Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 тамыздағы № 597 қаулысы.

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 24 тамыздағы
№ 597 қаулысымен
бекітілген

Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының азаматтарына әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әскери-патриоттық тәрбие беру – бұл орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің азаматтарда жоғары патриоттық сананы, мемлекетті қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерді орындауға әзірлікті қалыптастыру және осыған байланысты қажетті білім мен дағдыны дамыту жөніндегі жүйелі, мақсатты бағытталған және үйлестірілген қызмет;

      2) идеологиялық жұмыс – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиімді шешу мүддесінде, оның ішінде "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының өзекті талдамалық деректерін ескере отырып, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың азаматтар арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен идеологиясын іске асыру жөніндегі қызметі;

      3) ақпараттық-тәрбие жұмысы – азаматтарға әскери-саяси және ақпараттық жағдай туралы мәліметтерді, мемлекеттік билік органдары қабылдайтын шешімдерді уақтылы жеткізу, мемлекет тұрғындарының тұрақты моральдық-психологиялық жай-күйін қалыптастыру жөнінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, бұқаралық ақпарат құралдары бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүзеге асыратын келісілген іс-шаралар жүйесі;

      4) психологиялық жұмыс – азаматтардың жоғары психологиялық төзімділігін, жағдайдың кез келген шарттарында күрделі және жауапты міндеттерді орындауға әзірлігін, әскери және мемлекеттік қызметтің басқа да түрлерінің қиындықтары мен шектеулерін еңсеру, тіршілік етуге қажетті аса маңызды психологиялық қасиеттерді қалыптастыру;

      5) әлеуметтік-құқықтық қызмет – азаматтардың конституциялық міндеттерін және әскери борышты, қоғам мен мемлекеттегі саяси және құқықтық оқиғаларды, процестерді, әскери саясатты, әскери доктринаның негізгі ережелерін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қоғам мен мемлекеттің саяси жүйесіндегі орны мен рөлін терең түсінуін қалыптастыру;

      6) моральдық-адамгершілік тәрбие – азаматтардың жоғары құндылықтарды, идеалдар мен бағдарларды, нақты өмірдің әлеуметтік маңызы бар процестері мен құбылыстарын ұғынуы, оларды практикалық қызмет пен мінез-құлықта айқындаушы қағидаттар, ұстанымдар ретінде басшылыққа алу қабілеті;

      7) кәсіптік тәрбие беру – Қазақстан Республикасының игілігі үшін еңбекке адал және жауапты көзқарасты, қызметтік міндеттерді және қойылған міндеттерді табысты орындау мүддесінде кәсіптік және еңбек қасиеттерін белсенді түрде көрсетуге ұмтылысты қалыптастыру;

      8) әскери борыш – ел мүддесін қорғауға әзірлікті білдіретін, азаматтардың әлеуметтік маңызы бар құндылықтары мен моральдық-құқықтық міндеттерінің жүйесі.

      3. Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беруді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – Қорғаныс министрлігі), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – Ішкі істер министрлігі), Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі (бұдан әрі – Төтенше жағдайлар министрлігі), Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, өз құзыреті шегінде жүргізеді.

2-тарау. Әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастыру тәртібі

      4. Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру мынадай компоненттер арқылы ұйымдастырылады және жүргізіледі: идеологиялық жұмыс, ақпараттық-тәрбие жұмысы, психологиялық жұмыс, әлеуметтік-құқықтық қызмет, моральдық-адамгершілік және кәсіптік тәрбие беру.

      5. Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру процесі бірінші кезекте әртүрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында өскелең ұрпаққа ұйымдастырылады.

      6. Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің ұзақ мерзімді перспективаға арналған маңызды бағыттарының бірі.

      7. Әскери-патриоттық тәрбие беруді жоспарлау:

      1) Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Мемлекеттік күзет қызметінде, Ішкі істер министрлігінде, Төтенше жағдайлар министрлігінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде, жергілікті атқарушы органдарда және меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарында бір жылға жүзеге асырылады. Жоспарды жоспарлы кезеңнің алдындағы жылдың 20 – 25 желтоқсаны кезеңінде бірінші басшылар немесе оларды алмастыратын адамдар бекітеді;

      2) қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде (басқармаларда, бөлімдерде), Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери бөлімдері мен мекемелерінде, әскери (арнаулы) оқу орындарында бір жылға жүзеге асырылады. Жоспарды жоспарлы кезеңнің алдындағы жылдың 20 – 25 желтоқсаны кезеңінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бірінші басшылары, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы немесе оларды алмастыратын адамдар бекітеді.

      8. Әскери-патриоттық жұмыстың жай-күйі және оның тиімділігін талдау осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген жоспарлар тармақтарының орындалуы бойынша жылдың қорытындысы жасалғанда жүзеге асырылады.

      9. Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру мыналарды қамтиды:

      1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау және ынтымақтастық;

      2) қызмет бағыттары мен құралдарын айқындау;

      3) нысаналы аудиторияға әсер ету шаралары;

      4) ғылыми және әдістемелік қамтамасыз ету.

      10. Азаматтармен әскери-патриоттық жұмыс мынадай үш бағыт бойынша ұйымдастырылады және жүргізіледі:

      1) процесті оқу мекемелері жүйесінде (барлық негізгі деңгейлердегі) немесе әртүрлі оқу пәндері бойынша арнаулы факультеттерде, курстарда, секцияларда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ардагерлерімен, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерімен және әскери қызметшілермен іс-шараларда оны толықтыратын элементтер (оқу сабақтары) түрінде жалпы дамыту бағыты;

      2) әскери және әскери-қолданбалы бағыт практикалық сабақтар түрінде өткізіледі және жалпыға бірдей әскери оқытуды, жастарды әскерлердің өмірімен және қызметімен, әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысы ерекшеліктерімен таныстыруды қамтиды;

      3) әскери-патриоттық лагерьлерде, далалық оқу-жаттығу жиындарында, әскери-патриоттық ұйымдарда, жастар жиындары мен фестивальдарда.

3-тарау. Әскери-патриоттық тәрбие беруді жүзеге асыру тәртібі

      11. Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ақпарат алмасу және бірлескен әскери-патриоттық іс-шараларды өткізу шеңберінде өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      12. Өзара іс-қимылдың мақсаты – Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғары моральдық рухын қалыптастыру, әскери-патриоттық тәрбие беру және азаматтар арасында әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тыныс-тіршілігі туралы хабардар ету, жастарды әскери қызметке даярлау және мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзге де мәселелері мүддесінде бірлескен жоспарлар мен практикалық іс-қимылдарды келісу.

      13. Өзара іс-қимыл мынадай міндеттерді шешу мүддесінде жүзеге асырылады:

      1) азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастыруға бірлесіп қатысу;

      2) әскери қызметті насихаттау және азаматтарды әскери-кәсіптік бағдарлау;

      3) азаматтарды әскери қызметке даярлауды бірлесіп ұйымдастыру (әртүрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында), әскерге шақырылатын жасқа дейінгі жастармен жұмыс;

      4) тәрбие жұмысын үйлестіру және жүйелендіру;

      5) қазақстандық батырларды, әскери борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді мәңгі есте сақтау;

      6) азаматтарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру.

      14. Өзара іс-қимыл жасау нысандары:

      1) әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларды бірлесіп өткізу;

      2) әскери бөлімдер мен мекемелерде ашық есік күндерін өткізу;

      3) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін, ғылым мен мәдениет қайраткерлерін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ардагерлерін, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін Әскери ант қабылдау рәсіміне шақыру;

      4) бірлескен патриоттық акциялар өткізу;

      5) мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру;

      6) мемлекеттік мерекелерге, ауданның (қаланың), ұйымдардың, әскери бөлімдер мен мекемелердің мерейтойлық күндеріне орай іс-шаралар өткізу;

      7) әскери-патриоттық тақырыптағы телевизиялық бағдарламаларды, мерзімді баспасөзді, басып шығарылатын әдебиетті дамытуға және кеңейтуге жәрдемдесу.

      15. Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында өткізілетін негізгі іс-шаралар:

      1) өскелең ұрпақтың бойында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне, тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мәдени құндылықтарға мақтанышпен, зор құрметпен қарау сезімін дамыту;

      2) батырлардың ерліктерін және көрнекті тарих және мәдениет қайраткерлерін, оның ішінде Халық қаһармандарын, Кеңес Одағының батырларын, Еңбек ерлерін, мемлекет алдындағы еңбегі мен жетістігі үшін наградталған азаматтарды танымал ету;

      3) азаматтармен әскери-патриоттық жұмыс жүргізу үшін мәтіндік идеологиялық шаблондар әзірлеу;

      4) азаматтар, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ардагерлері, ұрыс қимылдарының ардагерлері мен әскери қызметшілер арасында анағұрлым беделді қоғам қайраткерлері қатарынан спикерлер пулын қалыптастыру;

      5) азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы, оның ішінде шет мемлекеттердің әскери-патриоттық ұйымдарымен меморандумдарға қол қоюды ұйымдастыру;

      6) әртүрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында азаматтарды әскери қызметке үздік даярлау конкурсын ұйымдастыру және өткізу;

      7) әскери-патриоттық клубтардың, үйірмелердің тәрбиеленушілерін, орта және арнаулы мектептердің оқушыларын және олардың басшыларын кеңінен тарта отырып, "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу;

      8) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әскерге шақырылатын жасқа дейінгі жастарды кеңінен тарта отырып, әскери бөлімдер мен мекемелерде салтанатты іс-шараларды (акцияларды) ұйымдастыру және өткізу ("Ашық есік күні", "Армия балалардың көзімен", "Қазақстан армиясындағы бір күн");

      9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ардагерлерін, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларды тарта отырып, әскери-патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу.

      16. Ақпараттық-тәрбие жұмысының негізгі тәсілдері:

      1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың сайттарында, ақпараттық порталдарда, ақпараттық агенттіктердің сайттарында, баспасөз және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру;

      2) бірлескен іс-шараларды, форумдар мен конференциялар өткізу, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жария ету.

      17. Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие берудің барысы туралы ақпаратты интернет желісінде орналастыру үшін материал орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның бірінші басшысымен немесе оны алмастыратын адаммен, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау органымен келісіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады