1994 жылы 12 мамырда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге хаттамаға (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу жөніндегі қағидалар) қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қарашадағы № 843 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 1994 жылы 12 мамырда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге хаттаманың (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу жөніндегі қағидалар) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа 1994 жылы 12 мамырда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге хаттамаға (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу жөніндегі қағидалар) қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 25 қарашадағы
№ 843 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

1994 жылы 12 мамырда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге хаттама (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу жөніндегі қағидалар)

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі 1994 жылғы 12 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің 12-бабын іске асыру мақсатында

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

Қамту


      1. Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптардың Көрсетілетін қызметтер саудасы жөніндегі бас келісімге (бұдан әрі "КСБК" деп аталады) сәйкес өздері нақты міндеттемелер қабылдаған секторлардағы лицензиялау талаптарына және рәсімдеріне, сондай-ақ біліктілік талаптарына және Уағдаласушы Тараптар арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасындағы рәсімдерге қатысты шараларға қолданылады.

      2. Осы Хаттама әмбебап көрсетілетін қызметтерге қолданылмайды.

2-бап

Анықтамалар

      1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:

      (a) "лицензиялау талаптары" қызмет көрсетуге рұқсат алу, өзгерту немесе ұзарту үшін жеке немесе заңды тұлға сақтауға тиіс біліктілік талаптарынан басқа негізгі талаптарды білдіреді;

      (b) "лицензиялық рәсімдер" лицензиялық талаптарға сәйкестігін көрсету үшін лицензияны өзгертуді немесе ұзартуды қоса алғанда, қызмет көрсетуге рұқсат сұраған жеке немесе заңды тұлға сақтауға тиіс әкімшілік немесе рәсімдік қағидаларды білдіреді;

      (c) "біліктілік талаптары" қызмет көрсетуге рұқсат алу мақсатында олардың орындалуын көрсету қажет жеке тұлғаның қызмет көрсетуге қатысты құзыретіне жататын негізгі талаптарды білдіреді;

      (d) "біліктілік рәсімдері" қызмет көрсетуге рұқсат алу мақсатында біліктілік талаптарына сәйкестігін көрсету үшін жеке тұлға сақтауға тиіс әкімшілік немесе рәсімдік қағидаларды білдіреді;

      (e) осы Хаттамада пайдаланылатын басқа терминдерді КСБК жазылған, mutatis mutandis анықтамаларға сәйкес түсіну керек.

      2. Осы бапта ешнәрсе Уағдаласушы Тараптың өзінің ішкі заңнамасында осындай анықтамалар болуы тиіс деген тұжырым ретінде түсіндірілмейді.

3-бап

КСБК-ге қатынасы

      КСБК-нің тиісті ережелері, атап айтқанда, тиісті анықтамалары, VІ, ІІІ, IIIbis, XIV, XIVbis баптарының (1), (2), (3) және (6) тармақтары және КСБК қаржылық қызметтер туралы қосымшасының "Ішкі реттеу" бабы осы Хаттамаға енгізілді және mutatis mutandis қолданылады.

4-бап

Мақсаттары мен жалпы ережелері

      1. Ұлттық саясаттың мақсаттарына қол жеткізу үшін және КСБК бойынша олардың міндеттері мен міндеттемелеріне сәйкес өз мемлекеттерінің аумақтарында қызметтер ұсынуға қатысты реттеу және жаңа қағидаларды енгізу құқығын мойындай отырып, Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманың 1-бабында көрсетілген шаралардың басқарылмауын немесе олардың арасында көрсетілетін қызметтер саудасы үшін қажетсіз кедергілерді жасау мақсатында қолданылмауын немесе сондай әсерінің болмауын қамтамасыз ету жолымен көрсетілетін қызметтер саудасын оңайлату мақсатында осы Хаттамамен келісті.

      2. Уағдаласушы Тараптар 1-бапта көрсетілген шаралардың:

      (a) өздерінің тиісті ұлттық заңнамасында баяндалуын;

      (b) құзыреттілік және қызмет көрсету қабілеті сияқты объективті және айқын өлшемшарттарға негізделуін;

      (c) көрсетілетін қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін қажет ауыртпалықтан артық болмауын; сондай-ақ

      (d) олар қолданылатын қызметтерді көрсетуге қатынасы болуын қамтамасыз етеді.

5-бап

Лицензияланған талаптар

      Егер Уағдаласушы Тарап қызмет көрсету үшін лицензиялық талаптар қойса, ол екінші Уағдаласушы Тараптың өтініш берушілерінің осындай талаптарды орындауын тексеру үшін барабар рәсімдердің болуын қамтамасыз етеді.

6-бап

Біліктілік талаптары

      Егер Уағдаласушы Тарап қызмет көрсету үшін біліктілік талаптарын қойса, ол екінші Уағдаласушы Тараптың өтінім берушілерінің біліктілігін тексеру үшін барабар рәсімдердің болуын қамтамасыз етеді. Өтініш берушінің біліктілігін тексеру кезінде құзыретті органдар білімінен, емтихандар мен өзге біліктіліктерден басқа, өтініш берушінің тиісті кәсіптік тәжірибесіне лайықты назар аударуы қажет. Егер құзыретті органдар басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында тиісті кәсіптік қауымдастықтарға немесе тізілімге мүшелігі өтініш берушінің құзыреттілік деңгейін немесе тәжірибесін көрсетеді деп санаса, мұндай мүшелік те назарға алынуға тиіс.

7-бап

Лицензиялық және біліктілік рәсімдері

      1. Орындауға жататын талаптар мен бағалауға жататын өлшемшарттардың ерекшелігін назарға алу қажеттігін мойындай отырып, әрбір Уағдаласушы Тарап лицензиялау және біліктілік рәсімдерінің, оның ішінде қолданылатын жерде ұзарту рәсімдерінің мүмкіндігінше қарапайым, ақылға қонымды, түсінікті болуын және олар көрсетілетін қызметтерді жеткізуді шектейтін болып табылмауын қамтамасыз етеді. Әрбiр Уағдаласушы Тарап мұндай рәсiмдердің лицензиялық талаптарды немесе тиісінше, қызметтер көрсетуді жеткізу үшін бiлiктiлiк талаптарын сақтау үшiн қажеттiден артық ауыртпалық түсірмеуін қамтамасыз етеді.

      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап лицензиялау немесе біліктілік процесiнде құзыретті органдар пайдаланатын рәсімдердің және олармен байланысты шешiмдердің барлық өтініш берушілерге қатысты бейтарап болуын қамтамасыз етедi. Лицензиялау рәсімдері жағдайында құзыретті органдар операциялық тұрғыдан тәуелсіз болуға және лицензия алуы қажет көрсетілетін қызметті жеткізушінің ешқайсысына есепті болмауға тиіс.

      3. Әрбiр Уағдаласушы Тарап іс жүзінде қаншалықты мүмкiн болса, өтiнiш берушiге лицензиялық немесе бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн көрсету мақсатында әрбір өтінім бойынша біреуден артық құзыреттi органға жүгіну бойынша талап қоюдан аулақ болады.

      4. Әрбiр Уағдаласушы Тарап іс жүзінде қаншалықты мүмкiн болса, электрондық форматтағы өтінімдерді қағаз нысандағы өтінімдер сияқты теңтүпнұсқалылық шарттарында қабылдайды.

      5. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өзiнiң iшкi заңнамасына сәйкес құжаттардың теңтүпнұсқасының орнына куәландырылған көшiрмелерін қабылдайды.

      6. Әрбiр Уағдаласушы Тарап тиiстi көрсетілетін қызметті қадағалауға арналған шығыстарды қоса алғанда, лицензия алуға арналған өтiнiмдi толтыруға және қарауға байланысты алымдардың және бiлiктiлiк рәсiмдерi үшiн алынатын алымдардың құзыреттi органдар шеккен шығындарға мөлшерлес болуын қамтамасыз етедi.

      7. Әрбiр Уағдаласушы Тарап іс жүзінде қаншалықты мүмкiн болса, өтiнiш берушiге кез келген уақытта лицензиялауға немесе оның бiлiктiлiгiн тексеруге өтінім беруге рұқсат етуге тиіс.

      8. Әрбір Уағдаласушы Тарап, егер емтихандар талап етілсе, біліктілікті тексеру емтиханының:

      (a) ақылға қонымды уақыт аралығында жоспарлануын;

      (b) Уағдаласушы Тараптардың құқығы бар барлық өтініш берушілеріне қолжетімді болуын; сондай-ақ

      (c) емтихандарды тапсыруға өтінім беру үшін өтінім берушілерге ақылға қонымды мерзім берілуін қамтамасыз етеді.

      9. Әрбiр Уағдаласушы Тарап, іс жүзінде қаншалықты мүмкін болса, өтiнiмдi өңдеудің стандартты мерзiмдерін белгiлейдi.

      10. Әрбiр Уағдаласушы Тарап құзыреттi органдардың:

      (a) негізсіз кідірістерсіз өтінімдерді өңдеуге бастама жасауын; сондай-ақ

      (b) өтiнiш берушiнiң сұрауы бойынша негiзсiз кiдiрiссіз өтiнiмнiң мәртебесi туралы ақпарат беруiн қамтамасыз етеді.

      11. Құзыретті органдар өздері толық емес деп санайтын өтінімдерді алғаннан кейін ақылға қонымды мерзімде:

      (a) өтініш берушіге өтінімнің толық емес болып саналатынын хабарлайды;

      (b) іс жүзінде қаншалықты мүмкiн болса, өтінімді толтыру үшін қажетті қосымша ақпаратты көрсетеді; сондай-ақ

      (c) өтініш берушіге өзінің өтінімін толықтыру немесе қажет болған жағдайда жаңа өтінім беру мүмкіндігін ұсынады.

      12. Әрбiр Уағдаласушы Тарап түпкiлiктi шешiм қабылдауды қоса алғанда, лицензиялауға арналған өтiнiмдi өңдеу толық өтiнiм берілген сәттен бастап ақылға қонымды мерзімде аяқталуын қамтамасыз етедi. Түпкілікті шешім туралы өтініш берушіге негізсіз кідіріссіз хабарланады. Әрбiр Уағдаласушы Тарап лицензия барлық қолданылатын талаптар орындалғаннан кейін ұсынылатынына және берілгеннен кейін онда көрсетілген ережелер мен шарттарға сәйкес негiзсiз кiдiрiссіз күшiне енетініне кепілдік береді.

      13. Әрбiр Уағдаласушы Тарап біліктілікті тексеруге арналған өтiнiмдi өңдеу толық өтiнiм берiлген сәттен бастап ақылға қонымды уақыт кезеңi iшiнде аяқталуын қамтамасыз етедi. Қолданылатын біліктілік талаптары орындалғаннан кейін өтініш беруші дереу хабардар етілуге және қолданылатын біліктілік талаптарынан басқа барлық қолданылатын талаптар да орындалған жағдайда қызметті көрсету құқығына ие болуға тиіс.

      14. Егер құзыретті орган лицензиялауға немесе біліктілікті тексеруге арналған өтінімді қабылдамаса, ол:

      (а) өтініш берушіні негізсіз кідіріссіз және іс жүзінде қаншалықты мүмкiн болса, жазбаша нысанда хабардар етуге;

      (b) өтініш берушіге сұрау салу бойынша өтінімді қабылдамау себептері туралы хабарлауға және егер жарамды болса, кез келген кемшіліктерін хабарлауға;

      (c) өтініш берушіге кез келген қолжетімді шағымдану немесе қайта қарау мерзімдері туралы хабарлауға; сондай-ақ

      (d) лицензиялардың саны шектелген лицензиялық рәсімдер жағдайын қоспағанда, өтініш берушіге ақылға қонымды мерзімде жаңа өтінім оның ішінде жария сауда-саттықта беруге рұқсат беруге тиіс.

8-бап

Транспаренттілік

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап 1-бапта жазылған жалпы қолданылатын барлық шараларды, сондай-ақ осы шараларға қатысты толық ақпаратты баспа немесе электрондық құралдарды пайдалана отырып дереу жариялауға тиіс. Жариялау іс жүзінде мүмкін болмаған жағдайларда, мұндай ақпарат кез келген тәсілмен жариялануға тиіс және мыналарды:

      (a) қызмет көрсету үшін ұзарту қолданылған кезде оны қоса алғанда, қандай да бір рұқсат талап етілетінін;

      (b) тиісті құзыретті органдардың ресми атауын, мекенжайын және байланыс деректерін;

      (c) өлшемшарттар мен алымдарды қоса алғанда, қолданылатын лицензиялық талаптар мен рәсімдерді;

      (d) өлшемшарттар мен алымдарды қоса алғанда, қолданылатын біліктілік талаптары мен рәсімдерін;

      (e) лицензия алуға арналған өтінімдерге қатысты шешімдерге шағымдану немесе қайта қарау бойынша, сондай-ақ біліктілікті тексеру және бағалаудың қолданылатын рәсімдерін;

      (f) лицензиялар шарттарының сақталуын бақылау мен қамтамасыз етудің және осындай шарттар немесе талаптар сақталмаған жағдайда көрсетілетін қызметтерді жеткізушілерді хабардар ету рәсімдерін қоса алғанда, біліктілік талаптарын үнемі орындаудың қолданылатын рәсімдерін;

      (g) қажет болған жағдайда лицензиялау процесіне жұртшылықтың қатысуы қалай қамтамасыз етілетінін, мысалы, тыңдаулар өткізу және түсініктемелер үшін мүмкіндік беру; және

      (h) өтінімді өңдеу үшін қолдануға белгіленген мерзімді қамтуы тиіс.

      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың 1-бабында жазылған өзінің шараларына қатысты Уағдаласушы Тараптың көрсетілетін қызметтерді жеткізушілерінің сұрау салуларына жауап беру үшiн тиiстi тетiктерді қолдауға немесе жасауға тиіс.

      3. Әрбiр Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың қолданылу аясына жататын мәселелерге қатысты қабылдауды ұсынатын заңдар мен жалпы қолданылатын қағидалардың алдын ала жариялануын қамтамасыз етуге ұмтылуға тиіс. Әрбiр Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптың көрсетілетін қызметтерді жеткізушілеріне осындай ұсынылатын заңдар мен қағидаларға түсініктеме беруге және алынған түсініктемелерде көтерілген маңызды мәселелердi ұжымдық түрде жазбаша нысанда талқылауға ақылға қонымды мүмкіндік беруге ұмтылатын болады.

9-бап

Күшіне енуі

      Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптардың дипломатиялық арналар арқылы жіберілген, осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғанын растайтын жазбаша хабарламалардың соңғысын алған күннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.

10-бап

Түзетулер

      Осы Хаттамаға кез келген өзгеріс Уағдаласушы Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша қабылдануы мүмкін. Барлық өзгерістер осы Хаттаманың ажырамас бөлігі болып табылады. Кез келген өзгеріс осы Хаттаманың күшіне енуі үшін белгіленген рәсімге сәйкес күшіне енеді.

11-бап

Қолданылуын тоқтату

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ету арқылы осы Хаттаманың қолданысын тоқтата алады. Осы Хаттаманың қолданысын тоқтату хабарлама алынғаннан кейін алты ай өткен соң күшіне енеді.

      2. Егер өзгеше келісілмесе, 1994 жылғы 12 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданысын тоқтату, ipso facto, осы Хаттаманың қолданысын тоқтатады.     

      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойған уәкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.

      20_____ ___ ____ әрқайсысы қазақ, француз және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтiндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің күші басым болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Швейцарияның ФедералдықКеңесі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады