Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге 2022 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 13 мамырдағы № 300 қаулысы

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына, "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне 2022 жылға арналған кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;

      2) кредиттік шарттардың негізгі және қосымша талаптарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредиттердің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуін және оларға қызмет көрсетілуін бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      3. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары:

      1) түпкі қарыз алушылармен кредиттік шарттар жасассын;

      2) тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат беріп тұрсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 13 мамырдағы
  № 300 қаулысымен
бекітілген

Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге 2022 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары

      1. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредиттер беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) қарыз алушылардың Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне (бұдан әрі – кредитор) мәслихаттардың 2022 жылға арналған облыстық бюджеттерде, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының бюджеттерінде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдерін ұсынуы;

      2) "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында 008 "Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 11179001000 (он бір миллиард бір жүз жетпіс тоғыз миллион бір мың) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 7 (жеті) жыл мерзімге беріледі;

      3) негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең 28 (жиырма сегіз) айдан аспауға тиіс;

      4) бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеу жеңілдікті кезең өткеннен соң 2024 жылдан бастап тең үлестермен жүзеге асырады;

      5) кредиттерді игеру кезеңі кредиттер кредитордың шотынан аударылған кезден бастап есептеледі және 2022 жылғы 10 желтоқсанда аяқталады.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады