Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 желтоқсандағы № 862 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы Мусин Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 3 желтоқсандағы
№ 862 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      ұлттық және бірлескен ғарыш бағдарламаларын, жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру үшін күш-жігерді біріктіруге өзара мүдделілікті ескере отырып,

      екі мемлекет халықтарының мүддесінде ғарыш кеңістігін зерттеуде және ғарыш технологияларын қолдануда ынтымақтастық орнатуға өзара ықылас білдіре отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ғылыми-техникалық және өндірістік кооперациялық дамудың және олардың арасындағы ынтымақтастық нысанын дәйекті жетілдірудің маңыздылығын ұғына отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Ынтымақтастық негіздері

      Осы Келісім Тараптардың ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу мен пайдалану, өз мемлекеттері экономикасының, ғылымының прогресі, қауіпсіздігі мен әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету мүдделерінде ғарыш технологияларын әзірлеу мен енгізу саласындағы ынтымақтастықты реттейді.

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары сақтала отырып, Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындауы үшін нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады.

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық:

      Тараптар мемлекеттерінің тең құқылығы мен мүдделерін өзара есепке алу;

      бірлескен ғарыш қызметін мемлекеттік қолдау;

      ынтымақтастықтың ұйымдық және экономикалық нысандарын ұтымды таңдау;

      осы Келісім шеңберінде бірлескен жобаларды, бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асыру процесінде берілген және құрылған меншік, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтарын реттеу және қорғау;

      жүзеге асырылатын бірлескен қызметтің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

2-бап

Құзыретті органдар

      Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдары:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;

      Өзбекстан тарапынан – Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Ғарыштық зерттеулер және технологиялар агенттігі ("Өзбеккосмос" агенттігі) болып табылады.

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында құзыретті органдар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес:

      осы Келісім шеңберінде бірлескен бағдарламаларды, жобалар мен іс-шараларды орындау үшін бас орындаушыларды – меншік нысандарына қарамастан, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тіркелген және қызметін жүзеге асыратын мемлекеттердің ұйымдарын тағайындайды;

      бірлескен ынтымақтастық бағдарламаларын, жобалары мен іс-шараларын жоспарлауды жүзеге асырады және іске асырылуын бақылайды;

      қажет болған жағдайда осы Келісімді іске асыруға байланысты қызметті үйлестіру мақсатында арнайы комиссиялар немесе жұмыс топтарын құрады.

      Құзыретті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

      Осы Келісім шеңберінде нақты ынтымақтастық бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру құзырлы органдар немесе бас орындаушылар арасындағы жекелеген келісімдердің (келісімшарттардың) нысанасын құрайды.

3-бап

Ынтымақтастық бағыттары

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықтың бағыттары:

      ғарыш саласының әртүрлі бағыттарында кадрлар даярлау және қайта даярлау;

      астрофизикалық зерттеулер мен планеталарды зерттеуді қоса алғанда, ғарыш ғылымы мен ғарыш кеңістігін зерттеу;

      Жерді қашықтықтан зондтау;

      ғарыш аппараттарын, шығару құралдарын және ғарыш қызметіне байланысты өзге де жабдықтарды әзірлеу;

      жерүсті ғарыш инфрақұрылымын құру және дамыту;

      ғарыш аппараттары мен ғылыми аппаратураны ұшыру;

      спутниктік навигациялық жүйелер мен технологиялар;

      спутниктік байланыс және хабар тарату жүйелері мен технологиялар;

      ғарыш ортасын бақылауды, оған техногендік әсердің алдын алуды және қысқартуды қоса алғанда, оны қорғау;

      ғарыш саласы қызметіндегі стандарттау;

      жаңа ғарыш техникасы мен технологияларын құру жөніндегі бірлескен қызмет нәтижелерін пайдалану болып табылады;

      осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың басқа салалары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өзара уағдаластығы бойынша айқындалады.

4-бап

Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісім шеңберінде Тараптардың өзара іс-қимылы:

      бірлескен бағдарламаларды, жобалар мен іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;

      ғылыми және техникалық ақпарат, арнайы білім, эксперименттік деректер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін және ғарыш техникасы мен технологияларының әртүрлі салаларындағы материалдар алмасу;

      ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу мен пайдаланудың мемлекеттік бағдарламаларына, сондай-ақ ғарыш технологияларын практикалық қолдану және ғарыш инфрақұрылымын дамыту саласындағы халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қол жеткізуді өзара қолдау;

      ғарыш аппараттарын ұшыру және басқару үшін жерүсті объектілері мен жүйелерін пайдалану;

      симпозиумдар, конференциялар және басқа да осындай іс-шаралар өткізу, кадрлар даярлауды ұйымдастыру, мамандар мен ғалымдар алмасу, арнаулы көрмелерге, жәрмеңкелерге және басқа да осындай іс-шараларға қатысу;

      ғарыш қызметін жүзеге асыруда өзара техникалық жәрдем мен көмек көрсету және ғарыш технологиялары мен көрсетілетін қызметтерінің халықаралық нарығында әріптестіктің әртүрлі нысандарын дамыту;

      осы Келісім шеңберінде бірлескен қызметті іске асыруға тартылған Тараптар мемлекеттерінің министрліктері, ведомстволары, кәсіпорындары мен ұйымдары арасында тікелей байланыс орнату нысандарында жүзеге асырылады.

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өзара уағдаластық бойынша осы Келісімнің ережелеріне сәйкес ынтымақтастықтың өзге де нысандарын қосымша айқындай алады.

5-бап

Зияткерлік меншік

      Осы Келісімді іске асыру шеңберінде берілетін және жасалған зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелеріне және заңнамаларына сәйкес қамтамасыз етіледі.

      Бірлескен жобалар, бағдарламалар мен іс-шаралар шеңберінде берілетін және жасалатын зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бөлу, пайдалану және оларға иелік ету шарттарын құзыретті органдар немесе бас орындаушылар жекелеген келісімдерде немесе келісімшарттарда (шарттарда) айқындайды.

6-бап

Ғылыми және техникалық ақпарат алмасу

      Тараптар таратылуы шектелген ақпарат пен мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, осы Келісім шеңберінде бірлескен қызметке жататын ақпарат алмасуға ықпал етеді.

      Бірлескен жобаларды, бағдарламалар мен іс-шараларды іске асыру кезінде алынған ғылыми және техникалық ақпарат Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарына қолжетімді болып табылады.

      Осы Келісім шеңберінде құпия ақпарат алмасу және онымен жұмыс істеу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және бірлескен жобалар, бағдарламалар мен іс-шаралар бойынша жекелеген келісімдермен регламенттелуі мүмкін.

      Бір Тарап мемлекетінің құзыретті органының немесе бас орындаушыларының екінші Тараптың құзыретті органының немесе бас орындаушыларының алдын ала келісімінсіз бірлескен жобалардың, бағдарламалар мен іс-шаралардың мазмұны туралы, оларды жүзеге асыру барысында алынған нәтижелер мен деректер туралы мәліметтерді, сондай-ақ осы Келісім шеңберінде алмасу жүзеге асырылатын ақпаратты үшінші тарапқа беруге немесе жариялауға құқығы жоқ.

      Құпия ақпаратты белгілеу үшін жауапкершілік ақпараты осындай құпиялылықты талап ететін Тарапқа жүктеледі. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес құпия ақпаратты қамтитын бүкіл хат алмасудың құпиялығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

7-бап

Мүлікті қорғау және технологияларды сақтау жөніндегі шаралар

      Тараптар өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес өз аумағында орналасқан және осы Келісім шеңберінде бірлескен қызметте пайдаланылатын екінші Тарап мүлкінің құқықтық және физикалық қорғалуына жәрдемдеседі.

      Бірлескен қызмет шеңберінде пайдаланылатын мүлікті қорғау мәселелері нақты ғарыш жобаларын іске асыру жөніндегі жекелеген келісімдерде немесе келісімшарттарда регламенттелуі мүмкін.

      Тараптар бірлескен қызмет шеңберінде қажет болған жағдайда технологияларды қорғау жөніндегі шаралар туралы келісімдер жасасады немесе оны жасасуда бас орындаушыларға жәрдемдеседі.

8-бап

Экспорттық бақылау

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты Тараптар өз мемлекеттерінің экспорттық бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес және Тараптар мемлекеттерінің тиісті халықаралық-құқықтық міндеттемелеріне нұқсан келтірмей жүзеге асырады.

9-бап

Қаржыландыру

      Бірлескен жобаларды, бағдарламалар мен іс-шараларды іске асыруға байланысты қызмет келісімшарттық (шарттық) негізде Тараптар мемлекеттерінің бюджет қаражаты (Тараптар мемлекеттерінің бюджет заңнамасы шеңберінде), сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес бюджеттен тыс көздер есебінен қаржыландырылуы мүмкін.

      Тараптар мемлекеттерінің бірлескен жобалар, бағдарламалар мен іс-шаралар бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті қаржы қаражатының көлемі үлестік қатысу қағидатын ескере отырып және Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының мүддесіне сай орындалатын жұмыстар көлеміне сүйене отырып айқындалады.

      Осы бапта ешнәрсе Тараптар мемлекеттері үшін осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылатын ынтымақтастықты бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз етудің қосымша міндеттемелерін жасаушы ретінде түсіндірілмейді.

10-бап

Дауларды реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

      Тараптар кез келген мән-жайларда біржақты іс-қимыл жасамайды және кез келген ықтимал дауды реттеу үшін рәсімді келісуге ұмтылады.

11-бап

Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша тиісті хаттамалармен ресімделіп, осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

Қорытынды ережелер

      Осы Келісім он жылға жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді. Бұдан әрі оның қолданысы, егер Тараптардың ешқайсысы кезекті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату туралы өз ниетін екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарламаса, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда оның ережелері, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, барлық аяқталмаған бірлескен жобаларға, бағдарламалар мен іс-шараларға қолданылуын жалғастырады.

      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату қаржылық немесе өзге сипаттағы қолданыстағы шарттық міндеттемелерді біржақты тәртіппен қайта қарау немесе сақтамау үшін құқықтық негіз болмайды және оның қолданысы тоқтатылғанға дейін осы Келісім шеңберінде туындаған заңды және (немесе) жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      Келісімнің қолданылуы Тараптардың өзара келісуі бойынша не Тараптардың бірінің бастамасы бойынша болжамды тоқтатудан кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын жазбаша хабардар етілген жағдайда, мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

      2021 жылғы "___" __________ Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндерінің күші бірдей.

      Осы Келісім мәтіндерінің арасында алшақтық туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады