Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары, сондай-ақ өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беруді жүзеге асыратын қаржы агенті арқылы кредит беру шарттары мен тетіктерін айқындау туралы

Қатені түзеу

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 25 шiлдедегi № 517 қаулысы.

            ЗҚАИ-ның ескертпесі!
            Қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз

      "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға қосымшаға сәйкес өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары арқылы кредит беру шарттары мен тетіктері;

      2) "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамы өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беруді жүзеге асыратын қаржы агенті болып айқындалсын.

      2. "Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары арқылы кредит беру шарттары мен тетіктерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 ақпандағы № 44 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 25 шілдедегі
№ 517 қаулысына
қосымша

Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары арқылы кредит беру шарттары мен тетіктері 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары арқылы кредит беру шарттары мен тетіктерінде (бұдан әрі – шарттар мен тетіктер) мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері – өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыратын не өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар, жай серіктестіктер;

      2) қаржы агенті – өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары арқылы кредит беруді іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;

      3) қаржы институттары – банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлғалар, ұйымдар;

      4) аудиттелген қаржылық есептілік – аудитті орындауға құқығы бар тұлға жүргізген аудиттің нәтижесі болып табылатын қаржылық есептілік;

      5) пруденциялық нормативтер – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган қаржы ұйымдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін олардың қаржылық орнықтылығын және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында белгілейтін экономикалық шектеулер.

2-тарау. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары арқылы кредит беру шарттары

      2. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру шарттары:

      1) "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – қаржы агенті) кредит беруге қатысу мөлшері жоба сметасы сомасының 85 %-ынан (сексен бес пайызынан) аспауға тиіс;

      2) кредит жиырма жылдан аспайтын мерзімге беріледі;

      3) өтініш берушінің кепілдікті қамтамасыз етуі сұралып отырған кредиттің бүкіл сомасын жабуға тиіс;

      4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 2 (екі) жылды құрайды;

      5) жобалық шешімдердің технологиялық және техникалық негізділігі.

      3. Кредит беру ұлттық валютада жүзеге асырылады.

      4. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру олар өздерінің жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкін, оның ішінде ақшасын ұсыну арқылы қатысқан жағдайда жаңа өндірістерді құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тоқтап тұрған өндірістерді қаржылық-экономикалық оңалту, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшін жүзеге асырылады.

3-тарау. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қаржы институттары арқылы кредит беру тетіктері

      5. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беруге қатысу үшін қаржы институттары қаржы агентіне тиісті өтінішпен және қаржы агентінің мынадай талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттармен жүгінеді:

      1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтердің сақталуы;

      2) қаржы институттарының қаржы агенті алдында өтініш қаралған күнге мерзімі өткен міндеттемелерінің болмауы;

      3) қаржы институттарының банкроттықтың немесе өзге де түрде қаржылық қайта ұйымдастырудың жоғары ықтималдығының болмауы, сондай-ақ қаржылық жай-күйін нашарлататын сот талқылауына тартылмауы;

      4) соңғы екі жылғы немесе қаржы институттары құрылған кезден бастап өткен есептік кезеңдер (жылдар) үшін бекітілген аудиттелген қаржылық есептіліктің болуы.

      Қаржы институттары құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қаржы институттары ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігі анықталған жағдайда қаржы агенті қаржы институттарына талаптарға сәйкес келмейтінін құжаттарды көрсетіп, жазбаша хабарлама жібереді.

      Құжаттарды талаптарға сәйкес келтіру мерзімі 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      6. Қаржы агенті өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру бағдарламасына қатысу үшін қаржы институттарының құжаттарын бір ай мерзімде қарайды және қаржы институттарына қарыз шартты жасасуды мақұлдау туралы немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      7. Қаржы институттары қаржы агентінің осы шарттар мен тетіктердің 5-тармағында белгіленген талаптарына сәйкес келмеген кезде қаржы агенті қарыз шартын жасасудан бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ қаржы институттарына алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізу уақыты, күні және орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама осы шарттар мен тетіктердің 6-тармағында белгіленген мерзім аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша қаржы агенті қарыз шартын жасасады не қарыз шартын жасасудан дәлелді бас тартуды береді.

      8. Қарыз шартында мынадай елеулі талаптар қамтылуға тиіс:

      1) қарыз шартының нысанасы және қолданылу мерзімі;

      2) қарыз шартының сомасы (өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беруді іске асыру үшін қаржы агентінің қаржы институттарында қаражатты орналастыру сомасы), оны орналастыру мерзімдері мен тәртібі;

      3) кредит беру мақсаты;

      4) кредит беруді іске асыру талаптары;

      5) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      6) тәуекелдерді беру, проблемалы кредиттермен жұмыс, дағдарыстан кейін қызмет көрсету, қарыз алушының дефолтын тану, берешекті қайта құрылымдау және өтініш берушіге кейінге қалдыруды ұсыну, қарыз алушыны дефолт деп таныған жағдайда берешекті өндіріп алу және қайтару мәселелерін қоса алғанда, тараптардың өзара іс-қимылының шарттары мен тәртібі;

      7) қарыз шартының қолданысын тоқтатудың, ұзартудың негіздері мен тәртібі;

      8) тараптардың жауапкершілігі.

      9. Қаржы агенті жасалған қарыз шарттарының есебін жүргізеді.

      10. Қаржы институттарында орналастырылуға жататын соманы қаржы агенті қарыз шартында көрсетілген шотқа аударады.

      11. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру үшін қаржы институттары осы шарттар мен тетіктердің 10-тармағында көрсетілген шотта қаржы агенті орналастырған қаражатты пайдаланады.

      12. Қаржы институттары өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру бойынша орналастырылған қаражатты игеру жөнінде қаржы агентінің алдында есеп береді. Есептерді ұсыну тәртібі, нысаны мен кезеңділігі қарыз шартында белгіленеді.

      13. Осы шарттар мен тетіктерге сәйкес өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беруге қаржы институттары нақты жіберген қаражат игерілген болып есептеледі.

      14. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері кредит беруге өтініш беру жолымен кредит беру үшін қаржы институттарына жүгінеді және мына құжаттарды ұсынады:

      1) жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, дара кәсіпкер ретінде тіркеу туралы құжаттың көшірмесі, заңды тұлға үшін – мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмесі;

      2) заңды тұлғалар үшін құрылтай құжаттарының көшірмелері;

      3) жобаның бизнес-жоспары;

      4) өтініш берердің алдындағы соңғы есептік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша заңды тұлғаның бухгалтерлік балансы;

      5) есепке алу салық органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) болуы туралы мәліметтер;

      6) құқық белгілейтін, оның ішінде кепіл болып отырған жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтың бар немесе жоқ болуы туралы құжаттардың көшірмесі;

      7) олар өздерінің жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкін, оның ішінде ақшасын ұсыну арқылы қатысқан жағдайда жаңа өндірістерді құруға, жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тоқтап тұрған өндірістерді қаржылық-экономикалық оңалтуға, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсартуға және (немесе) қалпына келтіруге бағытталған жобаның сипаттамасы және оны іске асырудың жоспарланатын экономикалық-қаржылық тиімділігі;

      8) жобаны қаржыландыруда субъектінің және (немесе) өзге де үшінші тұлғалардың ақшалай қаражатымен қатысуын растайтын құжаттар.

      15. Қаржы институттары күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде ішкі кредиттік рәсімдерге сәйкес кредит беру немесе кредит беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды, ол түпкілікті болып табылады.

      16. Кредит беруден бас тарту қаржы институттарының кредиттік саясатында көзделген негіздерде жүзеге асырылады.

      17. Қаржы институттары үшін кредит берудің қолжетімділік кезеңі қарыз шартында айқындалады.

      18. Қаржы институттары банктік қарыз шарты жасалған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей оның көшірмесін қаржы агентіне жібереді, сондай-ақ өзінің жасалған банктік қарыз шарттарының есебін жүргізеді.

      19. Қаржы агенті тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-сы күніне дейін бөлінген қаражаттың игерілуі туралы ақпаратты қалыптастырады және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға және іске асыруға жауапты уәкілетті органдарға жібереді.

      __________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады