"Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 10-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентратқа баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің |
|
2022 жылғы 24 наурыздағы № 152 қаулысымен бекітілген |
Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентратқа баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) 1. Жалпы ережелер
1. Осы Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентратқа баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) (бұдан әрі – Қағидалар) "Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және алтынсульфидті концентратты сатып алу-сату келісімшарттарына сәйкес жасалатын халықаралық іскерлік операциялар бойынша құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді осындай концентратты өткізу кезінде баға белгілеу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидалардың күші мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде концентратты жеткізуге қолданылады:
1) концентраттан тазартылған металға алтынды 90 % және одан жоғары толассыз алуға қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының аумағында құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді төмен көміртекті және жоғары көміртекті алтынсульфидті концентратты металлургиялық өңдеу мүмкіндігінің болмауы, бұл тау-кен ісі, кендерді байыту, түсті және сирек металдар металлургиясы саласындағы отандық ғылыми ұйымдардың қорытындыларымен расталады;
2) құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді экспортталған төмен көміртекті алтынсульфидті концентратты металлургиялық өңдеу нәтижесінде алынған Доре қорытпасының кемінде 90 %-ы отандық аффинаждық зауыттарда қайта өңделеді (бұл шарт құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді төмен көміртекті алтынсульфидті концентратты қайта өңдеуші зауыт және аффинаждау үшін өңделген және алынған Доре қорытпасының көлемін міндетті түрде көрсете отырып, отандық аффинаждық зауыт қол қойған тиісті актімен расталады);
3) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 30 наурыздағы № 303 бұйрығымен бекітілген Бағалы металдарды өндіру субъектілерінің тізбесіне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13635 болып тіркелген) енгізілген бағалы металдарды өндіру субъектілерінің құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді төмен көміртекті және жоғары көміртекті алтынсульфидті концентратты қайта өңдеуден жазбаша бас тартуларының болуы;
3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) алтынның троя унциясы – 31,1034768 граммға тең алтынның салмағын өлшеу бірлігі;
2) белгіленім кезеңі – мәміле шарттарына сәйкес мәміле тараптары тиісті биржалық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), сондай-ақ бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлардың күнделікті орташа арифметикалық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәнін айқындайтын кезең ішінде тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізуге арналған келісімшартта белгіленген, бірақ биржадағы баға белгіленімдері жарияланған, қатарынан күнтізбелік отыз бір күннен аспайтын баға белгілеу кезеңі;
3) жоғары көміртекті алтынсульфидті концентрат – Бақыршық кен орнының құрамында алтыны бар кендерін флотациялау әдісімен байыту арқылы өндірілген, химиялық құрамы мынадай құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентрат: құрамындағы Au – 50-90 гр.\т; Sжалпы – 16-28 %; As – 5-10 %; Сорг.– 4-10 %;
4) концентраттың бір құрғақ метрикалық тоннасы (бұдан әрі – ҚМТ) – ылғал құрамын қоспағанда, массаның метрикалық тоннасы (1 000 (бір мың) килограмм;
5) құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентрат – құрамында алтыны бар төзімді кендерді бастапқы қайта өңдеу нәтижесінде алынған жоғары көміртекті немесе төмен көміртекті концентрат;
6) мәміле бағасы – концентраттың бір ҚМТ үшін Америка Құрама Штаттарының долларында (бұдан әрі – АҚШ доллары) көрсетілген және осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес есептелген тиісті сатып алу-сату келісімшарты бойынша концентратты өткізудің түпкілікті бағасы;
7) төмен көміртекті алтынсульфидті концентрат – Бақыршық кен орнының құрамында алтыны бар кендерін флотациялау әдісімен байыту арқылы өндірілген, құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді, химиялық құрамы мынадай алтынсульфидті концентрат: құрамындағы Au – 93-190 гр.\т; Sжалпы – 16-34 %; As – 12-23 %; Сорг.– 0,3-1,3 %;
8) LBMA – қымбат металдар нарығына қатысушылардың Лондон қауымдастығы;
4. Осы Қағидаларда алтын бағасын айқындау үшін lbma.org.uk веб-сайтында қолжетімді, сондай-ақ ресми ақпарат көзінде, "Metal Bulletin" (Ұлыбритания) журналында, жарияланатын LBMA Gold Price белгіленімдері пайдаланылады.
5. Ақпарат көзінен алынған бағаны мәміле бағасына сәйкес келтіру үшін көзден алынған баға құрамдас бөліктері құжатпен және (немесе) ақпарат көздерімен расталатын дифференциал арқылы түзетіледі.
Осы Қағидалардың мақсаттары үшін дифференциал деп Заңға сәйкес ақпарат көзінен алынған мәміленің немесе бағаның салыстырымды экономикалық шарттарына келтіру үшін қолданылатын, құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентратты қайта өңдеу құны (қайта өңдеу үшін шегерім) және концентраттағы ақы төленетін алтынның пайыздық құрамы түрінде көрсетілген концентраттан химиялық таза алтынды алу коэффициенті де түсініледі.
2. Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді төмен көміртекті немесе жоғары көміртекті алтынсульфидті концентратты өткізу кезінде баға белгілеу тәртібі
6. Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді жоғары көміртекті және төмен көміртекті алтынсульфидті концентратты сатып алу-сату жөніндегі келісімшарттар үшін баға белгілеу мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:
мәміле бағасы = (Қ / 31,1034768) * Б алтын * К - ТС
мұндағы:
Қ – құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді жоғары көміртекті және төмен көміртекті алтынсульфидті концентраттағы химиялық таза алтынның құрамы (түпкілікті) (концентраттың бір ҚМТ-на алтын грамы);
31,1034768 – троя унциясын алтынның грамына қайта есептеу коэффициенті;
Б алтын – lbma.org.uk веб-сайтында жарияланатын және сатып алушымен сатып алу-сату келісімшартында алтынның бір троя унциясы үшін АҚШ долларымен айқындалатын баға белгілеу кезеңі үшін орташа алынған (түпкілікті) LBMA (таңертеңгі және кешкі) алтынның бағасы (түпкілікті);
К – дифференциал, концентраттағы ақы төленетін алтынның пайыздық құрамы түрінде көрсетілген, құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді жоғары көміртекті және төмен көміртекті алтынсульфидті концентраттан химиялық таза алтынды алу коэффициенті;
ТС (ағылшын тілінде treatment charge, яғни қайта өңдеу құнын білдіреді) – дифференциал, концентраттың бір ҚМТ үшін АҚШ долларымен көрсетілген, құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді жоғары және төмен көміртекті алтынсульфидті концентратты қайта өңдеу үшін шегерім.
7. Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентраттың құрамында ілеспе ақы төленетін металдар болған кезде мұндай концентраттың нарықтық бағасы әлемдік практикада жалпыға бірдей қабылданған есептеу әдістемелеріне сәйкес есептелген осындай металдардың құны ескеріле және Заң талаптары сақтала отырып айқындалады.
8. Егер құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентраттағы алтынның құрамы сатып алу-сату келісімшартында белгіленген бір ҚМТ-ға грамм мөлшерінен аз болатын болса, онда сатып алушымен тиісті сатып алу-сату келісімшартында концентраттан химиялық таза алтынды алу коэффициентінің мәнін барабар төмендету көзделуі мүмкін, бұл ретте алу коэффициентінің мәнінің барабар төмендеуі Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің "Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы "Шығыс түсті металдар ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия институтының" (бұдан әрі – ШҒЗТҮСМЕТИ) сараптамалық қорытындыларымен расталады.
9. Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентраттан химиялық таза алтынды алу коэффициенті түріндегі дифференциал осындай концентраттан тазартылған алтынды өндіру технологиясын техникалық зерттеу нәтижелері бойынша ақпаратты қамтитын ШҒЗТҮСМЕТИ сараптамалық қорытындыларымен расталады.
10. Құрамында күшәні жоғары, екі есе төзімді алтынсульфидті концентратты қайта өңдеу және Доре қорытпасын (ТС) өндіру құны түріндегі дифференциал "CRU International Ltd" (CRU Consulting бөлімшесі) халықаралық ақпараттық компаниясының салалық зерттеулерімен расталады.