің халықаралық стандарттары;
в) аудит практикасы туралы халықаралық есептер;
г) шолу тексерулердің халықаралық стандарттары;
д) сенімділікті қамтамасыз ететін тапсырмалардың халықаралық стандарттары;
е) аудитке ілеспе көрсетілетін қызметтердің халықаралық стандарттары;
ж) Халықаралық бухгалтерлер федерациясы аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттарының ажырамас бөлігі ретінде айқындаған өзге де құжаттар;
з) осы тармақтың "а" – "ж" тармақшаларында көрсетілген құжаттарға өзгерістер енгізуді көздейтін құжаттар.
2. Аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттары мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен мүше мемлекетте қолдану үшін қолданысқа енгізіледі.
3. Мүше мемлекетте аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттарынан бөлек аудиторлық қызметтің өзге де қағидалары (аудиторлық қызметтің ұлттық стандарттары (қағидалары), аудиторлардың кәсіби бірлестіктерінің (өзін-өзі реттейтін ұйымдардың) аудиторлық қызметінің стандарттары және т.б.) қолданылуы мүмкін. Мүше мемлекетте аудиторлық қызметтің өзге де қағидаларын қолдану, егер олар:
а) аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттарында реттелмеген мәселелер бойынша аудиторлық қызметті жүзеге асыруға;
б) егер аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттарында белгіленген талаптар аудит жүргізу ерекшеліктеріне немесе аудитке ілеспе қызметтер көрсету ерекшеліктеріне негізделсе, оларға қатысты қосымша аудиторлық рәсімдерге;
в) аудит жүргізу барысында қосымша жұмысты орындау немесе сенімділікті қамтамасыз ететін, көлемі мен сипаты (оның ішінде аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың алдына қойылған қосымша мәселелер) мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген басқа да тексерулерді орындау үшін қажетті аудиторлық рәсімдерге, сондай-ақ осындай жұмыстың нәтижелерін аудиторлық қорытындыда (баяндау тәртібін, көрсетілетін ақпараттың құрамын, нақты тұжырымдарды қоса алғанда) көрсетуге қойылатын талаптарды белгілеген жағдайда, жол беріледі.
4. Егер мүше мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін аудиторлық қызметтің өзге де қағидаларын қолдануға жол берілген жағдайда, мұндай қағидалар:
а) аудиторлық қызметтің халықаралық стандарттарына қайшы келмеуге;
б) аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін кедергі болмауға тиіс.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың, аудиторлардың тәуелсіздігі
1. Мүше мемлекеттерде Халықаралық бухгалтерлер федерациясы қабылдаған Бухгалтерлердің кәсіптік әдеп кодексі (аудиторлық қызметті жүзеге асыру бөлігінде) (бұдан әрі – Бухгалтерлердің кәсіптік әдеп кодексі) қолданылады.
2. Аудиторлық ұйымдар, жеке аудиторлар, аудиторлар аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың, аудиторлардың аудиторлық қызмет көрсетілетін тұлғалардан (аудиторлық қызметтер көрсету шартын жасасқан тұлғалардан) аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың зерттелетін ақпарат туралы пікір білдіруіне байланысты аудиторлық қызметтерді көрсету кезінде тәуелсіздігіне қойылатын Бухгалтерлердің кәсіптік әдеп кодексіне сәйкес белгіленген талаптарды сақтауға тиіс.
3. Аудиторлық ұйымдар, жеке аудиторлар, аудиторлар мүдделер қақтығысының туындауына алып келетін немесе осындай қақтығыстың туындау қатерін төндіретін әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы емес.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың, аудитордың мүдделілігі осындай аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың аудиттелетін тұлғаның бухгалтерлік (қаржылық) есептілігі туралы немесе ол ұсынатын өзге де ақпарат туралы пікіріне әсер етуі мүмкін жағдай мүдделер қақтығысы деп түсініледі.
Аудиторлық ұйымдар, жеке аудиторлар, аудиторлар аудиторлық қызметті жүзеге асыру (аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу) кезінде Бухгалтерлердің кәсіптік әдеп кодексінде белгіленген аудиторлардың кәсіптік әдеп талаптарын сақтауға тиіс.
1. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген тұлғалар, сондай-ақ мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған өзге де тұлғалар мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес аудиторлық құпияны құрайтын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды сақтауға тиіс.
2. Аудиторлық қызметті жүзеге асыру және аудиторлық қызметке байланысты өзге де қызметтерді көрсету кезінде аудиторлық ұйымдар, жеке аудиторлар және олардың жұмыскерлері алған және (немесе) жасаған кез келген мәліметтер мен құжаттар:
а) өзіне аудиторлық қызметтер көрсетілген тұлға немесе оның келісімімен жария еткен мәліметтерді;
б) аудиторлық қызметтер көрсету шартын жасасу туралы мәліметтерді;
в) аудиторлық сыйақының шамасы туралы мәліметтерді қоспағанда, аудиторлық құпияны құрайды.
3. Аумағында аудиторлық қызметтер көрсетілетін мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, аудиторлық ұйым, жеке аудитор және олардың жұмыскерлері аудиторлық құпияны құрайтын мәліметтер мен құжаттарды үшінші адамға беруге немесе осындай мәліметтер мен осындай құжаттардың мазмұнын аудиторлық қызметтер көрсетілген тұлғаның алдын ала жазбаша келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
Аудиторлық көрсетілетін қызметтердің сапасын ішкі бақылау
1. Аудиторлық көрсетілетін қызметтердің кезінде аудиторлық ұйым, жеке аудитор жұмыс сапасын ішкі бақылау қағидаларын белгілеуге және сақтауға тиіс.
2. Аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс сапасын ішкі бақылау қағидалары аудиторлық қызметтің стандарттарына сәйкес белгіленеді.
Аудиторлық қорытынды, қорытынды, есеп
1. Аудиторлық қорытынды, қорытынды, есеп аудиторлық қызметті жүзеге асыру кезінде аудиторлық қызметтің стандарттарына сәйкес жасалады.
2. Мүше мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқығы бар тұлға жасаған аудиторлық қорытынды, қорытынды, есеп басқа мүше мемлекеттерде ресми құжаттар болып танылады.
Аудиторлық қызметтер көрсетуді ұйымдастыру
1. Мүше мемлекет өз заңнамасында талаптарды белгілейді, оларға сәйкес:
а) аудиторлық ұйым, жеке аудитор аудиторлық қызметтер көрсету үшін қажетті және жеткілікті қаржылық, материалдық және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуге тиіс;
б) аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың өздері көрсеткен аудиторлық қызметтер үшін аудиторлық сыйақысы:
аудиторлық қызмет стандарттарына сәйкес аудиторлық қызметтер көрсету шартында көзделген аудиторлық қызмет көрсету үшін жеткілікті болуға тиіс;
аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың аудиторлық қызметтер көрсету шартында көзделген аудиторлық қызметтер көрсету нәтижесінде қалыптастырылатын тәуелсіз пікірге қойылатын қандай да бір талаптарды орындауына, сондай-ақ аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың осы тұлғаға қосымша қызметтер көрсетуіне байланысты болмайды;
болашақта қандай да бір оқиғаның (фактінің) басталуына байланысты болмайды.
2. Аудиторлық ұйым, жеке аудитор аудиторлық қызметтер көрсетілген тұлғаларды есепке алуды жүргізуге тиіс. Әрбір осындай тұлғаға қатысты аудиторлық ұйымда, жеке аудиторда мынадай ақпарат болуға тиіс:
а) атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы және қызметті іс жүзінде жүзеге асыру мекенжайы);
б) аудиторлық қызметтер көрсетуге жауапты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
в) аудиторлық сыйақының және осы Келісімнің 23-бабының 2-тармағында көзделген, осындай тұлғадан алынған кез келген өзге де көрсетілетін қызметтер үшін сыйақының шамасы;
г) аудиторлық ұйымға, жеке аудиторға олар көрсеткен аудиторлық қызметтерге қатысты қойылған кез келген жазбаша наразылықтар.
3. Аудиторлық ұйым, жеке аудитор:
а) аудиторлық қызметтер көрсетудің әрбір шарты бойынша аудиторлық қызметтің стандарттарында белгіленген көлемде және тәртіппен жұмыс құжаттамасын жүргізуге;
б) аудиторлық қызметтер көрсету шарты бойынша жұмыс құжаттамасын аудиторлық қорытынды, қорытынды, есеп жасалған күннен бастап күнтізбелік 60 күннен кешіктірмей ресімдеуге;
в) жұмыс құжаттамасын аудиторлық қорытынды, қорытынды, есеп жасалған күннен бастап кемінде 5 жыл сақтауға міндетті.
4. Мүше мемлекет өзінің заңнамасында:
а) осы бапта көзделген талаптарға қатысты қосымша аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс құжаттамасын жүргізуге;
б) аудиторлық ұйымдардың басшыларына және (немесе) аудиторлық қызметтер көрсету жөніндегі тапсырмалардың басшыларына талаптар белгілеуге құқылы.
1. Міндетті аудитке:
а) кредиттік ұйымның (банктің), сақтандыру ұйымының, өзара сақтандыру қоғамының, мемлекеттік емес зейнетақы қорының, бағалы қағаздары ұйымдастырылған сауда-саттыққа жіберілген ұйымның жылдық бухгалтерлік (қаржылық) есептілігі;
б) бағалы қағаздар проспектісіне енгізілетін жылдық бухгалтерлік (қаржылық) есептілік жатады.
2. Міндетті аудитті аудиторлық ұйымдар ғана жүргізеді.
3. Мүше мемлекет осы баптың 1-тармағында көзделген талаптардан бөлек, өз заңнамасында экономикалық субъектінің бухгалтерлік (қаржылық) есептілігі міндетті аудитке жататын жағдайларды белгілеуге, сондай-ақ мұндай жағдайларда жеке аудиторларға міндетті аудит жүргізу құқығын беруге құқылы.
4. Міндетті аудитті жүргізетін аудиторлық ұйым жыл сайын Интернет желісіндегі өзінің ресми сайтында өз қызметі туралы ақпаратты ашады.
5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес аудиторлық ұйым ашатын ақпаратта кем дегенде мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
а) аудиторлық ұйымның ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны және меншік иелері, қатысушылар (аудиторлар, аудиторлық ұйымдар, басқа да жеке және заңды тұлғалар) арасында оның жарғылық (жинақтамалы) капиталының үлестерін бөлу туралы мәліметтер;
б) аудиторлық ұйымдардың желісі туралы мәліметтер
(штаб-пәтердің атауы, орналасқан жері, Интернет желісіндегі ресми сайттың мекенжайы) (егер аудиторлық ұйым аудиторлық ұйымдар желісінің, оның ішінде халықаралық желінің құрамына кірген жағдайда);
в) аудиторлық ұйым жұмысының сапасын соңғы сыртқы тексерудің аяқталған күні және осы тексеруді жүргізген органның (ұйымның) атауы.
6. Мүше мемлекет осы баптың 5-тармағында көзделген мәліметтерден бөлек, өзінің заңнамасында міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйым ашатын өзге де мәліметтерді белгілеуге құқылы.
23-бап
Аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың қызметін шектеу
1. Аудиторлық қызметті және осы баптың 2-тармағында көзделген қызметтер көрсетуді қоспағанда, аудиторлық ұйым, жеке аудитор өзге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы емес.
2. Аудиторлық ұйым, жеке аудитор аудиторлық қызметке байланысты мынадай қызметтерді көрсетуге құқылы:
а) бухгалтерлік есепті қою, бухгалтерлік есепті қалпына келтіру және жүргізу, бухгалтерлік (қаржылық) есептілікті жасау, бухгалтерлік консультация беру;
б) салықтық консультация беру, салықтық есепке алуды қою, салықтық есепке алуды қалпына келтіру және жүргізу, салықтық есеп айырысулар мен декларацияларды жасау;
в) қаржы-шаруашылық қызметке байланысты басқарушылық консультация беру, оның ішінде мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген ұйымдар мен жеке тұлғалардың қаржы-шаруашылық қызметін талдау;
г) ақпараттық технологияларды ендіру және бухгалтерлік есепті автоматтандыру мәселелері бойынша консультация беру;
д) бағалау қызметі;
е) инвестициялық жобаларды әзірлеу және талдау, бизнес-жоспарларды жасау;
ж) аудиторлық қызметке байланысты салаларда ғылыми-зерттеу және эксперименттік жұмыстар жүргізу;
з) аудиторлық қызметке байланысты салаларда (бухгалтерлік есеп, экономика, қаржы және т.б.) оқыту;
и) мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де көрсетілетін қызметтер.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген аудиторлық қызметке байланысты көрсетілетін қызметтер мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген, оның ішінде осындай қызметтер көрсетуге рұқсат беруге қатысты талаптар сақтала отырып көрсетіледі.
4. Аудиторлық ұйым, жеке аудитор аудиттелетін тұлғаға мынадай жағдайларда:
а) осындай қызметтер көрсету және (немесе) осындай жұмыстарды орындау аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың тәуелсіздігіне қойылатын талаптарды сақтамауға алып келсе немесе осындай талаптың сақталмау қаупін төндірсе, мүдделер қақтығысының туындауына алып келсе не осындай қақтығыстың туындау қаупін төндірсе;
б) аудиторлық ұйым, жеке аудитор аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың тәуелсіздігіне қойылатын талаптардың сақталмау қаупін жою немесе Бухгалтерлердің кәсіптік әдеп кодексінде белгіленген аудиторлардың тәуелсіздігі мен кәсіби әдебіне қойылатын талаптар сақталатын деңгейге дейін осындай қауіпті төмендету үшін қажетті шараларды қабылдай алмаса, осы баптың 2-тармағында көзделген қызметтерді көрсетуге және жұмыстарды орындауға құқылы емес.
5. Мүше мемлекет өз заңнамасында Бухгалтерлердің кәсіптік әдеп кодексінде көзделген әрекеттерге қосымша мүдделер қақтығысының туындауына алып келетін немесе осындай қақтығыстың туындау қаупін төндіретін әрекеттер тізбесін белгілеуге құқылы.
24-бап
Қаржы саласында аудиторлық қызметті жүзеге асырудың ерекшеліктері
1. Мүше мемлекет өз заңнамасында бухгалтерлік (қаржылық) есептілігіне аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдарға және қаржы нарығына қатысушылардың және бағалы қағаздары ұйымдастырылған сауда-саттыққа жіберілген ұйымдардың өзге де ақпаратына, осындай қызметті жүзеге асыруға қатысатын аудиторларға, сондай-ақ аудит жүргізу рәсімдеріне және мүше мемлекеттің тиісті уәкілетті органына аудиторлық қорытынды беру тәртібіне қойылатын қосымша талаптар белгілеуге құқылы.
2. Мүше мемлекет өз заңнамасында мүше мемлекеттің ұлттық (орталық) банкінің бухгалтерлік (қаржылық) есептілігіне аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдарға, осындай қызметті жүзеге асыруға қатысатын аудиторларға, сондай-ақ ұлттық (орталық) банктің бухгалтерлік (қаржылық) есептілігіне аудит жүргізу рәсімдеріне және аудиторлық қорытынды беру тәртібіне қосымша талаптар белгілеуге құқылы.
Мүше мемлекетте аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды ұйымдастыру
1. Мүше мемлекет аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
2. Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылаудың нысанасы аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың:
а) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізілімінде аудиторлық ұйым, жеке аудитор тіркелген мүше мемлекеттің және аудиторлық қызмет жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің аудиторлық қызметі туралы заңнамасының талаптарын;
б) аудиторлық қызметтің стандарттарын, аудиторлардың тәуелсіздігі мен кәсіптік әдебіне, оның ішінде:
аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс сапасын ішкі бақылау қағидаларының болуына және оларды сақтауына;
аудиторлық қызметтер көрсету шартын орындауға аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың бағытталған ресурстарының жеткіліктілігіне;
аудиторлық ұйым, жеке аудитор алған аудиторлық сыйақы шамасының негізділігіне қойылатын талаптарды сақтауы болып табылады.
3. Жұмыс сапасын сыртқы бақылау, оның ішінде:
а) аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың аудиторлық қызметтер көрсету шарттарының бір бөлігін орындауын;
б) аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың қызметкерлері болып табылатын аудиторлардың жұмыс сапасын тексеруді қамтуға тиіс.
4. Мүше мемлекет:
а) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
б) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органды (органдарды) айқындайды. Мүше мемлекеттің мемлекеттік органдары, аудиторлардың кәсіптік бірлестіктері (өзін-өзі реттейтін ұйымдар) және басқа да ұйымдар аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органдар бола алады.
5. Аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мүше мемлекеттің органы осы мүше мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыратын басқа мүше мемлекеттердің аудиторлық ұйымдарының, жеке аудиторларының жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
6. Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы тексеруге қатысу және ықпал ету шараларын қолдану туралы шешім қабылдау кезінде консультациялар жүргізу тетігін қоса алғанда, олардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мүше мемлекеттер органдарының өзара іс-қимыл тәртібі Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауға қойылатын талаптар
1. Мүше мемлекет аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыру кезінде мынадай негізгі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді:
а) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органның өздеріне қатысты жұмыс сапасына сыртқы бақылау жүзеге асырылатын аудиторлық ұйымдардан, жеке аудиторлардан тәуелсіздігі;
б) мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған аудиторлық кәсіптен тәуелсіз органға аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органның есептілігі;
в) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органның мүше мемлекетте аудиторлық қызметті жүзеге асыратын барлық аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың бақылауында болуы;
г) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органның қажетті қаржы, материалдық және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі;
д) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын адамдардың кәсіптік құзыреттілігінің тиісті деңгейі;
е) аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс сапасына сыртқы тексеру жүргізу үшін адамдарды тағайындау, оның ішінде осындай тұлғалар мен өздеріне қатысты жұмыс сапасына сыртқы бақылау жүзеге асырылатын аудиторлық ұйым, жеке аудитор арасында мүдделер қақтығысының туындауын болғызбауды қамтамасыз ететін рәсімінің айқындығы;
ж) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органның аудиторлық ұйым, жеке аудитор жұмысының сапасына сыртқы тексеру нәтижелері туралы есептілігі;
з) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың жұмыс сапасын сыртқы бақылаудың жалпы нәтижелерінің ашықтығы;
и) аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді аудиторлық ұйымдар, жеке аудиторлар жұмысының сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын орган белгілеген мерзімде міндетті түрде жоюы.
2. Жұмыс сапасын сыртқы тексеру:
а) аудиторлық ұйымға қатысты – тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде, бірақ 5 жылда кемінде 1 рет;
б) жеке аудиторға қатысты – 7 жылда кемінде 1 рет тағайындалуға тиіс.
3. Аудиторлық ұйымға немесе жеке аудиторға қатысты жұмыс сапасын сыртқы тексеру аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын органға келіп түскен жазбаша шағымның негізінде тағайындалуы мүмкін.
4. Аудиторлық ұйымның, жеке аудитордың жұмыс сапасын сыртқы тексерудің көлемі өздеріне қатысты жұмысы сапасына сыртқы бақылау жүзеге асырылатын аудиторлық ұйым, жеке аудитор қызметінің ауқымы мен күрделілігіне сәйкес келуге тиіс.
Аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың, аудиторлардың жауапкершілігі
Аудиторлық ұйым, жеке аудитор, аудитор мүше мемлекеттердің аудиторлық қызмет туралы заңнамасының, аудиторлық қызмет стандарттарының талаптарын, аумағында бұзушылық жасалған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес аудиторлардың тәуелсіздігі мен кәсіптік әдебіне қойылатын талаптарды бұзғаны үшін жауаптылықта болады.
Аудиторлық ұйымға, жеке аудиторға, аудиторға қатысты ықпал ету шаралары
1. Мүше мемлекет мүше мемлекеттің аудиторлық қызмет туралы заңнамасының, аудиторлық қызмет стандарттарының талаптарын, аудиторлардың тәуелсіздігі мен кәсіптік әдебіне қойылатын талаптарды бұзуға жол берген аудиторлық ұйымға, жеке аудиторға, аудиторға қатысты ықпал ету шараларын (бұдан әрі – ықпал ету шаралары) қолдануға уәкілетті органдардың осындай шараларды қолдануды қамтамасыз етеді.
2. Ықпал ету шараларын бұзушылық анықталған мүше мемлекеттің аудиторлық ұйымына, жеке аудиторына, аудиторына қатысты ықпал ету шараларын қолдануға уәкілетті орган осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қолданады.
3. Мүше мемлекет ықпал ету шараларын және оларды қолдану тәртібін айқындайды. Бір мүше мемлекеттің екінші мүше мемлекеттің аумағында аудиторлық қызметті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдарына, жеке аудиторларына осы екінші мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген барлық ықпал ету шаралары қолданылады.
4. Мүше мемлекет ықпал ету шараларын айқындау кезінде кемінде мынадай мән-жайлардың ескерілуін қамтамасыз етеді:
а) жол берілген бұзушылықтың сипаты (оның ішінде жүйелілігі), қасақаналығы және ауырлық дәрежесі;
б) жол берілген бұзушылықтың ауырлығына ықпал ету шараларының сәйкестігі;
в) аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың, аудиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін негізсіз шектеуге жол бермеу;
г) жағымсыз салдардың басталуы (басталу қаупі);
д) бухгалтерлік (қаржылық) есептілікті пайдаланушыларға, аудиторлық ұйым, жеке аудитор көрсететін қызметтерді пайдаланушыларға, өзге де тұлғаларға келтірілген зиянды (залалды) өтеу.
5. Мүше мемлекет қолданылатын ықпал ету шаралары туралы ақпараттың ашылуын қамтамасыз етеді.
Мүше мемлекеттегі аудиторлық қызметті реттеу
1. Мүше мемлекет аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органды (органдарды) айқындайды. Аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті орган (органдар) мүше мемлекеттің мемлекеттік органы, осы мақсаттар үшін арнайы құрылған ұйым болуы мүмкін.
2. Аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті орган аудиторлық ұйымдарға, жеке аудиторларға, аудиторларға, аудиторлардың кәсіптік бірлестіктеріне (өзін-өзі реттейтін ұйымдарға) тәуелді болмауға тиіс.
3. Аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларға:
а) аудиторлық қызмет саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу;
б) аудиторлық қызметті реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау (егер мүше мемлекеттің заңнамасында осындай құқық аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті орган үшін белгіленсе), сондай-ақ аудиторлардың тәуелсіздігі мен кәсіби әдебіне қойылатын талаптарды белгілеу;
в) мүше мемлекеттегі көрсетілетін аудиторлық қызметтер нарығының жай-күйін талдау;
г) басқа да мүше мемлекеттердің аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасау;
д) осы Келісімде және (немесе) мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де функциялар жатады.
4. Аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру үшін мүше мемлекет аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органға аудиторлық ұйымдардан, жеке аудиторлардан, аудиторлардан, аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерінен (өзін-өзі реттейтін ұйымдардан) қажетті ақпарат пен құжаттарды сұрату құқығын беруге, сондай-ақ аудиторлық ұйымдарды, жеке аудиторларды, аудиторларды, аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерін (өзін-өзі реттейтін ұйымдарды) көрсетілген органға осындай ақпарат пен құжаттарды беруге міндеттеуге тиіс.
Аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерінің (өзін-өзі реттейтін ұйымдардың) аудиторлық қызметті реттеуге қатысуы
1. Мүше мемлекеттер аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерін
(өзін-өзі реттейтін ұйымдарды) құруға және олардың өз қызметін жүзеге асыруына ықпал етеді.
2. Мүше мемлекеттер аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерінің
(өзін-өзі реттейтін ұйымдардың) аудиторлық қызметті реттеуге қатысуы үшін жағдайларды қамтамасыз етеді, атап айтқанда мынадай мүмкіндіктерді ұсынады:
а) аудиторлық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысу;
б) аудиторлық қызметті реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;
в) мүше мемлекеттегі аудиторлық көрсетілетін қызметтер нарығының жай-күйін талдауға қатысу;
г) мүше мемлекеттің аудиторлық қызмет туралы заңнамасын және аудиторлық қызмет стандарттарын қолдану практикасын қорытындылау;
д) мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдарында осындай бірлестіктер мүшелерінің мүдделерін білдіру.
3. Мүше мемлекет осы Келісімнің 29-бабының 2-тармағында көзделген талапты ескере отырып, аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органға аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі жекелеген функцияларды орындауды аудиторлардың кәсіптік бірлестіктеріне (өзін-өзі реттейтін ұйымдарға) беру құқығын ұсына алады.
Егер аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті орган аудиторлардың кәсіптік бірлестіктеріне (өзін-өзі реттейтін ұйымдарға) аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі қандай да бір функцияны орындауға өкілеттік берсе, көрсетілген орган:
аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды орындауды кез келген уақытта қайта бастау мүмкіндігіне ие болуға;
аудиторлардың кәсіптік бірлестіктерінің (өзін-өзі реттейтін ұйымдардың) берілген функцияны жүзеге асыруына жүйелі бақылауды жүзеге асыруға тиіс.
Аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы
1. Мүше мемлекет аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органдарға басқа мүше мемлекеттердің тиісті органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру құқығын береді.
2. Мүше мемлекетте аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті бірнеше орган болған жағдайда, мүше мемлекет басқа мүше мемлекеттердің аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жауапты уәкілетті органды айқындайды.
3. Мүше мемлекет басқа мүше мемлекеттерді және Комиссияны аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органдар және басқа мүше мемлекеттердің аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жауапты орган туралы хабардар етеді.
4. Аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
Аудиторлық қызметті ішкі реттеудің ерекшеліктері
1. Армения Республикасы өз заңнамасында бухгалтерлік қызметтер көрсететін ұйымдарға Армения Республикасында аудитке ілеспе қызметтер көрсету құқығын беруге құқылы.
2. Мүше мемлекет өзінің заңнамасында шетелдік аудиторлық ұйымдарға аудиторлық ұйымдардың жарғылық (жинақтамалы) капиталында 49 пайыздан астам қатысу үлесіне ие болу құқығын беруге құқылы, олар туралы мәліметтер осы мүше мемлекеттің аудиторлық ұйымдарының, жеке аудиторлары мен аудиторларының тізіліміне енгізіледі. Көрсетілген аудиторлық ұйымдар аудиторлық қызметті өздері аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген мүше мемлекетте ғана жүзеге асыруға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы өз заңнамасына сәйкес аудиторлар ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысуға ниет білдірген жеке тұлғаларға қатысты осы Келісімнің 8-бабы 2-тармағының екінші абзацында көзделген талапты қолданбауға құқылы. Өздері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының аудиторлық ұйымдарының, жеке аудиторлары мен аудиторларының тізіліміне енгізілген, бірақ көрсетілген талапқа сәйкес келмейтін тұлғалардың аудиторлық қызметті тек Қазақстан Республикасында ғана жүзеге асыруға қатысуға құқығы бар.
4. Армения Республикасы, Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасы өз заңнамасында, тиісінше Армения Республикасында, Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасында аудиторлық ұйым ретінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру құқығын алу үшін Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының немесе Қырғыз Республикасының заңды тұлғасында еңбек шарттары негізінде негізгі жұмыс орны бойынша оның жұмыскерлері болып табылатын аудиторлардың саны
3 адамнан кем болуы мүмкін деп белгілеуге құқылы. Көрсетілген аудиторлық ұйымдар аудиторлық қызметті өздері аудиторлық ұйымдардың, жеке аудиторлардың және аудиторлардың тізіліміне енгізілген мүше мемлекетте ғана жүзеге асыруға құқылы.
5. Қазақстан Республикасында бағалау қызметі бойынша қызметтерді мүше мемлекеттердің аудиторлық ұйымдары, жеке аудиторлары, оның ішінде Қазақстан Республикасының аудиторлық ұйымдары, жеке аудиторлары көрсетуге құқылы емес.
1. Осы Келісім күшіне енген күні аудиторлық ұйымдар, жеке аудиторлар, аудиторлар болып табылатын тұлғалар осы Келісім күшіне енгеннен кейін аудиторлық қызметті жүзеге асыру (аудиторлық қызметті жүзеге асыруға қатысу) құқығын өзінде сақтайды.
2. Үміткерлердің осы Келісім күшіне енген күні жарияланған біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері осы Келісім күшіне енгеннен кейін жарамды.
3. Аудиторлардың осы Келісім күшіне енген күнге дейін оқудан өткенін растайтын құжаттар мен өзге де ақпарат осы Келісім күшіне енгеннен кейін жарамды.
4. Осы Келісімнің 14-бабының 4-тармағында, 25-бабының 6-тармағында, 31-бабының 4-тармағында көзделген халықаралық шарт күшіне енген күнге дейін мүше мемлекеттер органдарының өзара іс-қимылы 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 68-бабының ережелері негізінде жүзеге асырылады.
Осы Келісімді түсіндірумен және (немесе) қолданумен байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
1. Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін, бұлар осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.
3. Осы Келісім, аудит саласындағы көрсетілетін қызметтерді Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірыңғай көрсетілетін қызметтер нарығы жұмыс істейтін көрсетілетін қызметтер секторларына (кіші секторларына) жатқызуды көздейтін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі күшіне енген күннен бастап күшіне енетін осы Келісімнің 3 – 9, 15 – 20-баптарын, 21-бабының 2 – 4-тармақтарын, 22 – 24-баптарын, 25-бабының 5-тармағын, 26-бабының 2 – 4-тармақтарын, 27, 28 және 32-баптарын қоспағанда, мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
20___ жылғы "__" ________ ______ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жолдайды.
Армения Республикасы үшін | Беларусь Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін | Қырғыз Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |