"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы cынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 шілдедегі № 500 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы cынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы cынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы

      2021 жылғы 29 қарашада Женевада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы cынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан) мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі (Швейцария) Тараптар арасында сауданы дамыту мақсатында төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсатында:

      a) "жауапты орган":

      (i) Қазақстан үшін: Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігін;

      (ii) Швейцария үшін: Бағалы металдарды бақылау жөніндегі орталық ведомствоны білдіреді.

      b) "ұлттық заңнама" мыналарды:

      (i) Қазақстан үшін: "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасыныц Заңын және оны іске асыру үшін қабылданған заңға тәуелді актілерді, сондай-ақ ҚР СТ 967 "Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдар. Техникалық шарттар" ұлттық стандартын;

      (ii) Швейцария үшін: "Бағалы металдармен және бағалы металдардан жасалған бұйымдардың саудасын бақылау туралы" 1933 жылғы 20 маусымдағы Федералдық заңды, оны іске асыру туралы 1934 жылғы 8 мамырдағы қаулыны, сондай-ақ бағалы металдар туралы заңнаманы қолдануға қатысты нұсқаулықтарды және оның кез келген өзгерістерін білдіреді.

      c) "бағалы металдар" мыналарды:

      алтынды, күмісті, платинаны және палладийді білдіреді.

      d) "бағалы металдардан жасалған бұйымдар" мыналарды:

      (і) Қазақстан үшін: бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, көркемдік өңдеудің әр түрін пайдалана отырып, асыл тастардан және табиғи немесе жасанды жолмен алынған басқа да материалдардан жасалған өндірмелері бар не онсыз, бағалы металдардан және олардың корытпаларынан жасалған, түрлі әшекейлер, тұрмыстық кәдеге жарататын заттар ретінде және (немесе) діни және декоративтік мақсаттарда колданылатын бұйымдар.

      Осы Келісімде анықтама ҚР СТ 967 "Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдар. Техникалық шарттар" ұлттық стандартының 4 және 5-бөлімдерінің 4.7 және 5.1.4-тармақтары сақталған кезде құрамында бағалы емес металдардан жасалған бөліктері бар зергерлік және басқа да бұйымдарды да қамтиды.

      (іі) Швейцария үшін: 1933 жылғы 20 маусымдағы Федералдық заңның 1-бабының 4-тармағында көзделген металл емес материалдармен үйлестіре отырып, сынаманың заңнамада белгіленген стандартымен толықтай бағалы металдардан жасалған бұйымдарды немесе сынаманың заңнамада белгіленген стандартымен бағалы металдардан жасалған бұйымдарды білдіреді. Мұнда бағалы металдардан жасалған монеталар енгізілмеген. Осы Келісімге 1933 жылғы 20 маусымдағы Федералдық заңның 1-бабының 5-тармағында көзделген сынаманың заңнамада белгіленген стандартымен бағалы металдан және негізгі металдардан (бірнеше металдардан жасалған бұйымдар) жасалған бұйымдар кіреді.

      e) "сынамалық таңба" мыналарды:

      (i) Қазақстан үшін: "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 21) тармақшасына сәйкес зергерлік және басқа да бұйымдарға салынатын, осындай бұйымдардағы бағалы металл сынамасын куәландыратын белгіленген үлгідегі белгіні;

      (ii) Швейцария үшін: 1933 жылғы 20 маусымдағы Федералдық заңның 15-бабында көзделген сынамалық таңбаны білдіреді.

      f) "дайындаушының сәйкестендіру белгісі" мыналарды:

      (і) Қазақстан үшін: атаулы таңба - "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарға салынатын және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды дайындаушыны куәландыратын арнайы белгіні;

      (ii) Швейцария үшін: 1933 жылғы 20 маусымдағы Федералдық заңның 9-бабына сәйкес дайындаушының фирмалық таңбасын немесе 1934 жылғы 8 мамырдағы Жарлықтың 60-бабында көзделген тәртіпке сәйкес ұжымдық фирмалық таңбаны білдіреді.

      g) "сынамалардың заңнамада белгіленген стандарттары" мыналарды:


- алтын үшін:

мыңға 999 бөлікті


мыңға 750 бөлікті


мыңға 585 бөлікті


мыңға 375 бөлікті

- күміс үшін:

мыцға 925 бөлікті


мыңға 800 бөлікті

- платина үшін:

мыңға 950 бөлікті

- палладий үшін:

мыңға 500 бөлікті

      білдіреді.

      h) "сынама" мыналарды:

      (i) Қазақстан үшін: "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 19) тармақшасына сәйкес сынама - бағалы металл қорытпасының мың массалық бөлігіндегі таза бағалы металдың массалық бөліктерінің санын;

      (ii) Швейцария үшін: 1933 жылғы 20 маусымдағы Федералдық заңның 7-бабында және 7а-бабында көзделген сынамаларды білдіреді.

      і) "Рентгенофлуоресцентті талдау" мынаны:

      энергиядисперсиялық рентгендік флуоресцентті спектрометрияны пайдалана отырып, сынаманы анықтауға арналған бұзылмайтын жартылай сандық сынақтар әдісін білдіреді.

2-бап

      Жауапты орған бағалы металдар деп жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбамен:

      заңнамада белгіленген сынамалардың стандарттарына сәйкес белгіленген нақты сынаманың сәйкестігін куәландырады;

      бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы бағалы металдардың құрамын тексеруге кепілдік береді;

      бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы дайындаушының таңбасын сәйкестендіруге кепілдік береді.

3-бап

      1. Бір Тараптың сынамалық таңбасының бедерімен, дайындаушының сәйкестендіру белгісімен және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленген сынама стандартымен бір екінші Тарапқа әкелінетін бағалы металдардан жасалған бұйымдар аталған бағалы металдардан жасалған бұйымдар осы Келісімге және импорттаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес келген жағдайда импорттаушы Тарапта жаңа талдауға және таңбалауға жатпайды.

      2. Кедендік бақылау кезінде импорттаушы Тарап өзінің уәкілетті ұйымдарына екінші Тараптың сынамалық таңбасының бедерін және импорттаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес заңнамада белгіленген стандарттарын тексере алатын бағалы металдардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды ұсынады.

4-бап

      Өз сынамасын бір Тарапта тіркеген дайындаушының сәйкестендіру белгісінің иесі екінші Тарапта дайындаушының сәйкестендіру белгісін тіркеу талабынан босатылады.

5-бап

      Осы Келісім Тараптарға сынамалық таңбасы, дайындаушының сәйкестендіру белгісі осы Келісімнің 3-бабында көзделген сынамалардың заңнамада белгіленген стандарттары бар бағалы металдардан жасалған бұйымдарға іріктеп тексеру жүргізуге кедергі келтірмейді. Мұндай іріктеп тексерулер бағалы металдардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды импорттау рәсімінің ұзақтығына әсер етпейді.

6-бап

      1. Бағалы металдардан жасалған бұйымдарды іріктеп тексеру рентгенофлуоресцентті талдау көмегімен жүргізілуге тиіс.

      2. Импорттаушы Тарап сынамасының заңнамалық түрде белгіленген стандарттарынан теріс рұқсаттарға жол берілмейді.

7-бап

      1. Екінші Тараптың сынамалық таңбасынсыз, дайындаушының сынамалық сәйкестендіру белгісінсіз және сынамалардың заңнамада белгіленген стандарттарынсыз Тарапқа әкелінетін бағалы металдардан жасалған бұйымдар немесе егер көрсетілген сынамалар осы Келісімнің 8-бабына сәйкес екінші Тараптың жауапты органына берілген үлгілерге, эскиздерге және сипаттамаларға сәйкес келмесе және/немесе импорттаушы Тарап сынамаларының заңнамада белгіленген стандарттарына сәйкес келмесе, бас тарту себептері толық көрсетіле отырып, экспорттаушыға қайтарылады.

      2. Импорттаушы Тараптың жауапты органы екінші Тараптың жауапты органына жоғарыда аталған жағдайлар туралы хабарлайды.

8-бап

      Тараптардың жауапты органдары бір-біріне мынадай деректерді:

      a) бағалы металдардан жасалған бұйымдарды өндіруді, оның саудасын және оны бақылауды реттейтін ұлттық заңнама туралы ақпаратты;

      b) сынамалық таңбаның эскиздері мен сипаттамаларын, сондай-ақ металл пластиналардағы сынамалық таңба бедерлерінің үлгілерін;

      c) Тараптардың уәкілетті ұйымдары туралы ақпаратты ұсынады.

9-бап

      1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасында екінші Тараптың сынамалық таңба бедерлерінің қолдан жасалуын немесе бұзылуын, сондай-ақ екінші Тараптың жауапты мемлекеттік органы және/немесе уәкілетті ұйымдары сынамалық таңба салғаннан кейін сынамалардың заңнамада белгіленген стандарттарының немесе дайындаушының сәйкестендіру белгісі бедерлерінің санкцияланбаған кез келген өзгерістерін немесе алып тасталуын болғызбау үшін барлық ықтимал шараларды қабылдайды.

      2. Әрбір Тарап, егер оның жеткілікті дәлелдемелері болса немесе егер екінші Тарап:

      a) екінші Тараптың сынамалық таңбасы қолдан жасалғанын немесе дұрыс пайдаланылмағанын;

      b) сынамалық таңба салынғаннан кейін дайындаушымен келісусіз немесе сынама салынбай бұйымның өзгертілгенін;

      c) дайындаушының сәйкестендіру белгісінің бедері өзгертілгенін немесе жойылғанын хабарласа, барлық ықтимал шараларды қабылдайды.

10-бап

      Тараптар осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге қатысты дауларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешуге тырысады.

11-бап

      Бір Тараптың сұрау салуы бойынша Тараптар осы Келісімнің іске асырылуын бағалау қажеттігіне және оған өзгерістер енгізу қажеттігіне қарай консультациялар жүргізеді.

12-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа хабарлайды. Осы Келісім соңғы хабарлама алынғаннан кейін екінші айдың бірінші күнінде күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың кез келгені екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Егер Тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен кейін бір жылдан кейін тоқтатылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      Женевада 2021 жылғы 29-шы қарашада казақ, неміс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер тең түпнұскалы болып табылады. Осы Келісімнің, ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Швейцария КонфедерациясыныңФедералдық Кеңесі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады