"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 27 желтоқсандағы № 933 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-1-баптың 2-тармағының 15-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "15-1) активтер, оның ішінде құқықтар (талаптар) бойынша берешекті қайта құрылымдауды жүргізуге, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны, комиссияны, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды), өзге де берешекті толық немесе ішінара есептен шығаруға және (немесе) олардың күшін жоюға, активтерді басқаруға және өткізуге, көрсетілген әрекеттер нәтижесінде туындайтын ықтимал зиянды мойындауға;";

      2) 8-бап мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:

      "7-1. Банктік қарыз шарты бойынша қамтамасыз ету болып табылған кепіл мүлкі оны өндіріп алуға өтініш беру нәтижесінде банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның меншігіне өткен жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым көрсетілген мүліктің банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның меншігіне өткен күнінен бастап үш жыл ішінде сауда-саттық (аукцион) жүргізу арқылы мұндай мүлікті өткізуге міндетті.

      Осы тармақтың талабы осы баптың 7-тармағында көзделген заңды тұлғалардың акциялары немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестері банктердің меншігіне өткен жағдайларға қолданылмайды.";

      3) 11-2-бап мынадай мазмұндағы 4-1 және 4-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "4-1. Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымы сенімгерлік басқару шарты шеңберінде осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес берілген банктік қарыз шарты бойынша және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару жөніндегі сервистік компания ретінде болуға құқылы.

      Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымы шарттарды тіркеу журналында барлық сенімгерлік басқару шарттарын тіркейді және сенімгерлік басқару шартында беру көзделген өзге де құжаттардың есебін жүргізеді.

      Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымы сенімгерлік басқару шарты шеңберінде:

      тараптардың келісімі бойынша осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлға сенімгерлік басқару шарты бойынша берген өкілеттіктер шеңберінде банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуге құқылы. Банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптары осы Заңның 34-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес қарыз алушы үшін жақсартылған жағдайларда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге жол беріледі;

      осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүдделерін сотта, оның ішінде берешекті өндіріп алу және (немесе) кепіл затын өндіріп алу процесінде білдіруге;

      борышкерден осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүддесі үшін берешекті өтеу есебіне қолма-қол ақшасыз нысандағы ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті кейіннен осындай ақшаны және (немесе) осындай мүлікті оның пайдасына бере отырып қабылдауға;

      бағалаушылардың, аудиторлардың, заңгерлердің және өзге де консультанттардың көрсетілетін қызметтерін пайдалануға;

      сенімгерлік басқару шартында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін, банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару жөніндегі сервистік компания ретіндегі банктің еншілес ұйымына сыйақыны, сондай-ақ сенімгерлік басқарумен байланысты шығыстарды банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) иеленген тұлға сенімгерлік басқару шартының талаптарына сәйкес төлейді (өтейді).

      Қарыз алушы және (немесе) оның өкілі:

      1) осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шартын жасасқан тұлғадан бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымы, оның орналасқан жері, онда қарыз алушының дербес деректерінің болуы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтерді алуға;

      2) бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін, сенімгерлік басқару шартына сәйкес сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын банктің еншілес ұйымына банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты көрсетілген шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішпен, мұндай өтінішті жасау себептерін негіздей отырып жүгінуге құқылы.

      4-2. Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымы қарыз алушылармен осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес жасалған сенімгерлік басқару шарты шеңберінде қарыз алушылармен өзара іс-қимылды "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 1, 2, 4-тармақтарында, 5-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 9) тармақшаларында және 6-тармағында көзделген талаптарды ескере отырып жүзеге асырады және сенімгерлік басқару шарты шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитор мен борышкердің банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді сақтауға міндетті.

      Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымы өзінің қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған не сот бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда:

      1) жоғарыда көрсетілген шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде:

      осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацында немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацында көрсетілген тұлғаға не оның нұсқауы бойынша жаңа сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаға сенімгерлік басқару шарты негізінде өз қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған не сот оның қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған күнгі бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымына берілген банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) бойынша барлық мәліметтер мен құжаттарды беруге;

      барлық жасалған сенімгерлік басқару шарттарын бұзуға міндетті.

      Осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацында немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацында көрсетілген тұлға не жаңа сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлға осы тармақтың екінші бөлігі 1) тармақшасының екінші абзацында көзделген жағдайда мәліметтер мен құжаттардың қабылдануын қамтамасыз етуге міндетті;

      2) жоғарыда көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде бұл туралы:

      осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шартында көзделген тәсілдерге сәйкес сенімгерлік басқару шарттары жасалған тұлғаларды;

      банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқару шарттары негізінде берілген борышкерлерді мына тәсілдердің бірімен:

      бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымының борышкерлермен байланыс орнатуға арналған телефон нөмірлерінен телефонмен сөйлесу арқылы;

      жеке кездесулер арқылы;

      жеке тұлға-борышкерге тұрғылықты жері (заңды мекенжайы) бойынша, заңды тұлға-борышкерге орналасқан жері (нақты мекенжайы) бойынша жіберілетін жазбаша (пошталық) хабарламалар арқылы;

      ұялы байланыс бойынша мәтіндік, дауыстық және өзге де хабарлар арқылы;

      Интернет желісі арқылы хабардар етуге міндетті.";

      4) 34-баптың 14-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) үшінші тұлғаға берілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының құқық (талап) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылады, ал банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына сәйкес берілген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниямен құқықтық қатынастарына қолданылады.

      Өзіне құқық (талап) берілген үшінші тұлғаның, сондай-ақ банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.";

      5) 36-1-бапта:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқықты (талапты) мынадай тұлғаларға:

      коллекторлық агенттікке;

      банкке;

      банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға;

      бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымына;

      екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымға;

      секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына;

      акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздарын сатып алуды жүзеге асыратын тұлғаға;

      жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәмілелер шеңберінде қаражатты банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда шартты түрде орналастыру арқылы жасалған банктік қарыз шарты бойынша жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына;

      жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты банктік қарыз шарты бойынша немесе заңды тұлғаның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес құнсыздану белгілері анықталған банктік қарыз шарты бойынша құқыққа (талапқа) қатысты, оның ішінде осындай тұлға алынған құқықты (талапты) бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге (бұдан әрі – банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компания) сенімгерлік басқаруға берген жағдайда, банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талапты) иеленген немесе туындаған (жасалған) кезде өзге тұлғаға беруін қоспағанда, банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талапты) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.

      Банктік қарыз шарттары бойынша құқықтар (талаптар) бір мезгілде:

      1) банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның жарғылық капиталының және (немесе) бас ұйымның меншікті капиталының мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең аз мәннен төмен емес мәнді құрайды;

      2) қызметті:

      банкке немесе банк холдингіне банктің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін еншілес ұйым құруына рұқсат берілген;

      коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілген кезден бастап 3 (үш) жыл бойы жүзеге асыру;

      3) банктік қарыз шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялар тізіліміне енгізген күнгі жағдай бойынша уәкілетті орган қолданған орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шараларының және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 211-1-бабында, 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалардың болмауы;

      4) банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның бірінші басшысында алынбаған немесе өтелмеген соттылықтың болмауы;

      5) банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келуі шарттары орындалған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінің оныншы абзацына сәйкес банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияға берілуі мүмкін.

      Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымдарына және банктік қарыз шарттары бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін сервистік компаниялар ретіндегі коллекторлық агенттіктерге қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      Уәкілетті орган осы Заңның және уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін, банктік қарыз шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялардың тізілімін (бұдан әрі – сервистік компаниялар тізілімі) жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      Банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияны сервистік компаниялар тізілімінен шығару сенімгерлік басқару шартын бұзу үшін негіз болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің оныншы абзацында көрсетілген тұлға банктік қарыз шарты бойынша өзіне берілген құқыққа (талапқа) қатысты кредитордың құқықтарын банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниямен жасалған сенімгерлік басқару шарты шеңберінде не оны осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға қайта беру арқылы өткізеді.

      Банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниямен сенімгерлік басқару шарты бұзылған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің оныншы абзацында көрсетілген тұлға банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын басқа сервистік компаниямен сенімгерлік басқару шартын жасасуға не құқықтарды (талаптарды) осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға қайта беруге міндетті.

      Осы тармақтың талаптары банктің құқықты (талапты) соңғы сатыдағы қарыз бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру жағдайларына қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мүлік кепілімен қамтамасыз етілген банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талапты) құқық (талап) берілгенге дейін соңғы алты ай ішінде бағалаушы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізген мүлік құнының бағалауынсыз осы баптың 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға беруге құқылы емес.";

      7-тармақта:

      3) тармақшаның екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Барлық құқықтар (талаптар) қарыз алушыға берілген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап) берілген тұлғаға өзінде бар барлық құжаттардың түпнұсқаларын береді, ал банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) осы баптың 4-тармағының бірінші бөлігінің оныншы абзацына сәйкес берілген жағдайда, көрсетілген құжаттарды банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияға береді.

      Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым), банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап) берілген тұлға, банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компания банктік қарыз шарты бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын жоғалтқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) құқықты (талапты) беру шартын жасасқаннан кейін әрбір қарыз алушы бойынша төлемдердің ашып жазылуын бере отырып, берешекті өтеу есебіне алынған ақшаны банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап) берілген тұлғаның банктік шотына аударуға міндетті.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқығы (талабы) берілген тұлғаның банктік қарыз шарты бойынша осындай құқықты (талапты) осы баптың 4-тармағында көзделген талаптарды сақтамай қайта беруіне тыйым салынады.";

      6) 50-баптың 4-тармағының екінші бөлігінде:

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) осы Заңның 36-1-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың кредит (қарыз) бойынша құқықтарды (талаптарды) беру (қайта беру) кезінде осы Заңның 36-1-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға осы кредитке (қарызға) байланысты ақпаратты беруі;";

      8-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8-2) осы Заңның 36-1-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың коллекторлық агенттікпен берешекті өндіріп алу туралы жасасқан шарт шеңберінде осы коллекторлық агенттікке немесе осы Заңның 36-1-бабына сәйкес банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияға сенімгерлік басқару шарты шеңберінде кредит (қарыз) бойынша ақпарат беруі;".

      2. "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      24-баптың 1-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-1. Коллекторлық агенттіктер және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялар банктік қарыз шарттары, микрокредит беру туралы шарттар бойынша банктерден, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардан сатып алынған құқықтар (талаптар) бойынша кредиттік бюроларға ұсынатын ақпаратта:

      1) берешекті иеленген күнгі негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) сомасын қамтитын берешектің жалпы сомасы;

      2) борышты иелену күні;

      3) борышты (кесте бойынша және нақты) өтеу күні;

      4) міндеттемелердің құрамы және оларды орындауды қамтамасыз ету тәсілдері туралы ақпарат;

      5) бар болса, кредиттік тарих субъектісі туралы жағымсыз ақпарат;

      6) тараптардың келісімі бойынша өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.".

      3. "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-бап мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Микрокредит беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылған кепіл мүлкі оны өндіріп алуды қолдану нәтижесінде микроқаржы ұйымының меншігіне өткен жағдайда микроқаржы ұйымы көрсетілген мүлік микроқаржы ұйымының меншігіне өткен күннен бастап үш жыл ішінде сауда-саттық (аукцион) өткізу арқылы осындай мүлікті өткізуге міндетті.

      Осы тармақта белгіленген талап ломбардтарға қолданылмайды.";

      2) 4-баптың 4-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-1. Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) үшінші тұлғаға берілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының құқық (талап) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылады, ал осы Заңның 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) басқаға берілген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниямен құқықтық қатынастарына қолданылады.

      Өзіне құқық (талап) берілген үшінші тұлғаның, сондай-ақ микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның Қазақстан Республикасының заңнамасында микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.";

      3) 9-1-бапта:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Микроқаржы ұйымының құқықты (талапты) мынадай тұлғаларға:

      екінші деңгейдегі банкке;

      коллекторлық агенттікке;

      микроқаржы ұйымына;

      секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына;

      микроқаржы ұйымы қамтамасыз етілген облигацияларды шығарған немесе қарыз алған кезде микрокредит беру туралы шарт бойынша талап ету құқықтарын кепіл ұстаушы заңды тұлғаға;

      қаражатты микроқаржы ұйымдарында шартты түрде орналастыру арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәміле шеңберінде жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына;

      жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты микрокредит беру туралы шарты бойынша немесе халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес құнсыздану белгілері анықталған заңды тұлғаның микрокредит беру туралы шарты бойынша құқыққа (талапқа) қатысты, оның ішінде осындай тұлға алынған құқықты (талапты) бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленген банктің еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге (бұдан әрі – микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компания) сенімгерлік басқаруға берген жағдайда, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талапты) иеленген немесе туындаған (жасалған) кезде өзге тұлғаға беруін қоспағанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талапты) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.

      Микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) бір мезгілде:

      1) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның жарғылық капиталының және (немесе) бас ұйымның меншікті капиталының мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең аз мәннен төмен емес мәнді құрайды;

      2) қызметті:

      банкке немесе банк холдингіне банктің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін еншілес ұйым құруына рұқсат берілген;

      коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілген кезден бастап 3 (үш) жыл бойы жүзеге асыру;

      3) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялар тізіліміне енгізген күнгі жағдай бойынша уәкілетті орган қолданған орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шараларының және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 211-1-бабында, 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалардың болмауы;

      4) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның бірінші басшысында алынбаған немесе өтелмеген соттылықтың болмауы;

      5) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келуі шарттары орындалған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияға берілуі мүмкін.

      Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымдарына және микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін сервистік компаниялар ретіндегі коллекторлық агенттіктерге қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      Уәкілетті орган осы Заңның және уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін, микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялардың тізілімін (бұдан әрі – сервистік компаниялар тізілімі) жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияны сервистік компаниялар тізілімінен шығару сенімгерлік басқару шартын бұзу үшін негіз болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында көрсетілген тұлға кредитордың микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниямен жасалған сенімгерлік басқару шарты шеңберінде микрокредит беру туралы шарт бойынша өзіне берілген құқыққа (талапқа) қатысты құқықтарын немесе осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға қайта беру арқылы іске асырады.

      Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниямен сенімгерлік басқару шарты бұзылған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында көрсетілген тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын басқа сервистік компаниямен жаңа сенімгерлік басқару шартын жасасуға не осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға құқықтарды (талаптарды) қайта беруге міндетті.

      Осы тармақтың талаптары осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Микроқаржы ұйымы мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талапты) құқық (талап) басқаға берілгенге дейін соңғы алты ай ішінде бағалаушы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізген мүлік құнының бағалауынсыз осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға беруге құқылы емес.";

      8-тармақта:

      3) тармақшада:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қарыз алушыға қойылатын барлық құқықтар (талаптар) басқаға берілген жағдайда микроқаржы ұйымы өзінде бар барлық құжаттардың түпнұсқаларын микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) берілген тұлғаға береді, ал осы Заңның 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген жағдайда микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияға беріледі.";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) берілген тұлға, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компания микрокредит беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын жоғалтқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады;";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) құқықты (талапты) беру шартын жасасқаннан кейін әрбір қарыз алушы бойынша төлемдердің ашып жазылуын бере отырып, берешекті өтеу есебіне алынған ақшаны микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) берілген тұлғаның банктік шотына аударуға міндетті.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Микрокредит беру туралы шарт бойынша микроқаржы ұйымының құқығы (талабы) берілген тұлғаға осындай құқықты (талапты) осы баптың 5-тармағында көзделген талаптарды сақтамай басқаға беруге тыйым салынады.";

      4) 21-бапта:

      5-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-1. Микрокредит беру құпиясы банк омбудсманына оның қарауында жатқан, қарыз алушылардың – жеке тұлғалардың микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) осы Заңның 9-1-бабының 4-тармағында және
5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаға берілген шарттан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі өтініштері бойынша ашылуы мүмкін.";

      6-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы Заңның 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың микрокредитке байланысты ақпаратты осы Заңның 9-1-бабының 4-тармағында және 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға беруі;

      3) осы Заңның 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың коллекторлық агенттікпен берешекті өндіріп алу туралы жасасқан шарт шеңберінде осы коллекторлық агенттікке немесе осы Заңның 9-1-бабына сәйкес сенімгерлік басқару шарты шеңберінде микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компанияға микрокредит жөнінде ақпаратты беруі;".

      4. "Коллекторлық қызмет туралы" 2017 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Осы баптың 1, 2, 4-тармақтарының, 5-тармағы 1), 3), 4), 5), 6) және 9) тармақшаларының және 6-тармағының талаптары бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымдарына және банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялар ретіндегі коллекторлық агенттіктерге олар "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес жасалған сенімгерлік басқару шарты (бұдан әрі – сенімгерлік басқару шарты) бойынша сенімгерлік басқарушы өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде қолданылады.";

      2) 9-бапта:

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Коллекторлық агенттік өзінің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған күннен не коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыруды ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде:

      өз атауынан "коллекторлық агенттік" деген сөздерді, өзінің коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжайтын, олардан туындайтын сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге;

      өзінің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған не коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыруды ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған күнге, берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде коллекторлық агенттікке берілген берешек жөніндегі барлық мәліметтер мен құжаттарды кредиторға беруге;

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацында немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацында көрсетілген тұлғаға не оның нұсқауы бойынша жаңа сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаға өзінің коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған не коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыруды ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған күнге, сенімгерлік басқару шарты негізінде коллекторлық агенттікке берілген банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) бойынша барлық мәліметтер мен құжаттарды беруге;

      барлық берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттарды және (немесе) сенімгерлік басқару шарттарын бұзуға міндетті.

      Кредитор берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде коллекторлық агенттікке берілген берешек жөніндегі мәліметтер мен құжаттардың қабылдануын қамтамасыз етуге, сондай-ақ бұрын осы коллекторлық агенттікпен жасалған берешекті өндіріп алу туралы шарттарды бұзу бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацында немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацында көрсетілген тұлға не мұндай тұлғамен жаңа сенімгерлік басқару шартын жасасқан тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінің төртінші абзацында көзделген жағдайда мәліметтер мен құжаттардың қабылдануын қамтамасыз етуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттер жүзеге асырылмаған жағдайда коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп таратылуға жатады.

      6. Коллекторлық агенттік өзінің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде бұл туралы:

      берешекті өндіріп алу туралы шарттар жасасқан кредиторларды;

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шартында көзделген тәсілдермен сенімгерлік басқару шарттары жасалған тұлғаларды;

      берешегі коллекторлық агенттікке берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде берілген борышкерлерді осы Заңның 5-бабының 1-тармағында көзделген тәсілдермен;

      банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтары (талаптары) сенімгерлік басқару шарттары негізінде берілген борышкерлерді осы Заңның 5-бабының 1-тармағында көзделген тәсілдермен хабардар етуге міндетті.";

      3) 10-бапта:

      1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Коллекторлық агенттік шарттарды тіркеу журналына барлық берешекті өндіріп алу туралы шарттарды, құқықты (талапты) басқаға беру шарттарын, сенімгерлік басқару шарттарын тіркейді және кредиторлардан қабылданатын құжаттарды:";

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) сенімгерлік басқару шарттарын;";

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) берешекті өндіріп алу туралы шартта, құқықты (талапты) басқаға беру шартында, сенімгерлік басқару шартында берілуі көзделген өзге де құжаттарды есепке алуды жүргізеді.";

      4) 14-бапта:

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес берілген банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару жөніндегі сервистік компания ретінде болуға құқылы.

      Коллекторлық агенттік сенімгерлік басқару шарты шеңберінде:

      тараптардың келісімі бойынша "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлға сенімгерлік басқару шарты бойынша берген өкілеттіктері шеңберінде банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуге құқылы. Банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптары "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес қарыз алушы үшін жақсартылған жағдайларда, оларды біржақты тәртіппен өзгертуге жол беріледі;

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүдделерін сотта, оның ішінде берешекті өндіріп алу және (немесе) кепіл затынан өндіріп алу процесінде білдіруге;

      борышкерден "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүддесі үшін берешекті өтеу есебіне қолма-қол ақшасыз нысандағы ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті кейіннен осындай ақшаны және (немесе) осындай мүлікті оның пайдасына бере отырып қабылдауға;

      бағалаушылардың, аудиторлардың, заңгерлердің және басқа кеңесшілердің қызметтерін пайдалануға құқылы.

      Банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару жөніндегі сервистік компания ретіндегі коллекторлық агенттікке сыйақыны, сондай-ақ сенімгерлік басқарумен байланысты шығыстарды банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) иеленген тұлға сенімгерлік басқару шартының талаптарына сәйкес төлейді (өтейді);";

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, берешекті өндіріп алу туралы шартта және (немесе) құқықты (талапты) басқаға беру шартында және (немесе) сенімгерлік басқару шартында белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.";

      5) 15-баптың 1-тармағының 19) тармақшасындағы "сақтауға мiндеттi." деген сөздер "сақтауға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 20) тармақшамен толықтырылсын:

      "20) сенімгерлік басқару шарты шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасында банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредитор мен борышкердің өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді сақтауға міндетті.";

      6) 16-баптың 1-тармағында:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) кредитордан, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацына немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацына сәйкес коллекторлық агенттікпен сенімгерлік басқару шартын жасасқан тұлғадан, берешек бойынша борышкерге талап қою құқығы бар коллекторлық агенттіктен коллекторлық агенттік, оның орналасқан жері, коллекторлық агенттікте борышкердің дербес деректерінің, берешегінің мөлшері мен құрылымының болуы туралы мәліметтер алуға;";

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты көрсетілген шарттар талаптарын өзгерту туралы жүгіну себептерін негіздей отырып, осындай өтінішпен кредиторға не сенімгерлік басқару шартына сәйкес сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын коллекторлық агенттікке жүгінуге;".

      2-бап.

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады