Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 6 мамырдағы |
|
№ 292 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Тарап" және бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі
өсімдіктер карантині және оларды қорғау, сондай-ақ өсімдіктер мен өсімдік өнімін бүлдіретін зиянды организмдерге қарсы күрес, сондай-ақ оларға қатысушы мемлекеттерінің аумақтарында олардың интродукциялануы мен таралуын бақылау және болғызбау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың пайдасын мойындай отырып,
1951 жылғы 6 желтоқсанда Римде қол қойылған Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның қағидалары мен қағидаттарын назарға ала отырып,
осы Келісімде көрсетілген барлық шарттар мен міндеттемелерді орындау мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
Мақсаттар
Тараптар өздерінің заңнамасына сәйкес өз мемлекеттерінің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантиндік зиянды организмдердің Тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелінуін және таралуын болғызбау үшін өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласында ынтымақтасады.
Осы Келісімнің ережелері фитосанитариялық шаралар тұрғысынан, әсіресе халықаралық тасымалдау жағдайларында зиянкестер үшін жасырыну орны бола алатын немесе олардың таралуын жеңілдете алатын кез келген өсімдікті, өсімдік өнімін, жинау орнын, қаптаманы, тасымалдауды, контейнерді, топырақты және кез келген басқа организмді, объектіні немесе материалды қоса алғанда, карантинге жатқызылған барлық материалға қолданылады.
Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
өсiмдiктер – тұқымдар мен генетикалық материалдарды қоса алғанда, тірі өсімдіктер мен олардың бөліктері;
өсiмдiк өнiмi – өсімдіктен алынатын өңделмеген материал (астықты қоса алғанда), сондай-ақ өзінің табиғаты немесе өзінің қайта өңдеу тәсілі бойынша зиянды және карантиндік зиянды организмдердің интродукциялану және таралу қаупін тудыруы мүмкін қайта өңделген өнімдер;
зиянды организм – өсімдіктер немесе өсімдік өнімдері үшін зиянды өсімдіктердің, зиянкестердің немесе патогендік агенттердің кез келген түрі, өзге түрі немесе биотипі;
карантиндік зиянды организм – салдарында қатерге ұшыраған және ол әзірше пайда болмаған немесе пайда болса да, кең таралмаған және ресми түрде бақыланатын аудан үшін әлеуетті экономикалық маңызы бар зиянды организм;
карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) – құзыретті органдардың карантиндік объектілерді анықтауға, Тараптар арасында орны ауыстырылатын карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік фитосанитариялық жай-күйін белгілеуге, халықаралық міндеттемелерді орындауға және Тараптар мемлекеттерінің өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауға бағытталған қызметі;
өңдеу – зиянды организмдерді жою, инактивациялау немесе кетіру жөніндегі ресми рәсім;
карантинге жатқызылған материалдар – фитосанитариялық шаралар бөлігінде, әсіресе халықаралық тасымалдау жағдайларында зиянкестер үшін жасырыну орны бола алатын немесе олардың таралуына ықпал ете алатын кез келген өсімдік, өсімдік өнімі, жинау орны, қаптама, тасымалдау, контейнер, топырақ және кез келген басқа организм, объект немесе материал;
жүк – бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін, фитосанитариялық сертификаты бірге жүретін бірқатар өсімдіктер, өсімдік өнімі және карантиндік материалдар (жүк бір немесе бірнеше тауардан немесе партиялардан тұруы мүмкін);
партия – өзінің құрамының біртектілігімен, шыққан жерімен ерекшеленетін және жүктің бір бөлігін құрайтын бір тауар бірліктерінің жиынтығы;
фитосанитариялық сертификат – карантинге жатқызылған өніммен бірге жүретін және 1951 жылғы 6 желтоқсандағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияда белгіленген нысан бойынша экспорттаушы (реэкспорттаушы) мемлекеттің уәкілетті органы беретін және карантинге жатқызылған өнімнің импорттаушы мемлекеттің фитосанитариялық талаптарына сәйкес келетінін куәландыратын халықаралық үлгідегі құжат.
Құзыретті органдар
Мыналар:
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;
Түркия Республикасының Үкіметі атынан – Түркия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ететін құзыретті органдары болып табылады.
Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптардың құзыретті органдары дипломатиялық арналар арқылы байланыс жасайды.
Тараптар өздерінің құзыретті органдары атауларының өзгергені немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
Ынтымақтастық және ақпарат алмасу
Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласында ынтымақтасу және ақпарат алмасу мақсатында Тараптар:
1) осы Келісім күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде өсімдіктер карантині мен оларды қорғауға қатысты нормативтік құқықтық актілермен, карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбесімен және басқа да ережелермен алмасуға;
2) карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбесіне енгізілетін барлық өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етіп тұруға;
3) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбесінде аталған карантиндік зиянды организмдер анықталған және таралған жағдайлар туралы, сондай-ақ оларға қарсы күрес және оларды бақылау тәсілдері туралы біріне-бірі хабарлап тұруға;
4) ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдары арасында өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласында ынтымақтасуға және осы негізде алынған қандай да бір нәтижелерді немесе ақпаратты екінші Тараптың алдын ала келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
Әкелінетін жүктерге қатысты талаптар
Бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына (аумағы арқылы) әкелінетін жүктердің әрбір партиясы халықаралық міндеттемелердің және олардың мемлекеттерінің өсімдіктер карантині мен оларды қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетілетін жүктер карантиндік тексеріліп қаралуға тиіс және ресми фитосанитариялық сертификаты бірге жүреді.
Тараптардың құзыретті органдары халықаралық міндеттемелерге және Тараптар мемлекеттерінің өсімдіктер карантині мен оларды қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес фитосанитариялық бақылау жүргізу және қажет болған кезде зертханалық зерттеу, жүктер мен оларды тасымалдау құралдарын өңдеу үшін, сондай-ақ олардың аумағына карантиндік зиянды организмдердің енуін және таралуын болғызбау үшін шаралар қабылдайды.
Осы тұрғыда Тараптардың құзыретті органдары:
1) бекітілгеннен және жарияланғаннан кейін қосымша фитосанитариялық шаралар туралы бірін-бірі дереу хабардар етуге;
2) Тараптардың құзыретті органдарының кез келгенінің сұрау салуы бойынша қосымша фитосанитариялық шаралар қабылдау үшін негіздемелер жіберуге де міндеттенеді.
Тараптар мемлекеттерінің шекаралары арқылы импортталатын, экспортталатын және транзиттік тауарларды өткізу пункттері Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес айқындалады.
Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумақтарындағы тауарларға фитосанитариялық бақылау жүзеге асырылатын шекаралық бақылау пунктері туралы бірін-бірі хабардар етеді.
Тауарларды қаптама материалы ретінде әкету кезінде ағаш жоңқасын, қағазды, пластикті және құрамында карантиндік зиянкестер жоқ және топырақтан тазартылған басқа материалдарды пайдалану керек.
Тараптардың құзыретті органдары карантиндік зиянды организмдердің тасымалдаушылары болуы мүмкін топырақты (шымтезекті қоспағанда), жерде өсетін және тамырланған тірі өсімдіктерді топырағымен әкелуге тыйым салады.
Бір Тарап екінші Тарап мемлекетінің аумағына жүктерді тасымалдау үшін пайдаланатын көлік құралдары мұқият тазартылуға және қажет болған кезде зарарсыздандырылуға тиіс.
Фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде карантинге жатқызылған материал партиясында карантиндік зиянды организмдер анықталған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары халықаралық міндеттемелерге және Тараптар мемлекеттерінің өсімдіктер карантині мен оларды қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес қажетті шаралар қабылдайды, бұл туралы әрбір жекелеген жағдайда Тараптардың құзыретті органдары Фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттың (ISPM13) талаптарына сәйкессіздік туралы бірін-бірі хабардар етуге тиіс.
Фитосанитариялық сертификаттау
Бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына (аумағы арқылы) әкетілетін жүктердің әрбір партиясына фитосанитариялық сертификат қоса беріледі.
Жүктер партиясымен бірге жүретін фитосанитариялық сертификат түпнұсқада болуға және 1951 жылғы 6 желтоқсандағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияда белгіленген нысан бойынша ағылшын тілінде немесе оны берген Тараптың мемлекеттік тілінде толтырылуға тиіс. Фитосанитариялық сертификаттағы мәтіннің барлық түзетулері, сызылуы және түсініксіздігі оны заңды күшінен айырады.
Жүктер реэкспортталған жағдайда реэкспорттауға арналған фитосанитариялық сертификат міндетті түрде өндіруші мемлекеттің фитосанитариялық сертификатының түпнұсқасымен бірге жүруге тиіс.
Жүктер транзиті
Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы жүктер транзитіне шығарылған мемлекеттің фитосанитариялық сертификатын ұсыну шартымен халықаралық міндеттемелерге және ол арқылы жүктер транзиті жүзеге асырылатын Тараптар мемлекеттерінің өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес рұқсат етілуге тиіс.
Бірлескен шаралар
Тараптар импорттық және экспорттық операцияларды жүзеге асырған кезде карантин қаупін тудыратын жүктерді бірлесіп тексеру және сынау Тараптар мемлекеттерінің алдын ала уағдаластығы негізінде жүзеге асырылады. Әрбір Тарап жоғарыда аталған зертханалық сынақтарды жүргізу үшін қажетті орын мен жабдықты ұсынады. Егер әрбір жағдайда өзгеше келісілмесе, сарапшыларды жіберуші Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес сарапшылардың іссапарларына байланысты барлық шығыстарды көтереді.
Басқа халықаралық шарттарға қатысы
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың немесе олардың халықаралық ұйымдарға мүшелігінен туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау екі Тарап арасындағы тікелей дипломатиялық келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
Келісімге түзетулер
Осы Келісім Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша кез келген уақытта өзгертілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 12-бабында көзделген рәсімге сәйкес күшіне енеді.
Күшіне енуі
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келісім бес (5) жыл бойы күшінде қалады және егер Тараптардың бірі ағымдағы кезең аяқталғанға дейін кемінде алты (6) ай бұрын өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Кез келген Тарап кез келген уақытта өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете алады.
Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданысы хабарлама алынған күннен кейін үш (3) айдан соң тоқтатылады.
2022 жылғы "____" __________ ___________қаласында әрқайсысы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтiннің күшi бiрдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкiметi үшiн |
Түркия РеспубликасыныңҮкiметi үшiн |