Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 316 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 19 мамырдағы
№ 316 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Биологиялық материалмен алмасу туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      1993 жылғы 12 наурыздағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуын болғызбау, жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіру, микроорганизмдердің (штамдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыру және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғау мақсатында төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Биологиялық материал алмасуда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіруде және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуын болғызбауда Тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығы мен өзара көмегі осы Келісімнің нысанасы болып табылады.

2-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін Тараптар өздерінің орталық мемлекеттік ветеринариялық органдарына құзыретті органдар ретінде уәкілеттік береді.

3-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:

      аккредиттелген зертхана (орталық) - Тараптың осы Келісімге қатысушы мемлекеттің аккредиттеу (сертификаттау) жүйесінде және қажет болған жағдайда халықаралық аккредиттеу жүйесінде аккредиттелген (аттестатталған) және ветеринария саласында зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізетін мемлекеттік ұйымы (мемлекеттік мекемесі) немесе осындай мекеменің құрылымдық бөлімшесі;

      Тараптардың құзыретті органдары - осы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес ветеринариялық заңнаманың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету, жануарлардың жұқпалы және өзге де ауруларының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды іске асыру жүктелген орталық мемлекеттік ветеринариялық органдар;

      биологиялық материал (биоматериал) - зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізу мақсатында клиникалық сау жануарлардан, ауру жұқтырды деген күдік бар тірі немесе қырылған жануарлардан алынған, құрамында инфекциялық не паразиттік қоздырғыштар болуы мүмкін немесе бар сынамалар (үлгілер);

      референттік зертхана (орталық) - референттік функцияларды орындауға Тарап уәкілеттік берген, қызметтің референттік саласындағы өндірушілерге, өнім берушілерге және өнімді тұтынушыларға тәуелді емес аккредиттелген мемлекеттік зертхана;

      өнім беруші - Тараптардың сынамаларды (үлгілерді) жіберетін құзыретті органдары немесе олардың ведомстволық бағынысты мекемелері;

      алушы - Тараптардың сынамаларды (үлгілерді) қабылдайтын құзыретті органдары немесе олардың ведомстволық бағынысты мекемелері.

4-бап

      Биоматериалды зерттеу Тараптардың аккредиттелген зертханаларында (орталықтарында) жүзеге асырылады.

      Биоматериалға зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізудің, зертханалық зерттеулер (сынақтар) үшін сынамаларды (үлгілерді) алу мен зерттеудің (сынаудың) мерзімділігі мен қажеттігі эпизоотиялык жағдай, ғылыми мүдделердің ортақтығы ескеріле отырып және Тараптардың сұрау салуы бойынша айқындалады.

5-бап

      Құрамында жануарлардың аса қауіпті ауруларының қоздырғыштары бар биоматериалдың орнын ауыстыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Өнім беруші сынамаларды (үлгілерді) алушыға өтеусіз негізге береді.

      Алушы биоматериалды тиісті қорғау (биоқауіпсіздік) жүйесі бар өз зертханасында диагностикалық, мониторингтік жұмыстар және/немесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана пайдаланады.

      Биоматериал коммерциялық лицензия талап етілетін коммерциялық өнімдерді немесе көрсетілетін қызметтерді өндіру немесе сату сияқты коммерциялық мақсаттарда пайдаланылмайды.

      Кез келген зерттеулер аяқталған соң алушы осы зерттеулерді жүргізу нәтижелері туралы өнім берушіні хабардар етуге міндеттенеді. Алушы өнім берушімен келісу бойынша материалды өзге де мақсаттарда пайдалана алады.

      Алушы биоматериалды осы Келісімнің шеңберінде ғана пайдаланады және зертханалық зерттеулері (сынақтары) аяқталған соң биоматериалдың барлық қалдықтарын жоюға міндеттенеді.

6-бап

      Алушыға бұрыннан белгілі болған немесе алушының кінәсінсіз жалпыға қолжетімді болып табылатын немесе болған немесе заңды негізде алушы ашатын немесе алушыға құпиялылықты сақтау міндеттемелерінсіз ашылған ақпаратты қоспағанда, алушы өнім берушінің биоматериал туралы кез келген жазбаша ақпаратымен жұмыс істеу кезінде құпиялылықты сақтауға келіседі.

      Алушы осы Келісімге сәйкес өзі қабылдаған міндеттемелерді орындаудың бүкіл мерзімі ішінде құпия ақпаратты жария етпеуге міндеттенеді.

      Алушы ашуға ұсынылатын ақпаратты өнім берушімен алдын ала келіскеннен және ол мұндай жариялауға немесе ашуға жазбаша келісімін бергеннен кейін ғана зерттеулердің нәтижелерін жариялай алады немесе жария аша алады.

7-бап

      Өнім беруші биоматериалдың иесі болып табылады және зерттеу жүргізу уақытында биоматериалға барлық құқықтары болады. Биоматериалды тапсыру биоматериалға меншік құқығын алушыға тапсыруды білдірмейді.

      Өнім беруші биоматериалды басқа тұлғалар арасында тарату және өзінің жеке мақсаттары үшін пайдалану құқығын өзіне сақтап қалады.

8-бап

      Материалды іріктеу, буып-түю, жөнелту (тасымалдау) Дүниежүзілік жануарлар саулығын корғау ұйымының ұсынымдарына және басқа да халықаралық қағидалар мен стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Жөнелту бойынша шығыстар өнім беруші мен алушы арасында келісіледі. Биоматериалдың әрбір орамасымен биоматериалдың егжей-тегжейлі сипаттамаларын қамтитын техникалық деректер тізбесі (осы Келісімге қосымша) қоса жүреді. Жеткізушінің қалауы бойынша қосымша ақпарат берілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ынтымақтастықтың басқа да нысандарын пайдалануы мүмкін.

      Осы Келісімді орындау бойынша үйлестіру мәселелері Ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңеске жүктеледі.

10-бап

      Тараптардың құзыретті органдарының жануарлардың аса қауіпті ауруларын таралуының алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу бойынша, оның ішінде биологиялық материал алмасу бойынша іс-шаралар жүргізу кезіндегі өзара іс-қимылы бірлескен жоспарлауды, қаражатты пайдалану мен мамандар тартуды, осы іс-шараларды жүргізудің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат алмасуды қамтуы мүмкін.

11-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржылық қамтамасыз етуді Тараптардың құзыретті органдарының ұлттық бюджеттерінде өз функцияларын орындауға көзделген қаражат есебінен және соның шегінде жүзеге асырады.

12-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Тараптардың арасындағы осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптармен келісілген басқа да рәсім арқылы шешіледі.

      Материалдық сипаттағы ықтимал даулар мен талаптарды шешу мақсаттары үшін осы Келісімнен шыққан Тараптарға қатысты оның ережелері барлық даулы мәселелер толықтай реттелгенге дейін одан қолданылуын жалғастырады.

      Зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізу кезінде даулы жағдайлар туындаған кезде референттік зертханада (орталықта) алынған зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) нәтижелері түпкілікті нәтижелер болып танылады.

      Даулы жағдайларды шешу үшін дау тараптары болып табылмайтын Тараптардың референттік зертханалары (орталықтары) немесе үшінші елдердің Дүниежүзілік жануарлар саулығын қорғау ұйымы тиісті өкілеттіктер берген референттік зертханалары (орталықтары) тартылуы мүмкін.

      Зертханаларға (орталықтарға) референттік функциялар беру және референттік зертханалардың (орталықтардың) құзыреттілігін растау осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Зертхана (орталық) жүргізген зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) нәтижелеріне шағымдану рәсімі осы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      Референттік функциялары керсетілген референттік зертханалардың (орталықтардың) тізбесі интернетте Тараптардың құзыретті органдарының сайттарында орналастырылады.

14-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рэсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің мұндай қосылуға келісетіні туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

16-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығуға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай отырып және осы Келісім қолданылған уақытта туындаған міндеттемелерін реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      202_ жылғы ______ ________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін
      Армения Республикасының
Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшінТүрікменстан Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Украина Үкіметі үшін
      Молдова Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады