Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері және сыйға тарту шарты бойынша "ӨКМ Операторы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы қатысу үлесін жеке меншіктен республикалық меншікке қабылдау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қаңтардағы № 20 қаулысы.

      2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексі 387-бабының 1-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына, 114-бабының 1-тармағына, 169-бабының 1-тармағына, "Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 18 тамыздағы № 565 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      2. "Ecowaste Solution" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Шнар Уралгазыновна Муктарованың "ӨКМ Операторы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – серіктестік) жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 100 (жүз) пайызын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын.

      3. "Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарын қайта ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 241 қаулысының күші жойылсын.

      4. "Жасыл даму" акционерлік қоғамы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалсын.

      5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен және серіктестікпен (келісу бойынша) бірлесіп, осы қаулының 2-тармағынан туындайтын шараларды қабылдасын;

      2) мыналарды:

      серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлесінің 100 (жүз) пайызын "Жасыл даму" акционерлік қоғамының акцияларын төлеуге беруді;

      осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      6. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 18 қаңтардағы
№ 20 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Нұр-Сұлтан қаласы" деген бөлім:

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-204-жолмен толықтырылсын:

      "21-204. "Жасыл даму" акционерлік қоғамы".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге және өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне" деген бөлім:

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 401-2-жолмен толықтырылсын:

      "401-2. "Жасыл даму" акционерлік қоғамы".

      3. "Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің "Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 шілдедегі № 978 қаулысында:

      2-тармақтың 3) тармақшасындағы "қалдықтарды басқару болып айқындалсын." деген сөздер "қалдықтарды басқару;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын::

      "4) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру болып айқындалсын.".

      4. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 17 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "Акционерлік қоғам" деген бөлім мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. "Жасыл даму" акционерлік қоғамы.";

      "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар" деген бөлім мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады