"Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 763 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 шiлдедегi № 502 қаулысы.

            ЗҚАИ-ның ескертпесі!
            Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 763 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларында:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері:

      өндірушілерде – Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына, кәсіпорынның есеп саясатына сәйкес дайын өнімнің түскені (кіріске алынғаны) ресімделген кезден;

      импорттаушыларда – осы Қағидалардың 15, 16, 17, 19 және 28-тармақтарында көрсетілген растайтын құжаттарға сәйкес өнім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізілген кезден бастап туындайды.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Кәдеге жарату төлемінің мөлшері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесінің (бұдан әрі – әдістеме) негізінде осы Қағидаларға сәйкес өтінім берілген кезде қолданыста болатын мөлшерлемелер мен коэффициенттер бойынша есептеледі. Кәдеге жарату төлемін өндірушілер мен импорттаушылар оператордың банктік шотына Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төлейді. Банктік шот туралы ақпарат оператордың интернет-ресурсында орналастырылады.";

      14-тармақтың 1) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тізбеде көзделген, кәдеге жарату төлемінің мөлшерін есептеу үшін мөлшерлемелер және (немесе) коэффициенттер белгіленбеген не коэффициент 0 деп айқындалған өнімге қатысты өтінім берілмейді, оған мыналар кірмейді:

      электр қозғалтқышы бар көлік құралдары;

      көлік компаниялары импорттайтын, халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын ершікті тартқыштар.";

      мынадай мазмұндағы 28-1-тармақпен толықтырылсын:

      "28-1. Халықаралық тасымалдар үшін пайдаланылатын ершікті тартқыштардың импорттаушылары осы Қағидалардың 28-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа әкелінетін ершікті тартқыштардың міндетті түрде халықаралық тасымалдар үшін пайдаланылатыны туралы мәлімдеме ұсынып, кейіннен кәдеге жарату төлемін енгізу туралы куәлікті алғаннан кейін 3 ай ішінде Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі туралы заңнамасына сәйкес қажетті растайтын құжаттарды алады.";

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары оператордың сұрау салуы бойынша күнтізбелік 30 күн ішінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкетілген өнім және оның қаптамасы туралы мәліметтерді, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жолдайды.";

      мынадай мазмұндағы 41-1, 41-2, 41-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "41-1. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган оператордың сұрау салуы бойынша күнтізбелік 30 күн ішінде бастапқы (мемлекеттік) тіркеуден өткен автокөлік құралдары туралы мәліметтерді, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жібереді.

      41-2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары оператордың сұрау салуы бойынша күнтізбелік 30 күн ішінде бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы туралы мәліметтерді, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жібереді.

      41-3. Автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган тоқсан сайынғы негізде, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірілмейтін мерзімде операторға жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыруға берілген рұқсат куәліктері және алушылар мен ершікті тартқыштар туралы мәліметтер көрсетілген ершікті тартқыштарға тиісті рұқсат карточкалары туралы ақпаратты, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.";

      42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "42. Мемлекеттік кірістер органдары операторға жолдайтын мәліметтерде әр өнім бөлінісінде мынадай ақпарат қамтылады:

      1) өндірушінің немесе импорттаушының атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі/жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) іс жүзіндегі және (немесе) заңды мекенжайы, байланыс деректері (телефоны, электрондық пошта мекенжайы);

      3) өнімнің атауы, саны және коды;

      4) өнімнің Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген және оның шегінен тыс әкетілген немесе өнімнің өндірілген күні;

      5) өнім қаптамасының атауы, саны және коды;

      6) өнім бірлігінің нетто және брутто салмағы, сондай-ақ өнім санын ескергендегі жалпы нетто және брутто салмағы;

      7) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өнім сатып алынған шот-фактуралардың (инвойстардың) деректері (өнімнің нөмірі, күні және құны);

      8) өнім Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген ел.";

      мынадай мазмұндағы 42-1, 42-2, 42-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "42-1. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган операторға жіберетін мәліметтерде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын көлік құралының әр бірлігі бөлінісінде мынадай ақпарат қамтылады:

      1) бастапқы тіркеуді жүзеге асырған тұлғаның атауы/Т.А.Ә., бизнес-сәйкестендіру нөмірі/жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) нақты және (немесе) заңды мекенжайы, байланыс деректері (телефон, электрондық пошта мекенжайы);

      3) VIN коды, шасси және шанақ нөмірі;

      4) бастапқы тіркелген күні;

      5) мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгісі;

      6) маркасы, моделі;

      7) шығарылған жылы;

      8) көлік құралының санаты;

      9) қозғалтқыштың жұмыс көлемі;

      10) техникалық рұқсат етілген ең жоғары масса.

      42-2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары операторға жіберетін мәліметтерде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының әр бірлігі бөлінісінде мынадай ақпарат қамтылады:

      1) бастапқы тіркеуді жүзеге асырған тұлғаның атауы/Т.А.Ә., бизнес-сәйкестендіру нөмірі/жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) нақты және (немесе) заңды мекенжайы, байланыс деректері (телефон, электрондық пошта мекенжайы);

      3) машинаның зауыттық нөмірі;

      4) бастапқы тіркеу күні;

      5) нөмірлік белгі;

      6) машинаның атауы және маркасы;

      7) жасалған айы мен жылы;

      8) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының түрі;

      9) қозғалтқыштың номиналды қуаты;

      10) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының техникалық паспортының нөмірі мен күні.

      42-3. Автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган операторға жіберетін мәліметтерде автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган берген жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат карточкасы бар өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын көлік құралының әр бірлігі бөлінісінде мынадай ақпарат қамтылады:

      1) жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат куәлігі иесінің атауы/Т.А.Ә., бизнес-сәйкестендіру нөмірі/жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) нақты және (немесе) заңды мекенжайы, байланыс деректері (телефон, электрондық пошта мекенжайы);

      3) мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгісі;

      4) жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат карточкасының берілген күні;

      5) жүк автомобилінің маркасы.";

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындамаған не толық көлемде орындамаған өндірушілерге және (немесе) импорттаушыларға осы Қағидалардың 41, 41-1, 41-2, 41-3-тармақтарына сәйкес алынған, ұсынылған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша оператор кәдеге жарату төлемін енгізу қажеттігі туралы оның сомасы көрсетілген хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жібереді.

      Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындамаған немесе толық көлемде орындамаған өндірушілер және (немесе) импорттаушылар операторға енгізуге тиіс кәдеге жарату төлемінің сомасын есептеу осы Қағидалардың 20 немесе 23-тармақтарында көзделген мерзімдер аяқталатын кезде қолданыста болған мөлшерлемелер мен коэффициенттер бойынша жүргізіледі.

      Оператор хабарламаны өндірушіге (импорттаушыға) осы Қағидалардың 42, 42-1, 42-2, 42-3-тармақтарында көзделген мәліметтерде көрсетілген мекенжайлар бойынша жіберген кезден бастап хабарлама жеткізілді деп есептеледі.

      Осы Қағидалардың 42-тармағында көзделген мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтерінде әдістемеге сәйкес кәдеге жарату төлемін есептеу үшін қажетті өнім және (немесе) өнім орамасының салмағы туралы ақпарат болмаған жағдайда оператор анықтамалықты пайдаланады.

      Өндіруші және (немесе) импорттаушы кәдеге жарату төлемін оператордың хабарламасы негізінде өтінім берместен енгізеді.";

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Өндірушіде немесе импорттаушыда оператордың хабарламасында көрсетілген кәдеге жарату төлемінің сомасынан өзгешеленетін кәдеге жарату төлемінің сомасын растайтын мәліметтер болған жағдайда өндіруші немесе импорттаушы осындай мәліметтерді осы Қағидалардың 15, 16, 17, 19, 28 және 28-1-тармақтарында көрсетілген растайтын құжаттармен қоса оператордың атына ұсынады. Кәдеге жарату төлемінің сомасын растайтын мәліметтерді алған кезде оператор кәдеге жарату төлемінің сомасын қайта есептеуді жүзеге асырады. Өндіруші немесе импорттаушы ұсынған мәліметтер расталған жағдайда оператор өндірушінің (импорттаушының) атына кәдеге жарату төлемінің түзетілген сомасымен қайтадан хабарлама жібереді.

      Өндіруші (импорттаушы) өнімнің экспорты және/немесе реимпорты туралы ақпаратты ұсынған жағдайда оператор Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарының атына, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы осындай ақпаратты растау туралы сұрау салу жібереді.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары өндіруші (импорттаушы) ұсынған өнімнің экспорты және/немесе реимпорты туралы ақпаратты растау және/немесе теріске шығару туралы мәліметтерді оператордың атына сұрау салуды алған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жібереді.

      Өнімнің экспорты және/немесе өнімнің реимпорты расталған жағдайда (бұрын кәдеге жарату төлемі енгізілген) оператор мұндай өнімге кәдеге жарату төлемін есептеуді жүзеге асырмайды.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте осы қаулының 1-тармағының он екінші, он төртінші, жиырмасыншы және елу төртінші абзацтары 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады